Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w22 қазан 2—5 бет.
  • 1922. 100 жыл бұрын

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • 1922. 100 жыл бұрын
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ТАБЫЛҒАН АҚЫЛ
  • ҮМІТ ҮНІН ШАРТАРАПҚА ЖАЙҒАН РАДИО
  • “ADV”
  • МАҢЫЗДЫ ІС
  • 1919: жүз жыл бұрын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • 1924. Жүз жыл бұрын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • 1921. Жүз жыл бұрын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Жариялаушылар. Өз еркімен қызмет етіп жүргендер
    Құдай Патшалығы билік етуде!
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
w22 қазан 2—5 бет.
1922 жылғы конгрестегі сахна. Жоғары жағында “Патша мен оның Патшалығын жариялаңдар!” деген баннер ілініп тұр. Ал сахнада “ADV” деген қысқарған сөз жазылып тұр.

Сахна мен жоғары жағындағы баннер

1922 жүз жыл бұрын

“[ҚҰДАЙ] Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңіс сыйлайды” (Қор. 1-х. 15:57). Осы сөздер 1922 жылдың жылдық тармағы болып таңдалып, Құдай Киелі кітап зерттеушілерінің адалдықтарына батасын беретініне сендірді. Шынында да, сол жылы Ехоба уағыздау ісіне қызу араласқан жариялаушыларға жеңіс сыйлады. Олар кітаптарды өздері басып шығарып, өздері түптейтін болды және Патшалық жайлы хабарды радио арқылы жариялай бастады. Ал 1922 жылдың соңына таман Ехоба өз халқына батасын төгіп жатқаны тағы да дәлелденді. Огайо штатындағы Сидар-Пойнтта (АҚШ) өткен тарихи конгресте Киелі кітап зерттеушілері бас қосты. Ехобаның ұйымы сол конгресте алған бағытынан әлі күнге дейін айнымай келеді.

ТАБЫЛҒАН АҚЫЛ

Уағыз ісі қарқын алғандықтан, әдебиеттерге деген сұраныс та арта берді. Сол кезде Бруклиндегі Бетелдің баспаханасы тек журналдарды басып шығаратын. Кітаптарды болса баспа компанияларына басып шығартатын. Бірақ бұл компаниялар кітаптарымызды бірнеше ай бойы жеткілікті мөлшерде шығара алмағандықтан, Рутерфорд бауырлас баспа ісіне жауапты Роберт Мартин бауырласқа өз кітаптарын өздері басып шығаруды ұсынады.

Бруклиннің Конкорд көшесіндегі баспахана, Нью-Йорк штаты

“Мәссаған, бұл енді теру, басу, түптеу жұмыстары жүргізілетін толыққанды бір баспахана ашу деген сөз ғой деп таңғалып қалдық”,— деді Мартин бауырлас. Сөйтіп, бауырластар Бруклиндегі Конкорд көшесіндегі бір жерді жалға алып, ішін қажетті құрал-жабдыққа толтыра бастады.

Жаңа бастамамызға барлығы бірдей қуанбады. Солардың бірі біздің әдебиеттерімізді басып жүрген компанияның президенті еді. Ол біздің су жаңа баспаханамызға кіріп келіп былай деді: “Сендер ең мықты деген баспа жабдықтарын жинап алыпсыңдар, бірақ араларында оны қалай қолдану керектігін біліп жатқан ешкім жоқ. Осыдан қарап тұрыңдар, жарты жылдың ішінде-ақ мына жер бір төбе темір-терсекке айналады”.

“Оның сөзінің жаны бардай көрінді, бірақ ол бір нәрсені ұмытып кетті: бізге Иеміздің өзі жар еді”,— деді Мартин бауырлас. Мартин бауырлас дөп түсті. Көп ұзамай түптеу машинасында күніне 2000 кітаптан шығарыла бастады.

Бауырластар баспа машиналарының қастарында тұр

ҮМІТ ҮНІН ШАРТАРАПҚА ЖАЙҒАН РАДИО

Ехобаның халқы өз кітаптарын өздері басып шығарумен қатар, ізгі хабарды жаңа бір тәсілмен тарата бастады. 1922 жылдың 26 ақпанында, жексенбі күні түстен кейін Рутерфорд бауырлас алғаш рет радиодан сөйледі. Ол Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласындағы KOG радио кешенінде “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндамасын айтты.

Бұл баяндаманы 25 000-дай адам тыңдады. Кейбіреулері жылы лебіздерін білдіріп хат жазып жіберіпті. Солардың бірі Калифорния штатының Санта-Ана қаласының тұрғыны Виллард Эшворд болатын. Ол хатында Рутерфорд бауырласты көңілді де қызықты ойлары үшін мақтапты, сосын былай деп қосыпты: “Осы баяндаманы радиодан айтқаныңыз қандай жақсы болды! Әйтпесе, тіпті көрші үйге келіп айтсаңыз да бара алмас едік, өйткені біздің үйде үш науқас адам тұрады”.

Кейінгі апталарда радиодан одан да көп баяндамалар айтыла бастады. 1922 жылдың соңына таман “Күзет мұнарасы” журналында ізгі хабарды радио арқылы, кем дегенде, 300 000 адам тыңдағаны жарияланды!

Келіп түсіп жатқан жылы лебіздерге қанаттанып, Киелі кітап зерттеушілері Бруклиндегі Бетелге жақын жерден, яғни Статен-Айленд ауданындағы учаскеде өз радио кешендерін соғуды шешеді. Осылай WBBR радио кешеніміз пайда болды. Ол алдағы жылдары Патшалық жайлы хабардың үлкен қарқынмен таралуына себеп болмақ еді.

“ADV”

1922 жылдың 15 маусымында шыққан “Күзет мұнарасында” Огайо штатындағы Сидар-Пойнтта 5—13 қыркүйек аралығында конгресс өтетіні хабарланды. Осы айтулы күні Киелі кітап зерттеушілері Сидар-Пойнтта бас қосып, қуаныштан төбелері көкке жетті!

Рутерфорд бауырлас дүйім жұрттың алдына шығып, алғашқы баяндамасында былай деді: “Иеміз осы конгреске нұрын жаудырады және жер бетінде бұрын-соңды болмағандай куәлік етілуін қамдайды. Мен бұған титтей де күмәнданбаймын”. Тек Рутерфорд бауырлас қана емес, өзге баяндамашылардың барлығы да жариялаушыларды қайрап, ізгі хабарды жан сала уағыздауға қайта-қайта талпындырды.

1922 жылы Сидар-Пойнтта өткен конгресте жиналған жұрт, Огайо штаты

8 қыркүйекте, жұма күні 8000-дай адам Рутерфорд бауырластың баяндамасын тыңдауға қуана жиналды. Олар шақыру қағаздарында жазылған “ADV” деген қысқартылған сөздің мағынасын білуге асықты. Орындарына жайғасқан соң, кейбіреулер сахнаның жоғары жағында ілулі тұрған үлкен баннерді байқады. Алдыңғы орындарға жайғасқандардың бірі Оклахома штатының Тулса қаласынан келген Артур Клаус бауырлас еді. Ол уақытта дауыс зорайтқыштар болмағандықтан, баяндамашының дауысы алдыңғы орындарда жақсырақ естілетін.

“Біз оның әрбір сөзін ұйып тыңдап отырдық”

Рутерфорд бауырластың баяндамасына кедергі жасамау үшін, конгресс төрағасы сарайға ешкімнің кіруіне рұқсат етілмейтінін хабарлады. Таңғы сағат 9:30-да Рутерфорд бауырлас баяндамасын Исаның Матай 4:17-дегі “Көк Патшалығы таяп қалды” деген сөздерімен бастады. Адамдар бұл Патшалық жайлы қалай естіп-білетінін түсіндіре келе Рутерфорд бауырлас: “Иса осында болатын кезінде егін жинайтынын, яғни адал адамдардан тұратын өзінің халқын жинайтынын айтқан”,— деді.

“Біз оның әрбір сөзін ұйып тыңдап отырдық”,— дейді Клаус бауырлас. Бір кезде Клаус бауырлас аяқ астынан өзін жаман сезініп, сыртқа шығуына тура келеді. Баяндама айтылып жатқанда қайтып кіре алмайтынын білсе де, ол басқа амалы болмай, залдан шығып кетеді.

Бірнеше минуттан кейін Артур өзін жақсы сезініп қалады. Кейін ол баяндама айтылып жатқан жаққа барса, ду қол шапалақтың дауысын естиді. Ол баяндаманың қалған бөлігін қалай естісем екен деп, тапырақтап амалын іздей бастайды. Сөйтіп, жасы жиырма үштегі Клаус бауырлас биіктігі 4 метрлік қабырғаға өрмелеп, шатырға шығып кетеді. Ол шатырға бекітілген терезелердің ашық екенін көріп, жақындап барса, баяндама жап-жақсы естіліп тұр екен.

Сөйтсе, шатырда Артурдың өзі ғана емес, кейбір достары да жүр екен. Солардың бірі Франк Джонсон жүгіріп келіп: “Қалтаңда бәкі бар ма?”— деп сұрайды.

“Иә, бар”,— дейді Артур.

“Мәссаған, сен менің дұғама жауап болдың ғой. Анау үлкен оралған матаны көріп тұрсың ба? Ол — баннер, мына шегелерге байланған. Қазір судьяны жақсылап тыңдаa. “Жариялаңдар, жариялаңдар” дегеннен кейін, мына төрт арқанды кесіп жібер”,— дейді Франк.

Қолында бәкісі бар Артур достарымен бірге баяндаманы мұқият тыңдап, сақадай сай дайын тұрады. Бір кезде Рутерфорд бауырлас баяндамасының шарықтау шегіне жетеді. Ол шабыты асып-тасып, жігерлі үнмен былай дейді: “Ехобаның адал да шынайы куәгерлері болыңдар. Ұлы Бабыл күл-талқан болғанша күресуді тоқтатпаңдар. Хабарды бүкіл жержүзіне уағыздаңдар. Адамзат Ехобаның Құдай екенін, ал Иса Мәсіхтің патшалардың Патшасы, иелердің Иесі екенін білуі керек. Бүгін ерекше күн. Қараңдар, Патшамыз билік етуде! Ал сендер оның өкілдерісіңдер. Сол себепті Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, жариялаңдар!”

Артур достарымен бірге арқандарды кесіп жібергенде, баннер жібектей сырғып ашыла кетеді. Осы кезде “ADV” деген қысқарған сөздің құпиясы анық болды. Сөйтсе ол “Патша мен оның Патшалығын жариялаңдар!” (”Advertise the King and his Kingdom!”) деген сөздердің алғашқы сөзіндегі үш әріп екен.

МАҢЫЗДЫ ІС

Сидар-Пойнтта өткен конгресс бауырластарға Құдай Патшалығын жариялау ісіне баса назар аударуға көмектесті. Олар бұл істі қуана-қуана қолдай кетті. АҚШ-тағы Оклахома штатында тұратын бір кітап таратушы (қазір “ізашар” деп аталады) былай деп жазыпты: “Біз уағыздайтын аумақта адамдардың көбісі шахтада жұмыс істейді және өте кедей тұрады”. Оның айтуынша, сол жердің тұрғындары “Алтын ғасыр” журналындағы хабарды естігенде көздеріне жас алады екен. “Оларды жұбату біз үшін бір бақыт”,— дейді әлгі бауырлас.

Бұл Киелі кітап зерттеушілері Исаның Лұқа 10:2-дегі “жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз” деген сөздерінің маңыздылығын жақсы түсінді. Келесі жылы олар Патшалық жайлы хабарды одан да кеңірек жариялауға нық бекінді.

a Миссури штатында (АҚШ) бір кездері судья болып қызмет еткендіктен, Рутерфорд бауырласты кейде “Судья” деп атайтын.

Жаһанды жайлаған уағыз

1922 жылдың 26 ақпанында Киелі кітап зерттеушілері “дүниежүзілік куәлік” шарасына атсалысты. Олар шартарап бойынша арнайы кездесулер ұйымдастырды. Кездесуге келген қызығушылар “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндаманы тыңдап қайтты.

Баяндама кем дегенде 33 тілде айтылды. “Күзет мұнарасында” жазылғандай, бұл баяндаманы айтуға көпшіліктің алдында баяндама айта алатын ер бауырластардың бәрі жұмылдырылған екен. Ұлыбританиядағы Киелі кітап зерттеушілері 306 кездесу ұйымдастырып, келушілердің саны 67 010-ға жетіпті. Ал Бельгия, Франция мен Швейцарияда өткен кездесулерге французша сөйлейтін 15 000-нан астам адам қатысыпты. Бұл шараның жемісті өткенінен қанаттанған Киелі кітап зерттеушілері сол жылдың 25 маусым, 29 қазан және 10 желтоқсан күндерінде де “дүниежүзілік куәлік” күндерін ұйымдастырды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу