Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 шілде 20—25 бет.
  • Қолда барға қанағат етудің құпиясын білесіз бе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қолда барға қанағат етудің құпиясын білесіз бе?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • РИЗАШЫЛ БОЛЫҢЫЗ
  • КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ
  • ҮМІТІҢІЗДІ ОЙДА ТҰТЫҢЫЗ
  • “ОДАН ҚОРҚАТЫНДАР ЕШ ТАРШЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ”
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның “тірі Құдай” екенін ұмытпаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Шындықты анықтай аласыз ба?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 шілде 20—25 бет.

31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

111-ӘН Қуануға себеп көп

Қолда барға қанағат етудің құпиясын білесіз бе?

“Мен қандай жағдайда болмайын қолда барға қанағат етуді үйрендім” (ФІЛІП. 4:11).

НЕГІЗГІ ОЙ

Барға қанағат етуді үйренудің жолдары — ризашылықты дамыту, кішіпейіл болу және үмітті ойда тұту.

1. Қанағатшыл болу деген нені білдіреді және нені білдірмейді?

СІЗ өзіңізді қанағатшыл адам деп есептейсіз бе? Ал қанағатшыл адам қандай болады? Ондай адам өзінде барды бағалай білгендіктен, жүрегі тыныш, көңілі тоқ болады. Ол қолда жоқ дүниені ойлап, күйіп-піспейді. Әйтсе де қанағатшыл болу деген “осыған да рақмет” деп, ештеңеге ұмтылмай жүре беруді білдірмейді. Мысал үшін, мәсіхші көбірек қызмет етудің жолдарын іздей береді (Рим. 12:1; Тім. 1-х. 3:1). Бірақ мақсат еткен қызметіне қол жеткізе алмай жатса, қазіргі қызметіне риза болып, қуанышпен атқара береді.

2. Қолда барды місе тұтпау несімен қауіпті?

2 Қолда барды місе тұтпау ешқашан жақсылыққа апармайды. Өздері тойса да, көздері тоймайтын адамдар, керек болсын-болмасын, қалаған заттарын алу үшін күні-түні жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бұндай ашкөздіктің тұзағына мәсіхшілер де түсіп жатады. Кейбір бауырластар “мен де ел қатарлы өмір сүруім керек шығар”, “қашанғы осылай жүре беремін”, я болмаса “кейін қайтарып беремін ғой” деген ойға алданып, біреудің ақшасына қол сұғып, ұрлыққа дейін барған. Бірақ ұрлықтың аты — ұрлық, оған ешқандай ақтау жоқ. Оның үстіне, бұндай әрекет Ехобаның есіміне кір келтіреді (Нақ. с. 30:9). Атқарып жүрген қызметін місе тұтпай, қалаған қызметіне жете алмағандары үшін ашынып, Ехобаға қызмет етпей кеткендер де бар (Ғал. 6:9). Ехобаға бағышталған адамның бұндай күйге жетуіне не себеп? Бәлкім, қанағаттың жоқтығы шығар.

3. Філіпіліктерге 4:11, 12-де жігер беретін қандай ой бар?

3 Қуанышқа орай, қанағатшылдық қасиетін дамытуға болады. Елші Пауыл түрмеде отырғанда: “Мен қандай жағдайда болмайын қолда барға қанағат етуді үйрендім”,— деп жазған (Філіпіліктерге 4:11, 12 оқыңыз). Түрмеде отырса да, Пауыл түңіліп кетпей, көңілі тоқ болған. Өйткені ол “қолда барға қанағат етуді үйреніп”, оның “құпиясын біліп алған”. Барға шүкіршілік ету кейде қиынға соғып жатса, Пауылдың жағдайынан жұбаныш табайық. Оның сөздерінен көретініміздей, қанағат өздігінен келетін қасиет емес, оны үйрену қажет. Ендеше, барға қанағат етудің құпиясын біз де біліп алайық.

РИЗАШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

4. Ризашылық пен қанағаттың қандай байланысы бар? (Салоникалықтарға 1-хат 5:18)

4 Ризашылық болмаса, қанағат та болмайды (Салоникалықтарға 1-хат 5:18 оқыңыз). Барымызды бағалап, соған риза бола білсек, қолымыз жетпей жүрген нәрселерді тым көп ойлап, уайымдамаймыз. Сондай-ақ ризашыл адам атқарып жүрген қызметін қанағат тұтып, оны мейлінше жақсы атқаруға тырысады. Қызметтің басқа түріне ұмтылып жүрген болса, оны тым көп ойлап, шыдамсызданып кетпейді. Киелі кітаптың Ехобаға дұға еткенде үнемі ризашылық білдіруге талпындыратыны бекер емес. Жүрегіміз ризашылыққа толы болса, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” кенелеміз (Філіп. 4:6, 7).

5. Неге исраилдіктердің Ехобаға риза болатындай жөні бар еді? (Суретті де қараңыз.)

5 Исраилдіктермен болған жағдай есімізде шығар. Мысырда жеген тамақтарын аңсап, олар қаншама рет Ехобаға наразылық білдірді (Мұс. 4-ж. 11:4—6). Әрине, шөл даланы өмір сүруге жайлы жер деп айта алмайсың. Бірақ исраилдіктердің Ехобаға риза болатындай жөні бар еді. Ехоба оларды құлдықтың езгісінен босату үшін Мысырға он жаза жіберді. Олар өздерімен бірге алтын-күміс бұйымдар мен киімдер ала шығып, “мысырлықтардың байлығын олжа етті” (Мұс. 2-ж. 12:35, 36). Жаулары арттарынан қуып жеткенде, Ехоба Қызыл теңізді қақ айырып, оларды құрғақ жермен аман-есен өткізді. Шөл даланы кезіп жүргенде де маннасын беріп, күнделікті тамақтандырып отырды. Сонда оларға не жетпеді? Негізінде, оларға тамақ емес, ризашылық жетпеді.

Кейбір исраилдіктер жинап жатқан манналарына көңілдері толмай, Мұсаға наразылық білдіріп жатыр. Қастарында манна жинап жүрген басқа исраилдіктер оларға қарап тұр.

Күңкілдей беретіндей, исраилдіктерге не жетпеді? (5-абзацты қараңыз)


6. Ризашылық қасиетін қалай дамытуға болады?

6 Ал ризашылық қасиетін қалай дамытуға болады? Бұның кем дегенде үш жолы бар. Біріншіден, күнде-күнде “бүгін мен не нәрсе үшін ризамын” деп ойланыңыз. Солардың бірнешеуін тіпті жазып жүрсеңіз болады (Ерм. з. 3:22, 23). Екіншіден, рақмет айтып жүріңіз. Өзгелерге жақсылықтары үшін алғыс айтуға асық болыңыз. Бәрінен бұрын, Ехобаға күнделікті ризашылық білдіріп отыруды ұмытпаңыз (Зәб. 75:1). Үшіншіден, ризашыл адамдармен араласыңыз, сонда сіз де ризашыл боласыз. Ал ештеңеге көңілі толмай, күңкілдей беретін адамдармен аралассаңыз, сіздің де сондай болып кетуіңіз ғажап емес (Мұс. 5-ж. 1:26—28; Тім. 2-х. 3:1, 2, 5). Барлық кезде рақмет айтып, алғыс білдіруді ұмытпасақ, қанағатсыздыққа бой алдыруымыз екіталай.

7. Ачи бауырлас ризашылығын қалай арттырды және мұның қандай пайдасын көрді?

7 Индонезияда тұратын Ачи бауырластың жағдайын алайық. Ол былай дейді: “COVID-19 пандемиясы кезінде өз жағдайымды бауырластардікімен салыстыра бастадым. Сол кезде өзімді бір нәрседен құр қалып жатқандай жаман сезіндім” (Ғал. 6:4). Бұл бауырласқа ойын өзгертуге не көмектесті? Ол былай дейді: “Мен Ехобаның беріп жатқан баталарын күнделікті санамалап жүруді үйрендім. Құдай ұйымында жүргеннің арқасында қандай игіліктерге кенеліп жатқаным жайлы да ойландым. Кейін осының бәрі үшін Ехобаға рақмет айттым. Осылай бірте-бірте көзқарасым жақсарып, өміріме қайтадан көңілім тола бастады”. Егер бірдеңеге көңіліңіз толмай, жағымсыз ойлар маза бермей жүрсе, сіз де не үшін риза бола алатыныңыз жайлы ойланып көріңіз.

КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

8. Барух қанағатсыздықтың тұзағына қалай түсіп қалды?

8 Бірде Еремия пайғамбардың хатшысы Барух та қанағатсыздықтың тұзағына түсіп қалды. Барухтың атқарған қызметі оңай болмаса керек. Ол алғысты білмейтін халыққа Құдайдың үкімін жеткізген Еремияға көмектесіп жүрді. Бірақ Барух Ехобаның тапсырмасынан алаңдап, басқа нәрсені қалап кетті. Сонда Ехоба Еремия арқылы оған: “Өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтылудасың. Бұлай етуді доғар”,— деді (Ерм. 45:3—5). Басқаша айтқанда, “осы күніңе де шүкіршілік ет” деді. Осы сөздерден кейін Барух ойын түзеп, соның арқасында Ехобаның ықыласынан айырылып қалмады.

9. Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7-ге сай, кішіпейіл болсақ нені ұмытпаймыз? (Суреттерді де қараңыз.)

9 Мынадай жағдайды елестетейік. Бір бауырлас қандай да бір қызметке ұмтылып, өзін сол қызметті атқаруға сай келемін деп ойлайды. Шынымен де, оның бұл қызметті атқаруға қабілеті де, тәжірибесі де жетеді. Оның үстіне, ол өте еңбекқор. Бірақ бұл қызметке ол емес, басқа бауырлас тағайындалады. Бұған көңілі түспес үшін бауырластың не істегені дұрыс? Ол Қорынттықтарға 1-хат 4:6, 7-дегі (оқыңыз) сөздер жайлы ой жүгіртіп көрсе болады. Пауыл айтқандай, бізде бар қабілет-дарындардың бәрі — Ехобаның берген сыйы. Біз бұл сыйларға өзгелерден артық болғанымыз үшін емес, Ехобаның рақымының арқасында ғана ие болдық (Рим. 12:3, 6; Ефес. 2:8, 9).

Коллаж: Бауырластар әртүрлі қызмет атқарып жүр. 1. Ер бауырлас ұйымның ғимараттарының бірінде құбырларды тексеріп жатыр. 2. Қыз бауырлас конгресте ым тілінде сұхбат беріп жатыр. 3. Ер бауырлас қауымда баяндама айтып тұр.

Біздегі қабілет-дарындардың бәрі — Ехобаның сыйы (9-абзацты қараңыз)b


10. Кішіпейілділік қасиетін қалай дамытсақ болады?

10 Кішіпейілділік қасиетін дамытқымыз келсе, Исаның үлгісі жайлы терең ой жүгірткеніміз маңызды. Бірде Иса шәкірттерінің аяғын жуып шықты. Бұл жайлы елші Жохан былай деп жазды: “1) Әкесі бәрін өз қолына тапсырғанын және 2) Құдайдан келіп, 3) қайтадан оған баратынын білген Иса. . . шәкірттерінің аяқтарын жуды” (Жох. 13:3—5). Иса ешқашан: “Мен анау-мынау адам емеспін, Құдайдың Ұлымын! Сондықтан олар менің аяғымды жуу керек”,— демеген. Өзін басқалардан артық санап, адамдар бар жағдайымды жасау керек деп те ойламаған (Лұқа 9:58). Ол кішіпейіл болды, сондықтан да барға қанағат ете білді. Расында да, Иса бізге кемел үлгі қалдырды (Жох. 13:15).

11. Кішіпейіл болуға күш салғаны Дэннис бауырласқа қалай көмектесіп жүр?

11 Нидерландыда тұратын Дэннис деген ер бауырлас Исаның кішіпейілділігіне еліктеуге барынша тырысады. Бірақ мұның кейде оңай емес екенін айтып, ол былай дейді: “Біреудің қандай да бір қызметке тағайындалғанын естігенде, “неге мен емес” деп ішім қылп етіп, біртүрлі болып қалатынымды байқадым. Сондай кездері мен кішіпейілділік жайлы зерттеймін. JW Library® қосымшасында ілмек сөз (тег) жасап қойғанмын. Тез тауып, оқып тұру үшін сол жерде кішіпейілділікке қатысты тармақтарды сақтаймын. Телефоныма кішіпейілділік жайлы баяндамаларды да жүктеп алғанмын, соларды да ара-тұра тыңдап жүремінa. Көзім жеткені, қандай қызмет атқарсақ та, өзімізді көрсету үшін емес, Ехобаны дәріптеу үшін істеуіміз керек. Ехоба әрбірімізге өзінің ісіне кішкене де болса да үлес қосуға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ істің бәрін оңғартатын біз емес, Ехобаның өзі”. Егер ұйымдағы орныңызға көңіліңіз толмай жүргенін байқасаңыз, кішіпейілділік қасиетін дамытуға әрекеттеніңіз. Сонда Ехобамен қарым-қатынасыңыз нығаяды, өміріңізге де көңіліңіз толады (Жақ. 4:6, 8).

ҮМІТІҢІЗДІ ОЙДА ТҰТЫҢЫЗ

12. Көңіліміз қашанда тоқ болу үшін не жайлы ой жүгірткеніміз маңызды? (Ишая 65:21—25)

12 Алда күтіп тұрған жарқын болашақ жайлы ой жүгіртуді ұмытпасақ, барға шүкір етіп, көңіліміз тоқ болады. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба қандай қиындықтарға кезігіп жатқанымызды білетінін және болашақта сол қиындықтарды жоятынын айтқан (Ишая 65:21—25 оқыңыз). Біз жұмақта жайлы үйімізде алаңсыз өмір кешеміз. Жұмысымызды сүйіп істейміз, жейтін тамағымыз да өте дәмді әрі пайдалы болады. Өзіміздің де, балаларымыздың да қауіпсіздігін ойлап ешқашан уайымдамаймыз (Ишая 32:17, 18; Езек. 34:25). Бізді неткен ғажап, бейқам өмір күтіп тұр!

13. Үмітіміз жайлы әсіресе қай кезде ойланғанымыз маңызды?

13 Үмітімізді естен шығармай, ой жүгіртіп жүру әсіресе қазір маңызды. Өйткені біз “соңғы күндері” өмір сүріп жатырмыз, көріп жатқан қиындықтарымыз да “ерекше қиын” (Тім. 2-х. 3:1). Сол қиындықтарды еңсеруіміз үшін Ехоба бізді күнделікті қолдап, ақыл-кеңесін айтып, күш беріп келеді (Зәб. 145:14). Бұдан бөлек, ол бізге қиын шақта демеу болсын деп үміт те сыйлаған. Сіз қазір қандай қиындыққа кезігіп жүрсіз? Отбасымды қалай асыраймын деп, ақшаңызды қалай жеткізеріңізді білмей жүрсіз бе? Бұл енді сіз жейтін наныңызды өмір бақи тірнектеп жүріп табасыз деген сөз бе? Әрине, жоқ. Өйткені Ехоба жұмақта сізге бәрін үйіп-төгіп береді (Зәб. 9:18; 72:12—14). Я болмаса аурудың, депрессияның, қарттықтың салдарынан қиналып жүрсіз бе? Бұл енді сіз өмір бақи осылай қиналып өтесіз дегенді білдіре ме? Жоқ! Өйткені жаңа дүниеде ауру мен өлім құрып жоқ болады (Аян 21:3, 4). Осы тамаша үмітіміз санамызда жаңғырып тұрса, өмірден баз кешіп, түңіліп кетпейміз. Басымызға қандай күн туса да, сабыр етіп, барға шүкіршілік етеміз. Әділетсіздік көріп жүрсек, жақынымыздан айырылып қалсақ, ауруға шалдықсақ не басқа да қиындыққа кезіксек, мынаны ұмытпайық: “көріп жатқан қиындықтарымыз уақытша” және жұмақта олар із-түссіз жоғалады (Қор. 2-х. 4:17, 18).

14. Үмітіміз берік болу үшін не істеуіміз керек?

14 Қанағатпен тікелей байланысы болғандықтан, үмітіміздің берік болғаны маңызды. Алыстағы нәрселерді анығырақ көру үшін кейде көзәйнек кию қажет. Үмітіміз алдағы жұмақты анығырақ көруге көмектесетін осындай көзәйнек сияқты. Мысалы, қаржы жағынан қиналып жүрген болсаңыз, жұмақта ақша, қарыз, экономикалық теңсіздік деген атымен болмайтыны жайлы ойланып, сол өмірді елестетіп көріңіз. Ал қандай да бір қызметке қолым жетпей жүр деп көңіліңіз түссе, мына жайлы ойланыңыз: болашақта кемелділікке жетіп, Ехобаға мыңдаған жылдар бойы ғибадат етіп жүргенде қандай қызмет атқаратынымыз мүлдем маңызды болмайды (Тім. 1-х. 6:19). Рас, санаңды уайым шырмап тұрғанда, ойыңды бұрып, болашақтағы баталар жайлы ойлану оңай емес. Бірақ күш сала берсеңіз, уақыт өте бұған миыңыз үйренеді. Кейін санаңызды уайым торлай бастағанда, болашақ жайлы жағымды ойлар күш салмастан өзі-ақ келеді.

15. Криста бауырластың сөздерінен не түйеміз?

15 Жоғарыда аталған Дэннистің әйелі Криста үмітінен күш алып жүр. Ол былай дейді: “Бұлшық еттерім күннен күнге әлсіреп, денемді игере алмаймын. Әрі-бері тек мүгедектер арбасымен қозғаламын, бірақ көбіне төсекке таңылып жатамын. Бұл ауру күнде жанымды көзіме көрсетеді. Жақында дәрігерім жағдайым оңалады деуге еш үміт жоқ екенін айтты. Сонда мен бірден бұл адамдарда үміт жоқ қой дедім. Ал менің үмітім бар, жарқын болашағымды ойласам жаным жайланады. Қазір осы зұлым дүниеде мен өмірдің азабын тартып жүрмін, бірақ жаңа дүниеде өмірдің тек рақатын көретін боламын!”

“ОДАН ҚОРҚАТЫНДАР ЕШ ТАРШЫЛЫҚ КӨРМЕЙДІ”

16. Дәуіт патша Ехобадан қорқатындар “еш таршылық көрмейді” деп не үшін айтқан?

16 Ехобаның қызметшілері барға қанағат етіп жүрсе де, көп қиындық көреді. Мысалы, Дәуіт патшаны алайық. Киелі кітаптан оның үш ұлынан айырылғанын білеміз. Оны сатып кеткендер де, жақсы атын қаралап, жала жапқандар да көп болды. Ол қаншама жыл жанын шүберекке түйіп, бассауғалап қашып жүрді. Қиындықтан бас көтере алмай жүрсе де, Дәуіт Ехоба жайлы: “Одан қорқатындар еш таршылық көрмейді”,— деген (Зәб. 34:9, 10). Бұлай деген себебі, ол Ехоба бар қиындықтан қорғамаса да, мұқтаж кезінде қажетін беретініне нық сенді (Зәб. 145:16). Біз де басымызға қандай қиындық түспесін, Ехоба әрдайым қолдап-демейтініне сенімді болайық. Сонда кез келген жағдайда жанымыз тыныш, көңіліміз тоқ болады.

17. Қолда барға қанағат етуді үйрене беруге не үшін бел будыңыз?

17 Ехоба біздің өмірден қуаныш алып, көңіліміз тоқ жүргенін қалайды (Зәб. 131:1, 2). Ендеше, әрі қарай да барға қанағат етуді үйрене берейік. Ол үшін ризашылықты дамытайық, кішіпейіл болайық және үмітімізді ойда тұтайық. Сонда “Мен дән ризамын!” деуге қашанда асық боламыз (Зәб. 16:5, 6).

... БАРҒА ҚАНАҒАТ ЕТУГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

  • Ризашыл болғанымыз

  • Кішіпейіл болғанымыз

  • Үмітімізді ойда тұтқанымыз

118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”

a Мысалы, jw.org сайтынан “Ехоба кішіпейіл қызметшілерін қамқорлайды” және “Көкіректік — күйреудің басы” деген таңғы ғибадаттарды көрсеңіз болады.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас ұйымның ғимараттарының бірінде жөндеу жұмыстарын жасап жүр, ым тілін үйренген қыз бауырлас конгресте сұхбат беріп жатыр, ер бауырлас көпшілікке арналған баяндама айтып тұр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу