Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 мамыр 26—31 бет.
  • Өзгелердің жеке шешімін құрметтей білесіз бе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Өзгелердің жеке шешімін құрметтей білесіз бе?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • БАУЫРЛАСТАРҒА ҮКІМ АЙТЫП КЕТУГЕ НЕГЕ БЕЙІМБІЗ?
  • НЕГЕ ӨЗГЕЛЕРДІҢ ЖЕКЕ ШЕШІМІН СЫЙЛАУЫМЫЗ КЕРЕК?
  • ӨЗГЕЛЕРДІҢ ЖЕКЕ ШЕШІМІН СЫЙЛАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • Ехобаға ұнайтын шешімдер қабылдаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
  • Сенім танытып, дана шешім қабылдаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 мамыр 26—31 бет.

3—9 ТАМЫЗ, 2026

113-ӘН Құдай сыйлаған татулық

Өзгелердің жеке шешімін құрметтей білесіз бе?

“Түрлі көзқарастарға қатысты үкім айтпаңдар” (РИМ. 14:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Біз бауырластардың жеке шешіміне әрдайым құрметпен қарауымыз керек.

1, 2. Шешімдеріміз бен таңдауларымыздың әртүрлі болуы неден?

БІРЕУЛЕРДІ жеке шешімі үшін соттап, сын айтқан кезіңіз болған ба? Мүмкін, өзіңіз де талай рет өзгелердің сынына ұшыраған боларсыз. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста бұндай жағдай жиі кездеседі.

2 Қауымдағы бауырластардың шешімдері мен таңдаулары біздікінен басқаша болып жатса, таңғалатын ештеңесі жоқ. Себебі әр адам әртүрлі. Әркімнің қалыптасқан өз көзқарасы болады. Бұған мәдениеті, отбасында алған тәрбиесі, басынан өткен жағдайлар ықпал етеді. Бірақ көзқарасымыздың әртүрлі болғаны қауымдағы ынтымақ-бірлігімізге сызат түсірмеуі тиіс (Ефес. 4:3).

3. Бауырластардың жеке шешімімен келіспей жатсақ, неге ойын өзгерткіміз келіп тұрады?

3 Біз бауырластарды жақсы көреміз және оларға тек жақсылық тілейміз (Нақ. с. 17:17). Олардың жеке шешімі бізге дұрыс еместей көрінсе, “бұл шешіміне кейін өкініп қалмай ма, рухани күйіне кері әсер етіп жүрмей ме?” деп уайымдап кетеміз. Сондай кезде оның ойын өзгертуге тырысып, тіпті сол бауырлас жайлы уайымымызды өзгелерге айтқымыз келуі мүмкін.

4, 5. Қандай да бір бауырластың жеке шешімімен келіспесек, не істегеніміз дұрыс?

4 Қандай да бір бауырластың жеке шешімімен келіспесек, оның ойын түзетуге тырысқанымыз дұрыс па? Әрине, оның шешімі Киелі кітаптағы талаптарға қайшы келсе, онда бұны бауырласқа айтып, ойын өзгертуге көмектесуіміз керек. Осылай біз оған сүйіспеншілік танытамыз (Нақ. с. 27:5, 6). Ал егер оның шешімі жай бізге дұрыс еместей көрінсе, онда осы мақаланың негізгі тармағында айтылғандай, “түрлі көзқарастарға қатысты үкім айтпағанымыз” дұрыс болады (Рим. 14:1).

5 Шыны керек, өзгелердің шешімімен келіспей тұрсақ, үндемей қалу қиын. Бірақ бұл мақалада біз неге өзгелердің көзқарасын сыйлауымыз қажет екенін және соны үйрену үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз. Алдымен, әртүрлі жағдайларды мысалға келтіріп, жеке бастың мәселелерінде қалай бауырластарға үкім айтып кетуіміз мүмкін екенін көрейік.

БАУЫРЛАСТАРҒА ҮКІМ АЙТЫП КЕТУГЕ НЕГЕ БЕЙІМБІЗ?

6, 7. Бауырластарға қандай жағдайларда үкім айтып кетуіміз мүмкін?

6 Жоғарыда айтылғандай, өскен ортасы, басынан өткен жағдайлар адамның қандай да бір жайттарға қатысты пікірін, көзқарасын қалыптастырады. Адам сол көзқарасы ғана дұрыс және басқалар да дәл солай ойлайды деп сенеді. Шындығында, бұл олай емес. Қазір бірнеше жағдайды көрейік. 1-жағдай. Ер бауырлас әкесі араққа әуес болған отбасында өседі. Ол бауырластардың ішімдік ішіп отырғанын көргенде, наразы болып, “бұларың дұрыс емес” деп кесіп айтады. 2-жағдай. Әйел бауырлас ауыр дертке шалдығып, кейін содан емделіп шығады. Басқа бауырластың тура сондай аурумен ауырып жүргенін білгенде, оған көмектескісі келеді. Сөйтіп, “мына дәрі-дәрмек, мына диета маған көмектесті, соны сен де көр” деп, я болмаса “дәріге жолама, шөппен емдел” деп қоймай айта береді. 3-жағдай. Ер бауырлас кез келген салт-дәстүрді, тіпті Киелі кітапқа қайшы келмейтіндерін де, мүлдем ұстануға болмайды деп есептейді. Бір бауырлас салт-дәстүрге сай бірдеңе істегенде, ол бірден оны айыптап шығады.

7 4-жағдай. Бала кезінен шындықта жүрген үлкен жастағы бауырлас жиын-тойларға қыз-келіншектердің шалбар киіп, ер адамдардың сақал қырмай келуі ерсі саналатын заманда өскен. Жақында сырт көрініске қатысты ұйымда өзгеріс болса да, ол әйел бауырластарға қауымға көйлек киіп келуді, ер бауырластарға сақал қоймауды айтып жүреді. 5-жағдай. Ақсақал жоғары оқу орнына түскен, бірақ кейін шындықтан кетіп қалған бір бауырласты біледі. Ол қауымында бір жас бауырластың жоғары оқу орнына түсейін деп жүргенін естігенде, онымен және ата-анасымен сөйлесіп, ойынан айнытуға тырысады.

8. а) Қандай жағдайда ата-ана қауымдағы басқа ата-аналарды жақтырмай, соттап кетуі мүмкін? ә) Бауырластардың жеке шешімін сынап-мінеудің қауым үшін қандай қаупі бар?

8 6-жағдай. Анасы балаларын “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіруге” барынша тырысады (Ефес. 6:4). Оған қауымдағы кейбір ата-аналар балаларын бос ұстайтындай көрінеді. Олардың балалары түннің бір уағына дейін ұйықтамай жүре береді, бейнеойындар ойнайды, ерте жастан телефон ұстайды. Бұны көріп өзінің балалары “Неге сіз қаталсыз? Оларға болады да, неге бізге болмайды?” деп жылап келеді. Мұндай жағдайда басқа ата-аналарды жақтырмай, соттап кету оп-оңай. Көргеніміздей, жеке бастың мәселелерінде шешіміміздің әртүрлі болғаны қауымда кикілжің тудыруы мүмкін. Бауырластардың қанша ақша жұмсайтынын, қаншалықты жиі саяхаттайтынын, қалай демалатынын сынап-мінеп, олар туралы жаман ойлай бастауымыз мүмкін. Егер осылай бауырластардың жеке шешіміне құрмет танытпай, өз пікірімізді ғана дұрыс санасақ, қауымның бірлігіне сызат түсіріп аламыз.

9. Біз нені ұмытпауымыз керек? (Суретті де қараңыз.)

9 Киелі кітапта: “Әрдайым ойларың бір жерден шықсын”,— деген сөздер бар (Қор. 2-х. 13:11). Бірақ бұл барлық жағдайда бірдей ойлануымыз керек дегенді білдірмейді. Бұл сөздер тек Ехобаның заң-талаптарын ұстануға қатысты айтылған. Демек, Құдай заңына қайшы келмесе, жеке бастың мәселелерінде “дұрыс”, “дұрыс емес” деген жоқ (Рим. 14:5). Айталық, сіз бір жерге саяхаттауды жоспарладыңыз. Ол жерге әртүрлі жолмен жетуге болады. Қалай баратыныңыз өз қалауыңыз бен жағдайыңызға байланысты. Қалай барсаңыз да, ақырында діттеген жеріңізге жетесіз. Тура солай, бауырластар жеке бастың мәселелерінде әртүрлі шешімдер қабылдайды. Бірақ бәрінің бағыты мен діттеген жері бір: олар Ехобаның жүрегін қуантқысы келеді. Сондықтан бауырластардың көзқарасын, жеке шешімін құрметтей білгеніміз дұрыс (Мат. 7:1; Сал. 1-х. 4:11).

Телефондағы GPS навигатор белгілі бір жерге қалай және немен жетуге болатынын көрсетіп тұр.

Саяхатшылар діттеген жеріне әртүрлі жолмен жете алатынындай, мәсіхшілер де шындық жолында әртүрлі шешімдер қабылдай алады (9-абзацты қараңыз)


НЕГЕ ӨЗГЕЛЕРДІҢ ЖЕКЕ ШЕШІМІН СЫЙЛАУЫМЫЗ КЕРЕК?

10. Жақып 4:12-ге сай, біздің не істеуге құқымыз жоқ және неге?

10 Киелі кітапта өзгелердің жеке шешімін құрметтеуіміз керектігінің келелі себептері түсіндіріледі. Солардың екеуіне тоқталайық. Біріншіден, жеке бастың мәселелерінде өзгелерді соттауға құқымыз жоқ (Жақып 4:12 оқыңыз). Ехоба Заң шығарушы әрі Соттаушы болғандықтан, ол ғана ережелер орнатуға, не дұрыс, не бұрыс екенін айтуға құқылы. Сондықтан бауырластар жеке шешімдері үшін бізге есеп беруге міндетті емес, олар тек Ехобаның алдында есеп береді (Рим. 14:10). Олай болса, өзіміз шығарып алған ережелер мен заңдарға сүйеніп, бауырластарды соттауға біздің еш қақымыз жоқa.

11. Қауымның бірлігін сақтау үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)

11 Ехоба қызметшілерінің бірдей болғанын емес, бірлікте болғанын қалайды. Ехоба — әртүрлілікті, саналуандылықты сүйетін Құдай. Бұны оның жаратылыстарына қарап-ақ байқауға болады. Бүгін бар, ертең жоқ қар ұлпаларының өзі бір-біріне ұқсамайды. Жер бетіндегі сегіз миллиард адамның арасынан да түрі мен мінезі бір-бірінен аумайтын адамдарды таба алмайсыз. Ехоба бізді бір-біріміздің көшірмеміз сияқты біп-бірдей болып жүрсін демеген. Ол бізді әртүрлі болу үшін жаратқан. Бірақ әртүрлілік бірлігімізді бұзғанын еш қаламайды. Олай болса, бауырластардың шешімі біздікінен өзгеше болған жағдайда, сынап-мінеудің орнына, құрметпен қарап, қабылдай білейік. Осылай қауымның бірлігін өз көзқарасымыз бен пікірімізден биік қояйық (Рим. 14:19).

Нәсілі мен жасы әртүрлі бауырластар дастарқан басында отыр. Араларында кейбірі ішімдік ішіп отыр, бір-екі ер бауырластың сақал-мұрты бар.

Ехоба біздің бірдей емес, бірлікте болғанымызды қалайды (11-абзацты қараңыз)


ӨЗГЕЛЕРДІҢ ЖЕКЕ ШЕШІМІН СЫЙЛАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

12, 13. Бауырластың әрекеті шалыс қадамдай көрінсе, нені ескеруіміз қажет? (Ғалаттықтарға 6:1; “Біреулердің шешімі ұнамағанда” деген қоршауды да қараңыз.)

12 Өзгелер жеке шешім қабылдағанда. “Бауырластың әрекеті шалыс қадам ба, әлде жай ғана басқаша қадам ба?” деп ойланыңыз. “Шалыс қадам жасау” деген Киелі кітап заңдарын бұзуды білдіреді. Бауырластың әрекеті шалыс қадам екенін түсінсеңіз, былай деп ойланыңыз: “оны менің түзеткенім дұрыс бола ма, әлде ақсақалдың не басқа біреудің бе?” Егер өзіңіз түзеткеніңіз орынды деп тапсаңыз, мұны барынша жұмсақтықпен істеңіз (Ғалаттықтарға 6:1 оқыңыз). Бірақ көп жағдайда бауырластардың әрекеті шалыс қадам емес, басқаша қадам болып жатады. Ал басқаша қадам дегеніміз сіздікіне ұқсамайтын көзқарасты я әрекетті білдіреді. Мұндайда “оның ниеті дұрыс па, рухани әлсіреп жүрген жоқ па?” деп бауырласқа күмәнмен қараудан, оны жамандаудан аулақ болыңыз. Кім не істеймін десе де өз еркі, сондықтан жеке шешімдері үшін ешкімді айыптамаңыз (Рим. 14:2—4).

13 Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз. Досыңызбен мейрамханаға барсаңыз, оны “тура менікіндей тамаққа тапсырыс бер” деп көндіруге тырысасыз ба? Әрине, жоқ. Сіз оның өзіне ұнайтын тамақты алуына кедергі болмайсыз ғой. Былай ойлап қарасақ, оның не жейтіні сізге бәрібір емес пе?! Оның тапсырыс берген тамағын сіз жемейсіз ғой. Досыңыз өзі жегісі келген тамақты сізге жегізгісі келсе, бұл сізге де ұнамас еді. Тура солай, өзіңізге ұнайтын нәрселерді өзгелерге жасатуға тырыспаңыз, әркімнің жеке шешімін құрметтей біліңіз.

Біреулердің шешімі ұнамағанда

Қандай да бір бауырластың шешімі ұнамаса, төмендегі сұрақтар жайлы ойланып көріңіз. Бұл сұрақтар өзіңізге қатысы жоқ жайттарды босқа уайымдаудан сақтайды (Ғал. 6:5).

  • Бұл бауырлас Киелі кітаптағы қандай да бір заңды бұзды ма?

  • Қабылдаған шешіміне өскен ортасы, тәрбиесі қаншалықты әсер еткен болуы мүмкін?

  • Бұл шешімінен ол шынымен жапа шегуі мүмкін бе, әлде өзіңіз бұл жақсылыққа апармайды деп ойлап, қара аспанды төндіріп жүрсіз бе?

  • Оның шешімі қандай да бір жақсы нәтиже әкелуі мүмкін бе?

  • Онікі шалыс қадам ба, әлде жай ғана басқаша қадам ба?

  • Егер шалыс қадам болса, оны сіз түзеткеніңіз орынды ма, әлде басқа біреу ме?

14. Жеке шешім қабылдағанда қауымның татулығын бұзып алмас үшін не істесек болады? (Қорынттықтарға 1-хат 8:12, 13)

14 Өзіңіз жеке шешім қабылдағанда. Қауымның татулығын бұзып алмас үшін бауырласыңызды сүріндірмеуге тырысыңыз (Қорынттықтарға 1-хат 8:12, 13 оқыңыз). Бәлкім, сіз “бәрін істеуге болатынын” білгендіктен, жеке бастың мәселелерінде емін-еркін шешім қабылдай берерсіз. Бірақ қандай да бір шешіміңіз “пайдалы емес” екенін, яғни бауырласыңызды сүріндіретінін түсінсеңіз, не істейсіз?b (Қор. 1-х. 10:23, 24). Ондай кезде не істесем де өзім білемін демей, “өзіңізге ұнайтынды істемей-ақ” қоюды шешетін шығарсыз (Рим. 15:1). Я болмаса “мен олардың шешімін құрметтеймін ғой, олар менікін де құрметтеу керек емес пе?!” деген ой келер. Иә, дұрыс, бәріміз бір-біріміздің жеке шешімімізді құрметтеуіміз керек. Бірақ Римдіктерге 12:18-дегі “қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” деген кеңеске де құлақ асуымыз қажет. Сондықтан өз қалауымыздан бас тарту мүмкін болған кездері бауырластарды сүріндірмейтіндей шешім қабылдап, қауымның татулығына үлес қоссақ болады.

15. Ақсақалдар қауымның бірлігіне қалай үлес қоса алады? (Қорынттықтарға 1-хат 4:6)

15 Ақсақалдар өзгелердің шешіміне құрметпен қарайды. Қауымда бірлік болу үшін ақсақалдардың Киелі кітапта “жазылғандарды ғана ұстанғаны” маңызды (Қорынттықтарға 1-хат 4:6 оқыңыз). “Жазылғандарды ғана ұстану” деген Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердегі кеңестерді де қамтиды. Мысалы, ақсақалдар жеке бастың мәселелеріне қатысты “болады”, “болмайды” деп ережелер орнатпайды. Бауырластар ақыл-кеңес сұрап келсе де, өз тәжірибесіне, көрген-білгеніне сүйеніп кеңес бере салмайды. Олар беретін кеңестерін үнемі Киелі кітапқа негіздейді (Ишая 48:17, 18).

16. Ақсақалдар қауымдағы басқа ақсақалдарға қалай құрмет таныта алады?

16 Ақсақалдар қауымдағы басқа ақсақалдардың шешіміне де құрметпен қарайды. Әдетте ақсақалдар кеңесі жиналғанда, олар киелі рух сұрап дұға етеді, Киелі кітаптағы тармақтарды мұқият қарастырады, содан кейін ғана ортақ шешімге келеді. Сондықтан ақсақалдар өз пікірінде тұрып алмай, көпшіліктің қабылдаған шешімін қолдау керек (Ефес. 5:17). Сондай-ақ ақсақалдар Киелі кітап пен әдебиеттердегі нұсқауларды қалай айтылса, дәл солай орындайды. Олар көңілінен шықпаған жерлерін өз ыңғайына қарай бұрмалаудан аулақ. Мысалы, олар қандай да бір мақаладан бір-ақ сөйлемді жұлып алып, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге тырыспайды.

17. Бір-біріміздің шешімімізді құрметтей білсек, мұның қандай игілігін көреміз?

17 Осы мақаладан көргеніміздей, әрқайсысымыз қайталанбас дарамыз. Содан ойымыз да, көзқарасымыз да бір-біріміздікіне ұқсамайды. Бізді әдемі ететін де осы. Өскен ортамыз, мінез-құлқымыз әртүрлі болғанның арқасында қауым әртүрлі адамдарға жылы ұя болып отыр. Олай болса, әрқайсысымыз әр жаққа тартып кетпей, қауымның ынтымақ-бірлігін сақтайық. Өзіміз шешім қабылдағанда өзгелерді сүріндірмейік. Өзгелердің қабылдаған шешімдерін құрметтей білейік. Сонда бес саусақтай бірдей болмасақ та, жұмылған жұдырықтай бірлікте боламыз (Зәб. 133:1; Мат. 5:9).

ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨЗҚАРАСЫ МЕН ЖЕКЕ ШЕШІМІН ҚҰРМЕТТЕУГЕ КЕЛЕСІ ТАРМАҚТАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

  • Жақып 4:12

  • Ғалаттықтарға 6:1

  • Қорынттықтарға 1-хат 4:6; 8:12, 13

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

a Киелі кітапқа сай, ақсақалдар қауымда Құдай заңын бұзған адамды соттайды. Бірақ олар мұндай билікті Ехоба бергенін және ол тек Киелі кітапқа сай төрелік етуді талап ететінін естен шығармау керек (Шежірелер 2-жазба 19:6 салыстырыңыз).

b Мысалы, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 35-сабағының 5-тақырыпшасын қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу