Индианаполисте (Индиана) өткен конгресс, 1925 жыл
1925. Жүз жыл бұрын
“МӘСІХШІЛЕРДІҢ осы жылдан үміті көп”. Бұл сөздер 1925 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қаңтардағы санында айтылды. Алайда мақалада әрі қарай былай делінді: “Мәсіхшілер бұл жылы не болады деп көп ойлай бермегендері дұрыс. Әйтпесе бұл оларды Иеміздің ісінен алаңдатып, қуанышпен қызмет етуге кедергі болуы мүмкін”. Сонда Киелі кітап зерттеушілері 1925 жылдан не күтті? Үміттері ақталмай қалғанда, Иеміздің ісін атқара беруге оларға не көмектесті?
КҮТКЕНДЕРІ БОЛМАДЫ
Киелі кітап зерттеушілері 1925 жылы жер бетінде жұмақ орнайды деп күтті. Басқарушы кеңестің мүшесі Альберт Шредер бұл жайлы былай деген: “Біз майланғандардың тамтығы көкке кетіп, Құдай Патшалығының көктегі бөлігінде билік етеді деп, ал қайта тірілетін Ыбырайым, Дәуіт сияқты адал кісілер Құдай Патшалығының жердегі бөлігінде әміршілер ретінде билік етеді деп ойладық”. Күткендері орындалмай жатқанын көргенде, кейбір бауырластардың көңілі түсе бастады (Нақ. с. 13:12).
Көңілдері түссе де, Киелі кітап зерттеушілерінің көбісі әрі қарай да құлшыныспен уағыздай берді. Олар Ехоба жайлы куәлік беру өздеріне жүктелген басты міндет екенін түсінді. Ізгі хабарды бұрынғыдан да кең тарату мақсатында олар жаңа радиостанциялар соға бастады.
ЖАҢА РАДИОСТАНЦИЯЛАР
Алдыңғы жылы іске қосылған WBBR радиосының тиімді екенін көріп, Киелі кітап зерттеушілері тағы бір радиостанция соқты. Бұл станция Иллинойс штатының Чикаго қаласына жақын жерде соғылды. Бауырластар оған “сөз” дегенді білдіретін WORD деген атау берді. Станцияның құрылысына атсалысқан радиоинженер Ральф Леффлер былай деген: “Қыстың аязды кештерінде алыс-жақын маңдағы адамдар үйлерінде отырып WORD радиосын тыңдайтын”. Бұл станцияның толқыны сонау 5000 шақырым жердегі Алясканың Пайлот-Стейшен қаласына дейін жетті. Сол қалада тұратын бір отбасы алғашқы эфирлердің бірін тыңдаған соң, бауырластарға рухани бағдарлама үшін рақмет айтып, хат жазып жіберген екен.
Сол жақта: WORD радиостанциясының мұнаралары (Батавия, Иллинойс)
Оң жақта: Радиостанцияда жұмыс істеп жатқан Ральф Леффлер
1925 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында бұл радионың қаншалықты ауқымды болғаны жайлы мақала жарық көрді. Онда былай делінді: “WORD — АҚШ-тағы ең ірі радиостанциялардың бірі. Оның қуаттылығы — 5000 ватт. WORD радиосының толқыны АҚШ-тың батысынан шығысына дейін, ал оңтүстікте Кубаға дейін, солтүстікте Алясканың қиыр шетіне дейін жетеді. Шындықты ешқашан естіп көрмеген адамдар осы радио арқылы шындықты біліп жатыр”.
Джордж Нейш
Сол жылы Киелі кітап зерттеушілері ізгі хабардың Канада елінде де кеңірек таралуын көздеді. Ол уақытта Канадада CHUC радиосы істеп тұрды. Бұл радиостанцияны бауырластар бір жыл бұрын ғана Саскачеван провинциясының Саскатун қаласында соққан еді және ол Канададағы діни тақырыпта эфир жүргізетін алғашқы радиолардың бірі болатын. Бірақ бұл радиостанция тым кішкентай болғандықтан, 1925 жылы бауырластар оны үлкендеу жерге көшірмекші болды. Сөйтіп, Күзет мұнарасы қоғамы бұл радиостанцияны өз атына рәсімдеп, оны жаңа жерге көшірді. Бұл үшін бауырластар Саскатун қаласында бұрын театр болған бір ғимаратты сатып алып, өздеріне ыңғайлы етіп жөндеп алды.
Осы радионың арқасында Саскачеванның алыс-алыс ауылдарындағы адамдар ізгі хабарды алғаш рет естіп жатты. Мысалы, сол ауылдардың бірінде тұратын миссис Грэм эфирді тыңдаған соң, бауырластарға хат жазып, әдебиеттер жіберуін өтінген екен. Джордж Нейш бауырлас былай деді: “Ол бізден рухани көмек сұрап, жанайқайы шығып жатқандай болды. Содан біз оған бір дегенде “Жазбаларды зерттеу” кітабының толық жинағын салып жібердік”. Көп ұзамай миссис Грэм өзі де ізгі хабарды тарата бастады.
ЖАҢА ТҮСІНІК
1925 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 наурыздағы санында “Халықтың туылуы” деген тарихи мақала жарық көрді. Бұл мақала несімен ерекше болды? Киелі кітап зерттеушілері біраз уақыт бойы Шайтанның көкте зұлым періштелерден тұратын ұйымы бар және ол жердегі діндерді, коммерциялық ұйымдар мен саясатты басқарып отырады деп сенген. Бірақ аталмыш мақалада “адал да ақылды құл” Ехобаның да өз ұйымы бар екенін және оның ұйымы Шайтанның ұйымымен қарсылас екенін түсіндірді (Мат. 24:45). Сондай-ақ мақалада 1914 жылы Құдай Патшалығы пайда болғаны және сол уақытта “көкте соғыс бұрқ етіп”, Шайтан жын-перілерімен бірге жерге қуылғаны түсіндірілді (Аян 12:7—9).
Кейбіреулерге осы жаңа түсінікті қабылдау қиын болды. Осындай жағдай болатынын алдын ала көре білген адал құл сол мақалада былай деді: “Күзет мұнарасының” кейбір оқырмандары осы мақалада айтылғандармен келіспеуі мүмкін. Оларға айтарымыз: шыдамдылық танытып, Иемізді күтіңдер және ақ жүрекпен әрі қарай да адал қызмет ете беріңдер”.
Бірақ жаңа түсінікті қуанышпен қабылдаған Киелі кітап зерттеушілері көп болды. Британдық Том Эйр деген кітап таратушы (ізашар) осы жайлы былай деген: “Бауырластар Аян 12-тарауға қатысты жаңа түсінікті білгенде, Құдай Патшалығы көкте орнап қойғанын түсініп, зор қуанышқа бөленді. Біз бұл хабарды басқаларға айтуға асық болдық. Бұл жаңа түсінік уағыз ісін бұрынғыдан да қарқындатты және Ехоба өз халқын тамаша баталарға бастап келе жатқанына көзімізді жеткізді”.
ЕХОБА ЖАЙЛЫ КУӘЛІК БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ
Ишая 43:10-дағы “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба. — Иә, сен өзім таңдаған қызметшімсің” деген сөздердің мәнін бүгінде Ехоба куәгерлері жақсы түсінеді. Алайда 1925 жылға дейін олай болмаған. Бұл тармақ біздің әдебиеттерімізде өте сирек талқыланған. Бірақ 1925 жылы “Күзет мұнарасының” бір емес, бақандай он бір санында Ишая 43:10, 12-тармақтарға назар аударылды.
1925 жылдың тамыз айының соңында Киелі кітап зерттеушілері Индианаполисте (Индиана) өткен конгресте бас қосты. Конгресс бағдарламасында Джозеф Рутерфордтың делегаттарға арналған мынадай сөздері жазылды: “Біз бұл конгреске Иемізден күш алу үшін жиналдық. Осы алған күшімізді Иеміз жайлы куәлік беруге жұмсайық”. Сегіз күнге жалғасқан сол конгрестің әр күнінде делегаттар әрбір мүмкіндікті жібермей Ехоба жайлы куәлік беруге шақырылды.
29 тамыз, сенбі күні Рутерфорд бауырлас “Іске кірісейік” деген баяндама айтты. Баяндамасында ол куәлік берудің маңыздылығына ерекше назар аударып былай деді: “Ехоба өзінің халқына: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,.. ал мен Құдаймын”,— дейді”. Кейін ол делегаттарды зор әрі нық дауыспен былай деп шақырды: “Халыққа белгі болатын ту көтеріңдер!” Иеміздің рухына бөленген әрі оның куәгері атанған сендерден басқа ешкім де жер бетінде ол жайлы куәлік бере алмайды” (Ишая 43:12; 62:10).
“Үміт хабары” деген трактат
Баяндамадан кейін Рутерфорд бауырлас делегаттарға “Үміт хабары” деген бір құжатты оқып берді. Құжатта адамзаттың жалғыз үміті Құдай Патшалығы екені және тек соның арқасында адамзат нағыз тыныштық пен нағыз еркіндікке, зор денсаулық пен зор байлыққа әрі бақытты да баянды өмірге қол жеткізетіндері айтылды. Рутерфорд бауырлас құжатты оқып болған соң, делегаттар орындарынан тұрып, оқылғандармен келісетіндерін көрсетті. Кейін бұл құжат бірнеше тілге аударылып, трактат жүзінде шықты және оның 40 миллиондай данасы таратылды.
Киелі кітап зерттеушілері сол жылы ресми түрде Ехоба куәгерлері деп аталмаса да, куәгерлері ретінде Ехоба жайлы куәлік берудің маңызын жақсы түсінді.
ҚЫЗЫҒУШЫЛАРҒА ҚАЙТА БАРУ
Дүниежүзі бойынша Киелі кітап зерттеушілерінің саны артқандықтан, бауырластар оларды адамдарға әдебиет беріп қана қоймай, қызығушылық танытқандарға қайта баруға талпындырды. “Үміт хабары” трактатын тарату науқанынан кейін, 1925 жылы қазан айындағы “Бюллетеньде”a трактатты алған адамдарға қайта баруға қатысты нұсқау берілді.
Ал бұған дейін қаңтар айындағы “Бюллетеньде” адамдарға қайта барудың тиімділігі жайлы есеп шыққан еді. Техас штатының Плейно қаласындағы бір Киелі кітап зерттеушісі былай деп жазыпты: “Ешқашан уағыздалмаған жерлерге барып уағыздағаннан гөрі, ізгі хабарды бұрын естіген адамдарға барып уағыздаған әлдеқайда тиімді екенін көріп таңғалдық. Біздің аумағымыздағы бір кішігірім қала соңғы он жылда бес рет өңделді. Жақында анам Хендрикс деген бауырласпен сол жақты тағы бір жүріп өтіп, өте көп кітап таратты. Олар өмірлерінде осыншалықты көп кітап таратпаған шығар”.
Ал Панамадағы бір кітап таратушы бауырлас былай деп жазыпты: “Алғаш барғанда тыңдамаған адамдардың көбісі екінші рет, үшінші рет барғанда ізгі хабарға құлақ асып жатыр. Соңғы жылда мен көбіне бұрын уағыздаған адамдарыма қайта барып жүрмін, жігерлендіретін оқиғалар өте көп”.
КЕЛЕР ЖЫЛҒА ЖОСПАР
Кітап таратушыларға жазатын жылдық хатында Рутерфорд бауырлас оларды атқарған еңбектері үшін мақтап, алдағы жылға қандай мақсат қоюға болатынын айтты. Ол хатында былай деді: “Соңғы жылы сендер қайғырған талай адамға жұбаныш сыйладыңдар. Бұдан өздерің де қуаныш алғандарың анық... Алдағы 1926 жылы да сендерді көп іс күтіп тұр. Құдай мен оның Патшалығы жайлы жариялаңдар, Құдайдың берген барлық заңдарын орындаңдар, осылай адамдарға Құдайдың куәгері екендеріңді көрсетіңдер... Ендеше, Құдайымыз бен Патшамызды бәріміз бір ауыздан мадақтай берейік”.
1925 жылдың соңында бауырластар Бруклиндегі Бетелді кеңейтуді жоспарлап жатты. Алдағы 1926 жылы осыған дейін болмаған ауқымды құрылыс жобасы басталмақ еді.
Адамс Стриттегі құрылыс жұмыстары (Бруклин, Нью-Йорк, 1926 жыл)
a Қазіргі “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері.