“Балалар — Ехобаның берген мұрасы”
“МҰРА” деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Мұра деп әке-шешеден балаға қалған дүние-мүлік пен басқа да заттарды айтатын шығарсыз. Егер сізге де осындай мұра қалса, оны көзіңіздің қарашығындай сақтарыңыз сөзсіз.
Киелі кітапта балалар “Ехобаның берген мұрасы” екені айтылған (Зәб. 127:3). Сондықтан мәсіхші ата-аналар балаларына Ехобаның берген баға жетпес сыйы деп қарайды. Балалары бақытты, дені сау және Ехобамен дос болып өсу үшін олар барын салады.
Бір өкініштісі, бүгінде ата-ананың бәрі бірдей балаларын Құдайдың берген сыйы деп санамайды (Ишая 49:15; Тім. 2-х. 3:1—3). Ал басқалары балаларының бар жағдайын жасағысы келеді, бірақ көпбалалы болғандықтан бұлай ету қолдарынан келмей жатады. Олай болса келесі сұрақтарды қарастырайық: Кейбір ерлі-зайыптылар қандай себептермен көпбалалы болып жатады? Ехоба ата-аналарға қандай талап қояды? Сол талапты орындау үшін ата-аналар не істеу керек?
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ КЕЙБІРІ НЕГЕ КӨПБАЛАЛЫ БОЛЫП ЖАТАДЫ?
Қоғам мен туыстардың қысымы. Кей елдерде көп баласы бар ата-аналарды көбірек құрметтейді. Сондықтан да ерлі-зайыптыға туыстары мен көршілері қысым жасап жатады. Бірақ шындығында олардың көп баланы бағып-қағуға шамалары жетпеуі мүмкін.
Ертеңгі күнді уайымдау. Кейбір елдерде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен аурухана тапшы болғандықтан, сәби өлімі өте жоғары. Сол себепті кейбір ата-аналар ең болмаса біреуі аман қалар деген оймен көпбалалы болуды ұйғарып жатады. Ал басқа ерлі-зайыптылар көп баламыз болса, қартайғанда бар жағдайымызды жасайды деп ойлайды. Мұндай көзқарас әсіресе үкімет қарт кісілерге ешқандай көмек бермейтін елдерде кең таралған.
Жүктіліктен сақтанбау. Кей жерлерде жүктіліктен қорғанатын құралдардың түрлері аз. Ал басқаларға мұндай құралдар қолжетімді болса да, сапасы нашар болғандықтан денсаулығыма зияны тиеді деп қорқады. Тағы басқалардың жүктіліктен қорғайтын құралдарды сатып алуға шамалары жетпейдіa.
ЕХОБА АТА-АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЯДЫ?
Әр балаңызға көңіл бөліңіз
Балаларыңыздың қамы үшін еңбектеніңіз. Ехоба ата-аналардан балалары ер жеткенге дейін олардың жейтін тамағы, киетін киімі, тұратын жері болуы үшін аянбай еңбек етеді деп күтеді. Сондай-ақ ата-аналар балаларына білім беруге міндетті. Бірақ бұл білім алу үшін баланы мектеп-интернатқа я туыстардың үйіне жіберу керек деген сөз емес. Бала үйде, әке-шешесінің мейіріне бөленіп өсуі керек. Ехоба ата-аналардан балаларының жағдайын жасайды деп күткенімен, оларды үлде мен бүлдеге орауды талап етпейді. Оның өзі де жалғыз сүйікті Ұлын бағып-қағуды кедей болса да, еңбексүйгіш ерлі-зайыптыға тапсырған (Мат. 13:55, 56; Лұқа 2:24).
Киелі кітаптағы принцип: “Туыстарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімнен бас тартқан, ол Құдайға сенбейтін адамнан да жаман” (Тім. 1-х. 5:8).
Ехоба ата-аналар қартайған шақта балаларының көмегіне мұқтаж болатынын түсінеді. Негізі, бала қартайған әке-шешесіне қарайласса, оларды құрметтейтінін көрсетеді (Мұс. 2-ж. 20:12; Тім. 1-х. 5:4). Бірақ Ехоба ата-аналардың бірінші кезекте ертең қартайғанда балам менің жағдайымды жасау керек деп емес, мен оның жағдайын жасау үшін не істей аламын деп ойлағанын қалайды (Қор. 2-х. 12:14).
Балаларыңызға Ехоба жайлы тәлім беріңіз. Ехоба ата-аналарға тағы бір міндет жүктеген. Олар балаларына Ехобаны жақсы көруді және оған ғибадат етуді үйретулері тиіс. Бала тәрбиесі осыдан басталу керек (Мұс. 5-ж. 6:6, 7).
Киелі кітаптағы принцип: “Балаларыңды... Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер” (Ефес. 6:4).
ЖАҚСЫ АТА-АНА БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Қанша балаларыңыз болатынын алдын ала жоспарлаңыз
Алдын ала жоспарлаңыздар. Егер балалы болуды жоспарлап жатсаңыздар, жағдайларыңызды жан-жақты салмақтап-саралап алыңыздар. Мысалы, көп балаңыз болғанын қаласаңыздар, олардың әрқайсысына тамақ, киім тауып беруге және білім беруге шамаларыңыз жете ме? Егер жетпейтін болса, қанша баланы асырай алатындарыңызды анықтап алыңыздар. Бірақ мынаны ұмытпаңыздар: сіздердің міндеттеріңіз — әр баланы Ехоба қалағандай бағып-қағып, тәрбиелеу. Әрине, қанша жоспарлағанмен, өмірде күтпеген жағдайлар болып тұрады (Уағ. 9:11). Бірақ жақсы ата-ана болуға барыңызды салсаңыз, Ехоба көмексіз қалдырмайды.
Киелі кітаптағы принцип: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер, Ал асығатын адам жоқшылыққа ұшырар” (Нақ. с. 21:5).
“Араларыңдағы біреу мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражаты жетер-жетпесін білу үшін, алдымен шығынын есептеп алмай ма?” (Лұқа 14:28).
Өмірлеріңізде Ехоба басты орында тұрсын. Балаңызға Ехобаны жақсы көруді үйретіңіз. Ол үшін баланы қауымға апарып, мұқият тыңдауға дағдыландырыңыз. Қызметке алып шығып, уағыздауды үйретіңіз. Апта сайын отбасылық ғибадатты өткізіп отырыңыз. Бұл істерді үлкен балаларыңызға немесе басқа туыстарыңызға арта салмаңыз, бұл жауапкершілікті Құдай ата-анаға жүктеген. Балаларға Ехоба жайлы тәлім беру жатқан еңбек болса да, ертеңгі күні мұның жемісін көресіз.
Киелі кітаптағы принцип: “Мен үшін балаларымның шындық жолында жүргенін естуден артық қуаныш жоқ!” (Жох. 3-х. 4)b.
Ехоба сізді тастамайтынына сеніңіз. Егер сіз балалы болуды ойлап жүрсеңіз не қазірдің өзінде балаларыңыз бар болса, онда Ехобаның балаға деген көзқарасы ата-баба дәстүрінен я өзгелердің не ойлайтынынан әлдеқайда маңызды екенін ұмытпаңыз.
Балаларды рухани істерге баулу уақыт пен күшті талап етеді
Жұбайыңызбен көпбалалы болмауды шешсеңіздер, қартайғандарыңызда Ехоба сіздерді көмексіз қалдырмайтынына сеніңіздер. “Қартайғанда бізді бағады” деген оймен ғана балалы болмаңыздар. Еш қорықпаңыз, қартайғанда Ехоба сіздерді жалғыз қалдырмайды. Ол әрқашан қамымызды ойлауды уәде еткен әрі міндетті түрде сөзінде тұрады (Ешуа 23:14).
Киелі кітаптағы принцип: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер” (Нақ. с. 3:5, 6).
“Кезінде мен жас болдым, енді қартайдым, Бірақ Құдайдың әділді тастап кеткенін Не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәб. 37:25).
“Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосылып беріледі” (Мат. 6:33).
Сөз жоқ, балалар — Құдайдың берген аманаты. Сондықтан мәсіхші ата-аналар үшін адамдардың емес, Ехобаның көзқарасы бірінші орында. Олар қанша балалары болатынын алдын ала жоспарлайды. Балаларын Ехоба айтқандай бағып-қағып, тәрбиелеу үшін бар күштерін салады. Аманатын қызғыштай қорғап жүрген ата-аналарға Ехоба дән риза!
a Ерлі-зайыпты қашан балалы болатынын, қанша балалары болатынын, жүктіліктен қорғайтын құралдардың қандай түрін пайдаланатынын өздері шешеді. Қандай шешім қабылдаса да, ешкім оларды айыптамау керек (Рим. 14:4, 10—13). Сондай-ақ ерлі-зайыпты Қорынттықтарға 1-хат 7:3—5 тармақтарда жазылған кеңесті ұмытпағандары жөн.
b Бұл тармақта елші Жохан “балаларым” деп өзі шындыққа келуге көмектескен шәкірттерді айтқан. Балалары Ехобаға қызмет етіп жүрген ата-аналар да өздерін тура елші Жохан сияқты сезінеді.