3-бөлім
Құдайдың бар екендігінің дәлелдері
1, 2. Құдайдың бар екенін білуге қандай принцип көмектеседі?
ҚҰДАЙДЫҢ бар екенін анықтаудың бір жолы, жасалған заттың жасаушысы болу керек деген тұрақты принципті қолдану болып табылады. Жасалған зат неғұрлым күрделі болса, оның ұстасы да соғұрлым шебер.
2 Мысалы үйіңдегі бұйымдарға қарашы. Үстелдер, орындықтар, жазба үстелдері, кереуеттер, қазан-ошақтар мен ыдыс-аяқтар — бұлардың бәрі де, оған қоса қабырға, еден мен бөлменің төбесі де ұстаны қажет етеді. Алайда бұл заттарды басқа заттармен салыстырғанда жасау оңай. Егер қарапайым заттар үшін жасаушы қажет болса, күрделі заттарды жасау үшін одан да білімді ұста қажет екені қисынды емес пе?
Жан тебірентер әлем кеңістігі
3, 4. Әлем кеңістігі Құдайдың бар екенін білуге қалай көмектеседі?
3 Сағатты жасаған — сағатшы. Ал оның жанында шексіз күрделі, секундттан да кіші дәлдікпен күнді ғасырлар бойы айналып жүрген планеталары бар күн жүйесі туралы не деуге болады? 100 миллиардтан аса жұлдызы бар аса зор Құс жолы галактикасы туралы не айтуға болады? Түнгі уақытта, сәл кідіріп, Құс жолына анықтап қараған кезің болды ма? Ол сені таң қалдырды ма? Ал енді Құс жолы сияқты сан жетпес миллиардтаған галактикалар орналасқан ұшы-қиырсыз ғаламат әлем кеңістігі жайлы ойланып көрші! Оған қоса, аспан денелерінің ғасырлар бойындағы қозғалысының тұрақтылығы сонша, оны дәл жүретін сағатпен салыстырады.
4 Егер қарапайым сағат сағатшының бар екенін білдірсе, оның жанында анағұрлым күрделі де жан тебірентер әлем кеңістігі де өзінің жобасын құрастырушысы әрі жасаушысы бар екенін білдіретіні сөзсіз. Міне сондықтан Киелі кітап «биік аспанға көз салып қарауға» шақырып, бізге: «Олардың бәрін кім жаратты?» — дейді. Кейін ол: «Ол [Құдай] барлығын атымен атайды: құдіретті күші мен қуатынының арқасында Оның жасаған ешбір нәрсесі өз қатарынан шығып кетпейді» — деп жауап береді (Ишая 40:26). Сонымен әлем, өз тіршілігі үшін көзге көрінбейтін, өзін басқарып отырған ойлау өрісі бар күшке, яғни Құдайға борышты.
Тамаша құрастырылған жер шары
5—7. Жердің Құрастырушысы бар екендігіне қандай деректер бар?
5 Ғалымдар жер шарын неғұрлым терең зерттеген сайын, соғұрлым оның адамдар өмір сүру үшін тамаша құрастырылғанын ұғынуда. Ол Күннен жеткілікті мөлшерде жарық пен жылу алатындай қашықтықта орналасқан. Бір жылда Жер Күнді қиғаш осімен толық айналып шығады. Соның арқасында оның барлық бөлігінде жыл мезгілі ауысып отырады. Сондай-ақ, Жер өз осінен 24 сағатта толық айналып шығады да, соның арқасында күн мен түн ауысу жүйесі бұзылмайды. Атмосферадағы газ құрамы бізге тыныс алуға мүмкіндік береді және ғарыш радиацияларынан қорғап тұрады. Оның тағы да өмір үшін маңызды қоректік өсімдіктер өсіретін суы мен топырағы бар.
6 Осы сияқты және басқа да бірлесе септігін тигізіп отырған жағдайларсыз тіршіліктің болуы мүмкін емес. Осының бәрі кездейсоқ пайда болды ма? «Осындай айрықша әрі дәл жағдайлардың кездейсоқ пайда болуы екіталай сияқты»,— дейді «science news» журналы. Жоқ, олардың кездейсоқ пайда болуы мүмкін емес. Мұндай жағдайлардың болуы керемет Құрастырушының белгілі мақсатпен жоспарлағанын білдіреді.
7 Егер тамаша бір үйге кіріп, оның ішінде түрлі-түрлі тағамдарды, керемет құрастырылған жылу жүйесі мен желдеткішті және орнатылған су құбырын көрсең қандай тұжырымға келер едің? Осының бәрі өзінен-өзі пайда болды дейсің бе? Әрине жоқ, бұны парасатты адам алдын ала жоспарлап, аса қамқорлықпен жасаған деген тұжырымға келесің. Осылайша, Жер де тұрғындарының қажетін қанағаттандыру үшін алдын ала жоспарланып, үлкен қамқорлықпен жасалған, оған қоса ол кез келген үйге қарағанда әлдеқайда күрделі және әлдеқайда жақсы қамтамасызданған.
8. Құдайдың біздің қамымызды ойлайтындығы жерге байланысты тағы басқа қандай деректерден көрінеді?
8 Сондай-ақ, өмірді қуанышты ететін көптеген нәрселер жайында ойланып көрші. Адамдарды ләззатқа бөлейтін хош иісті әсем гүлдердің сан алуан түрлеріне қарашы. Оған қоса дәмі жағымды түрлі-түрлі азық-ауқаттар бар. Көркем көріністі ормандар, таулар, өзендер мен басқа да жаратылыстар қаншама десеңші. Ал жүрегімізді зор қуанышқа толтыратын күн батардағы көз тартатын көрініс туралы не айтуға болады? Жануарлар әлемі ше — күшіктердің, мысық баларының және басқа да жануарлардың төлдерінің ойындары мен сүйкімді қылықтары бізді мәз қылмай ма? Сонымен, өмірді қолдауға аса қажеті болмаса да, табиғат бізді қуанышқа бөлейтін көптеген сыйлықтар беруде. Осы мысалдардың барлығы да, сүйіспеншілікке толы қамқорлықпен, адамдар жай ғана тіршілік ету үшін емес, қуанып өмір сүрсін деген оймен, жердің жоспарланып жаратылғанын көрсетеді.
9. Жерді кім және қанадай мақсатпен жасаған?
9 Сондықтан, Ехоба Құдай туралы: «Сен аспан мен жерді жараттың»,— деген Киелі кітап жазушысы сияқты, осының бәрін Берушінің бар екендігін мойындау, парасаттылыққа жатады. Қандай мақсатпен жаратты? Ол Құдай туралы «жерді құрастырып жасаған — Құдай; Ол оны бекіткен; бекер жаратпаған» дей отырып, «оны өмір сүру үшін жасаған» деп жауап береді (Ишая 37:16; 45:18).
Ғажап тірі клетка
10, 11. Тірі клетканың ғажаптығы неде?
10 Ал тірі организмдер туралы не деуге болады? Олардың да жаратушысы болу керек емес пе? Мысалы үшін, тірі клетканың бірнеше ғажап ерекшеліктерін қарастырайықшы. Молекулалық биология саласының ғалымы Майкл Дентон «Эволюция: дағдарысқа ұшыраған теория» («Evolution: A Theory in Crisis») атты кітабында былай деді: «Қазіргі жер бетіндегі тіршілік ететін жүйелердің ең қарапайымы деп есептелетін бактерия клеткасының өзі өте күрделі зат болып табылады. Ең кішкентай бактерия клеткалары адам айтқысыз кішкентай болса да... Оның әрқайсысы күрделі молекулалық механизмдердің керемет құрастырылған мыңдаған бөліктерінен тұратын, нағыз микроминиатюралы фабриканың дәл өзі... адам жасаған кез келген механизмнен әлдеқайда күрделі, және өлі материяда оған ұқсас нәрсе мүлдем жоқ».
11 Әрбір жеке клетканың генетикалық кодына байланысты ол былай деді: «ДНК-ның мәлімет сақтау қабілеті, бізге мәлім кез келген жүйенің қабілетінен әлдеқайда асып түседі; оның тиімділігі соншалық, адам сияқты күрделі организм туралы барлық мәліметтің салмағы, бір грамның мың миллионнан бір бөлігінен де кем... Шебер әрі күрделі жасалған молекулалы тірі организмнің алдында, біздің ең алдыңғы қатардағы [ойлап шығарған нәрсеміз] ебедейсіз көрінеді. Біз өзіміздің түкке тұрғысыз екендігімізді сезінеміз».
12. Клетканың пайда болуы туралы бір ғалым не деді?
12 Дентон тағы: «Бізге белгілі ең қарапайым клетка құрылысының күрделілігі сонша, ол қандай да бір тұрақсыз әрі ақылға қонбайтын жағдайдың арқасында кездейсоқ пайда болды дегенмен келісу мүмкін емес»,— деді. Ол үшін жобасын құрастырушы әрі жаратушы қажет.
Біздің ғажап миымыз
13, 14. Неге тірі клеткаға қарағанда ми анағұрлым ғажайып?
13 Әлгі ғалым содан соң былай дейді: «Егер күрделілігін айтатын болсақ, жеке клетка, сүт қоректілердің миы секілді жүйемен салыстырғанда түк те емес. Адамның миы шамамен он миллиард нейроннан тұрады. Әрбір нейрон жобамен он мың мен жүз мыңның аралығында, мидың басқа нейрондарымен біріктіретін, байланыстырушы талшықтарды шығарады. Жалпы алғандағы адам миындағы барлық байланыстың саны шамамен мың триллионға тең».
14 Дентон сөзін: «Белгілі бір жолмен топтасқан мидағы байланыстың жүзден бір бөлігінің өзі, Жер жүзіндегі бүкіл қатынас жүйелеріне қарағанда, байланыс саны ең көп жүйе болып қала береді»,— деп жалғастырды. Кейін ол: «Қандай да бір кездейсоқ процестің арқасында осындай жүйелердің жинақталуы мүмкін бе?» — деп сұрады. Мүмкін емес екені анық. Мидың зейінді Құрастырушысы әрі Жаратушысы болуы керек.
15. Ми туралы кейбіреулердің пікірі қандай?
15 Тіпті ең алдыңғы қатарлы комьпютерлер адамның миымен салыстырғанда ойыншық болып көрінеді. Ғылыми жазушы Мортон Хант: «Біздің қызу жұмыс істеп тұрған жадымызда қазіргі кездегі үлкен зерттеу компьютеріндегіден бірнеше миллиард есе көп мәлімет бар»,— деді. Сондықтан нейрохирург д-р Роберт Дж. Уайт мынандай қорытынды жасады: «Адам жете түсініп болмайтын ми мен сананың ғажайып өзара байланысының мақсатқа сәйкес жасалған құрылысы мен дамуының авторы болған Жоғарғы Ойлау өрісінің бар екенін мойындамауға дәтім бармайды... Бұның бәрінің ақылды бастауы бар екеніне, осының бәрін Біреу іске қосқанына сенуге мәжбүрмін»,— деді. Сонымен қатар Ол өте қамқоршы болуы керек.
Бірегей қан айналу жүйесі
16—18. а) Қан айналу жүйесінің қандай тамаша қасиеттері бар? ә) Бұдан қандай қорытынды жасауымыз керек?
16 Сондай-ақ, қоректі заттар мен оттегін тасымалдайтын және инфекциядан қорғайтын бірегей қан айналу жүйесін қарастырайық. Осы жүйенің негізгі бөлігін құрайтын қызыл қан түйіршіктеріне байланысты «Адам организімінің әліппесі» («ABC’s of the Human Body») кітабында: «Бір тамшы қанда 250 миллионнан аса қан клеткалары бар... Денеде ол 25 триллион — төрт теннис алаңын толтыруға жететін сан — болса керек... Секундына 3 миллион жаңа клетка пайда болу арқылы олар жаңарып отырады»,— деп айтылған.
17 Тамаша қан айналу жүйесінің басқа бөлігіне, яғни ақ қан клеткасына байланысты да ол былай дейді: «Қызыл қан клеткасының бір ғана түрі болса, ақ қан клеткасының көптеген түрлері бар, және оның әрбір түрі аурумен күресу кезінде оргнизмді әрқалай қолдауға қабілетті. Мысалы, бір түрі өлі клеткаларды жойып отырады. Басқа түрлері вирустарға қарсы антизаттар шығарып, бөгде денелерді зиянсыз етеді, дәлірек айтқанда бактериаларды өзіне сіңіріп, қорытып отырады».
18 Қандай тамаша әрі жақсы ұйымдасқан жүйе! Жақсы құрастырылған және мұқият қорғап отыратын жүйенің өте ақылды әрі қамқор ұйымдастырушысы, яғни Құдай сөзсіз бар болуы керек.
Басқа да кереметтер
19. Көзді адам жасаған аппараттармен салыстырудың нәтижесінде нені білуге болады?
19 Адам денесінде басқа да көптеген керемет нәрселер бар. Оның бірі, өзіне ешбір бейнекамера тең келмейтін тамаша құрастырылған көз. Астроном Роберт Ястров былай деді: «Көз құрастырылған болса керек; ешбір телескоп құрастырушы бұдан артық құрастыра алмас еді». «Popular Photography» баспасында: «Адамның көзі бейнетаспаға қарағанда кең өрістегі егжей-тегжейлерді қамтиды. Ол аса үлкен бұрышпен, бұрмаламай, үздіксіз қозғалыс барысында үш өлшем бірлігінде көре алады... Камераны адам көзімен салыстыру әділетсіз. Адамның көзі — адам жасаған аппарат, комьпютер немесе камерадан әлдеқайда асып түсетін адам айтқысыз алдыңғы қатардағы жасанды ойлау өрісі, мәлімет қабылдап-өңдеу қабілеті мен жылдамдығы және белгілі жұмыс уақыты бар суперкомпьютер.
20. Адам организмінің басқа қандай керемет жақтары бар?
20 Сондай-ақ, күрделі дене мүшелеріміздің сананың ықпалынсыз өзара байланыс жасай алатындығы туралы ойлап көрші. Мысалы асқазанымызға түрлі тамақ пен сусындарды қабылдаймыз, ал организм оны қорытып, қуат өндіріп отырады. Осы түрлі азық-түлікті автомобильдің бензин багына салып көрші, алысқа кетер ме екен! Тағы бір керемет — адамның жарық дүниеге келуі, немесе бар-жоғы тоғыз айдың ішінде ата-анасынан аумаған сүйкімді бөбектің туылуы. Ал бөбектің күрделі тіл қатынасын игеру қабілеті жөнінде не айтуға болады?
21. Керемет организмді қарастырған парасатты адамдар қандай пікірге келеді?
21 Иә, адам организміндегі таң қалдыратын көптеген күрделі шығармалар бізді қастерлі сезімге бөлейді. Ешбір инженер бұндай нәрселерді қайталап жасай алмайды. Олар жай ғана соқыр кездейсоқтықтың жемісі болуы мүмкін бе? Әрине жоқ. Керісінше, парасатты адам, организмнің осындай керемет жақтарын қарастыра отырып, Забур жыршысының: «Сені мадақтаймын, өйткені мен керемет жаратылғанмын. Сенің істерің керемет»,— деп айтқан сөздеріне қосылады (Забур 138:14).
Ең зор Құрылысшы
22, 23. а) Неге жаратушының бар екенін мойындауымыз керек? ә) Киелі кітап Құдай туралы қандай әділ сөздер айтады?
22 «Әрбір үйді біреу соғады, ал барлығын соққан Құдай»,— дейді Киелі кітап (Еврейлерге 3:4). Егер кез келген қарапайым үйдің құрылысшысы бар болса, онда тіршіліктің сан-алуан түріне толы Жер шары орналасқан әлдеқайда күрделі әлемнің де құрылысшысы бар. Ұшақ, теледидар мен компьютерлер сияқты аппараттарды ойлап тапқан адамдардың бар екенін мойындасақ, онда осының бәрін жасау үшін адамға ми Берушінінің бар екенін де мойындауымыз керек емес пе?
23 Киелі кітап, «Аспан мен кеңістікті жаратқан, жерді өз өніміне толтырған, ондағы халықтарға тыныс беріп, онда жүргендерге рух берген Құдай Тәңір» деп, оның бар екенін мойындайды (Ишая 42:5). Сондай-ақ Киелі кітаптың: «Тәңірім, Сен даңқ пен құрметті және күшті қабыл алуға лайықсың, өйткені барлығын Сен жараттың, барлығы Сенің еркіңмен тіршілік етеді әрі жаратылған»,— деген сөздері әділ айтылған (Аян 4:11).
24. Құдайдың бар екенін қалай білуімізге болады?
24 Иә, Құдайдың бар екенін оның жаратқан нәрселерінен білеміз. «Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері көрініп тұр; оларды Оның жаратқан нәрселерінен қарап анықтауға болады» (Римдіктерге 1:20).
25, 26. Бір затты дұрыс қолданбау, неге сол заттың жаратушысы жоқ екенінің дәлелі емес?
25 Бір заттың бұрыс мақсатқа қолданылуы, оның жаратушысы болмады дегенді білдірмейді. Ұшақты бейбіт мақсатта әуе лайнері ретінде қолданады. Бірақ оны бомбылаушы ретінде де қолданады. Оны кісі өлтіру үшін қолданса да, оның құрастырушысы бар.
26 Осы сияқты, адамдардың жиі жамандық жасауы, олардың Жартушысы болмағанын, яғни Құдайдың жоқ екенін білдірмейді. Олай болса, Киелі кітап: «Қандай ақылсыздық! Құмырашыны құмыраға теңеуге бола ма? Жасаушысына жасалған бұйым: „ол мені жасаған жоқ“, және шығарма өзінің суретшісі туралы: „ол түкті де түсінбейді“,— дей ме?» — деп дұрыс айтады (Ишая 29:16).
27. Қайғы-қасіреттің болуына байланысты сұрағымызға Құдайдың жауап беретінін неге күтуге болады?
27 Жаратушы өз даналығын жасаған затының таңданарлық күрделілігі арқылы көрсетті. Өмір сүруге жарамды жерді, ғажап денеміз бен сана-сезімімізді және бізге қуаныш сыйлайтын соншама жақсы нәрселерді жаратуымен, Ол шынында біздің қамымызды ойлайтынын көрсетті. Олай болса: «қайғы-қасіретке Құдай неге жол берді? Бұған байланысты ол қандай шара қолданады?» — деген біздің сұрағымызға жауап беріп, Ол өзінің даналығы мен қамқорлығын көрсететіндігіне күмән жоқ.
[5-беттегі сурет]
Қорғаныш атмосферасы бар Жер — қамымызды ойлайтын Құдайдың біз үшін құрастырған тамаша үйі.
[6-беттегі сурет]
Жер, біз рақат өмір сүретіндей етіп, аса қамқорлықпен жаратылған.
[7-беттегі сурет]
«Мидағы байланыс, Жер бетіндегі барлық қатынас жүйелеріндегі байланыстан әлдеқайда көп» (молекулалық биология саласының ғалымы).
[8-беттегі сурет]
«Көз құрастырылыған болса керек; ешбір телескоп құрастырушы бұдан артық құрастыра алмас еді» (астроном).