Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 наурыз 20—25 бет.
  • Терең түсінік адамды көрікті етеді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Терең түсінік адамды көрікті етеді
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КӨКІРЕК ЕМЕС, КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ
  • АШУҒА БЕРІЛМЕЙ, САБЫР САҚТАҢЫЗ
  • ҚОРҚЫНЫШҚА БОЙ АЛДЫРМАЙ, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ
  • ТҮСІНІГІҢІЗДІ МОЛАЙТА БЕРІҢІЗ
  • Жауынгер мен кішкентай қыз
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Ол көмектесуді қалады
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ол басында қасарысқанымен, кейін мойынсұнды
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Кішкентай қыздың беделді адамға көмектесуі
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 наурыз 20—25 бет.

25—31 МАМЫР, 2026

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

Терең түсінік адамды көрікті етеді

“Сені Құдай да, адам да ұнатып, Терең түсінігі бар деп біледі” (НАҚ. С. 3:4).

НЕГІЗГІ ОЙ

Дұрыс әрекет ету қиын болған кезде бізге терең түсінік көмекке келеді.

1, 2. Терең түсінік деген не және бұл қасиеттің қандай пайдасы бар?

БІРЕУ сізге құрмет танытпай, дөрекілік көрсеткен бе? Немесе әлдебіреу сізді дұрыс түсінбей, әділетсіздік танытқан ба? Я болмаса уайымдап, қорыққан кезіңіз болған шығар. Бұндай жағдайларда дұрыс әрекет ету қиын болып жатады. Бірақ осындайда бізді алып шығатын бір қасиет бар. Бұл — терең түсінік.

2 Терең түсінікке ие адам жағдайға үстіртін емес, жан-жақты, тереңірек қарайды. Ол көзге көрініп тұрған нәрсеге ғана қарап тұжырым жасамайды, қайта біреудің әрекетінің артында не тұрғанын немесе жағдайдың түпкі себебін көре біледі. Сондықтан түсінігі мол адам ақылмен әрекет етеді. Мысалы, ол қай кезде сөйлеу керектігін, қай кезде үндемеу керектігін ажырата алады (Нақ. с. 10:19; Зәб. 4:4). Біреу ренжіткенде немесе ызасына тигенде, ашуға бой алдырмайды. Сондай-ақ мұндай адам айтылған кеңеске құлақ асып, түзетуге көнеді (Нақ. с. 19:20). Түсінігіміз мол болса, өзіміздің де, өзгелердің де өмірін жеңілдетеміз әрі Ехобаның көңілінен шығамыз. Қазір Киелі кітаптағы үш оқиғаны қарастырып, терең түсінік кішіпейіл болуға, сабыр сақтауға және Ехобаға толық арқа сүйеуге қалай көмектесетінін көрейік.

КӨКІРЕК ЕМЕС, КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

3. Нағыман кім болған?

3 Ехобаға ұнамды болу үшін көкіректікті қойып, кішіпейіл болуымыз керек (Пет. 1-х. 5:5). Бұл үшін бізге терең түсінік қажет. Осы орайда Нағыман деген кісіден үлгі алсақ болады. Ол Исраилге көршілес жатқан Сирия елінің қолбасшысы болған. Нағыман беделді әрі ержүрек кісі еді. Бірақ ол алапес деген жаман тері ауруына шалдыққан болатын (Пат. 2-ж. 5:1).

4. Нағыман түсінігі бар адам екенін қалай көрсетті?

4 Нағыманның әйелінің исраилдік қызметші қызы болатын. Сол кішкентай қыз оған Исраилде оның күйеуін айықтыра алатын бір пайғамбар бар екенін айтады (Пат. 2-ж. 5:2, 3). Сонда Нағыман “жау елінен тұтқын болып түскен мына кішкентай қыз жарытып не айтар дейсің” деп ойласа болар еді. Бірақ ол түсінігі бар адам екенін көрсетеді. Нағыман көкірек болмай, қызметші қыздың айтқандарына құлақ асады. Сөйтіп, Сирия патшасынан рұқсат алып, пайғамбарға бару үшін Исраилге жол тартады (Пат. 2-ж. 5:4, 5).

5. Нағыман Исраилге келгенде қандай жағдай болды?

5 Содан Нағыман Исраил патшасы Жорамға келеді. Жорам оның не үшін келгенін білгенде, Сирия патшасы пәле іздеп отыр деп шошып кетеді. Болған жағдайды естіген Еліше пайғамбар патшаға хабар жіберіп, Нағыманды өзіне шақыртады (Пат. 2-ж. 5:6—9). Алайда бәрі Нағыман ойлағандай болмайды. Еліше онымен сөйлеспек түгілі, оны күтіп алу үшін үйінен де шықпайды. Айығу үшін не істеу керектігін айтып, жай ғана хабаршысын жібереді (Пат. 2-ж. 5:10).

6. а) Хабаршының айтқандарын естігенде, Нағыман неге ашуланды? ә) Нағыманның қызметшілері түсінігі мол адамдар екенін қалай көрсетті және олар Нағыманға қалай көмектесті? (Патшалар 2-жазба 5:13, 14)

6 Хабаршының айтқандарын естігенде, Нағыман “қатты ашуланып, қайтып кетпек болады” (Пат. 2-ж. 5:11, 12). Не себепті? Бәлкім, мықты елдің білдей бір қолбасшысы болғандықтан Нағыман “Еліше маған да, менің еліме де лайықты құрмет көрсетпеді” деп ойлаған шығар. Содан ол “айықпасам, айықпай-ақ қояйын” деп, еліне қайтып кетуге дайын тұрады. Бірақ оның қызметшілері Елішенің түпкі ниетін түсініп, Нағыманнан райынан қайтуды өтінеді. Бұл жолы Нағыман көкіректігін ысырып қойып, барып Елішенің айтқанын істейді. Міне ғажап, ол ауруынан құлан-таза сауығып кетеді! (Патшалар 2-жазба 5:13, 14 оқыңыз).

7. Нағыманнан не үйренеміз? (Нақыл сөздер 22:4) (Суреттерді де қараңыз.)

7 Нағыманнан не үйренеміз? Пенде болғандықтан біз көп нәрсені дұрыс түсінбей қалып жатамыз. Сондайда біз мәселенің тек бер жағын ғана көрмей, оған тереңірек үңілуіміз керек. Ал бұл үшін түсінік қажет. Сондай-ақ түсінігі мол адам ашудың жетегінде кетпейді. Сонымен қатар кішіпейіл болады, бәрін біле бермейтінін де мойындайды. Сондықтан жағдайды жақсырақ түсіну үшін өзгелердің, әсіресе Ехобаның көмегіне мұқтаж екенін түсінеді. Нағыман Ехобаға қызмет етпесе де, қасындағы адамдарға құлақ асып, түсінігі бар адам екенін көрсетті. Мысалы, ол исраилдік кішкентай тұтқын қызды, өзінің қызметшілерін, ал ең маңыздысы, Ехобаның пайғамбарын тыңдады. Нағыман менмендікті қоя тұрып, кішірейді. Соның арқасында өмірін сақтап қалатын дұрыс шешім қабылдады. Сізге де біреудің берген кеңесі ұнамаса немесе қандай да бір басшылықты түсінбесеңіз, бір нәрсе айтып не істемес бұрын тоқтап, былай деп ойланып көріңіз: “Айтқалы не істегелі отырғаным кішіпейілділік пе, әлде көкіректік пе?” (Нақыл сөздер 22:4 оқыңыз).

Коллаж: Орта жастағы ер бауырлас кішіпейілділікпен басқаларға құлақ асып, терең түсінік танытып жатыр. 1. Ол “Оқу мен тәлім беру қабілетін шыңдайық” кітапшасынан кеңес беріп жатқан жас ер бауырласты тыңдап отыр. 2. Ол әдебиет арбасымен уағыздауға қатысты ойын айтып жатқан қарт әйел бауырласты тыңдап жатыр. 3. Ол планшетінен JW Broadcasting бағдарламасын қарап, мұқият тыңдап отыр.

Нағыман сияқты біз де көкірек болмай, басқаларға құлақ асуымыз керек. Мысалы, бізге кеңес берсе, біреу бір мәселені көтерсе немесе ұйымнан нұсқаулар алсақ (7-абзацты қараңыз)


АШУҒА БЕРІЛМЕЙ, САБЫР САҚТАҢЫЗ

8. Қандай жағдайларда сабыр сақтау қиын болуы мүмкін?

8 Біреу бізге дөрекілік танытса не әділетсіздік жасаса, ашуланатынымыз рас. Бірақ терең түсінікке ие болсақ, осындай жағдайдың өзінде де сабыр сақтай аламыз (Ефес. 4:26). Қазір Дәуіт пен Әбигелден осы жағынан не үйрене алатынымызды көрейік.

9. Дәуіт қандай әділетсіздік көрді?

9 Дәуіттің Саул патшадан қашып, Паран шөлін паналап жүрген кезі (Сам. 1-ж. 25:1). Сол уақыттары ол жігіттерімен Набал деген бақуатты кісінің қойлары мен шопандарын қорғап жүреді (Сам. 1-ж. 25:15, 16). Содан қой қырқатын мезгіл басталады. Сол кезде Дәуіт Набалға жігіттерін жұмсап, амандық сұрастырады. Сонымен қатар “қолыңызда бардан берсеңіз екен” деген өтінішін айтып жібереді (Сам. 1-ж. 25:6—8). Бірақ Набал Дәуіт пен оның жігіттеріне рақмет айтпақ түгілі, олардың ар-намысын таптап, құрқол қайтарып жібереді (Сам. 1-ж. 25:10, 11).

10. Дәуіт пен Әбигел қалайша терең түсінік танытты? (Самуилдің 1-жазбасы 25:32, 33) (Суретті де қараңыз.)

10 Дәуіттің орнында болсаңыз, не істер едіңіз? Оның ашу шақырғанын түсініп тұрған шығарсыз. Ашуға булыққаны сонша Дәуіт Набалдың көзін құртуға бекінеді (Сам. 1-ж. 25:13, 21, 22). Ол ойындағысын іске асыру үшін келе жатқанда, алдынан Набалдың әйелі Әбигел шығады. Әбигел түсінігі мол дана әйел еді. Ол Дәуіт қатты ашуланса да, оның жақсы адам екенін білетін. Сондықтан оның ашуын тарқату үшін мол сый-сияпат ұсынады. Кейін ілтипатпен басу айтады (Сам. 1-ж. 25:18, 23—31). Сонда Дәуіт Әбигел Ехобаның ойын айтып жатқанын түсініп, оның ақылына құлақ асады. Сөйтіп, сабасына түскен Дәуіт кісі өлтіріп, ауыр күнәға ұрынбайды (Самуилдің 1-жазбасы 25:32, 33 оқыңыз).

Дәуіт алдында тізерлеп тұрған Әбигелді тыңдап жатыр. Дәуіттің қасында жігіттері тұр. Ал Әбигелдің артында сый-тартуларын ұстап қызметшілері тұр.

Дәуіт пен Әбигел терең түсінік танытып, бір жамандықтың алдын алып қалды (10-абзацты қараңыз)


11. Ашуланғанда сабыр сақтауға не көмектеседі? (Нақыл сөздер 19:11)

11 Дәуіт пен Әбигелден не үйренеміз? Түсінігі мол адам ашуы орынды болса да, қызбалыққа салынбайды. Сондай-ақ ол “ашу үстінде бірдеңе айтып не істеп қойсам, мұның арты не болады” деп ойланады (Нақыл сөздер 19:11 оқыңыз). Әбигел Дәуітті тоқтатып, істейін деп жатқаны Ехобаға ұнамайтынын айтқанда, ол сабасына түсті. Біреу сіздің де ашуыңызға тисе, ойланбай әрекет етіп, ақымақтық жасап қоймаңыз (Жақ. 1:19). Сондай кезде тоқтап, дұға етіп алыңыз, “Ехоба жағдайға қалай қарайды” деп ойланыңыз. Сонда ашуыңыз басылып, сабырға келе аласыз.

12. Ашуға берілмей, даналықпен әрекет етуге өзгелер қалай көмектеседі?

12 Ал Әбигелден не үйрене аламыз? Ехоба ол арқылы Дәуітті ақылға шақырғандай, бізге де бауырластар арқылы көмектеседі. Сондықтан біреу немесе бір жағдай ашуыңызды келтірсе, толысқан мәсіхшімен сөйлесіп көріңіз. Ол сізге жағдайға жан-жақты қарауға көмектесе алады (Нақ. с. 12:15; 20:18). Ал екінші жағынан, сіз өзіңіз де Әбигел сияқты бола аласыз. Мәселен, досыңызға терең түсінік танытуға, жағдайға Ехоба қалай қарайтынын түсінуге көмектесе аласыз. Бұл орайда Ехоба сізге дұрыс нәрсені айтуға жәрдемдесетініне сенімді болыңыз.

ҚОРҚЫНЫШҚА БОЙ АЛДЫРМАЙ, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ

13. Терең түсінік қорқынышымызды жеңуге қалай көмектеседі?

13 Бәріміз де кейде үрейімізді алатын қиын жағдайға кезігіп жатамыз. Сондай кезде де бізге терең түсінік қажет, яғни ешкім де, еш нәрсе де Ехобамен салыстырғанда түк емес екенін есте ұстауымыз керек (Зәб. 27:1). “Тығырыққа тірелдім, мәселемнің шешімі жоқ” деген жағдайдың өзінде де бізге көмектесуге Ехобаның құдіреті жетеді. Бұған Жүніс пайғамбардың оқиғасы дәлел. Ол Ехобаны қатты жақсы көрді. Бірақ Құдай қиын тапсырма берген кезде оған терең түсінік жетіспеді.

14. Жүніс не үшін Ехобаның тапсырмасын орындаудан қорыққан?

14 Ехоба Жүніске екінің бірі орындай алмайтын тапсырма берді: ол Ниневияға барып, оның тұрғындарына Ехобаның үкімін айту керек болды (Жүніс 1:1, 2). Өзіңізді Жүністің орнына қойып көріңізші. Бұндай тапсырма алсаңыз, сіз не істер едіңіз? Негізінен, бұл оңай шаруа емес еді. Ассирияның Ниневия қаласына жету үшін Жүніске бір ай жаяу жүру керек еді. Ал ассириялықтар өздерінің жауыздығымен, қатыгездігімен аты шыққан халық болатын. Киелі кітапта Ниневия тіпті “қан төккіш қала” деп аталған (Нағ. 3:1, 7). Енді Жүніс не істер екен? Ол тапсырмаға кірісудің орнына қорыққаннан басқа жаққа қашып кетеді (Жүніс 1:3).

15. Қандай жағдай Жүністің сенімін нығайтқан? (Жүніс 2:6—9)

15 Кемеге мініп қашып бара жатқанында, Жүніс Ехобаның құдіретіне куә болды: Ехоба оны ғажайып түрде теңіз түбінен аман алып қалды (Жүніс 1:15, 17). Сонда Жүніс мына бір нәрсені санасына түйіп алды: оған Ниневияға барудан қорқудың қажеті жоқ, Ехоба оны кез келген қауіп-қатерден қорғай алады (Жүніс 2:6—9 оқыңыз). Содан Ехоба оған екінші рет мүмкіндік бергенде, Жүніс Ехобаны тыңдап, айтқанын істеді. Ол Ниневияға барады, ал оның тұрғындары күнәсіна өкініп, жаман жолынан қайтады (Жүніс 3:5).

16. Қорыққан кезде не істеуіміз керек? (Нақыл сөздер 29:25) (Суреттерді де қараңыз.)

16 Жүністен не үйренеміз? Біз ешқашан адам алдындағы қорқыныштың Ехобаға мойынсұнудан басым болып кетуіне жол бермеуіміз керек (Нақыл сөздер 29:25 оқыңыз). Жүніске келер болсақ, ол басынан өткен жағдай жайлы терең ойланып, тапсырмасына басқаша қарай бастады. Ол енді қорқып, уайымдаудың орнына Ехоба оны қорғай алатыны жайлы көбірек ойлады. Біз де Жүніс сияқты Ехоба осыған дейін бізді қорғап, қамқорлап келгені туралы ойлануымыз керек. Сонда алда болатын нәрселерді уайымдап қорықпаймыз. Ехоба басқа бауырластарға қиын тапсырмаларды орындауға және қорыққан кездерінде қалай көмектескені жайлы ойланғанымыз да сенімімізді нығайтадыa (Евр. 13:6). Ендеше, терең түсінік танытып, Ехобаға арқа сүйейік және басқаларға да солай етуге көмектесейік.

Коллаж: 1. Жүніс пайғамбар Ниневия қаласының қақпасына қарай бара жатыр. 2. Жасөспірім ер бауырлас мектептің дәлізінде кетіп бара жатыр. Оның жан-жағында оқушылар Ехобаға ұнамайтын нәрселерді істеп жатыр. Дәлізде гомосексуалдардың символы болып табылатын кемпірқосақ түстес жалаушалар ілініп тұр. Бір бала басқа балаға күш көрсетіп жатыр.

Жүніс терең түсініктің арқасында Ехобаға арқа сүйеп, оның айтқанын орындай алды (16-абзацты қараңыз)


ТҮСІНІГІҢІЗДІ МОЛАЙТА БЕРІҢІЗ

17. Түсінігімізді қалай молайта аламыз?

17 Осы мақаладан білгеніміздей, терең түсінік бізді түрлі қиын жағдайлардан алып шығады. Ендеше, түсінігімізді қалай молайтсақ болады? Ехоба — терең түсініктің қайнар көзі. Ол бізге өзінің Сөзі арқылы және киелі рухы арқылы түсінік сыйлайды (Нех. 9:20; Зәб. 32:8). Киелі кітап бізге дұрыс бағыт-бағдар көрсететін ақыл-кеңеске тұнып тұр (Зәб. 119:97—101). Сондықтан Киелі кітапта жазылғандар жайлы терең ой жүгіртіп, Ехобадан киелі рухын сұрасақ, түсінігімізді молайта аламыз. Сонда жағдайға Ехоба сияқты қарап, оған ұнайтынды істейтін боламыз (Нақ. с. 21:11, сілт).

18. Сіз не істеуге бел будыңыз?

18 Олай болса, Ехобадан “терең түсінік сыйлашы” деп сұрай берейік (Зәб. 14:2). Солай етсек, ешқашан “түсінік жолынан адаспаймыз” (Нақ. с. 21:16). Қайта, барлық кезде, барлық жағдайда терең түсінік таныта аламыз. “Сонда [бізді] Құдай да, адам да ұнатып, Терең түсінігі бар деп біледі”.

КЕЛЕСІ КЕЙІПКЕРЛЕРДЕН НЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

  • Нағыманнан

  • Дәуіт пен Әбигелден

  • Жүністен

42-ӘН Құдай қызметшісінің дұғасы

a Мысалы, Георгий Порчулян бауырластың өмірбаянын оқып көріңіз. Оны JW Library® қосымшасынан не jw.org сайтынан “Ехоба куәгерлерінің өмірбаяны” атты мақалалар топтамасынан таба аласыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу