Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 қазан 6—11 бет.
  • Ехоба бізге қуаныш сыйлайды

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба бізге қуаныш сыйлайды
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • НАҒЫЗ БАҚЫТ ПЕН ҚУАНЫШТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
  • ЕШТЕҢЕ ДЕ ҚУАНЫШЫҢЫЗДЫ ҰРЛАМАСЫН
  • Қуаныш — Құдайдан келетін қасиет
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Қызметіңізді қуанышпен атқарыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Беруден келетін зор қуанышты сіз де сезініңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 қазан 6—11 бет.

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

111-ӘН Қуануға себеп көп

Ехоба бізге қуаныш сыйлайды

“Құдайыма шат-шадыман боп қуанамын” (ЗӘБ. 43:4).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бізді қуаныштан не айыруы мүмкін екенін және қуаныштан айырылған жағдайда не істеуге болатынын көреміз.

1, 2. а) Бүгінде көп адам қандай күйде жүр? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

БҰЛ дүниеде әрбір адамның арманы — бақытты болу. Сол бақытты әркім әр жерден іздеп әлек. Бірақ оған қол жеткізіп жатқандар шамалы. Керісінше, екінің бірі түңіліп, өмірден көңілі қалған. Мұндай күйге Ехобаның кейбір қызметшілері де түсіп жатады. Өйткені “соңғы күндері” болып жатқан қиындықтар бізді де айналып өтпейді (Тім. 2-х. 3:1).

2 Бұл мақалада қуанышымызды не ұрлайтынын және қуаныштан айырылған жағдайда не істеуіміз керектігін талқылаймыз. Бірақ ең алдымен нағыз бақыт пен қуаныш қайдан келетінін түсініп алайық.

НАҒЫЗ БАҚЫТ ПЕН ҚУАНЫШТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

3. Жаратылыстарға қарап нені байқауға болады? (Суреттерді де қараңыз.)

3 Ехоба — бақытты Құдай. Ол біздің де бақытты болғанымызды қалайды. Бақытты болуымыз үшін ол бізге бәрін берген. Айналамыздағы сан алуан түске боялған табиғат, ойнақ салған жан-жануарлар, неше түрлі тіл үйірер тағамдар бізге көп қуаныш сыйлайды. Бұның бәрі Ехоба бізді жақсы көретінін және өмірден рақат алғанымызды қалайтынын дәлелдейді.

Коллаж: Ойнақ салған әртүрлі жан-жануарлар. 1. Пілдің баласы тұмсығымен су шашып жатыр. 2. Пингвин балапандары қарда томпаңдап жүр. 3. Лақтар көк шөпте секеңдеп жүр. 4. Дельфиндер суда сүңгіп жүр.

Baby elephant: Image © Romi Gamit/Shutterstock; penguin chicks: Vladimir Seliverstov/500px via Getty Images; baby goats: Rita Kochmarjova/stock.adobe.com; two dolphins: georgeclerk/E+ via Getty Images

Ойнақ салған жан-жануарларға қарап, Ехобаның бақытты Құдай екенін байқауға болады (3-абзацты қараңыз)


4. а) Ехобаға қуанышын жоғалтпауға не көмектеседі? ә) Ехоба бізге не сыйлайды? (Зәбүр 16:11)

4 Адамдардың өмірден рақат алудың орнына, қайғы-қасіреттен көз ашпай жүргендерін көріп, Ехобаның жаны ауырады. Соған қарамастан ол “бақытты Құдай” (Тім. 1-х. 1:11). Ехобаның қуанышты болып қалуының себебі неде? Ол қайғы-қасіреттің уақытша екенін біледі. Тіпті қайғы-қасіреттің түбіне біржола балта шабатын күнді нақты белгілеп қойған. Қазір ол сол күнді шыдаммен күтіп отыр. Қайғы-қасіреттен азат болатын сол күн келгенше Ехоба біздің де мойымағанымызды қалайды. Сондықтан ол бізден көмегін аямайды. Мысал үшін, ол бізге қуаныш сыйлайды (Зәбүр 16:11 оқыңыз). Бұл қасиетті ол Исаға да сыйлаған. Қазір сол жайлы қарастырып көрейік.

5, 6. Неге Иса ең бақытты тұлға?

5 Ехобаның жаратылыстарының ішіндегі ең бақытты тұлға — Иса. Бұның ең басты себебі, “ол — көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі”, сондықтан ол Әкесіне кемелді түрде еліктей алады (Қол. 1:15; Тім. 1-х. 6:15). Сондай-ақ бақыттың қайнар көзі Ехобаның жанында Иса сияқты ешкім ұзақ өмір сүрмеген.

6 Бұған қоса, Иса Ехобаның айтқандарының бәрін орындап, содан қуаныш табады (Нақ. с. 8:30, 31; Жох. 8:29). Осындай адалдығы үшін ол Әкесінің ықыласына бөленіп жүр. Бұл да оның қуанышына қуаныш қосады (Мат. 3:17).

7. Бақытты болғымыз келсе, не істеуіміз керек?

7 Иса сияқты бақытты болғымыз келсе, біз де бақыттың қайнар көзі Ехобаға жақын болуымыз керек. Ехобаны жан-жақты танып-біліп, оған барынша еліктесек, оған ұқсап бақытты боламыз. Құдайдың еркін орындасақ, оның ықыласына ие болсақ, бұл да бізді бақытқа бөлейдіa (Зәб. 33:12). Бірақ кейде қуанышымызды бір сәтке жоғалтып алып жатамыз. Ал кейде енді қайтіп ешқашан бақытты болмайтындай күй кешеміз. Бұндай күйіміз Құдайдың ықыласынан айырылып қалдық дегенді білдіре ме? Мүлдем олай емес! Пенде болған соң көңіліміз түседі, қайғырамыз, күйзелеміз. Ехоба мұны жақсы түсінеді (Зәб. 103:14). Қазір не нәрселер қуанышымызды ұрлайтынын және сондай кезде не істеуіміз керектігін талқылайық.

Қуанышты Ехобадан іздеңіз

Ехобадан киелі рух сұрап дұға етіңіз. Біз қуанышты Ехобадан іздеуіміз керек, себебі қуаныш — киелі рухтың жемісі (Ғал. 5:22). Бізде Құдайдың киелі рухы болса, кез келген қиындыққа “шыдамдылықпен және қуанышпен төземіз” (Қол. 1:11).

Ғибадатты басты орынға қойыңыз. Құдай Сөзі мен басылымдарды жүйелі түрде оқып-зерттеңіз. “Зор қуаныш әкелетін ізгі хабарды” барынша жариялаңыз (Лұқа 2:10). Ехобаға ғибадат етуді басты орынға қоятын адамдар — ең бақытты адамдар (Зәб. 65:4).

Ехобаға әрдайым мойынсұныңыз. Ехобаның заңдары біздің игілігіміз үшін берілген. Ехобаға мойынсұнсақ, еркіндігіміз шектелмейді, керісінше, нағыз бақытқа жетеміз (Лұқа 11:28).

ЕШТЕҢЕ ДЕ ҚУАНЫШЫҢЫЗДЫ ҰРЛАМАСЫН

8. Қиындықтар бізге қалай әсер етеді?

8 1-ұры: қиындықтар. Қуғын-сүргін, табиғи апат, жоқшылық, ауру-сырқау, қарттық. Бұл қиындықтардың адамды қуаныштан айыруы оп-оңай. Ал егер адам жағдайды жақсарту үшін ештеңе істей алмайтынын түсінсе, тіптен түңіліп кетеді. Киелі кітапта: “Қайғылы жүрек рухты күйретер”,— деп тура айтылған (Нақ. с. 15:13). Мысалы, Баббис деген ақсақал төрт жылда үш бірдей жақынынан айырылған. Алдымен жалғыз бауыры, артынан көп ұзамай анасы, кейін әкесі қайтыс болған. Ол былай дейді: “Олардың қамын жасаймын деп жалғыз өзім қайда жүгірерімді білмей жанталасып жүретінмін. Сол арада оларға көбірек көңіл бөлу үшін не істесем екен деп тағы дал болатынмын”. Көргеніміздей, қиындықтар адамды әбден титықтатып, бойындағы бар күшін сарқып алады.

9. Қуанышымыздан айырылсақ, не істесек болады? (Еремия 29:4—7, 10)

9 Қуанышымыздан айырылсақ, не істесек болады? Мұндайда ең дұрысы — жағдайды қабылдап, шүкіршілік ету. Адамдар өмірің мінсіз болса ғана бақытты боласың дейді. Бірақ бұл — осы дүниенің көзқарасы. Ал Киелі кітап өмірде бәрі біз ойлағандай болмаса да бақытты бола аламыз деп үйретеді. Мысалы, Бабылда тұтқында жүрген яһудилерге Ехоба жаңа жағдайға бейімделуді айтқан. Оларды өз жағдайларын жасап, өсіп-өніп, өмірдің қызығын көруге шақырған (Еремия 29:4—7, 10 оқыңыз). Сіз де жағдайды өзгерте алмайтыныңызды түсінсеңіз, шындыққа тура қараңыз. Жоқ емес, бар нәрселерді ойлап, сол үшін риза болыңыз. Ехоба сізді ешқашан қиын шақта жалғыз тастап кетпейтінін де ұмытпаңыз (Зәб. 63:7; 146:5). Еффи деген бір бауырласымыз апатқа ұшырап, аяғынан жүре алмай қалған екен. Ол былай дейді: “Сол кезде Ехобаның көп қолдауын көрдім. Отбасым да, қауымдағы бауырластар да асты-үстіме түсіп, қолдан келер көмектерін аямады. Соның бәрін көріп тұрып, тұнжырап жүргенім дұрыс болмас деп ойладым. Оларға риза екенімді көрсетейін деп, оң көзқарас сақтап, жадырап жүруге тырыстым”.

10. Қиындыққа қарамастан қуанышты болу мүмкін бе? Түсіндіріңіз.

10 Басымызға түскен қиындықтар қаншалықты ауыр болмасын, біз қуанышымызды сақтай аламызb (Зәб. 126:5). Өйткені қуанышты болу-болмауымыз жағдайға байланысты емес. Мария деген ізашар былай дейді: “Қиындыққа қарамастан қуанышты болу деген көңілің түспеу керек, жыламауың керек деген сөз емес. Бұл деген Ехобаның уәделерін естен шығармау дегенді білдіреді. Бізге ештеңеге қарамай қуанышты болуға Ехобаның өзі көмектеседі”. Ұмытпайық, қиындықтарымыз қандай болмасын, олардың бәрі уақытша. Толқындар құмда қалған аяқ іздерін шайып кететініндей, қиындықтар да көп ұзамай із-түссіз ғайып болады.

11. Пауылдың жағдайынан қандай жігерлі ой түйеміз?

11 Қиындықтардан көз ашпай кеткенде, Ехобаны ренжітіп қойдым ба, оның ықыласынан айырылып қалдым ба деп уайымдап кететін шығармыз. Сондай кездері қиындықтарға қарамай Ехобаға адал болып қалған адамдар жайлы ой жүгірткеніміз маңызды. Солардың бірі — елші Пауыл. Оны Исаның өзі ізгі хабарды “басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алды” (Ел. іс. 9:15). Осылай Пауыл ерекше мәртебеге бөленді. Бірақ бұдан ол қиындықсыз, бейқам өмір сүріп кеткен жоқ (Қор. 2-х. 11:23—27). Оның көп қиындық көргені Ехобаның ықыласынан айырылып қалғанын білдірді ме? Әрине, жоқ. Керісінше, оның еш берілмей, адал болып жүргені Ехоба оның қасында болып, күш бергенін дәлелдейді (Рим. 5:3—5). Сіз де Пауыл сияқты ешбір қиындыққа берілмей, төзіп жүрсеңіз, онда Ехобаның ықыласына ие екеніңізге сенімді болыңыз.

12. Ақталмаған үміт қуаныштан қалай айыруы мүмкін?

12 2-ұры: ақталмаған үміт (Нақ. с. 13:12). Біз Ехобаны жақсы көреміз, жасап жатқан бар жақсылығы үшін оған ризамыз. Сондықтан Ехобаға көбірек қызмет еткіміз келіп, рухани мақсаттарға ұмтылып жатамыз. Жағдаймыз сол мақсаттарға жетуге мүмкіндік бермей жатса, көңіліміз түседі (Нақ. с. 17:22). Холли деген ізашар былай дейді: “Менің Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқысам, шетелде қызмет етсем, Рамаподағы құрылыс жобасына қатыссам деген мақсаттарым болды. Бірақ жағдайым өзгеріп, бұл мақсаттарымның ешқайсысына да қол жеткізе алмайтынымды түсіндім. Сол кезде қатты ұнжырғам түсті. Бір нәрсені істеуді қатты қалап, бірақ ештеңе істей алмасаң, жаман болады екенсің”. Холлидің бұл сезімдері Ехобаның қызметшілерінің көбісіне таныс.

13. Ехобаға өзіміз қалағандай қызмет етуге жағдаймыз келмесе, қандай мақсаттар қойсақ болады?

13 Қуанышымыздан айырылсақ, не істесек болады? Ехоба — не істесең де аз көретін, ештеңеге көңілі толмайтын Құдай емес. Ол бізден шамамыз жетпейтін дүниені ешқашан талап етпейді. Ехоба көп қызмет ететіндерді көбірек, ал аз қызмет ететіндерді азырақ жақсы көреді деп ойламайық. Ол үшін біздің қандай қызмет атқаратынымыз емес, жан дүниеміз маңызды. Ол бар болғаны біздің қарапайым әрі адал болғанымызды қалайды (Миха 6:8; Қор. 1-х. 4:2). Олай болса, Құдай бізден талап етпейтінді өзімізден талап етпейікc. Ехобаға өзіңіз қалағандай қызмет етуге жағдайыңыз келмей жатса, дәл қазір қолымнан не келеді деп ойланыңыз. Бәлкім, жастарға ақылыңызды айтып, тәжірибеңізбен бөлісіп, білгендеріңізді үйрете аларсыз. Я болмаса қарт бауырластарға қол ұшын созып, қолғабыс бола аларсыз. Мүмкін, бауырластардың жағдайын білу үшін үйлеріне барып, телефон шалып немесе хабарлама жаза алатын шығарсыз. Бұлардың бәрі ұмтылуға тұрарлық жақсы мақсаттар. Қолыңыздан келгенді істей берсеңіз, Ехоба сізге батасын төгіп, қуанышқа бөлейді. Болашақта бізді мүмкіндіктерге толы шексіз өмір күтіп тұрғанын ұмытпайық. Сол кезде біз өзіміз ойлағаннан да көп неше түрлі қызмет атқаратын боламыз. Алдыңғы абзацта айтылған Холли бауырлас былай дейді: “Көңілім түскен кездері мәңгі өмір сүретінім жайлы ойланамын. Қазір жете алмай жүрген мақсаттарыма жаңа дүниеде жетемін”.

14. Қуаныштан бізді тағы не айыруы мүмкін?

14 3-ұры: өмірдің бар рақатын көріп қалу керек деген көзқарас. Әлеуметтік желілерде бар қалауыңды орындасаң ғана бақытты боласың деген көзқарас өте кең таралған. Сондықтан да бүгінде көп адамның есіл-дерті — көңілі қалаған іспен айналысу, дүкен аралау, саяхаттау. Бұл нәрселер өздігінен жаман емес. Өйткені Ехоба бізді әдемі дүниелерден рақат алатындай етіп жаратқан. Бірақ өмірден бәрін алып қалу керек дейтіндер түбінде мына ащы шындықты түсінеді: аңсаған нәрселеріне қолдары жеткенде, бұл оларға өздері күткендей қуаныш сыйламайды, керісінше, көңілдерін қалдырып, бақыттан айырады. Ева деген ізашар былай дейді: “Өмірдің бар рақатын көру керек дейтіндер ешқашан тоймайды, тағы да алсам, тағы да көрсем деп тұрады”. Шынында да, қалағанымызға жеткен сәтте бақыт тапқандай боламыз. Бірақ жан дүниеміз қаңырап, әлдене жетіспей тұрғандай болады.

15. Сүлеймен патшаның жағдайынан не түюге болады?

15 Ләззат-ермекке беріліп, көзі қалағанның ешқайсысынан бас тартпаған адамдардың бірі — Сүлеймен патша. Оның ішкені алдында, ішпегені артында болды, ән-күйден ләззат алып, көңілін көтерді, алтын-күміс жинап, үлде мен бүлдеге оранды. Бірақ ол бұдан бақыт таппады. Керісінше, бәрі бос әурешілік екенін түсініп, көңілі түсті. Сондықтан ол: “Көз көруден қанағат таппайды, Құлақ естуден құрышы қанбайды”,— деген (Уағ. 1:8; 2:1—11). Жалған ақшаның құны бардай көрінгенмен, оған ештеңе сатып ала алмайсың, сол сияқты өмірдің бар рақатын көріп қалу керек деген көзқарас та жалған, ол адамды нағыз бақытқа жеткізбейді.

16. Неге өзгелердің қамын ойлау адамға қуаныш сыйлайды? (Суреттерді де қараңыз.)

16 Қуанышымыздан айырылсақ, не істесек болады? Иса кезінде: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деп айтып кеткен (Ел. іс. 20:35). Осы сөздердің растығын түсінген Алекос деген ақсақал былай дейді: “Мен өзгелер үшін кішкене болса да бірдеңе істеуге тырысамын. Осылай өзімді емес, өзгелерді ойлағаным маған көп қуаныш әкеледі”. Ал сіз өзгелер үшін не істей алар едіңіз? Мысалы, біреудің көңіл күйі жоқ екенін байқағанда, оны жігерлендірсеңіз болады. Проблемасын шешіп тастамасаңыз да, шерін мұқият тыңдаңыз, бар ауыртпалығын Ехобаға артуға талпындырыңыз. Мұның өзі — адамға үлкен көмек (Зәб. 55:22; 68:19). Кейбіреулерге жай ғана Ехоба тастамайтынын айтып отыратын біреу керек (Зәб. 37:28; Ишая 59:1). Іс жүзінде де көмек көрсетуге тырысыңыз. Мысалы, тамақ істеп беріңіз, бірге серуендеп қайтыңыз, қызметке шығыңыз. Бұлар да адамды кәдімгідей сергітеді. Осындай істеріңізбен сіз Ехобаға өз қызметшілерін қолдауға көмектесесіз. Бірінші кезекте өзімізді емес, өзгелерді ойласақ, міне, нағыз бақыт деген — осы (Нақ. с. 11:25).

Коллаж: 1. Кофеханада жалғыз отырған әйел бауырлас телефонын шұқылап отыр. Қасында дүкеннен алған киімдері салынған сөмкелері тұр. 2. Ол бір қарт бауырластың үйіне келіп, оған күлімдеген жүзбен бір құшақ гүл сыйлап жатыр.

Өмірден бәрін алып қалуды емес, өзгелердің қамын жасауды көбірек ойлаңыз (16-абзацты қараңыз)d


17. Неге біздің бақытымыз Ехобаға тәуелді? (Зәбүр 43:4)

17 Шын бақытты болғымыз келсе, бақыттың қайнары Ехобаға жақын болуымыз керек. Киелі кітапта Ехоба бізге қуаныш сыйлайтыны айтылған (Зәбүр 43:4 оқыңыз). Ехоба сыйлайтын қуаныш бізді қиын сәтте түңіліп кетуден сақтайды. Ендеше, сарқылмас қуаныштың қайнары Ехобаға үміт артайық! (Зәб. 144:15).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехоба мен Иса не үшін бақытты?

  • Біздің қуанышымызды не ұрлауы мүмкін?

  • Қуанышымыздан айырылсақ, не істесек болады?

155-ӘН Мәңгі таусылмайтын қуаныш

a “Қуанышты Ехобадан іздеңіз” деген қоршауды қараңыз.

b “Басқарушы кеңестің үндеуінен (№ 5, 2023)” Деннис пен Ирина Кристенсеннің сұхбатын көрсеңіз болады.

c “Ақылға қонымды мақсаттар қойсаң, қуанышты боласың” деген мақаланы оқып көріңіз (“Күзет мұнарасы”, 2008 жыл, 15 шілде).

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас дүкеннен өзіне көп киім-кешек сатып алса да, көңілсіз отыр. Ал қарт бауырласқа гүл сыйлағанда, жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап кетті.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу