Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 шілде 26—30 бет.
  • “Бұл — Ехобаның шайқасы”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Бұл — Ехобаның шайқасы”
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • МИССИОНЕРЛІК РУХЫ ЖАЛЫНДАҒАН АТА-АНАМНЫҢ ТӘРБИЕСІ
  • БАС БАСҚАРМАДАН БІР-АҚ ШЫҚТЫМ!
  • ЗАҢ ӘЛЕМІНЕ АЯҚ БАСУЫМ
  • ІЗГІ ХАБАРДЫ ҚОРҒАУ МЕН ОНЫ ЗАҢДАСТЫРУ
  • ЕХОБА, РАҚМЕТ!
  • Ғибадат ету бостандығы үшін күрес
    Құдай Патшалығы билік етуде!
  • Заң мәселелері жөніндегі есеп
    2016 жылғы Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
  • Құдайдың үкіметіне ғана адалмыз
    Құдай Патшалығы билік етуде!
  • Өткен жылдың айтулы оқиғалары
    2013 Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 шілде 26—30 бет.
Филип Брамли.

ӨМІРБАЯН

“Бұл — Ехобаның шайқасы”

АЙТЫП БЕРГЕН: ФИЛИП БРАМЛИ

2010 ЖЫЛЫ 28 қаңтар күні Францияның Страсбург қаласында өте әдемі көшелермен келе жаттым. Өкінішке қарай, мен мұнда саяхаттау үшін келген жоқпын. Біз бірнеше бауырлас болып Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа (АҚЕС) келдік. Бұл сотта Ехоба куәгерлерінің құқығын қорғау оңайға соғайын деп тұрған жоқ еді. Өйткені Франция үкіметі бізден анау-мынау емес, 64 000 000 евро (89 000 000 АҚШ доллары) көлемінде салық төлеуді талап етті! Ақша мейлі ғой, Ехобаға не оның халқына кір келіп жүрмей ме, бұдан кейін еркін ғибадат ете аламыз ба деген де уайымымыз болды. Бірақ осы жолы да “бұл — Ехобаның шайқасы” екеніне көзіміз жетті (Сам. 1-ж. 17:47). Қазір бәрін рет-ретімен айтып берейін.

Бұл даудың басы сонау 1999 жылы басталды. Франция үкіметі 1993—1996 жылдары филиалға келіп түскен садақаларға негізсіз салық салды. Біз бұл мәселе бойынша Францияның талай сотына жүгіндік. Бірақ бұдан түк шықпады. Апелляциялық соттан жеңілген соң, үкімет филиалдың шотынан төрт жарым миллионнан астам евро тәркіледі (6 300 000 АҚШ доллары). Енді бар үмітіміз АҚЕС-те болды. Ісіміз қарастырылмас бұрын, АҚЕС-тің талабы бойынша, біз Франция заңгерлерімен және АҚЕС-тің өкілімен кездесіп, бітімге келуге тырысып көрдік.

Алғашқыда АҚЕС-тің бұл талабын орындаудан тартындық. Өйткені АҚЕС-тің өкілі бізге қысым көрсетіп, салынған салықты түгел болмаса да, қандай да бір сомасын төлеуге көндіре ме деп қорықтық. Патшалықтың ісін қолдау үшін берілген садақалар үкіметке тиесілі болмағандықтан, үкіметке тіпті бір евро берудің өзі Киелі кітапқа қайшы екенін түсініп тұрдық (Мат. 22:21). Десе де біз АҚЕС-тің ережесіне бағынып, кездесуге бардық.

Заңгер бауырластармен АҚЕС-тің алдында тұрмыз, 2010 жыл

Бұл кездесу салтанатты әрі кең мәжіліс залында өтті. АҚЕС-тің өкілі келе сала Ехоба куәгерлері Францияға салықтың қандай да бір бөлігін төлеуге тиісті болатынын кесіп айтты. Сол кезде “Франция үкіметі бізден онсыз да төрт жарым миллионнан астам евро тәркілеп алғанын білген бе едіңіз?” деген сұрақ аузымыздан қалай шыққанын байқамай қалдық.

Бұны естіп, АҚЕС-тің өкілі жағасын ұстады. Франция заңгерлері ақша тәркілегендерін растағанда, өкіл оларға зекіп тастады да, кездесуді сол мезетте аяқтады. Жағдайды қас қағымда осылай өзгертіп жіберген Ехобаның өзі екенін анық түсіндім. Сөйтіп, бұл өңіміз бе, түсіміз бе деп, сенер-сенбесімізді білмей, мәжіліс залынан шығып кеттік.

2011 жылдың 30 маусымында АҚЕС істі біздің пайдамызға шешті. Сот шешімі бойынша, бізге салынған салық заңсыз деп табылып, Франция үкіметі тәркіленген қаражатты қайтаруға, тіпті айыппұл төлеуге міндеттелді. Осы тарихи шешімнің арқасында Франциядағы бауырластар күні бүгінге дейін Ехобаға алаңсыз ғибадат етіп келеді. Кезінде Дәуіт кішкентай ғана бір таспен Ғолиятты сұлатқанындай, АҚЕС-тің өкіліне қойған қарапайым ғана бір сұрағымыз жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді. Өйткені, Дәуіт айтқандай, “бұл — Ехобаның шайқасы”, біздің емес (Сам. 1-ж. 17:45—47).

Бұл біздің жалғыз жеңісіміз емес. Неше түрлі ірі-ірі мемлекеттер мен діни ұйымдармен соттасып, 70 елдің жоғарғы сотында және бірнеше халықаралық сотта 1225 істі жеңгенбіз. Сол жеңістердің арқасында ресми тіркеуден өту, уағыздау, патриоттық іс-шараларға қатысудан және қаннан бас тарту сияқты негізгі құқықтарымыз қорғалып келеді.

Негізі, мен Құрама Штаттардағы Ехоба куәгерлерінің бас басқармасында қызмет етемін. Енді Еуропалық сотта не істеп жүргенімді айтып берейін.

МИССИОНЕРЛІК РУХЫ ЖАЛЫНДАҒАН АТА-АНАМНЫҢ ТӘРБИЕСІ

Ата-анам Джордж бен Люсиль Ғалақаттың 12-сыныбының түлектері. 1956 жылы олар Эфиопияда қызмет етіп жүргенде, дүниеге мен келдім. Әпкем Джудит пен ағам Лесли де осы жақта туылған. Ата-анам менің атымды Киелі кітаптағы ізгі хабарды жариялаушы Філіптің құрметіне қойған (Ел. іс. 21:8). 1957 жылы үкімет біздің ісімізге тыйым салды. Кішкентай болсам да, отбасымның Ехобаға жасырын түрде ғибадат еткені есімде қалыпты. Бала болған соң ба, мен мұны ойын көретінмін. Өкінішке қарай, 1960 жылы біз елден қуылдық.

Нейтан Норр (сол жақта) үйімізде қонақта, 1959 жыл (Аддис-Абеба, Эфиопия)

Содан біз АҚШ-тың Канзас штатындағы Уичито қаласына көшіп бардық. Ата-анам миссионерлік рухтарын ешқашан жоғалтқан емес. Олар бізге Ехобаны жақсы көруді, оған бар жүрекпен қызмет етуді үйретті. Мен 13 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Үш жылдан кейін отбасымызбен қызмет аясын кеңейтіп, Перудегі Арекипа қаласына көшіп кеттік.

1974 жылы Перу филиалы мені және тағы төрт ер бауырласты арнайы ізашар етіп тағайындады. Ол кезде мен небәрі 18 жастамын. Біз Анд тауларының басындағы адам аяғы баспаған жерлерге барып уағыздадық. Ол жақта кечуа және аймара сияқты байырғы халықтар тұратын. Біздің моторлы үйіміз болды. Ол төртбұрышты болғандықтан, оны Нұхтың кемесіне ұқсатып “кеме” деп атап кеттік. Біз байырғы халықтарға Киелі кітаптан тармақтар көрсетіп, Ехоба жақын арада кедейлікті, ауру мен өлімді жоятынын айтып жүрдік (Аян 21:3, 4). Олардың көбісі хабарымызға құлақ асты. Сол кездерді мен әлі күнге дейін жылулықпен еске аламын.

Суда кетіп бара жатқан моторлы үй.

Моторлы үйіміз, 1974 жыл

БАС БАСҚАРМАДАН БІР-АҚ ШЫҚТЫМ!

1977 жылы Перуге сол кездегі Басқарушы кеңестің мүшесі Альберт Шрёдер келді. Ол маған бас басқармадағы Бетелге өтініш толтырып көруді ұсынды. Мен ол айтқандай істедім. Сөйтіп, 1977 жылдың 17 маусымында Бруклиндегі Бетелде қызмет ете бастадым. Ол жерде төрт жыл бойы тазалық және техникалық қызмет көрсету бөлімде қызмет еттім.

Үйленген күніміз, 1979 жыл

1978 жылдың маусымында Жаңа Орлеанда (Луизиана) өткен халықаралық конгреске барып, Элизабет Авалон деген қыз бауырласпен таныстым. Ол да мен сияқты шындықта өскен. Ол толық уақытты қызметті өмір жолы етіп таңдап, төрт жылдан бері тұрақты ізашар болып қызмет етіп жүр екен. Екеуіміз хабарласып, араласып жүріп, бір-бірімізді жақсы көріп қалдық. Сөйтіп, біз 1979 жылдың 20 қазанында үйлендік. Кейін Элизабет те менімен бірге Бетелде қызмет ететін болды.

Біз алғашында “Бруклин Испан” қауымында қызмет еттік, кейін тағы үш рет қауымымыз ауысты. Қай қауымда қызмет етсек те, бауырластарымыз бен достарымыз бізді қолдап, көмектерін аямады. Олар бізді бетелдік қызметін алаңдамай атқарсын деп, тіпті қартайған ата-анамызға қарайласты.

Филип бауырластың бетелдіктермен қауымда түскен суреті.

“Бруклин Испан” қауымындағы бетелдіктер, 1986 жыл

ЗАҢ ӘЛЕМІНЕ АЯҚ БАСУЫМ

1982 жылдың қаңтарында заң бөліміне тағайындалдым, бұлай болады деп еш күтпедім. Үш жылдан кейін ұйымның нұсқауымен университетке түсіп, заңгерлік білім алдым. Біз сабақта Ехоба куәгерлерінің пайдасына шешілген елеулі сот отырыстарын егжей-тегжейлі қарастырдық. Ехоба куәгерлерінің арқасында Құрама Штаттардағы және басқа елдердегі қаншама адамның негізгі құқықтары қорғалғанын біліп, қатты таңғалдым.

1986 жылы 30 жасымда заң бөлімінің бақылаушысы болып тағайындалдым. Мен бұған бір жағынан қуансам, бір жағынан уайымдадым, өйткені бұл қызмет оңай болмайтынын түсіндім.

1988 жылы университетті тамамдап, кәсіби адвокат болдым. Бірақ жоғары білім Ехобамен қарым-қатынасыма қауіп төндіргенін аңғармай да қалыппын. Жоғары білім алған адам жоғары білімі жоқтарды төмен санауға, өзгелерге өз дегенін істетуге бейім болып кетеді екен. Сол кезде есімді жиюға көмектескен Элизабетке алғысым шексіз. Ол маған бұрынғы рухани әдеттерімді қайтадан қолға алуға көмектесті. Сөйтіп, бірте-бірте рухани күйім қалпына келе бастады. Көзім жеткені, басыңды құр білімге толтырғаннан еш пайда жоқ. Ехобаны жақсы көріп, онымен дос болу, аяулы бауырластарымызды бағалау — міне, өмірдегі ең маңыздысы сол.

ІЗГІ ХАБАРДЫ ҚОРҒАУ МЕН ОНЫ ЗАҢДАСТЫРУ

Университетті бітіргеннен кейін, мен Бетелдегі заңи мәселелерді шешуге, соттарда Ехоба куәгерлерінің құқықтарын қорғауға білек сыбана кірістім. Өзгерістер жиі әрі тез болатын ұйымда бұл қызметтің қызығы да, қиындығы да көп болды. Сол өзгерістердің біреуін айтып берейін. 1990 жылы ұйым әдебиеттеріміз үшін адамдардан садақа алуды тоқтатып, оларды тегін таратудың жолын іздеді. Салық төлеумен байланысты қиындықтар туындап жүрмес үшін, бауырластар заң бөлімімен ақылдасты. Осы өзгерістің арқасында Бетелдегі де, танаптағы да жұмыс едәуір жеңілдеді. Бұл шешім бізді әлі күнге дейін қажетсіз салық төлеуден қорғап келеді. Басында кейбір бауырластар бұл өзгеріс ісімізге кері әсер етеді деп қорыққан еді. Олар әдебиеттер шығаруға қаржы жетпей, уағыз ісіміздің қарқыны бәсеңдеп қалар деп уайымдады. Бірақ бәрі керісінше болды! 1990 жылдан бері Құдай халқының саны екі есеге артты. Өмірді құтқаратын ағыл-тегіл рухани ас та адамдарға су тегін жетіп жатыр. Өзім талай рет куә болған соң, ауыз толтырып айта аламын: Ехобаның көмегімен және адал да ақылды құлдың жетекшілігімен ұйымдағы өзгерістер әрдайым оң нәтиже әкеледі (Мұс. 2-ж. 15:2; Мат. 24:45).

Әрине, заңгерлеріміз өз ісінің білікті мамандары. Бірақ соттың шешіміне жиі бұл емес, бауырластардың жақсы жүріс-тұрысы көбірек ықпал етіп жатады. Бір жағдай бұған көзімді әбден жеткізді. 1998 жылы Кубада өткен бірнеше арнайы конгреске Басқарушы кеңестің үш мүшесі әйелдерімен келді. Сол кезде олар билік өкілдерімен кездесіп, мәсіхшілік бейтараптығымыз жайлы сөйлесті. Заңгерлеріміздің ресми кездесулерінен гөрі, Басқарушы кеңес мүшелерінің жұмсақтығы мен танытқан құрметі оларға көбірек әсер етіп, жүректерін жібітті.

Біз мәселені әрдайым бейбіт жолмен шешуге тырысамыз, бірақ бұлай шешілмесе, сотқа жүгінуден басқа амалымыз қалмайды. Осылай біз “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыру” үшін бәрін істейміз (Філіп. 1:7). Мысалы, Еуропаның кей елдері мен Оңтүстік Корея үкіметі Куәгерлерге ар-ұждан бойынша әскерге барудан бас тартуға қанша жыл рұқсат бермей келді. Соның салдарынан бауырластардың құқығы тапталып, Еуропада 18 000-дай, ал Оңтүстік Кореяда 19 000-дай ер бауырлас түрмеге жабылды.

Ақырында, 2011 жылы 7 шілдеде АҚЕС-те “Баятян Арменияға қарсы” ісі қарастырылып, біздің пайдамызға шешілді. Бұл тарихи шешім бүкіл Еуропа елдерін баламалы азаматтық қызметке рұқсат беруге міндеттеді. Ал 2018 жылы 28 маусымда Оңтүстік Кореяның Конституциялық Соты осыған ұқсас шешім шығарды. Бұл жеңістерде жас ер бауырластардың да үлесі көп. Егер олардың бір-екеуі болса да мәсіхшілік бейтараптық сақтамағанда, біз мұндай жеңіске ешқашан жетпес едік.

Бас басқармада және дүниежүзіндегі заң бөлімдерінде қызмет ететін бауырластар Патшалықтың мүддесін қорғау үшін аянбай еңбектеніп жүр. Үкімет тарапынан қарсылыққа кезіккен бауырластарды қорғау біз үшін үлкен мәртебе. Сот істерінде жеңіске жетсек те, жетпесек те, ең бастысы, билеушілер мен патшаларға және түрлі адамдарға куәлік беріледі (Мат. 10:18). Өйткені сот ісіне қатысты құжаттардан, соттың алдында айтқан сөздерімізден судьялар, билік өкілдері, журналистер мен басқа да адамдар Киелі кітаптан келтірілген қаншама тармақтарды көріп, естиді. Соның арқасында ақжүрек адамдар Ехоба куәгерлерінің шын мәнінде кім екенін және олардың нанымдары жайлы біліп жатыр. Кейбірі тіпті қатарымызға қосылып та жатыр.

ЕХОБА, РАҚМЕТ!

Соңғы 40 жылда мен заң мәселесі бойынша дүниежүзіндегі түрлі филиалдармен қызметтестім. Сондай-ақ талай рет жоғарғы соттың алдында және беделді билеушілердің алдында тұрдым. Бұның бәрін мен мәртебе санаймын. Бас басқармада және бүкіл дүниежүзіндегі заң бөлімінде қызмет ететін бауырластарымды жақсы көремін. Ехобаның жарылқауымен өмірім мән-мағынаға толы деп ауыз толтырып айта аламын.

Филип пен Элизабет Брамли.

Бірге өткізген 45 жылда сүйікті жарым Элизабет қуанышта да, қайғыда да қасымнан табылды. Өз ауруымен арпалысып жүрсе де, барын салып мені қолдап жүргені үшін оған шексіз ризамын.

Біз сот істерін өз күшімізбен емес, Ехобаның күшімен жеңіп келеміз. Дәуіт айтқандай: “Ехоба — өз халқының күш-қуаты”. Бұған менің талай көзім жетті! (Зәб. 28:8). Шынымен де, “бұл — Ехобаның шайқасы”.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу