27 СӘУІР—3 МАМЫР, 2026
99-ӘН Сансыз көп бауырластар
Шомылдыру рәсімінен кейін жолыңызды сынақтар тосса, сіз оған дайынсыз ба?
“Лайым сенің жолыңда берік тұрайын” (ЗӘБ. 17:5).
НЕГІЗГІ ОЙ
Шомылдыру рәсімінен енді өткен бауырластар тосыннан келетін сынақтарға қазірден дайын бола алады.
1, 2. Шомылдыру рәсімінен кейін қиындықтарға кезіккен жағдайда сеніміңіз шайқалмас үшін не істесеңіз болады? Мысал келтіріңіз.
БІЗ Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, қиындықтар міндетті түрде болады. Сол себепті де Иса шәкірттеріне: “Күнә жасауға себепші болатын жайттардың болары сөзсіз”,— деген (Мат. 18:7). Демек, сынақтар алдымыздан әлі талай шығады. Басқа-басқа, тіпті бауырластармен арамызда қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан жолымызды тосып тұрған сынақтарға алдын ала дайын жүргеніміз маңызды.
2 Мысалы, біз табиғи апаттарға алдын ала дайындаламыз. Алдымен, тұратын жерімізде, әсіресе сол жерге енді көшіп келсек, қандай апаттар болуы мүмкін екенін біліп аламыз. Кейін сол апаттар бола қалған жағдайда не істейтінімізді алдын ала ойластырамыз (Нақ. с. 21:5). Сол сияқты сіз шомылдыру рәсімінен кейін қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін біліп алыңыз және сол қиындықтарға алдын ала дайын жүріңіз. Сонда тосыннан келген қиындықтар сізді есеңгіретіп, сеніміңізді шайқалтпайды (Зәб. 17:5). Қазір шомылдыру рәсімінен кейін кезігуіңіз мүмкін үш қиындыққа тоқталып, соларға дайын болу үшін не істесеңіз болатынын көрейікa.
БАУЫРЛАСТАРДЫҢ БІРІ СІЗДІ РЕНЖІТІП ҚОЮЫ МҮМКІН
3. Қауымда қандай қиындыққа кезігуіңіз мүмкін?
3 Қауымға алғаш келген кезіңіз есіңізде ме? Бауырластардың арасындағы сүйіспеншілікті, жылулықты көріп, тәнті болғаныңыз анық. Бұл халықтың арасында мен де болғым келеді деп, Ехобаға қызмет етуді шешкен шығарсыз (Жох. 13:35; Қол. 3:12). Бланкаb деген әйел бауырлас шындыққа енді келген кезінде тура осындай әсер алған. Бірақ шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін өзі күтпеген бір жағдайға тап болды. Ол былай дейді: “Бір әйел бауырлас мені қатты ренжітіп қойды. Кейін оның кейбір бауырластарды жамандағанын да байқап қалдым. Бұлай болуы мүмкін деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Зерттеу сабағында Ехоба куәгерлері бір-бірімен тату, бір-бірін жақсы көреді деп оқыған едік қой деп қалдым”. Рас, бауырластар Ехобаға еліктеп, жақсы қасиеттер танытуға барынша тырысады. Бірақ олар кемелсіз екенін ұмытпаңыз (Ефес. 4:23, 24; Жох. 1-х. 1:8). Кемелсіз болғандықтан, олар бірде болмаса бірде сізді ренжітіп алуы мүмкін (Жақ. 3:8). Өкініштісі, бауырластардың сөзі мен әрекетін көтере алмай, Ехобаға қызмет етуді доғарып жататындар да бар.
4. Бауырластармен араңызда болып қалуы мүмкін түсініспеушіліктерге дайын болу үшін не істесеңіз болады? (Ефестіктерге 4:32)
4 Бауырластармен араңызда болып қалуы мүмкін түсініспеушіліктерге дайын болу үшін, Ефестіктерге 4:32-дегі (оқыңыз) кеңеске сай әрекет етуді үйрене беріңіз. Сондағы айтылған мейірімділік пен жанашырлық қасиетін дамытуға тырыссаңыз, көптеген келеңсіз жағдайдың алдын аласыз. Сондай-ақ өзгелердің қателіктерін кеңпейілмен кешіруге асық болыңыз. Ол үшін Ехобаның кешірімі жайлы ойлансаңыз болады. Сіз дұғада қателіктеріңіз үшін кешірім сұрағанда, Ехоба сізді шын жүректен кешіреді ғой (Мат. 6:12). Ехобаның сізді дарқан көңілмен кешіріп жүргенін есте ұстап, соны бағалай білсеңіз, сіз де өзгелерді оңай кешіресіз.
5. Бауырластарға ренжімеуге Нақыл сөздер 19:11-дегі сөздер қалай көмектеседі? (Суреттерді де қараңыз.)
5 Нақыл сөздер 19:11 оқыңыз. Киелі кітапта айтылғандай, өзгелерге түсінікпен қарайтын адам тез ашулана қоймайдыc. Жақында шомылдыру рәсімінен өткен Рима деген әйел бауырлас былай дейді: “Бауырластардың сөзін не әрекетін көңіліме алып қалсам, Нақыл сөздер 19:11-дегі сөздерді есіме аламын. Мен олардың не үшін олай істегенін түсінуге тырысамын. “Өмірі оңай болған жоқ қой, қазіргі жағдайы мәз емес, бәлкім, содан шығар” деп, оларды ақтап аламын. Сондай-ақ оларды жақсырақ тану үшін бірге қызметке шығамын”. Не деген табылған ақыл! Сіз де бауырластармен жақынырақ танысуға тырысыңыз. Сонда алдағы уақытта олар сізді ренжітіп жатса, оларға түсінікпен және кешіріммен қарау әлдеқайда оңай болады.
Қауымдағы бауырласпен араңызда түсініспеушілік туындаса, онымен қызметке шығыңыз (5-абзацты қараңыз)
6. Бауырластармен тату-тәтті жүруге не көмектеседі?
6 Қауымдағы бауырластармен тату-тәтті жүруге не көмектесетінін білесіз бе? Бауырластармен жақынырақ танысқанда, олардың жақсы жақтарына көбірек назар аударыңыз (Нақыл сөздер 10:12 салыстырыңыз; Рим. 12:10; Філіп. 2:2, 3). Бұл жағынан шомылдыру рәсімінен енді өткен Марк деген бауырластан үлгі алсаңыз болады. Ол бауырластармен тығыз араласа бастағанда, олардың кемшіліктерін байқай бастаған екен. Бірақ бұл оның сенімін шайқалтпады, өйткені ол бауырластардың жақсы жақтарын да көре білді. Ол былай дейді: “Мен бауырластарды осы дүниедегі адамдармен салыстырып көрдім. Сонда бауырластардың қателіктері қаншалықты болмашы екенін түсіндім. Содан бастап мен олардың кемшіліктеріне емес, жақсы қасиеттеріне көбірек назар аударатын болдым”. Расында да, не деген керемет үлгі!
АРТТА ҚАЛДЫРҒАН НӘРСЕЛЕРДІ АҢСАЙ БАСТАУЫҢЫЗ МҮМКІН
7. Мәсіхші артта қалдырған нәрселерді не себепті аңсай бастауы мүмкін?
7 Сіз шомылдыру рәсімінен өткенде, Шайтанның зұлым дүниесінен азат болып, Ехобаның халқына қосылғаныңызға қуанғаныңыз сөзсіз. Құдайдың қызметшісі сол дүниедегі нәрселерді қайтадан аңсай бастауы мүмкін десе, бұған сенбейтін шығарсыз. Бірақ бұндай жағдай болып жатады. Мәсіхші қиындықтар мен сынақтардың езгісінен шаршағанда, Ехоба үшін бас тартқан нәрселерді қайта-қайта ойлап, тіпті соларды аңсай бастауы мүмкін (Мұсаның 4-жазбасы 11:4—6 салыстырыңыз). Әдетте кейбір бауырластар Ехобаға қызмет ету үшін көп уақыт алатын табысты жұмыстарын тастайды, Куәгер болғаны үшін жақын достарынан айырылып жатады, өздеріне қатты ұнаған істер мен әдеттерден бас тартады. Бірақ олар артта қалдырған сол нәрселерге қайтадан оралып, Ехобамен достығын құрбан етіп жатса, бұл өте өкінішті болар еді! Қиындықтар қыспаққа алғанда, бұрынғы өміріңізді аңсап кетпес үшін қазірден не істесеңіз болады?
8. Ыбырайым мен Сарадан қандай үлгі алсақ болады?
8 Киелі кітапта артта қалдырған өмірлерін ойламай, Ехобаға адал қызмет еткен адамдардың оқиғалары көп. Солардың бірі — Ыбырайым мен Сара. Ехобаның айтқанына мойынсұнып, олар бекіністі Ур қаласын және сондағы бар жағдайы жасалған жайлы үйлерін тастап, шатырларда тұрды (Евр. 11:8, 9). Олар Урдағы үйлерін ара-тұра еске алып тұрғандары шүбәсіз. Бірақ олар тастап кеткен жерлерін қайта-қайта ойлай бермегені анық, әйтпесе кері қайтудың амалын табар еді. Ыбырайым мен Сара артта қалдырған жайлы өмірлеріне емес, Ехоба уәде еткен болашаққа көз тікті (Евр. 11:15, 16).
9. Елші Пауыл артта қалдырған нәрселеріне қалай қарады? (Філіпіліктерге 3:7, 8, 13)
9 Елші Пауыл да Ехобаға қызмет ету үшін көп нәрсені артта қалдырған. Білетініміздей, ол өз заманының ең беделді деген Заң мұғалімі Гамалиелдің өзінен білім алды (Ел. іс. 22:3). Бұндай беталысымен Пауыл біраз жетістікке жетіп, яһудилердің арасында ең беделді, ең құрметті адамға айналар еді (Ғал. 1:13, 14). Бірақ ол бұның бәрінен бас тартып, ізгі хабарға құлақ асты. Содан бастап өмірі сынаққа айналды. Оны ұрды да, соқты да, түрмеге де қамады, тіпті өз ұлттастары оны жек көріп кетті (Қор. 2-х. 11:23—26). Егер ол жан-жақтан қыспақтаған осы қиындықтарын ойлай беріп, қазіргі өмірі мен бұрынғы өмірін салыстыра бастаса, бұрынғы өмірі оған жақсы болып көрінер еді. Бірақ Пауыл алда күтіп тұрған зор батаға, яғни Мәсіхпен бірге даңққа бөленетін кезіне, назар тікті. Сондықтан ол Иса Мәсіхтің ізбасары болуды мәртебе санады, ал артта қалдырған нәрселерін түкке тұрмайтын қоқыс деп есептеді (Філіпіліктерге 3:7, 8, 13 оқыңыз).
10. Біз не жайлы ойланып тұруымыз керек? (Марқа 10:29, 30) (Суреттерді де қараңыз.)
10 Киелі кітаптағы осы оқиғаларды көңіліңізге түйіп алыңыз. Бір күні артта қалдырған нәрселеріңізді ойлап, аңсай бастасаңыз, олардан не үшін бас тартқаныңызды еске алыңыз (Уағ. 7:10). Қазіргі кенеліп жүрген баталарыңыз бен артта қалдырған нәрселеріңізді салыстырып көріңіз. Ойлаңызшы, сіз қазір әлемнің Әміршісі Құдай Тағаланың өзімен доссыз! (Нақ. с. 3:32). Айналыңызда сізді жақсы көретін, қамыңызды ойлайтын қаншама бауырласыңыз бар (Марқа 10:29, 30 оқыңыз). Алда күтіп тұрған жарқын болашағыңызды айтсаңызшы! (Ишая 65:21—23). Ехобаға қызмет еткеннің арқасында қол жеткізген осы керемет баталар жайлы ойланып тұрсаңыз, артта қалдырған нәрселерді аңсай бастауыңыз екіталай.
Артта қалдырған нәрселерге емес, Құдай сеніп тапсырған мәртебелі іске назар тігіңіз (10-абзацты қараңыз)e
11. Розмари бауырластан не үйренсек болады?
11 Розмари деген әйел бауырлас елуге таяған шағында шомылдыру рәсімінен өткен. Ол былай дейді: “Бастапқыда Рождество мейрамында қатты көңілім түсетін. Өйткені сол мейрамда отбасымыздың басы қосылып, дастарқан басында арқа-жарқа болып отырушы едік. Жақындарыма алдын ала сыйлықтар дайындап қоятынмын. Шырша астындағы сыйлықтарын жалма-жан ашып жатқан кішкентайларымның бал-бұл жайнаған жүздерін көріп, сүйсініп отырушы едім”. Сол күндерді аңсап кетпес үшін Розмари бауырлас не істегенін айтып, былай дейді: “Мен бір амалын таптым. Рождествоның орнына жыл сайын кез келген бір күнді таңдап, мейрамға айналдырамын. Отбасымды жинап, сыйлықтарын беріп, оларды жақсы көретінімді айтып, бір жасап қаламын”. Розмари бауырластың көңіліне қаяу түсірген тағы бір жағдай болды. Ол былай дейді: “Шындыққа келгенімде, кейбір достарым мұны жақтырмай, менімен араласпай кетті. Бір кездері оларды қатты сағынып, жалғызсырай бастадым”d. Розмари бауырлас бұл жағдайдан да шығудың амалын тапты. Ол әртүрлі әйел бауырластармен қызметке жазылып, бірге уағызға шығып тұрды. “Қызметте бауырластармен жақын араласып, дос болып кеттік. Қазір достарым көп, мен оларды жақсы көремін әрі бағалаймын”,— дейді ол. Сіз де Розмари бауырластан үлгі алсаңыз болады. Көңіліңізге жақын болған кейбір дүниелерді сағына бастасаңыз, оларды одан да мәнді, одан да көп қуаныш сыйлайтын дүниелермен алмастыра аласыз (Філіп. 4:8, 9). Ұмытпаңыз, құрбан еткен нәрселеріңіздің орнын Ехоба мың есе етіп толтырады.
КЕЙБІР БАУЫРЛАСТАР ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ДОҒАРУЫ МҮМКІН
12. Қауымдағы қандай жағдай бізге ауыр тиюі мүмкін?
12 Сіз шындыққа келгенде, ар-ұяттан безген осы дүниедегі адамдарға ұқсамайтын, әдеп пен өнегені жоғары қоятын ортаны таптым деп қуанған шығарсыз (Ишая 65:14). Дегенмен де сіз кейде қауымда бір бауырластың ауыр күнә жасағанын естуіңіз мүмкін. Ондай адам кейде тіпті қауымнан аластатылып жатады (Қор. 1-х. 5:13). Бұндай жағдайды ауыр қабылдаған Самар деген әйел бауырлас былай дейді: “Бір ақсақал ауыр күнә жасағаны үшін қауымнан аластатылды. Ол кезде шомылдыру рәсімінен өткеніме көп болмаған еді. Бұл жағдай сенімімді шайқалта жаздады. Кім-кім, ақсақалдың Ехобаға қарсы күнә жасап, қауымдағылардың жүрегін ауыртып кеткеніне еш сене алмадым”. Біз бауырластардың Ехобаны жақсы көретініне, оған адал болғысы келетініне ешқашан күмәнданбауымыз керек (Қор. 1-х. 13:4, 7). Дей тұрғанмен олардың кейде шалыс қадам жасауы әбден мүмкін екенін де естен шығармауымыз қажет. Жалпы алғанда бауырластардың қауымнан аластатылуы жылда болатын жағдай. Бірақ жанымызға жақын не үлгі тұтып жүрген адамымыз Ехобаға қызмет етуді доғарып жатса, бұл бізге ерекше ауыр тиеді.
13. Жақын адамыңыз Ехобаны тастап кетіп жатса, бұл жағдай сеніміңізді шайқалтпас үшін не істеуіңіз керек?
13 Жақын адамыңыз Ехобаны тастап кетіп жатса, бұл жағдай сеніміңізді шайқалтпас үшін, қазірден Ехобамен достығыңызды нығайта беріңіз (Жақ. 4:8). Ұмытпаңыз, әр адамның Құдаймен қарым-қатынасы бөлек. Сол үшін де біз қауыммен, отбасымызбен ғибадат етіп жүрсек те, жеке дұға етеміз, Киелі кітапты жеке оқып, зерттейміз (Зәб. 1:2; 62:8). Олай болса, Ехобамен жеке қарым-қатынасыңызға біреулердің шешімі еш әсер етпеу керек.
14. Елші Петірден қай жағынан үлгі алсаңыз болады? (Жохан 6:66—68)
14 Бұл орайда елші Петірден үлгі алсаңыз болады. Бірде шәкірттердің көбі Исаның сөздерін түсінбей, соңынан ермей қойған. Исаның сөздерін Петір де түсінген жоқ, бірақ ол Исадан теріс айналған көпшілікке еріп кетпеді (Жохан 6:66—68 оқыңыз). Бұл жағдайда оған сенімін шайқалтпауға не көмектесті? Петір адамдардың іс-әрекетіне қатты мән бермеді, ол Исаның мәңгілік өмірге жеткізетін сөздерін есте ұстады. Сіз де Петірге еліктеп, өзгелердің әрекеті шындықтың құнын еш түсірмейтінін ұмытпаңыз. Сондықтан бауырластардың әрекетіне емес, Ехоба ұйымы арқылы ашып жатқан шындықтың құндылығына көбірек мән беріңіз. Жоғарыда айтылған Самар бауырлас былай дейді: “Бір бауырлас қателік жасап жатса, бұл деген бүкіл қауым да, ұйым да сондай дегенді білдірмейді, бұл жерде Ехобаның да еш кінәсі жоқ. Мен осыны үнемі есте ұстауға тырысамын”.
15. Эмили бауырластан қандай үлгі алсаңыз болады?
15 Енді Эмили деген қыз бауырластың жағдайын қарастырайық. Шомылдыру рәсімінен өткеніне небәрі бір-ақ апта болғанда, оның анасы қауымнан аластатылып, үйінен кетіп қалған. Эмили былай дейді: “Бұлай болады деп мүлдем ойламадым. Мен анамды әлі күнге дейін сағынамын. Шынымды айтсам, бұл жағдай жаныма қатты батады”. Бауырласымыз осындай ауыр сынақты ненің арқасында сынбай көтеріп жүр? Ол былай дейді: “Әкем ғана емес, отбасымдай болып кеткен қауымдағы бауырластар да маған көп қолдау көрсетеді. Олар қажет кезде үнемі қасымнан табылады. Негізі, барлық бауырластың өз қиындығы бар. Сондықтан біз бір-бірімізге бауырмал, бір-бірімізге тірек болуымыз керек” (Пет. 1-х. 5:9). Сіз де Эмилиге еліктеп, бауырластарға етене жақын болыңыз. Ол үшін қиындықтарды күтіп отырудың қажеті жоқ, бауырластармен қазірден араласып, дос болыңыз. Сонда басыңызға күн туғанда жалғыз қалып кетпейсіз.
16. Біз нені естен шығармауымыз керек? (Суретті де қараңыз.)
16 Мынаны да естен шығармаңыз: Ехоба қызметшілерін жақсы көргендіктен жөнге салады (Евр. 12:6). Ол қауымнан аластатылғандардың бәрі күнәларына өкініп, оралғанын қалайды (Пет. 2-х. 3:9). Егер жаныңызға жақын адам қауымнан аластатылып жатса, оған Ехобаға оралуға көмектесу үшін ақсақалдар қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімді болыңыз (Тім. 2-х. 2:24, 25).
Жаныңызға жақын адам қауымнан аластатылып жатса, ақсақалдар оған көмектесуге дайын екенін ұмытпаңыз (16-абзацты қараңыз)f
17. Неге алда күтіп тұрған сынақтардан қорқудың еш қажеті жоқ?
17 Бұл мақалада шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін кезігуіңіз мүмкін сынақтардың бірнешеуін ғана қарастырдық. Әрине, бұндай сынақтар тосыннан келіп, есеңгіретіп тастауы мүмкін. Бірақ олардан қорқудың еш қажеті жоқ. Өйткені сіз қиындықтарға алдын ала дайын бола аласыз. Оның үстіне, ең керемет көмекшіңіз Ехоба бар. Ол сізге осыған дейін көмектесіп келгеніндей, алдағы уақытта да, тіпті мәңгілік бойы көмектесуге дайын (Пет. 1-х. 5:10). Ол үнемі қасыңыздан табылып, қажетті күш беріп жүреді. Осындай көмекшіңіз барда жолыңызды тосып тұрған сынақтардың ешқайсысы сеніміңізді шайқалтып, Ехобамен достығыңызды бұза алмайды! (Зәб. 119:165; Рим. 8:38, 39).
154-ӘН Сарқылмас сүйіспеншілік
a Бұл мақала енді шомылдыру рәсімінен өткен бауырластарға арналғанмен, пайдасын бәріміз де көре аламыз.
b Есімдер өзгертілген.
c Терең түсінік танытатын адам көзге көрініп тұрған нәрсеге ғана сүйеніп тұжырым жасамайды. Ол адамның не үшін олай айтқанын, не үшін олай істегенін көре білуге тырысады.
d Зерттеушілер мен енді шомылдыру рәсімінен өткен бауырластардың қауымға сіңісіп кетуіне тәлімгерлер ғана емес, бәріміз көмектесуіміз керек. “Зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге қауым болып көмектесейік!” деген мақаланың 15, 16-абзацын оқып көріңіз (“Күзет мұнарасы”, 2021 жыл, наурыз).
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қызметте жүрген әйел бауырлас бір спорт командасының ойнап жатқанын көріп, бұрын өзінің спортпен айналысқан кезін есіне алып жатыр. Кейін ол сол спорт командасының бір ойыншысына уағыздап тұр, ол бұрын өзімен бірге бір командада ойнаған қыз болса керек.
f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі ақсақал қауымнан аластатылған ер кісінің үйіне келіп, оны Ехобаға қайта оралуға талпындырып жатыр.