Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 қыркүйек 26—30 бет.
  • “Қай жерге отырғызылсақ та, жайқалып өстік”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Қай жерге отырғызылсақ та, жайқалып өстік”
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехоба мен ойламаған жақсылығымен марапаттады
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Ехоба “жолымды тегістеді”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Қызметіміз тоқтағанда қуанышымыз ортаймасын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Ұлы Тәлімгерден өмір бойы тәлім алып келеміз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 қыркүйек 26—30 бет.
Матс пен Анн-Катрин ауылды жерде көліктерінің қасында тұр.

ӨМІРБАЯН

“Қай жерге отырғызылсақ та, жайқалып өстік”

АЙТЫП БЕРГЕН: МАТС ПЕН АНН-КАТРИН КАССХОЛЬМ

МАТС пен Анн-Катриннің қызмет ететін жерлері көп рет ауысқан. Оларға жаңа жерге үйренісіп, қуанышпен қызмет ете беруге не көмектесті?

Матс пен Анн-Катрин 1979 жылы Ғалақат мектебінде оқып жүргенде, Джек Редфорд деген оқытушы “қай жерге отырғызылсаңдар да, жайқалып өсіңдер” деген кеңес берген екен. Бір жерден екінші жерге отырғызылған өсімдік сияқты Матс пен Анн-Катрин де мектептен кейін қайта-қайта бір жерден екінші жерге тағайындалды. Олар Иран, Маврикий, Мьянма, Танзания, Уганда, Заир сияқты елдерде қызмет етті. Оларға жаңа жерге тамыр жаюға не көмектескенін өз ауыздарынан естиік.

Алдымен, шындықты қалай тапқандарыңызды айтып берсеңіздер.

Матс: Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқанда әкем Польшада тұрған. Сол кездері ол католик шіркеуіндегі екіжүзділікті көріп, көңілі қалған екен. Бірақ ол сонда да “шынайы дін бар” деп айтып жүретін. Әкемнің бұл сөздері рас екеніне бір күні көзім жетті. Мен ұсталған кітаптарды сатып алып, оқуды ұнатушы едім. Бірде “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген көк кітап қолыма тиді. Оның атауы көзіме оттай басылды. Мен оны сол күні-ақ көз ілмей бастан-аяқ оқып шықтым. Осылай бір-ақ түннің ішінде шындықты таптым!

1972 жылдың сәуірінен бастап мен Ехоба куәгерлерінің біраз кітаптарын оқып, талай сұрағыма жауап таптым. Исаның мысалындағы жиһанкез саудагер сияқты, мен де “асыл меруертті” сатып алу үшін өзімде бардың бәрін “сатып жібердім”. Былайша айтқанда, Ехобаға қызмет ету үшін жоғары білім алып, дәрігер боламын деген мақсатымнан бас тарттым (Мат. 13:45, 46). Сөйтіп, 1972 жылдың 10 желтоқсанында шомылдыру рәсімінен өттім.

Бір жыл өтпей жатып ата-анам мен інім де шындықты қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті. Ал 1973 жылдың шілдесінен бастап мен тұрақты ізашар болып қызмет ете бастадым. Анн-Катрин де менің қауымымда тұрақты ізашар болып қызмет ететін. Ол рухани толысқан, сүйкімді қыз еді. Біз бір-бірімізді ұнатып, 1975 жылы үйлендік. Бастапқы төрт жылда біз Швецияның Стрёмсунд қаласында қызмет еттік. Ол өте әдемі қала болатын, адамдары да шындықты ұйып тыңдайтын.

Анн-Катрин: Әкем Стокгольмде университетте оқып жүргенде шындықты естіген. Мен ол кезде үш айлық едім. Сонда да әкем мені қауымға да, уағызға да тастамай алып жүретін. Бірақ бұл анама аса ұнай қоймапты. Ол Ехоба куәгерлері жалған дін екенін дәлелдемекші болыпты. Бірақ онысынан түк шықпаған соң, ақыры өзі де Куәгер болған екен. Ал мен шомылдыру рәсімінен 13 жасымда өтіп, 16 жасымда тұрақты ізашар болдым. Кейін Умеода қажеттілік бар екенін біліп, сол жаққа көшіп кеттім. Сонда қызмет етіп жүргенімде арнайы ізашар болып тағайындалдым.

Матс екеуміз үйленген соң, бірге көп адаммен зерттедік. Олардың кейбірі шомылдыру рәсімінен өтті. Мысалы, Мейвор деген жасөспірім қыз Ехобаға қызмет ету үшін спорттағы мансабын тастады. Кейін ол сіңлімнің ізашар серігі болды. 1984 жылы олар Ғалақат мектебінде оқыды. Қазір екеуі де Эквадорда миссионер болып қызмет етіп жүр.

Түрлі жерде миссионер болып қызмет етіп жүргенде, “қай жерге отырғызылсаңдар да, жайқалып өсіңдер” деген кеңеске құлақ асу үшін не істедіңіздер?

Матс: Жаңа жерге тағайындалған кезде біз үнемі Исаға “тамыр жаюға” тырыстық. Біз оған барынша еліктеп, ол сияқты кішіпейіл болуға ұмтылдық (Қол. 2:6, 7). Жаңа жерге көшіп барғанда жергілікті бауырластар өздері бізге үйренсін демей, өзіміз оларға үйренуге күш салдық. Олардың мәдениетін, қалай ойланатындарын, кейбір нәрселерді неге басқаша істейтіндерін түсінуге тырыстық. Осылай Исаға еліктеген сайын, “сулардың жағасына отырғызылғанымызға” көзіміз жетті. Сондықтан жаңа жерде жайқалып өсе бердік (Зәб. 1:2, 3).

Матс пен Анн-Катрин чемодан мен азын-аулақ тамағын көтеріп алған.

Біз үнемі көшіп-қонып жүрдік

Анн-Катрин: Әдетте ағашты бір жерден екінші жерге отырғызғанда, оған судан бөлек, күннің көзі де қажет. Жаңа жерде біздің “күніміз” Ехобаның өзі болды (Зәб. 84:11). Ехоба сыйлаған бауырластардың ыстық сүйіспеншіліктері мен жылы жүздері жанымызды жылытты. Мысалы, Тегеранда (Иран) қызмет еткен кішкентай қауымымыз өте қонақжай еді. Олардың қонақжайлылығына қарап құдды бір Киелі кітап заманына түсіп кеткендей болдық. Иран бізге қатты ұнап қалды. Бірақ 1980 жылдың шілдесінде үкімет ісімізге тыйым салып, 48 сағаттың ішінде елден кетуге мәжбүр болдық. Сосын біз Африкадағы Заир еліне (қазіргі Конго) тағайындалдық.

Заирдің ауылды жеріндегі қарапайым үй.

Заирде өткен қуанышты сәттеріміз, 1982 жыл

Африкаға тағайындалғанымызды білгенде, бір жылап алдым. Өйткені ол жақта жыландар, неше түрлі ауру бар деп көп естуші едім. Бірақ Африкада біраз жыл қызмет еткен достарымыз: “Алдымен барып көрсеңші. Қара да тұр, саған Африка әлі-ақ ұнап қалады”,— деп жұбатты. Олардың айтқандары дәл келді. Заирдегі бауырластардың сүйіспеншілігі бізді бірден баурап алды. Өкінішке қарай, алты жылдан кейін ісімізге тыйым салынып, ол жақтан кетуімізге тура келді. Сол кезде “Ехоба, мүмкін болса, Африкада қалайықшы” деп дұға еткенімді өзім де байқамай қалдым. Осыдан Африканы қаншалықты жақсы көріп кеткенімді түсініп тұрған шығарсыз.

Қандай баталарға кенелгендеріңізді айтып бере аласыздар ма?

Анн-Катрин көліктерінің қасында жиналмалы орындықта отыр.

Түнейтін көлігіміз (Танзания, 1988 жыл)

Матс: Біз әртүрлі елден келген миссионерлермен қызметтесіп, жақын дос болып кеттік. Қызмет еткен жерлерімізде зерттеу сабақтары өте көп болатын. Анн-Катрин екеуміз 20-20 зерттеу сабағынан өткізген кездеріміз болды. Сол зерттеулерден ерекше қуаныш алушы едік. Африкадағы бауырластардың қонақжайлылығы бір бөлек! Танзанияда қызмет етіп жүргенде, біз бауырластардың үйінің алдына көлігімізді қойып, соның ішінде түнейтінбіз. Бауырластар өте кедей тұратындарына қарамай, өздерінде бардың бәрін бізге әкеліп беретін (Қор. 2-х. 8:3). Күнде кешкісін Анн-Катрин екеуміз күнімен болған жағдайларды айтып, Ехобаға көмегі үшін алғыс білдіретінбіз. Сол кештер өзінше бір ерекше еді.

Анн-Катрин: Миссионерлік қызметіміздің арқасында дүниежүзілік бауырластықтың не екенін көрдік. Біз парсы, француз, луганда, суахили сияқты неше түрлі тіл үйрендік. Әртүрлі мәдениетпен таныстық. Жаңа шәкірттер дайындап, жаңа достар таптық. Олармен бірге Ехобаға иық тіресе қызмет еткенге не жетсін! (Соф. 3:9).

Көздің жауын алатын табиғат әлемін айтсаңызшы! Жаңа жерге барған сайын, саяхатқа шыққандай болатынбыз. Ал жолбасшымыз Ехобаның өзі болды. Ол болмағанда, кім біледі, біз бұл жерлерді ешқашан көрмес пе едік?!

Коллаж: 1. Матс пен Анн-Катрин балаларымен жүрген бір әйелге уағыздап тұр. 2. Анн-Катрин масаи тайпасынан шыққан жігітке уағыздап жатыр.

Танзанияның сан түрлі аумағында уағыздадық

Ал қандай қиындықтар болды және оларды қалай жеңдіңіздер?

Матс: Біз тропикалық аурулардың небір түрімен ауырдық, безгекті де көрдік. Анн-Катринге аяқ астынан ота жасалған кездер де болды. Қартайған ата-анамызды да біраз уақыт уайымдап жүрдік. Бірақ бауырларымыз олардың бар жағдайын жасап, бізге салмақ салмады. Олардың шыдамдылықтарына алғысымыз шексіз (Тім. 1-х. 5:4). Біз де ата-анамызға қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Бірақ сонда да қастарында бола алмағанымыз үшін қынжылатынбыз.

Анн-Катрин: 1983 жылы Заирде қызмет етіп жүргенімізде, мен тырысқақ ауруына шалдығып, бір өлімнен қалдым. Дәрігер Матсқа: “Әйеліңді бүгіннен қалмай бұл жақтан алып кет”,— депті. Содан біз ертесіне жүк ұшағымен Швецияға ұшып кеттік, өйткені басқа ешқандай ұшақ жоқ еді.

Матс: Осымен миссионерлік қызметіміз аяқталған шығар деп қатты көңіліміз түсті, сол үшін жылап та алдық. Қуанышқа орай, дәрігер оңалмайды десе де, Анн-Катриннің денсаулығы жақсарды. Сөйтіп, бір жылдан кейін Заирге қайтып бардық. Бұл жолы Лубумбаши деген қаладағы суахили тіліндегі кішігірім қауымға тағайындалдық.

Анн-Катрин: Лубумбашиде жүргенде аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ көп ұзамай баламды түсіріп алдым. О баста балалы боламыз деп жоспарламасақ та, бұл жағдай маған өте ауыр тиді. Бірақ сол қайғылы шақта Ехоба бізге батасын жаудырды. Бізде зерттеу сабақтары сол кездегідей ешқашан көп болмаған шығар. Бір жылға жетпей қауымдағы жариялаушылардың саны 35-тен 70-ке дейін өсті. Ал қауымға келушілердің саны 40-тан 220-ға артты. Осылай қызметтен қолым босамай, жаралы жаныма жұбаныш таптым. Матс екеуміз дүние есігін ашып үлгермеген сәбиіміз туралы әлі күнге дейін көп айтамыз. Біз Ехоба жан жарамызды түгел жазатын кезді аңсап, күтіп жүрміз.

Матс: Бір кездері Анн-Катрин қатты шаршап, қажып кетті. Сол кезде жығылғанға жұдырық болып, менің қатерлі ісікке шалдыққаным анықталды. Ауруым асқынып, төртінші сатысына өтіп кеткен екен. Сөйтіп, маған күрделі ота жасалды. Бірақ қазір денсаулығым жақсы, Анн-Катрин де Ехобаға қызмет ету үшін қолынан келгенінің бәрін істеп жүр.

1994 жылы Руандада геноцид болғанда, достарымыздың жағдайын білу үшін босқындар лагеріне бардық. Сол кезде қиналып жүрген біз ғана емес екенімізді түсіндік. Лагерьдегі бауырластардың сенімі мен табандылығын, қиын жағдайда да қонақжай болып жүргендерін көріп, қатты таңғалдық. Оларға қарап Ехоба өз қызметшілерін ешқашан тастамайтынына көзіміз жетті (Зәб. 55:22).

Анн-Катрин: Бізге ауыр тиген тағы бір жағдайды айтып берейін. 2007 жылы Угандадағы филиалдың бағышталуына қатысып, Найробиге (Кения) бара жатқанбыз. Автобуста 25 миссионер болдық және қасымызда бірнеше бетелдік бар еді. Кенияның шегарасына жете бергенде, аяқ астынан алдымыздан жүк көлігі шығып, біздің автобусқа келіп соғылды. Жүргізуші мен бес бауырласымыз сол жерде көз жұмды. Ал бір әйел бауырлас сәл уақыттан кейін ауруханада қайтыс болды. Сол аяулы бауырластарымызды қайта көруді аңсап жүрміз (Әйүп 14:13—15).

Сол апаттан мен де жарақат алдым. Одан айығуын айықтым. Бірақ автобустағы басқа бауырластар сияқты Матс екеуміз де сол жағдайдан алған қатты стрестің салдарын біраз уақыт көріп жүрдік. Мысалы, мен түнде жүрегім қысылып, шошып оянатынмын. Сондай кезде жүрегім тоқтап қала ма деп зәрем қалмайтын. Бірақ Ехобаға дұға етіп, Киелі кітаптан тармақтар оқып, жаным жай табатын. Сол уақыттары маманның көмегіне де жүгінуге тура келді, оның да біраз пайдасын көрдік. Түгел арылмасақ та, үрейіміз әжептәуір басылды. Қазір біз апаттан зардап шеккендердің күйін жақсы түсінеміз. Сондай адамдарға жұбаныш беріп, демеу бола білейікші деп Ехобаға дұға етеміз.

Қиналған шақтарыңызда Ехоба сіздерге қалай қамқорлық көрсеткенін айтып бере аласыздар ма?

Матс: Суахили тілінде “шикі жұмыртқадай абайлап ұста” деген сөз бар. Расымен де, біз жұмыртқаны жарып алмас үшін барынша абайлап ұстаймыз ғой. Тура солай Ехоба бізді қайда жүрсек те барынша әлпештеп, қамқорлап жүрді. Не ішеміз, не киеміз демедік. Бізде керегіміздің бәрі болды, тіпті артығымен болды. Басқарушы кеңес те бізді уайымдап, көп қолдау көрсетті. Біз бұны да Ехобаның әкелік мейірімі деп қабылдадық.

Анн-Катрин: Ехобаның қамқорлығын тағы бір жағдайдан көрдік. Бір күні әкем қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалғанын естідік. Матс та ол кезде безгектен енді ғана ес жиып жатқан еді. Швецияға ұшып баратын ақшамыз болмағандықтан, көлігімізді сатамыз деп отырғанбыз. Бірақ күтпеген екі тосын сый болды. Бір ерлі-зайыпты жағдайымызды естіп, бізге хабарласты. Олар бір билетіміздің ақшасын төлеп бере алатынын айтты. Артынан егде тартқан әйел бауырласымыз хабарласты. Ол бір қорапшаның сыртына “Мұқтаж бауырластарға” деп жазып, ішіне ақша салып жүрген екен. Сол жинаған ақшасын ол бізге бере салды. Осылай Ехоба мәселемізді бір-ақ сәтте шешіп берді! (Евр. 13:6).

Толық уақытты қызметте өткізген бақандай 50 жылдың ішінде не үйреніп, не түйдіңіздер?

Матс пен Анн-Катрин бірге бал-бұл жайнап тұр.

Енді біз Мьянмадамыз

Анн-Катрин: Бір түсінгенім, “сабыр сақтап, [Ехобаға] сенім артсаң”, күшке ие боласың. Ехобаға үміт артсаң болды, ол бар қиындығыңмен өзі күреседі (Ишая 30:15; Шеж. 2-ж. 20:15, 17). Біз Ехоба қайда жіберсе, сол жерде барымызды салып қызмет еттік. Соның арқасында небір баталарға бөлендік. Сол баталарды ештеңеге айырбастамас едік.

Матс: Менің ең басты түйгенім, Ехобаға кез келген жағдайда арқа сүйеу маңызды, “сонда ол сенің игілігің үшін әрекет етеді” (Зәб. 37:5). Ехобаның осы уәдесінде тұрмаған бірде-бір кезін көрмеппін. Қазір біз Мьянмадағы Бетелде қызмет етеміз. Бұл жақта да Ехоба бізге барынша көмектесіп жатыр.

Қызмет аясын кеңейткісі келетін жастар да біз сияқты Ехобаның қаншалықты қамқор Құдай екенін көрсе екен дейміз. Егер Ехобаға сенім артатын болса, олар қай жерге отырғызылса да, сөзсіз жайқалып өседі!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу