2-бөлім
Қайғы-қасіреттен босаған жер
1, 2. Көптеген адамдардың қандай өзгеше көзқарасы бар?
ДЕГЕНМЕН жер бетіндегі миллондаған адамдардың бұл жөніндегі ойы мүлдем басқа. Олар адамзатты күтіп тұрған зор келешекті көріп отыр. Дәл осы жер бетінде, жақында, зұлымдық пен қайғы-қасіреттен толық босаған дүние орнайды дейді. Жамандықтың бәрі жойылып, жаңа дүние орнайтынына аз уақыт қалғанына кәміл сенеді. Тіпті олар қазіргі уақытта сол жаңа дүниенің негізі қалануда деп сендіреді.
2 Ол адамдар жаңа дүниеде соғыс, қатігездік, қылмыс, әділетсіздік пен қайыршылық күйдің болмайтынына сенеді. Ол дүниеде ауру, қайғы, көз жасы, тіпті өлім де атымен жоқ болады. Сол уақытта кемелділікке жеткен адамдар жұмаққа айналған жерде мәңгі-бақи бақытты өмір сүретін болады. Тіпті өлгендер де қайта тіріліп, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік алады.
3, 4. Ол адамдардың өз көзқарастарының дұрыстығына сенімді болуының себебі неде?
3 Шындыққа теңеп отырған бұл ой аңсаған арман ғана емес пе? Жоқ, тіпті де олай емес. Бұның негізі, жұмақтың болатындығына көз жеткізудің арқасында пайда болған сенімде жатыр (Еврейлерге 11:1). Неге мұншалық сенімді? Себебі бұны құдіретті әлем Жаратушысы уәде етіп отыр.
4 Құдайдың уәдесі жөнінде Киелі кітап былай дейді: «Тәңір Құдайларың сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болып, бір сөзі де орындалмай қалған жоқ». «Жалған сөйлейтіндей Құдай адам сияқты емес... Ол айтқанын іске асырмай қояды ма, сөз беріп оны орындамай қояды ма?» «Әскер иесі Тәңір: „Қалай ниет етсем, солай орындаймын; қалай бекітсем, солай жүзеге асырамын“,— деп ант береді» (Ешуа Набын 23:14; Санақ 23:19; Ишая 14:24).
5. Қандай сұрақтарға жауап қажет?
5 Егер Құдай жерде жұмақ орнатуға ниеттенген болса, онда неге осыншама көп зұлымдықтың болуына жол берді? Неге ол зұлымдықты жоймай алты мың жыл күтті? Ғасырлар бойы болып келген қайғы-қасіретке қарап, Құдай қамымызды ойлап жатқан жоқ немесе ол мүлдем жоқ деуге бола ма?