Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 сәуір 20—25 бет.
  • Жұбаныштың қайнар көзі Ехобадан үйреніңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жұбаныштың қайнар көзі Ехобадан үйреніңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ “ЖҰБАНЫШ” СӨЗІНІҢ МАҒЫНАСЫ
  • БАУЫРЛАСТАРЫМЫЗ ЖҰБАНЫШҚА МҰҚТАЖ БОЛҒАНДА
  • ӨЗІМІЗ ЖҰБАНЫШҚА МҰҚТАЖ БОЛҒАНДА
  • Бетелдіктерді жұбатуға арналған шара
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
  • Ехоба сізді ешқашан жалғыз тастап кетпейді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Зорлық құрбандарына жұбаныш
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 сәуір 20—25 бет.

22—28 МАУСЫМ, 2026

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

Жұбаныштың қайнар көзі Ехобадан үйреніңіз

“Құдай бізді жұбатқанындай, біз де әртүрлі қиындық көріп жүргендерді жұбата аламыз” (ҚОР. 2-Х. 1:4).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобадан және оған еліктеген қызметшілерінен өзгелерді жұбатуды үйренеміз.

1. Неге біз бір-бірімізді жұбатуымыз керек?

БІЗ “әртүрлі сынақтарға кезігеміз”, сондықтан қай-қайсысымыз да жігер мен жұбанышқа мұқтажбыз (Пет. 1-х. 1:6). Әдетте қиналғанда қасымызда сүйеніш болатын адамды іздейміз ғой. Ендеше, өзіміз де басына іс түскен бауырластарға көмек қолын созуға асық болайық (Мат. 7:12). “Бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатып” жүрген Ехобадан үлгі алып, біз де “бір-бірімізді әрдайым. . . жұбатуымыз” керек (Қор. 2-х. 1:3, 4; Сал. 1-х. 4:18). Бірақ біз бұны міндетті болғандықтан емес, бауырластарымызды жақсы көргендіктен шын көңілмен істейміз. Бұл мақалада келесі үш сұрақты қарастырамыз: 1) Киелі кітаптағы “жұбаныш” сөзі нені білдіреді? 2) Қиналып жүрген бауырластарымызды қалай жұбатсақ болады? 3) Өзіміз жұбанышқа мұқтаж болғанда не істеуіміз керек?

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ “ЖҰБАНЫШ” СӨЗІНІҢ МАҒЫНАСЫ

2. Киелі кітаптағы “жұбаныш” деген сөз нені білдіреді?

2 Киелі кітапта “жұбаныш” деп аударылған грек сөзінің мағынасы кең. Мәнмәтінге қарай “жігерлендіру”, “ақыл-кеңес беру”, “талпындыру” деген мағынаны да қамтиды (Рим. 12:8 сілт.). Грек тілінен сөзбе-сөз аударғанда, бұл сөз “қасынан табылу” дегенді білдіреді. Көз алдымызға қиналып жатқан досының қасына жүгіріп келіп, қолдау көрсетіп жатқан жанды елестетуге болады. Бірақ ол досына нағыз жұбаныш болғысы келсе, айтқан әрбір сөзі, жасаған әрбір әрекеті досының еңсесін көтеріп, көңілін сергітуі керек.

3. Барнаба қандай үлгісімен есте қалды? (Суретті де қараңыз.)

3 Киелі кітаптағы бірінші ғасырда өмір сүрген Жүсіп деген кісіні білесіз бе? Ол көмекке мұқтаж адамды көрсе, қарап тұра алмайтын жүрегі мейірімге толы жан болған. Тіпті елшілер оны осы қасиеті үшін Барнаба (“жұбатушы”) деп атап кеткен (Ел. іс. 4:36). Бұл есімнің оған жарасқаны сонша — оның шын аты Киелі кітапта бір-ақ рет аталып, одан кейін мүлдем аталмаған. Киелі кітапта Барнабаның әртүрлі жағдайларда бауырластарға көмекке келгені айтылады. Солардың бірі — Саулмен болған жағдай. Саул Исаның шәкірті болғаннан кейін көп ұзамай Иерусалимдегі шәкірттермен көріскісі келді. Бірақ олар Саулдың мәсіхшілерді аяусыз қуғындағанын білгендіктен, онымен кездесуге қорықты. Сол кезде Барнаба еш жасқанбай, Саулды қолдап, оны елшілерге ертіп апарды (Ел. іс. 9:26—28).

Жүзінен мейірім есіп тұрған Барнаба Саулды елшілер отырған үйге ертіп келе жатыр. Ал елшілер Саулға жақтырмай қарап тұр.

Барнаба “жұбатушы” деген атына сай әрекет етті (3-абзацты қараңыз)


БАУЫРЛАСТАРЫМЫЗ ЖҰБАНЫШҚА МҰҚТАЖ БОЛҒАНДА

4. Бауырластарды жұбатудың жақсы бір жолы қандай? (Римдіктерге 1:11, 12)

4 Мүмкін болса, жағдайын сұрап кіріп шығыңыз. Ехоба қиналып жүрген қызметшілерін жұбатқысы келгенде, жиі бауырластарды не періштелерді жібереді. Мысалы, Ілияс пайғамбар қиналып, мұңға батқанда, Ехоба оны періштесі арқылы қолдап-демеген (Пат. 1-ж. 19:4—7). Елші Пауыл да жүзбе-жүз көрісуге ештеңе жетпейтінін жақсы түсінген. Сондықтан ол бауырластарды жігерлендіргісі келгенде, олармен жеке көрісуге құштар болған (Римдіктерге 1:11, 12 оқыңыз). Егер Ехоба өз қызметшісін жігерлендіру үшін сізді жібергісі келсе, сіз бұған дайынсыз ба? Бауырласыңыз ауыр жағдайға тап болса, оның жағдайын сұрап барсаңыз болады. Барғанда да апыл-ғұпыл кетіп қалмай, асықпай отырып көңіл бөліңіз (Қор. 1-х. 16:7). Егер ондай мүмкіндік табылмаса, телефон соғып, хабарлама не ашық хат жазыңыз. Мұның өзі бауырласты жұбатып, көп жігер береді.

5. Бауырластардың қасынан табылу неге қиындап кетуі мүмкін?

5 Біз соңғы күндері өмір сүріп жатқандықтан, жағдай тез өзгеріп кетуі мүмкін. Бәлкім, қолдауға мұқтаж бауырластардың қасынан табылу қиындап кететін шығар. Сондай кезде де бауырластарды жұбатып, жігерлендіруге дайынсыз ба? Мысалы, Онисипор түрмеде отырған Пауылды жігерлендіру үшін, басын қатерге тігіп, сонау Ефестен Римге келген. Пауылды іздегені үшін ол түрмеге қамалып, тіпті өлімге кесілуі мүмкін еді (Тім. 2-х. 1:16—18). Онисипор сияқты Ресейдегі Куәгерлер де бір сенімдегі бауырластары үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Өздері көзге түсіп, бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін білсе де, олар сотталып жатқан бауырластарды сот залына келіп қолдайды. Ехобаның ертедегі және бүгіндегі қызметшілерінің қуғын-сүргінге қарамай, бір-біріне көмекке келгені жайлы мұндай оқиғалар жетерлік. Соларды көбірек оқып-зерттейтін болсаңыз, қиын-қыстау күндер келгенде бауырластарыңызды батыл қолдауға дайын боласыз.

6. Бауырластарды жұбатқанда Ехобаға қалай еліктесек болады? (Суретті де қараңыз.)

6 Мұқият тыңдаңыз. Өмірі қыл үстінде тұрғандай көрініп, зәре-құты қалмаған Ілияс пайғамбар Ехобаға бар мұңын шақты. Ол Ехоба онсыз да жақсы білетін нәрселерді тәптіштеп, бір нәрсені қайталап айта берді. Ехоба соның бәрін сабырмен тыңдап тұрды (Пат. 1-ж. 19:9, 10, 14). Абақұқ пайғамбар да Ехобаға бар наразылығын айтып, тіпті оған қайда қарап отырсың дегендей қылды (Абқ. 1:2, 3). Ехоба бұл қызметшісін де шыдаммен тыңдап, айтқан сөздеріне еш ренжіген жоқ. Ехоба біздің де жағдайымызды алдын ала біліп тұрса да, дұғада айтқан әрбір сөзімізді құлақ түріп тыңдайды. Қызметшілеріне қашанда осылай мейіріммен, шыдаммен қарайтын Ехоба Құдайымыздан біз де үлгі алғанымыз жөн. Бауырласымыз сөйлеп жатқанда “тыңдауға жүйрік” болайық. Сөзін бөліп, сөйлеп кетуге асықпайық. Ауыр не ағат сөйлеп жатқандай көрінсе, ренжіп, көңілімізге алмайық. Бір нәрсені қайта-қайта айтып жатса, зейін қойып тыңдаудан жалықпайық (Жақ. 1:19; Уағ. 7:9).

Кеш батып кеткеніне қарамай, бір әйел бауырлас мұңын шағып отырған әйел бауырласты мұқият тыңдап отыр.

Ехобаға еліктеп, бауырласыңызды сөзін бөлмей тыңдаңыз (6-абзацты қараңыз)


7. Адамның жанын түсінгіміз келсе не істеуіміз керек?

7 Қандай көмек қажет екенін көре біліңіз. Біз Ехоба сияқты жүректе не барын көре алмаймыз. Біз адамның жанын тек тыңдап қана түсіне аламыз. Егер онікіне ұқсас жағдайды бастан кешкен болсаңыз, оны жақсы түсініп тұрмын деп ойламаңыз. Өйткені біз әртүрліміз. Ол жағдайға тура сіз сияқты қарамауы мүмкін. Сондықтан адамның ішіндегісін сарқып алу үшін орнымен сұрақ қойып, асықпай тыңдаңыз (Нақ. с. 20:5).

8. Иса бауырынан айырылған Марта мен Мәриямды қалай жұбатты? (Суреттерді де қараңыз.)

8 Елазар қайтыс болғанда, Иса оның екі әпкесін қалай жұбатқаны есіңізде ме? Бастарына түскен қайғы бір болса да, Иса екеуін екі түрлі жұбатты. Ол Мартаға қайта тірілу жайлы айтып, сенімін нығайтты. Ал Мәриям жылап келгенде, Иса Мартаға айтқан сөздерін қайталап, қайта тірілу жайлы айтып жатпады. Ол Мәрияммен қосылып жылап, бірден Елазарды қайда қойғанын сұрады (Жох. 11:20—35). Бұл оқиғадан көретініміздей, барлық жағдайға бірдей қарауға болмайды. Бір адамды жұбатқан нәрсе екіншісін жұбатпауы мүмкін. Сондықтан жұбану үшін адамға не қажет екенін көре білу аса маңызды.

Коллаж: Бір ақсақал екі ер бауырласты екі түрлі жұбатып отыр. 1. Әйелінен айырылған ер бауырлас жылап отырғанда, ол иығынан қағып жұбатып отыр. 2. Өмірден өткен әйелін еске алып суреттерін қарап отырған қарт ер бауырласқа ол тармақ оқып беріп жатыр.

Адамға қандай көмек қажет екенін көре біліңіз (8-абзацты қараңыз)a


9. Адамды Құдай Сөзімен жұбату үшін не істесек болады? (Римдіктерге 15:4, 5)

9 Құдай Сөзімен жұбатыңыз. Киелі кітаптан тармақ оқып берсеңіз, адам “Жазбалардан алған жұбанышы арқылы үмітке ие болады” (Римдіктерге 15:4, 5 оқыңыз). Сол үміттің арқасында ол Ехобаның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезініп, одан сайын жаны жайланып, рухы көтеріледі (Ишая 40:31). Олай болса, бауырласыңыз қиналып қалғанда, жұбататын тармақтарыңыз дайын тұру үшін не істесеңіз болады? Алдын ала сондай тармақтардың тізімін жасап қойыңыз. Мысалы, “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” деген кітаптың “Жұбаныш” деген тақырыбын қарасаңыз, жұбаныш сыйлайтын көптеген тармақтарды табасыз. Сондай-ақ Ехобаға дұға етіп, адамды қай тармақ жұбататынын көрсетші деп сұраңыз. Сонда киелі рух дәл керек тармақтарды есіңізге түсіретін болады (Жох. 14:26).

10. Бауырластарды жігерлендіргенде неге жылы-жұмсақ сөйлегеніміз маңызды?

10 Жылы-жұмсақ сөйлеңіз. Жоғарыда айтқанымыздай, Киелі кітаптағы “жұбаныш” сөзі “ақыл-кеңес беру”, “талпындыру” деген мағынаны да қамтиды. Кейде сіз бауырласты жұбатып отырып, оның көзқарасы дұрыс емес екенін байқап қалуыңыз мүмкін. Мұндайда ақыл-кеңес беріп, ойын түзету керек болатын шығар. Бірақ жұбатамын деп жылатып қоймас үшін, сөзіңізді ойланып айтқаныңыз дұрыс (Нақ. с. 12:18). Бұл жағынан да Ехобадан үлгі алсаңыз болады. Ілияс пайғамбар бар еңбегім зая болды, менен басқасының бәрі жолдан тайып кетті дегенде, Ехоба оның қателесіп тұрғанын тіке айтып, бетіне баспады. Ол пайғамбарының көзқарасын байқатпай, жайлап қана түзеді (Пат. 1-ж. 19:15—18). Біз де сөзімізге мұқият болып, жылы-жұмсақ сөйлесек, ешқашан бауырластарымыздың рухын күйретпейміз, керісінше, нығайтамыз. Мысалы, қауымда тапсырмамен шыққанда не түсініктеме бергенде, айтқан сөздеріңізден бауырластарды жігерлендіргіңіз келетіні көрініп тұрсын.

11. Басына қиындық түскен бауырластар кейде не нәрсеге мұқтаж болуы мүмкін? (Жоханның 1-хаты 3:18)

11 Іс жүзінде көмектесіңіз. Басына қиындық түскен бауырластарға жігерлі сөздер айтып қана қою кейде жеткіліксіз. Олар біздің іс жүзінде көмек көрсетуімізге зәру болуы мүмкін (Жоханның 1-хаты 3:18 оқыңыз). Мысалы, Барнаба кедей бауырластарға көмектесу үшін танабын сатып, түскен ақшаны соларға берген (Ел. іс. 4:36, 37). Барнабаға еліктеп бір-біріне іс жүзінде көмек көрсетіп жүрген бауырластар бүгінде де көп. Мысалы, Польшада болған бір жағдайды алайық. Габриела деген бауырластың үйін су шайып кеткенде, бауырластары бірден көмекке келген. Ол былай дейді: “Ата-анаммен қатты уайымдап, енді қайда тұрамыз, үйімізді не істейміз деп дал болдық. Сонда көрші қауымдағы бауырластар келіп, бір-ақ күннің ішінде үйіміздің біраз жерін бітіріп кетті. Ехоба бізге көмектесу үшін өз қызметшілерін жібергенін көріп, сенімім кәдімгідей нығайып қалды”.

12. Табанды болып жүргеніміз бауырластарды қалай жігерлендіруі мүмкін?

12 Өзіңіз де табанды болыңыз. Салоникадағы бауырластардың қиындықтарға қарамай адал болып жүргені Пауылды жұбатып, кәдімгідей жігерлендірді. Пауыл олардың игілігі үшін көп еңбектенген еді, сол еңбегі зая кетпегенін көріп ол қуанып қалды (Сал. 1-х. 3:5—8). Пауыл өзінің де қиын шақта адал болып жүргені бауырластарын жұбатар деп үміттенді (Қол. 2:1, 2). Біз де қиындықтарға мойымай, табанды болып қалсақ, бұл бауырластарға зор жігер береді. Ехобаның бізге көмектесіп жатқанын көріп, Ехоба оларды да қалдырмайтынын түсінеді.

13. Бауырласымызды жұбатқанда нені ұмытпауымыз керек?

13 Шыдамды болыңыз. Бауырласыңыз қатты қиналып жүрген болса, сіз күткендей бірден жұбана қоймауы мүмкін. Ондай кезде не істесеңіз болады? Киелі кітап бізді: “Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер”,— деп шақырады (Сал. 1-х. 5:11). Біз шыдамдылық танытып, адамды әрі қарай да жұбатып, қолдай беруіміз керек (Сал. 1-х. 5:14). Кейде мұндай қолдау мен жұбанышқа өзіміз де зәру болып жатамыз. Сондайда не істесек болатынын қарастырайық.

ӨЗІМІЗ ЖҰБАНЫШҚА МҰҚТАЖ БОЛҒАНДА

14, 15. Көңіліңіз жабырқап, жаныңыз күйзелгенде не істегеніңіз жөн?

14 Ехобаға дұға етіңіз. Ауыр жағдайдан көңіліңіз жабырқап, жаныңыз күйзелгенде, Ехобадан жұбаныш іздеңіз (Зәб. 94:19). Дұғаңызды жалпы айта салмай, ойларыңыз бен сезімдеріңізді нақтылап, ашық айтыңыз (Зәб. 62:8). Ехоба онсыз да бәрін көріп тұр ғой деп, жағдайыңызды тәптіштеп айтып беруден тартынбаңыз. Жүрегіңізді ақтарып дұға еткеніңіз — Ехоба қамыңызды ойлайтынына сенгеніңіз. Ал сеніммен айтылған дұғаларды Ехоба жауапсыз қалдырмайды, өзі дұрыс деп тапқан жолмен міндетті түрде жауап береді (Мар. 11:24). Киелі кітап бізді былай деп шақырады: “Барлық өтініштеріңді дұға етіп,.. Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды” (Філіп. 4:6, 7).

15 Өзгелерден көмек сұраңыз. Сенім артатын досыңызға не ақсақалға барып, не күй кешіп жүргеніңізді айтып, сөйлесіңіз. Бауырластардың көбісі көмектескісі-ақ келеді, бірақ сізге қандай көмек қажет екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан өзіңіз көмек сұрасаңыз, көп бауырластың қолдауын көресіз (Нақ. с. 14:10). Мысалы, жігерлендіретін тармақ не мақала тауып жатса, жіберіп қоюын сұраңыз. Ішіңізді босатып сөйлескіңіз келсе, тыңдайтын адам қажет екенін де ашық айтсаңыз болады.

16. Жігерлендіруге келген бауырластар кейде не істеуі мүмкін және нені естен шығармағанымыз дұрыс?

16 Кешірімді болыңыз. Кейде жігерлендіремін деп келген бауырластар өздері аңдамай, сөзімен не ісімен көңіліңізге тиіп кетуі мүмкін. Ондай кезде ренжуге асықпай, шыдамдылық танытыңыз (Қор. 1-х. 13:4, 7). Сондай-ақ Киелі кітаптағы “кімде-кім сөзден сүрінбесе, ол... кемелді адам” және “рух дайын, бірақ тән әлсіз” деген сөздерді естен шығармаңыз (Жақ. 3:2; Мат. 26:41). Сонда бауырластардың игі ниеті мен жасаған жақсылықтарын көре білесіз.

17. Біз әрі қарай да не істей беруіміз керек?

17 Дүниенің ақыры таяған сайын, өміріміз қиындай түспесе, жеңілдемесі анық, Шайтан да шабуылын үдетері сөзсіз. Бұл бәріміз де жігер мен жұбанышқа барған сайын мұқтаж бола береміз деген сөз. Олай болса, әрі қарай да бір-бірімізді жұбатып, барынша нығайта берейік.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Киелі кітаптағы “жұбаныш” сөзі нені білдіреді?

  • Қиналып жүрген бауырластарымызды қалай жұбатсақ болады?

  • Өзіміз жұбанышқа мұқтаж болғанда не істеуіміз керек?

130-ӘН Кешірімді болайық

a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ақсақал жақында ғана әйелінен айырылған ер бауырласты иығынан қағып жұбатып отыр. Басқа жолы бұл ақсақал қарт ер бауырластың үйінде отыр, оның әйелінен айырылғанына біраз уақыт болған. Екеуі альбомдарды қарап, ер бауырластың әйелімен өткізген жақсы кездерін еске алып, әңгімелесіп отыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу