38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
120-ӘН Мәсіх сияқты жұмсақ болыңдар
Өзгелерді құрметтей біліңіз
“Қадірлі болу алтын-күмістен артық” (НАҚ. С. 22:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Біз өзгелерге барлық уақытта, тіпті қиын болған кезде де құрмет танытуымыз керек.
1. Не үшін әрбір адам сыйлы болғысы келеді? (Нақыл сөздер 22:1).
БҰЛ ДҮНИЕДЕ кім-кім де сыйлы болғысы келеді. Өйткені сыйлы болу — адам баласының басты мұқтаждықтарының бірі. Басқалар бізді сыйлап, құрметтеп жатса, марқайып, бір жасап қаламыз. Киелі кітапта: “Қадірлі болу алтын-күмістен артық”,— деп дөп айтылған (Нақыл сөздер 22:1 оқыңыз).
2, 3. Неге өзгелерге сый-құрмет таныту кейде қиын және бұл мақалада не қарастырамыз?
2 Сыйлы болу бәрімізге ұнаса да, бір-бірімізге сый-құрмет таныту кейде қиын. Себебі қаласақ та, қаламасақ та, бір-біріміздің кем-кетігімізді көреміз. Бұдан бөлек, айналамыздағы адамдар барған сайын құрмет дегеннен жұрдай болып барады. Бірақ біз оларға ұқсап кетпеуіміз керек. Өйткені Ехоба бізден барлық адамға құрмет көрсетуді талап етеді (Пет. 1-х. 2:17).
3 Бұл мақалада алдымен өзгелерді құрметтеу деген нені білдіретінін қарастырамыз. Кейін үй ішіндегілерге, бауырластарға және қауымнан тыс адамдарға қалай құрмет көрсетуіміз керектігін талқылаймыз. Сондай-ақ оларға құрмет таныту қиын болған жағдайларда не істеу керектігін де айтып өтеміз.
ӨЗГЕЛЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
4. Өзгелерді құрметтеу деген нені білдіреді?
4 Кейбір тілдерде “құрметтеу” мен “қадірлеу” деген сөздердің мағынасы өте ұқсас. “Құрметтеу” деген адамды қандай да бір қасиетіне, жетістігіне не дәрежесіне қарап сыйлауды білдіреді. Ал “қадірлеу” деген адамды бағалағандықтан, қастерлегендіктен құрметтеуді білдіреді. Қадір-құрмет қашан да жүректен шығу керек, яғни өтірік емес, шынайы болуы қажет (Мат. 15:8).
5. Өзгелерді құрметтеуге бізді не талпындырады?
5 Өзгелерді құрметтеу — Ехобаның талабы. Мысалы, Ехоба бізден “билік басындағыларға” құрмет көрсетуді талап етеді (Рим. 13:1, 7). Бәлкім, біреу: “Өз қадірін өзі кетіріп жүрген адамды қалай құрметтейсің? Құрметтесін десе, соған лайық бірдеңе істесін”,— деуі мүмкін. Бірақ Ехобаның қызметшілері бұлай ойламау керек. Олар адамның іс-әрекетіне ғана қарап, оны құрметтеймін не құрметтемеймін деп таңдап жатпайды. Олар Ехобаны жақсы көргендіктен, оған ұнамды болғысы келгендіктен, өзгелерді құрметтеңдер деген талабына мойынсұнады (Ешуа 4:14; Пет. 1-х. 3:15).
6. Адамның өзі бізді құрметтемей тұрса, не істеуіміз керек? Түсіндіріңіз. (суретті де қараңыз.)
6 Ал адамның өзі бізді құрметтемесе ше, ондай кезде не істеуіміз керек? Киелі кітаптағы бірнеше жағдайды қарастырып көрейік. Бірде Саул патша баласы Жонатанға басқалардың көзінше ауыр сөз айтып, қадірін түсірді (Сам. 1-ж. 20:30—34). Бірақ бұдан Жонатанның әкесіне деген құрметі азайған жоқ. Ол соғыстарда әкесінің қасында жүріп, оны өле-өлгенше қолдады (Мұс. 2-ж. 20:12; Сам. 2-ж. 1:23). Ал бас діни қызметкер Ели Ханнаны мас деп ойлап, сол үшін оны сөкті (Сам. 1-ж. 1:12—14). Елидің әкелік те, бас діни қызметкерлік те міндетін дұрыс атқармай жүргені елдің бәріне мәлім еді. Соған қарамай Ханна Елиге құрметпен сөйледі (Сам. 1-ж. 1:15—18; 2:22—24). Пауыл да афиналықтар “мылжың” деп кемсіткенде оларға сөз қайтармады (Ел. іс. 17:18). Керісінше, оның сөздерінен афиналықтарға деген құрметі көрініп тұрды (Ел. іс. 17:22). Осы жағдайлардан көргеніміздей, Ехобаны жақсы көрсек және оған ұнамды болғымыз келсе, құрмет таныту қиын болған кезде де құрмет танытамыз. Ал қазір айналамыздағы адамдарға қалай және не үшін құрмет көрсетуіміз керектігін қарастырайық.
Әкесі қадірін түсірсе де, Жонатан оны өле-өлгенше қолдап жүрді (6-абзацты қараңыз)
ҮЙ ІШІНДЕГІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІҢІЗ
7. Үй ішіндегілерге құрмет таныту неге кейде қиын?
7 Құрмет таныту неге қиын? Бір шаңырақтың астында тұрып жатқандықтан, біз үй ішіндегілердің жақсы жақтарын да, жаман жақтарын да күнде көреміз. Үйде сырқаттанып не күйзеліп жүрген адам болса, бірдеңе айтып не бірдеңе істеп бізді ренжітіп қоюы мүмкін. Осындай кезде адамдар жиі бір-бірін құрметтеуден қалады. Ал құрмет жоқ жерде үйдің берекесі қашады. Отбасы мүшелерін дене мүшелерімен салыстыруға болады. Адам ауырса, дене мүшелерінің қызметі бұзылатынындай, құрмет азайса, отбасы мүшелерінің тіл табысуы қиындайды. Қуанышқа орай, көп ауруды емдеуге болатыны сияқты отбасында да қайтадан сыйластық пен жарастық орнатуға болады.
8. Үй ішіндегілерге құрмет таныту неге маңызды? (Тімөтеге 1-хат 5:4, 8).
8 Құрмет таныту неге маңызды? (Тімөтеге 1-хат 5:4, 8 оқыңыз). Тімөтеге жазған бірінші хатында Пауыл үй ішіндегілер бір-бірінің қамын ойлау керектігін жазған. Байқасақ, Пауыл адам “өз үй ішінде Құдайға шын берілгендік таныту” керектігін айтқан. Демек, отбасымыздағы адамдарды қадірлеу, құрметтеу — жай ғана міндет емес, ғибадатымыздың бір бөлігі. Оның үстіне, отбасына бастама берген — Ехоба Құдай. Олай болса, отбасымыздағыларға құрмет танытқан кезде, біз Ехобаның өзіне құрмет танытамыз (Ефес. 3:14, 15). Осының өзі отбасымызды құрметтеуге келелі себеп емес пе?!
9. Күйеуі мен әйелі бір-біріне қалай құрмет таныту керек? (Суреттерді де қараңыз.)
9 Құрметті қалай таныту керек? Күйеуінің әйелін қадірлейтіні жеке қалғанда да, елдің алдында да көрініп тұру керек (Нақ. с. 31:28; Пет. 1-х. 3:7). Әйелін құрметтейтін күйеу ешқашан оған қол көтермейді, қадірін түсірмейді, әйелі өзін керексіз сезінетіндей ештеңе істемейді. Аргентинада тұратын бір ер бауырлас былай дейді: “Сырқаты жанына батқаннан әйелім кейде маған қатты сөйлеп қояды. Сондай кезде ол мұны әдейі істеген жоқ, жай ғана ашынғаннан айтқаны ғой деп оны ақтауға тырысамын. Қорынттықтарға 1-хат 13:5-тегі сөздер маған ашуға бой алдырмай, әйеліме құрмет танытуға көп көмектеседі” (Нақ. с. 19:11). Ал күйеуін құрметтейтін әйел басқалардың алдында оның беделін түсірмейді, қайта, жаманын жасырып, жақсысын асырып жүреді (Ефес. 5:33). Ол ешқашан күйеуіне ащы мысқылдап, тістеп сөйлемейді, оны қалжыңдап мазақ етпейді, кемсітетін сөздермен де атамайды. Ақылды әйел мұндай сөздер ертелі-кеш шаңырақты құлататынын жақсы түсінеді (Нақ. с. 14:1). Италияда тұратын бір әйел бауырлас былай дейді: “Менің күйеуім өте уайымшыл адам. Кейде маған ол болмашы нәрсеге бола күйгелектеніп жүргендей көрінеді. Оның мұнысын жақтырмайтыным бұрын бет-әлпетімнен, сөзімнен байқалып қалатын. Кейін мен өзгелер жайлы құрметпен сөйлейтін адамдармен араласып, олардан үлгі алуға тырыстым. Соның арқасында күйеуіме көбірек құрмет таныта бастадым”.
Үй ішіндегілерге құрмет таныту Ехобаға құрмет танытумен тең (9-абзацты қараңыз)
10. Балалар ата-аналарына қалай құрмет таныту керек?
10 Балалар, ата-аналарыңа мойынсұнып, айтқанын тыңдасаңдар, оларды құрметтейтіндеріңді көрсетесіңдер (Ефес. 6:1—3). Оларға деген құрметтерің сөздеріңнен де көрініп тұрсын (Мұс. 2-ж. 21:17). Ата-аналарың қартайған кезде сендердің көмектеріңе мұқтаж болады. Сондықтан оларға көңіл бөліп, қарайласуды ұмытпаңдар. Бұл жағынан Марияa деген бауырластан үлгі алсаңдар болады. Ол Куәгер емес әкесіне біраз уақыт күтім жасаған. Бірақ әкесі оған ауыр сөздер айтып, жиі көңіліне тиген екен. Мария былай дейді: “Мен Ехобадан әкемді іштей құрметтеп қана қоймай, құрметімді сөзіммен де, ісіммен де көрсетуге көмектесші деп сұрайтынмын. Ол ата-анаңды құрметте деп талап еткен болса, бұл талабын орындауға өзі көмектесетініне сенімді болдым. Өз жағдайымнан түсінгенім, адам бізге сол күйі жақсы қарамаса да, оған құрмет таныта беруіміз керек екен”. Марияның жағдайындағыдай бізге де жақын адамымыз құрмет танытпаса, оған өзіміз құрмет көрсете берейік. Осылай біз отбасына бастама берген Ехобаға құрмет танытамыз.
БАУЫРЛАСТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІҢІЗ
11. Бауырластарға құрмет таныту неге кейде қиын?
11 Құрмет таныту неге қиын? Бауырластар Киелі кітаптағы принциптерді орындауға қанша тырысса да, бірде болмаса бірде бізді ренжітіп қояды. Біреулері орынсыз сынап-мінеп, қатты сөксе, біреулері сөзімен не ісімен көңілімізді қалдыруы мүмкін. “Ренжуге себеп болған” жағдайда бауырластарға құрмет таныту оңай емес (Қол. 3:13). Ондай кезде бауырластарға деген құрметімізді жоғалтпас үшін не істесек болады?
12. Бауырластарға құрмет таныту неге маңызды? (Петірдің 2-хаты 2:9—12)
12 Құрмет таныту неге маңызды? (Петірдің 2-хаты 2:9—12 оқыңыз). Петірдің 2-хатында айтылғандай, бірінші ғасырда қауымдағы кейбір мәсіхшілер “даңққа бөленгендерге”, яғни ақсақалдарға тіл тигізіп, құрметсіздік танытқан. Бұл жағдайды көктен періштелер де көріп тұрды. Кемелді әрі құдіретті болса да, олар “Ехобаны құрметтегендіктен” сол дандайсыған адамдарды ғайбат сөздермен айыптамады. Олар үкім шығаруды Ехобаға қалдырды (Рим. 14:10—12; Яһуда 9 салыстырыңыз). Бұл періштелер біз үшін неткен керемет үлгі! Егер біз Ехобаға қарсы шыққандардың өзіне құрмет танытуымыз керек болса, онда Ехобаға адал бауырластарымызға одан бетер құрмет танытуымыз керек емес пе?! Киелі кітапта тіпті бауырластарға “бірінші болып құрмет көрсетуіміз” керектігі айтылған (Рим. 12:10). Осылай етуімізбен біз тағы да Ехобаны құрметтейтінімізді көрсетеміз.
13, 14. Қауымда бауырластар бір-біріне қалай құрмет таныту керек? Мысал келтіріңіз. (Суреттерді де қараңыз.)
13 Құрметті қалай таныту керек? Ақсақалдар, бауырластарға тәлім бергенде, оларды жақсы көретіндеріңіз көрініп тұрсын (Флм. 8, 9). Біреуге кеңес беру керек болса, мейлінше жұмсақ, мейірімді болыңыз. Көңіл күйіңіз болмаса не шаршап тұрсаңыз, кеңес беруді басқа уақытқа қалдырғаныңыз дұрыс болады. Әйел бауырластар, біреуді жамандап өсек айтудан не жала жабудан барынша аулақ болыңыздар. Сонда қауымның ынтымақ-бірлігі жарасып, бауырластардың бір-біріне деген сый-құрметі артады (Тит. 2:3—5). Сондай-ақ қауымда ақсақалдарға құрмет көрсету аса маңызды. Оларды барынша қолдап, ауыр еңбектері үшін алғыс айтып жүрейік. Өйткені қауым кездесулерін өткізу, уағыз ісіне жетекшілік ету және “шалыс қадам” жасағандарды түзету өте көп еңбекті талап етеді (Ғал. 6:1; Тім. 1-х. 5:17).
14 Росио деген әйел бауырлас бір ақсақалдың қалай кеңес бергенін ұнатпай қалыпты. Ол былай дейді: “Ол менімен қатал сөйлескендей көрінді. Үйге келген соң, өкпем қара қазандай болып бір бұрқылдап алдым. Қауымда оған ренжігенімді көрсеткен жоқпын. Бірақ кеңесін жақсы ниетпен бергеніне сенбей, айтқандарының ешқайсысын істемей қойдым”. Бұл жағдайда не көмектескенін айтып, Росио былай дейді: “Киелі кітабымды оқып жатып, Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13-тегі сөздер жайлы ойланып қалдым. Сонда әлгі ақсақалға құрмет танытпай жүргенімді түсініп, ар-ұжданым мазалап кетті. Сосын Ехобаға дұға етіп, бұндай жағдайда не істеу керектігіне қатысты әдебиеттерден кеңестер іздедім. Соның арқасында ақсақалым емес, өзім өзгеруім керектігін түсіндім. Маған кішіпейілділік жетіспеген екен. Кішіпейілділік пен құрмет тығыз байланысты. Кішіпейіл болмасаң, біреуге құрмет таныта алмайсың. Маған бұл жағынан әлі де жақсару қажет. Өзгеруге барымды салып жүргеніме Ехоба қуанып жатқанын сеземін”.
Ақсақалдарды барынша қолдап, ауыр еңбектері үшін алғыс айтып жүрсек, оларға құрмет танытқанымыз (13, 14-абзацты қараңыз)
ҚАУЫМНАН ТЫС АДАМДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІҢІЗ
15. Қауымнан тыс адамдарға құрмет таныту неге кейде қиын?
15 Құрмет таныту неге қиын? Қызметте біз Құдай жайлы ойланбайтын, Киелі кітапқа мүлдем қызықпайтын адамдарды кезіктіреміз (Ефес. 4:18). Құдайға сенгенмен, “басқа дін” деп бізден ала тонын ала қашатындар тағы бар. Жұмыста бастықтарға, мектепте мұғалімдерге не істесек те жақпай жататын кездеріміз болады. Ал кейбір әріптестеріміз бен сыныптастарымыз бізді мүлдем ұнатпауы мүмкін. Ондай кездері оларға сыйластықпен қарау оңай емес екені айтпаса да түсінікті.
16. Ехобаға қызмет етпейтін адамдарға құрмет таныту неге маңызды? (Петірдің 1-хаты 2:12; 3:15)
16 Құрмет таныту неге маңызды? Қауымнан тыс адамдарға қалай қарайтынымыз Ехобаға бәрібір емес. Елші Петір айтқандай, олар біздің жақсы жүріс-тұрысымызды көріп, Құдайды мадақтауы мүмкін. Сондықтан оларға сеніміміз жайлы айтқанда, “мұны жұмсақтықпен әрі зор құрметпен істеуіміз” керек (Петірдің 1-хаты 2:12; 3:15 оқыңыз). Біз кез келген адамның алдында, соттың не қарапайым адамның алдында болсын, сенімімізді қорғап сөйлегенде, Ехобаның көз алдында сөйлеп жатқандай сөйлейік. Өйткені Ехоба шынымен де бәрін көріп, бәрін естіп тұр. Бұл қауымнан тыс адамдарға құрмет танытуға келелі себеп емес пе?!
17. Қауымнан тыс адамдарға қалай құрмет танытуымыз керек?
17 Құрметті қалай таныту керек? Қызметте жүргенде Киелі кітап туралы аз не мүлдем білмейтін адамдардың дәрежесін түсіруден барынша аулақ болыңыз. Қайта, олар Құдай үшін де, біз үшін де бағалы екенін көрсетіңіз (Хаг. 2:7; Філіп. 2:3). Егер біреу нанымдарыңызға тіл тигізсе, сөз қайтармаңыз, ақылгөйсініп жатқандай әсер де қалдырмаңыз (Пет. 1-х. 2:23). Артық сөйлеп қойғаныңызды байқасаңыз, бірден кешірім сұраңыз. Ал жұмыста міндетіңізді тиянақты әрі адал атқарыңыз, бастықтарыңыз бен әріптестеріңіздің жақсы жақтарын байқауға тырысыңыз (Тит. 2:9, 10). Оларға сонда да жақпай жүрсеңіз, сіздің адал еңбегіңізді Ехоба бағалайтынын ұмытпаңыз (Қол. 3:22, 23).
18. Неге ештеңеге қарамай өзгелерге құрмет таныта беруіміз керек?
18 Бұл мақалада өзгелерге құрмет танытудың келелі себептерін қарастырдық. Үй ішіндегілерге құрмет танытсақ, отбасына бастама берген Ехобаның өзіне құрмет танытамыз. Бауырластарға көрсеткен құрметіміз де — көктегі Әкемізге көрсетілген құрмет. Ал қауымнан тыс адамдарға құрмет танытсақ, олар бұны көріп Құдайды мадақтауы мүмкін. Өзгелер құрметімізге құрметпен қайтармай жатса, құрмет танытуға тырысып жүргенім кімге керек деп ойлауға асықпаңыз. Құрмет танытқаныңыз Ехоба үшін маңызды. Өйткені ол: “Мені құрметтейтіндерді мен де құрметтеймін”,— деген (Сам. 1-ж. 2:30).
129-ӘН Табанды боламыз
a Кейбір есімдер өзгертілген.