1—7 МАУСЫМ, 2026
111-ӘН Қуануға себеп көп
Жеккөрінішті болсақ та, бақытты болуға себеп бар
“Жұрт сендерді Адам Ұлына бола жек көрсе,.. бақыттысыңдар” (ЛҰҚА 6:22).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаға қызмет етіп жүргеніміз үшін қуғын-сүргінге ұшырасақ, неге бұл бақытты болуға себеп екенін қарастырамыз.
1. Иса бір қарағанда қисынсыз көрінетін қандай сөздер айтты?
ИСА Таудағы уағызында бір қарағанда қисынсыз көрінетін мынадай сөздер айтты: “Жұрт сендерді Адам Ұлына бола жек көрсе,.. бақыттысыңдар” (Лұқа 6:22). Бірақ біреу сені жек көрсе, оның несі бақыт?! Исаның не айтқысы келгені бізге де қызық. Өйткені бүгінде де бізді жек көріп, қудалайтындар көп. Осы орайда екі сұрақтың жауабын алып көрейік: адамдар бізді не үшін жек көреді? Жеккөрінішті болғанымыз үшін бақытты болатындай қандай себеп бар?
АДАМДАР БІЗДІ НЕ ҮШІН ЖЕК КӨРЕДІ?
2, 3. Адамдар бізді не үшін жек көреді және соны ұмытпасақ, бізді қудалап жүргендерге қалай қараймыз? (Жохан 16:2, 3)
2 Біз Ехобаға ғибадат еткеніміз үшін жеккөрініштіміз. Иса адамдар оның ізбасарларын қуғындайтынын, тіпті кейбірін өлімге кесетінін айтқан. Иса: “Олар мұны Әкені де, мені де білмегендіктен істейді”,— деді (Жохан 16:2, 3 оқыңыз). Егер адамдар Құдай халқын білместікпен қудалап жүрген болса, оларды айдап салып отырған кім? Бұл — “осы дүниенің құдайы” Шайтан (Қор. 2-х. 4:3, 4). Ол адамдардың саналарын соқыр қылып, Ехоба жайлы шындықты жасырып отырғаны аздай, сол шындықты білетіндерді жұртқа жеккөрінішті етіп қойған (Жох. 8:42—44). Адамдар Шайтанның арбауында жүргенін естен шығармасақ, бізді жек көретіндерге жеккөрушілікпен қарамаймыз.
3 Ісімізге тыйым салынған елде тұратын Павелa деген ер бауырластың жағдайын алайық. Ол Ехобаға ғибадат еткені үшін тұтқындалып, аяусыз соққыға жығылған. Кейін бірнеше ай бойы жалғыз адамдық камерада отырған. Ол былай дейді: “Таза ғибадатқа шүйлігіп алған Шайтан мен жындар екені айдан анық. Байқағаным, түрмедегі көп қызметкерлердің бізге деген ешқандай өшпенділігі жоқ. Олар бар болғаны өз жұмысын істеп жүр”. Ал Хорватиядағы бір ер бауырлас Куәгер болғаны үшін ата-анасынан қатты қуғын көрген. “Менімен жауласып жүрген ата-анам емес, Шайтан екенін қазір жақсы түсінемін”,— дейді ол (Ефес. 6:12).
4. Иса мен шәкірт Степаннан қандай үлгі алсақ болады? (Суретті де қараңыз.)
4 Қуғын-сүргіннің артында кім тұрғанын білгендіктен, біз өзімізді қудалап жүргендерді жек көрмейміз. Керісінше, оларға жанымыз ашып, олар үшін дұға етуге дайынбыз (Мат. 5:44). Бұл орайда Иса мен шәкірт Степан жақсы үлгі қалдырған. Рим сарбаздары жоғарыдан келген бұйрықты орындап, Исаны бағанаға шегелеген. Иса мұны жақсы білгендіктен, олар үшін дұға етіп: “Әке, оларды кешіре көр”,— деп сұраған (Лұқа 23:34). Бұл кезде Иса сарбаздар үшін ғана емес, діни жетекшілердің ықпалымен өзін өлімге кесуді талап еткен жұрт үшін де дұға етсе керек. Өйткені Иса олардың да білместікпен әрекет еткенін түсінген. Степан да өзіне тас лақтырып жатқандар үшін дұға етіп, Құдайдан оларды кешіруін өтінген (Ел. іс. 7:58—60). Ехоба Иса мен Степанның дұғасына қалай жауап берді? Исаның өлімге кесілуіне қатысы болған адамдардың көбі кейін өкінді және олар Исаға сенім танытып, шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 2:36—41). Ал Степанның жағдайында теріс жолдан қайтқан бір адамды нақты білеміз. Бұл — тарстық Саул. Ол білместікпен істеген істеріне шын жүректен өкініп, Мәсіхтің ізбасары болды (Тім. 1-х. 1:13).
Иса мен Степанға еліктеп, біз де қудалаушыларымыз үшін дұға айтсақ болады (4-абзацты қараңыз)
5. Сезар бауырластың оқиғасынан не түйдіңіз?
5 Ехоба біздің де қудалаушыларымыз үшін айтқан дұғаларымызды тыңдайды. Венесуэлада тұратын Сезар деген ер бауырластың оқиғасы бұған дәлел. Оның әкесі шындыққа қатты қарсылық танытқан. Сезар былай дейді: “Анам жақсы әйел, жақсы ана бола білді. Ол Құдай Патшалығын әрдайым бірінші орынға қойды, әкемнің де көңілін тауып, бар жағдайын жасап жүрді. Ол маған және бауырларыма “әкелеріңді құрметтеңдер, Киелі кітапқа қайшы келмесе, барлық уақытта тілін алыңдар” деп айтып отыратын”. Жылдар өте Сезардың әкесінің жүрегі жіби бастады. Сезар былай деп қосты: “Бір күні дұға етіп алдым да, әкеме барып “сізбен зерттеу сабағын өтейінші” дедім. Ол “жарайды” деп келісе кеткенде, жүрегім жарылардай қуанғаным-ай!” Көп ұзамай Сезардың әкесі шомылдыру рәсімінен өтті. Әрине, бізді қудалап жүргендердің бәрі бірдей осылай өзгере салмайды. Бірақ кейбіреулер өздеріне танытқан құрметімізді, жасаған жақсылығымызды көріп, көзқарастары өзгере бастауы мүмкін. “Бүкіл әлемнің Төрешісі” әрі мейірімді Құдайымыз Ехоба сол адамдарды әлі де өзіне жақындатып тартады деп үміттенеміз (Мұс. 1-ж. 18:25).
6. Марқа 13:13-ке сай, адамдар бізді тағы не үшін жек көреді?
6 Біз Исаны мойындағанымыз үшін жеккөрініштіміз. Иса: “Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады”,— деген (Марқа 13:13 оқыңыз). Ол “менің атыма бола” деп өзінің Патша ретіндегі билігі мен беделін айтқан. Иса 1914 жылдан бері Құдай Патшалығының Патшасы ретінде билік етіп келеді. Жуырда ол жер бетіндегі үкіметтерді бірін қалдырмай жояды. Біз адами үкіметтерге емес, Құдайдың өзі патша етіп қойған Иса Мәсіхке үміт артамыз. Жердегі билеушілерді қолдайтындар бізді сол үшін жек көріп, қуғындайды.
7, 8. Ехобаның халқы не себепті келеке-мазаққа қалып жатады? (Жохан 15:18—20) (Суреттерді де қараңыз.)
7 Біз Шайтанның дүниесіндегі адамдарға ұқсамағанымыз үшін жеккөрініштіміз. Иса адамдар бізді осы дүниелік болмағанымыз үшін жек көретінін айтқан (Жохан 15:18—20 оқыңыз). Ертедегі мәсіхшілер сияқты, біз де құдайсыз адамдардың көзқарасы мен жүріс-тұрыстарын мүлдем құптамаймыз. Оларға ұқсап кетуден де барынша аулақпыз. Осы үшін бауырластарымыздың көбі жұмыста не мектепте келеке-мазаққа қалып жатады (Пет. 1-х. 4:3, 4). Бірақ олардың қайтпас қайсарлығын көріп, ойларын өзгертіп жататындар жоқ емес.
8 Мысалы, Орталық Америкада тұратын Игнасио бауырласты мектептегі мұғалімі жақтырмай, Құдайдың заң-талаптарын ұстанғаны үшін оны біраз жыл мазақ етіп жүрген. Бірақ мектепті бітіруге аз қалғанда, мұғалімі Игнасиодан өзгелердің қысымына қарамай, сонша уақыт өз ұстанымына берік болып қалуға не көмектескенін сұрайды. Игнасио Құдайдың заң-талаптары қорғаныш екеніне сенгендіктен, олардан аттамағанын айтып түсіндіреді. Кейін ол мұғалімін қауым кездесуіне шақырады. Таңғаларлығы, мұғалімі бірден келіседі! Бауырластардың арасындағы мейірім мен жылулық мұғалімін тәнті еткені сонша — ол қауымға үзбей келіп жүреді. Кейін ол зерттеу сабағын бастап, өзі де біраз қуғын көреді. Бірақ ол соған қарамай рухани қадамдар жасап, шомылдыру рәсімінен өтеді.
Қай жаста болсақ та, сенімімізді батыл қорғап, жеңіске жете аламыз (8-абзацты қараңыз)b
9, 10. а) Шайтанның дүниесіндегі адамдардан тағы қай жағынан ерекшеленеміз? ә) Елші Пауылдан қандай үлгі алсақ болады?
9 Шайтанның дүниесіндегі адамдардан тағы бір ерекшелігіміз, біз саясат пен соғысқа араласпаймыз (Жох. 18:36). Римдіктерге 13:1-ге сай, біз билік басындағыларға бағынамыз. Бірақ өзіміз билікке ұмтылмаймыз, ұмтылып жүргендерді де қолдап, оларға дауыс бермейміз. Өйткені біз Ехобаға және ол Патша етіп қойған Исаға адалмыз. Міне, осы үшін де Ехобаның қызметшілері кейде қамауға алынып жатады. Бірақ түрмедегі бауырластарымыз еш мойымай, барынша елші Пауылға еліктеуге тырысады. Пауыл біраз жыл үй қамауында және түрмеде отырғанда, тыңдаймын дегендердің бәріне уағыздаған (Ел. іс. 24:27; 28:16, 30). Ол түрме басшыларына да, сот алдында да, билеушілер мен патшаларға да ізгі хабарды батыл айтқан. Пауыл тіпті Рим императоры Неронның сарайындағы қызметшілерге уағыздаған болуы мүмкін (Ел. іс. 9:15).
10 Түрмеде отырған бауырластарымыз да судья демей, күзетші демей, тыңдаймын дегендердің бәріне ізгі хабарды айтып жүр. Бір ер бауырлас бейтараптық сақтағаны үшін алты жылдан аса түрмеде отырған. Бірақ ол мұны жаза деп емес, Ехоба оны қойдай момын адамдарды іздеуге жіберді деп қарастырған. Расында да, Ехоба сені екінің бірі жете бермейтін аумаққа жіберіп, саған сенім артып жатса, бұл бақытты болуға себеп емес пе?! (Қол. 4:3). Ал қазір жеккөрінішті болғанымыз үшін бақытты болуға тағы қандай себептер бар екенін көрейік.
ЖЕККӨРІНІШТІ БОЛҒАНЫМЫЗ ҮШІН БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ҚАНДАЙ СЕБЕПТЕР БАР?
11. Неге қуғын-сүргін көргеніміз сенімімізді нығайта түседі?
11 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар дәл орындалып жатыр. Шайтан мен оның ұрпағы, яғни оның жақтастары, Құдай халқына өштесетінін Ехоба әуел баста-ақ айтқан (Мұс. 1-ж. 3:15). Иса да Ехобаның сөздерін растап, ізбасарлары қуғынға ұшырайтынын қайта-қайта ескерткен (Мат. 10:22; Мар. 13:9—12; Лұқа 6:22, 23; Жох. 15:20). Бұл жайлы Киелі кітаптың басқа жазушылары да талай жазған (Тім. 2-х. 3:12; Жақ. 1:2; Пет. 1-х. 4:12—14; Яһд. 3, 17—19). Олай болса, қуғынға ұшырағанымызға таңғалуымыз керек пе? Жоқ, керісінше, біз бұған қуануымыз керек. Өйткені бұл Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтар дәлме-дәл орындалып жатқанын және біз шынайы Құдайға ғибадат етіп жүргенімізді дәлелдейді. Мысалы, ісімізге тыйым салынған елде тұратын бір әйел бауырластың жағдайын алайық. Оған қуғын көрсеткендер көп болған. Күйеуінің өзі оған қорлық көрсетіп, Киелі кітабы мен әдебиеттерін өртеп жіберген. Бірақ бұл жағдай бауырласымыздың сенімін шайқалтпады, керісінше, нығайта түсті (Евр. 10:39). Ол былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өтерде ертелі-кеш қуғынға ұшырайтынымды біліп тұрдым. Сол күн басыма түскенде, қорыққан да, таңғалған да жоқпын. Киелі кітаптағы қуғынға ұшырайтынымыз жайлы пайғамбарлықтардың тура орындалғанын көргенде, шынайы дінді тапқаныма көзім жетті”.
12. Бір ер бауырласқа қуғын-сүргін кезінде мойымауға не көмектесті?
12 Қуғындалатынымызды алдын ала білсек те, қуғын-сүргінге тап болғанда, сынақтарға шыдау оңай болмауы мүмкін. Бір ер бауырлас түрмеде отырған кезін еске алып: “Кейде ішім уайым мен мұңға толып, көз жасымды тыя алмай, жылап алатынмын”,— дейді. Осындай қиын сәттерде табанды болуға оған не көмектесті? Ол былай дейді: “Мен тек дұғаның күшімен жүрдім. Әр таңым дұғамен ататын. Бірдеңе бола қалса да, дереу дұға ететінмін. Біреулер әдейі тиісіп, ашуыма тигенде, жуынатын бөлмені ішінен құлыптап алып, Ехобаға бәрін ақтарып айтатынмын”. Сондай-ақ ол Ехобаның ежелдегі және бүгіндегі адал қызметшілерін еске алып, ой жүгіртіп жүрген. Соның арқасында ол Исаның уәде еткен тыныштығына кенеліп, еш мойымай, бәріне төзді (Жох. 14:27; 16:33).
13. Қандай жағдайда бізді ешбір жау жеңе алмайды?
13 Жеккөрушілікті жеңетін сүйіспеншілігіміз бар. Иса көктегі Әкесін де, жердегі ізбасарларын да бар жүрегімен сүйді. Ол соңғы демі шыққанша сол сүйіспеншілігінен айнымады (Жох. 13:1; 15:13). Біз де Ехобаны және бауырластарымызды Иса сияқты жақсы көрсек, бізді жек көретіндердің ешқайсысы да жеңіске жете алмайды. Бұған елші Пауылдың да жағдайы дәлел.
14. Неге Пауыл өлім алдында да адалдығынан таймады?
14 Пауыл өлімге кесілетін уақыты таяғанда, баласындай жақын болған Тімөтеге былай деп жазды: “Құдай бізге қорқыныш рухын емес, күш, сүйіспеншілік... рухын берді” (Тім. 2-х. 1:7). Бұнымен Пауыл не айтқысы келді? Ол Ехобаны бар жүрегімен сүйетін адам кез келген қиындыққа дайын болатынын айтқан (Тім. 2-х. 1:8). Пауылдың өзі Ехобаны жақсы көргені соншалық — өлімнен де қорықпай, соңына дейін адал болып қалды (Ел. іс. 20:22—24).
15. Бүгінде бауырластарымыз бір-бірін сүйетіндерін қалай көрсетіп жүр? (Суретті де қараңыз.)
15 Пауылға адалдығынан таймауға бауырластарының қолдауы да көп көмек болды. Мысалы, Ақила мен Прискила Пауылға көмектесу үшін өз бастарын қатерге тіккен (Рим. 16:3, 4). Осылай жанқияр сүйіспеншілік танытып жүрген бауырластар бүгінде де бар. Көп бауырластарымыз көзге түсіп қалудан қорықпай, қуғын-сүргін көріп жүрген бауырластарына қолдау көрсетуге дайын. Мысалы, Ресейдегі көп жағдайдың бірін алайық. Бір әйел бауырлас өзін қолдау үшін сот залына ағылып келген бауырластарды көріп, толқып кеткені сонша — біраз уақыт сөйлей алмай, үнсіз тұрып қалған. Қолдауға зәру кезінде жанқияр бауырластарының келіп демеу болғаны рухын бір көтеріп тастаған. Осындай сүйіспеншілігіміздің болғаны бақытты болуға себеп емес пе?!
Ісімізге тыйым салынған не шектеу қойылған елдерде бауырластарымыз жанқияр сүйіспеншілік танытып, бір-бірін қолдап жүр (15-абзацты қараңыз)c
16. Қуғын-сүргінге кезіксек, неге бұл бақытты болуға себеп дей аламыз? (Петірдің 1-хаты 4:14)
16 Қуғын-сүргінге кезіксек, бұл Құдайдың ықыласына ие екеніміздің белгісі (Петірдің 1-хаты 4:14 оқыңыз). Құдайға қызмет етіп жүргеніміз үшін қорлық көрсек, бұны бақыт санауымыз керек. Неге? Өйткені, Петір айтпақшы, бұл бізде “Құдай рухының бар екенін көрсетеді”. Петірдің өзі де қуғын-сүргінге ұшырағанда, осыны түсініп қуанған. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамынан кейін, Петір мен өзге елшілерді ғибадатхананың бас сақшысы тұтқынға алған. Сол кезде Петір өз сенімін батыл қорғады (Ел. іс. 5:24—29). Әбден таяқ жеп, жазаланса да, Петір мен өзге елшілер уағыздауды тоқтатқан жоқ. Олар “[Исаның] аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды”. Олай болса, қуғын-сүргінге ұшырасақ, біз де қуанайық (Ел. іс. 5:40—42).
17. Өлер алдындағы түні Иса шәкірттеріне не деді?
17 Өлер алдындағы түні Иса шәкірттеріне: “Мені сүйгенді Әкем сүйеді. Оны мен де сүйемін”,— деді (Жох. 14:21). Исаны жақсы көргеніміз үшін адамдар бізді жек көреді. Бірақ жақында бәрі өзгереді. Бүкіл жер беті Ехоба мен Исаны жақсы көретін адамдарға толатын уақыт келе жатыр. Сол кезде Ехобаға қызмет еткеніміз үшін ешкімге жеккөрінішті болмаймыз (Сал. 2-х. 1:6—8). Ал сол уақыт келгенше, жеккөрінішті болсақ та, бақытты болуға себеп бар екенін естен шығармай, табанды бола берейік!
149-ӘН Жеңіс әні
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген суретте Игнасио мұғаліміне уағыздап жатыр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген суретте бауырластар сенімі үшін түрмеге әкетіліп бара жатқан әйел бауырласқа қолдау көрсетіп жатыр.