Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 мамыр 20—25 бет.
  • Ехобаның есімі Иса үшін бәрінен де маңызды

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның есімі Иса үшін бәрінен де маңызды
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “ОЛАРҒА ЕСІМІҢДІ АШТЫМ”
  • “МАҒАН БЕРГЕН ӨЗ ЕСІМІҢ”
  • “ӘКЕ, ЕСІМІҢДІ ДАҢҚТАЙ КӨР”
  • “МЕН ЖАНЫМДЫ ҚИЯМЫН”
  • “МАҒАН ТАПСЫРҒАН ІСІҢДІ АЯҚТАДЫМ”
  • Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • “Ехобаның есімін даңқтаңдар!”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • “Шындықтың Құдайы” өз сөзіне берік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 мамыр 20—25 бет.

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!

Ехобаның есімі Иса үшін бәрінен де маңызды

“Оларға есіміңді аштым және аша беремін” (ЖОХ. 17:26).

НЕГІЗГІ ОЙ

Иса шәкірттеріне Ехобаның есімін ашқан және сол есімді ақтап, киелі ету үшін бәріне дайын болған.

1, 2. а) Өлімге кесілетін түні Иса не істеді? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

Б. З. 33 жылы, 14-нисан. Бейсенбінің кеші. Иса елшілерімен жоғарғы бөлмеде соңғы рет ас ішіп отыр. Иса осы түні оған сатқындық жасалатынын жақсы білді. Ол әділетсіз сотталып, бағанада азапталып өлмек еді. Елшілермен ас ішіп болған соң, Иса олардың рухын қайрап, соңғы өсиетін айтты. Ал сол жерден кетпей тұрып, ол сәл кідірді де Ехобаға ерекше дұға етті. Оның бұл дұғасы Жохан 17-тарауда жазылған.

2 Бұл мақалада біз Исаның осы дұғасының кейбір тұстарына назар аударамыз. Өлер алдындағы түні Иса нені қатты уайымдады? Ал жерге келгенде оның басты мақсаты не болды? Қазір осы сұрақтардың жауабын алайық.

“ОЛАРҒА ЕСІМІҢДІ АШТЫМ”

3. Иса шәкірттеріне қай мағынада Ехобаның есімін ашқан? (Жохан 17:6, 26)

3 Иса дұғасында Ехобаға: “Адамдарыңа есіміңді аштым”,— деген. Кейін ол бұл сөздерін тағы қайталаған (Жохан 17:6, 26 оқыңыз). Сонда шәкірттері Құдайдың есімін білмеген бе? Исаның шәкірттері яһуди болғандықтан, олар Құдайдың есімі Ехоба екенін жақсы білетін. Өйткені еврей жазбаларында Ехоба деген есім мыңдаған рет кездеседі. Онда Иса қай мағынада шәкірттеріне Құдайдың есімін ашқан? Иса оларға Құдайдың қандай тұлға екенін, атап айтқанда: оның ниетін, істерін, қасиеттерін — ашқан. Расында да, Ехобаның қандай тұлға екенін Исадан артық білетін кім бар?!

4, 5. а) Неге кейбір адамдардың есімі бізге ыстық естіледі? Мысал келтіріңіз. ә) Исаның шәкірттері Ехоба деген есімнің артында қандай тұлға тұрғанын ненің арқасында жақсырақ түсінді?

4 Бір мысал келтірейік. Қауымыңызда Данияр деген ақсақал бар делік. Сіз оны біраз жылдан бері танисыз. Ол ауруханада хирург болып жұмыс істейді. Бір күні сіз көлік апатына ұшырап, өміріңіз қыл үстінде тұрады. Сонда Данияр бауырлас ота жасап, сізді өлім аузынан алып қалады. Бұл жағдайдан кейін Данияр бауырластың аты сізге ыстық естілері сөзсіз. Енді сіз оған тек ақсақал деп қана емес, өміріңізді құтқарған адам деп қарайсыз.

5 Тура солай Исаның шәкірттері Ехоба Құдайды жақсы білген. Бірақ Иса жерге келгенде, олар Ехоба деген есімнің артында қандай тұлға тұрғанын одан да жақсырақ түсінген. Өйткені Иса көктегі Әкесінің болмысын айна қатесіз қайталаған. Шәкірттер Исаның берген тәліміне, адамдарға жасаған жақсылығына қарап, Ехобаның қандай тұлға екенін біле түскен (Жох. 14:9; 17:3).

“МАҒАН БЕРГЕН ӨЗ ЕСІМІҢ”

6. Ехоба қай мағынада Исаға өз есімін берген? (Жохан 17:11, 12)

6 Иса шәкірттері жайлы Ехобадан: “Маған берген өз есімің үшін оларды қорғай көр”,— деп өтінген (Жохан 17:11, 12 оқыңыз). Бұл сөздер енді Исаның да есімі Ехоба болады дегенді білдірді ме? Жоқ. Онда Ехоба қай мағынада Исаға өз есімін берген? Біріншіден, Ехоба Исаны өз атынан сөйлейтін өкіл етіп тағайындаған. Сондықтан Иса жерге Ехобаның атынан келіп, оның атынан көп кереметтер жасаған (Жох. 5:43; 10:25). Екіншіден, Ехоба Исаға өз есімін қамтитын “Ехоба Құтқарушы” деген есім берген.

7. Неге Иса Ехобаның атынан сөйлеуге құзырлы болған? Мысал келтіріңіз.

7 Мысалы, ел президентінің өкілін алайық. Әдетте өкіл президенттің атынан сөйлеуге құзырлы. Сондықтан өкілдің айтқаны президенттің айтқанымен тең. Тура солай Иса Ехобаның атынан келген өкіл болғандықтан, оның атынан сөйлеуге құзырлы болған (Мат. 21:9; Лұқа 13:35).

8. Неге Иса жерге келмей тұрып та Ехобаның атынан әрекет еткен дей аламыз? (Мұсаның 2-жазбасы 23:20, 21)

8 Киелі кітапта Иса “Сөз” деп аталған. Ол Ехобаның көктегі және жердегі қызметшілеріне оның атынан нұсқаулар жеткізіп отырған (Жох. 1:1—3). Исраилдіктер Мысырдан шыққанда, халықты бастап алып, қорғап жүрген періште Иса болса керек. Ехоба исраилдіктерге сол періште жайлы былай деген: “[Оның] айтқандарын тыңда... Ол менің атымнан әрекет етеді”a (Мұсаның 2-жазбасы 23:20, 21 оқыңыз). Ехоба бұл сөздерімен Иса өзінің өкілі екенін анық көрсетті. Ехобаның өкілі ретінде Исаның бірден-бір мақсаты Әкесінің есімін қорғап, киелі ету еді.

“ӘКЕ, ЕСІМІҢДІ ДАҢҚТАЙ КӨР”

9. Ехобаның есімі Иса үшін қаншалықты маңызды болды? Түсіндіріңіз.

9 Көргеніміздей, жерге келмей тұрып та Иса Әкесінің есімін бәрінен маңызды санаған. Жерге келгенде де ол не істемесін, бәрін Әкесінің есімін даңқтау үшін істеген. Тіпті қызметі аяқталар шағында Иса Ехобаға: “Әке есіміңді даңқтай көр”,— деген. Сол кезде Ехоба бірден көктен үн қатып: “Мен оны даңқтадым, тағы да даңқтаймын”,— деген (Жох. 12:28).

10, 11. а) Иса Ехобаның есімін қалай даңқтады? (Суретті де қараңыз.) ә) Ехобаның есімін киелі етіп, ақтап алу не үшін қажет болды?

10 Иса жер бетінде Әкесінің есімін барынша даңқтап жүрген. Мысалы, ол адамдарға Ехобаның тамаша қасиеттері мен жасаған керемет істері жайлы айтып, куәлік етті. Бірақ Ехобаның есімі толық даңқталу үшін оның есімі ақталып, киелі болу керек еді. Бұның қаншалықты маңызды екенін көрсету үшін Иса шәкірттеріне: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі болсын!”— деп дұға етуді үйреткен (Мат. 6:9).

11 Ехобаның есімін киелі етіп, ақтап алу не үшін қажет болды? Едем бағында болған жағдайды еске алсақ, Шайтан Ехобаға небір жала жауып, атын қаралап, оны жаманатты етті. Ол Ехобаны өтірікші деп, Адам мен Хауадан жақсы бір нәрсені жасырып отыр деді. Сөйтіп, Ехобаның билігі әділетсіз дегенге сайды (Мұс. 1-ж. 3:1—5). Бұл аздай, Әйүптің күндерінде Шайтан Ехобаның қызметшілерін де қаралап, олар Ехобаны жақсы көргендіктен емес, бір нәрсе дәметкендіктен ғана қызмет етеді деп шықты. Ол бұнымен тоқтамай, қызметшілері қиындыққа тап бола қалса, Ехобадан теріс айналатынын айтты (Әйүп 1:9—11; 2:4). Енді кім өтірікші — Ехоба ма, Шайтан ба — бұл анықталу үшін уақыт қажет еді.

Иса тауда қалың жұртқа тәлім беріп отыр.

Иса ізбасарларына Құдай есімінің киелі болуы қаншалықты маңызды екенін түсіндірді (10-абзацты қараңыз)


“МЕН ЖАНЫМДЫ ҚИЯМЫН”

12. Иса Ехобаның есімін қаншалықты жақсы көрді?

12 Иса Ехобаны сүйетіні сонша — оның есімін ақтап, киелі ету үшін бәріне дайын болды. Ол тіпті: “Мен жанымды қиямын”,— деп, Ехобаның есімі үшін өлуге де дайын екенін көрсеттіb (Жох. 10:17, 18). Адам мен Хауа кемелді болса да, Ехобадан теріс айналып, Шайтанға қосылып кетті. Иса болса Ехобаның есімі үшін жерге келіп, барлық жағынан мінсіз болды және өле-өлгенше Ехобаға адал болып қалды (Евр. 4:15; 5:7—10). Осылай Иса Ехобаны да, оның есімін де жақсы көретінін дәлелдеді (Евр. 12:2).

13. Неге Шайтанның өтірікші екенін Исадан артық ешкім дәлелдей алмас еді? (Суретті де қараңыз.)

13 Иса нағыз өтірікші Ехоба емес, Шайтанның өзі екенін дәлелдеді (Жох. 8:44). Иса көктегі Әкесін кім-кімнен де жақсы біледі. Егер Шайтан жапқан жалалардың ең болмағанда біреуі шын болғанда, Иса бұны білер еді. Ол Шайтанның өтірікші екенін білгендіктен, Ехобаның есімін соңына дейін қорғады. Тіпті Ехоба оны тастап кеткендей көрінгенде де, Иса Әкесіне адал болып, соңғы демі шыққанша міз бақпадыc (Мат. 27:46).

Иса азап бағанасында ілініп тұр.

Ехоба емес, Шайтанның өзі өтірікші екенін Иса біржола дәлелдеді (13-абзацты қараңыз)


“МАҒАН ТАПСЫРҒАН ІСІҢДІ АЯҚТАДЫМ”

14. Адалдығы үшін Ехоба Исаға қандай сый берді?

14 Өлер алдындағы түні айтқан дұғасында Иса Ехобаға: “Маған тапсырған ісіңді аяқтадым”,— деген. Ол тапсырмасын адалдықпен атқарғаны үшін Ехоба сый беретініне сенімді болды (Жох. 17:4, 5). Исаның бұл сенімі толық ақталды. Ехоба оны қабірде қалдырмай, қайта тірілтті (Ел. іс. 2:23, 24). Көкке оралған кезде Ехоба оны “бұрынғыдан да жоғарылатты” (Філіп. 2:8, 9). Уақыт өте Иса Құдай Патшалығының Патшасы ретінде билік етуін бастады. Бұл Патшалықтың басты мақсаты — Ехобаның еркін жүзеге асыру. Сол үшін де Иса үлгілі дұғасында: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын”,— деген (Мат. 6:10).

15. Иса жуырда не істейді?

15 Жуырда Иса Армагеддон соғысында Құдайдың жауларымен шайқасып, зұлымдардың көзін құртады (Аян 16:14, 16; 19:11—16). Кейін ол Шайтанның өзін “түпсіз тұңғиыққа” лақтырады. Шайтан ол жерде өліп қалғандай әрекетсіз күйде болады (Аян 20:1—3). Содан кейін Иса мыңжылдық билігін бастап, бүкіл жер бетінде тыныштық орнатады. Ол өлгендерді қайта тірілтіп, адамзатты кемелділікке жеткізіп, жержүзін жұмаққа айналдырады. Осылай Ехобаның еркін толықтай жүзеге асырады (Аян 21:1—4).

16. Исаның мыңжылдық билігінің соңында өміріміз қандай болады?

16 Исаның мыңжылдық билігінің соңында өміріміз қандай болады? Адамдардың бәрі күнәнің құлдығынан азат етіледі. Сондықтан төлемнің негізінде күнәларымыз үшін Ехобадан кешірім сұраудың қажеті болмайды. Ехоба мен біздің арамызда ешқандай келістіруші де, діни қызметкерлер де керек болмайды. Сондай-ақ “соңғы жау — өлім” біржола жойылады. Өйткені өмірден өткен адамдар қайта тіріліп, қабірлер босап қалады. Ақыр соңында жер басып жүрген әрбір адам кемелді болады (Қор. 1-х. 15:25, 26).

17, 18. а) Мыңжылдық биліктің соңында не болады? ә) Билік ететін уақыты аяқталғанда Иса не істейді? (Қорынттықтарға 1-хат 15:24, 28) (Суретті де қараңыз.)

17 Бәрінен де маңыздысы, мыңжылдық биліктің соңында даулы сұрақ түбегейлі шешіледі. Мұндай сұрақ енді қайтып ешқашан көтерілмейді. Едем бағында Шайтан Ехобаны өтірікші әрі қатыгез билеуші деп айыптаған еді. Бірақ содан бері Ехобаның қаншама адал қызметшісі оның есімін киелі тұтып, даңқтап жүр. Мыңжылдық биліктің соңында Ехобаның есімі толықтай ақталады. Оның сүюші Әке екені, ал Шайтанның нағыз өтірікші екені біржола дәлелденеді.

18 Иса билік ететін уақыты аяқталғанда не істейді? Шайтан сияқты Ехобаға қарсы шыға ма? Әлбетте, жоқ! (Қорынттықтарға 1-хат 15:24, 28 оқыңыз). Иса Әкесін жақсы көргендіктен, Патшалықты қайтарып, бар билікті оған тапсырады. Өзі болса Ехобаның билігіне бағынатын болады. Осылай Иса Шайтанға мүлдем қарама — қайшы әрекет етеді!

Көкте Иса тәжін шешіп, Ехобаға табыстап жатыр.

Мыңжылдық билігінің соңында Иса Патшалықты өз еркімен Ехобаға қайтарады (18-абзацты қараңыз)


19. Бұл мақаладан Иса жайлы не білдік?

19 Ехобаның Исаға сенім артқаны сонша — оған өз есімін беріп, өзінің өкілі етті. Иса Әкесінің өкілі ретінде міндетін мінсіз атқарып шықты. Ол Ехобаның есімі үшін жанын қиюға дейін барды. Ал мыңжылдықтың соңында Иса бар билікті Ехобаға қайтарып береді. Ал біз Исаға қалай еліктесек болады? Бұл жайлы келесі мақалада сөз қозғаймыз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Иса қай мағынада шәкірттеріне Ехобаның есімін ашқан?

  • Ехоба қай мағынада Исаға өз есімін берген?

  • Иса Ехобаның есімі үшін не істеуге дайын болды және неге?

16-ӘН Ехобаны Патшалығы үшін мадақтаңдар!

a Ехобаның атынан хабар жеткізген кейбір періштелер де Ехобаның өкілі саналған. Сондықтан Киелі кітаптың кейбір жерлерінде ол періштелер “Ехоба” деп аталған (Мұс. 1-ж. 18:1—33). Сондай-ақ Киелі кітапта Ехоба Мұсаға Он заң берді деп айтылған, бірақ басқа тармақтарда Ехоба мұны періштелер арқылы істегені айтылады (Мұс. 3-ж. 27:34; Ел. іс. 7:38, 53; Ғал. 3:19; Евр. 2:2—4).

b Иса адамдар мәңгі өмір сүру үшін де өмірін қиды.

c “Оқырман сауалдарын” қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2021 жыл, сәуір, 30, 31-б.).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу