Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 мамыр 26—31 бет.
  • Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “ӨЗ АТЫМЕН АТАЛАТЫН ХАЛЫҚ”
  • “СЕНДЕР МЕНІҢ КУӘГЕРЛЕРІМСІҢДЕР”
  • ЕХОБАНЫҢ ЕСІМІН БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫЗ
  • Ехобаның есімі Иса үшін бәрінен де маңызды
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • “Ехобаның есімін даңқтаңдар!”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • “Кімге қызмет ететіндеріңді... шешіп алыңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның өз есімін асқақтатуы
    Құдай Патшалығы билік етуде!
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 мамыр 26—31 бет.

23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды

“Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба” (ИШАЯ 43:10).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның есімінің ақталып, киелі болуына біз де үлес қоса аламыз.

1, 2. Иса үшін Ехобаның есімі бәрінен де маңызды екенін қайдан білеміз?

ИСА үшін Ехобаның есімі бәрінен де маңызды. Ол — Ехобаның есімін қызғыштай қорғап жүрген басты тұлға. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Әкесінің есімі киелі болу үшін ол жанын қиюға дейін барды (Мар. 14:36; Евр. 10:7—9). Ал мыңжылдық билігі аяқталғанда Иса Ехобаның есімі толықтай даңқталу үшін оған бар билікті қайтарып береді (Қор. 1-х. 15:26—28). Әкесінің есімі үшін еш аянбайтын себебі — Иса оны бар жүрегімен жақсы көреді.

2 Иса жер бетіне Әкесінің атынан өкілі ретінде келді (Жох. 5:43; 12:13). Ол соңынан ерген шәкірттеріне Әкесінің есімін ашты (Жох. 17:6, 26). Тәлім бергенде де, керемет жасағанда да бәрін Ехобаның атынан істеді (Жох. 10:25). Ехобадан шәкірттерін қорғауды өтінгенде де бұны “өз есімі үшін” істеуді сұрады (Жох. 17:11). Байқасақ, Иса не істесе де, Әкесінің есімін ойлап жүрген. Былайша айтқанда, сол есім үшін өмір сүрген. Олай болса, кейбіреулер өздерін Исаның шәкіртіміз дей тұра, қалай ғана оның Әкесінің есімін білмейді, ал білетіндер қалай ғана ауыздарына алмайды?

3. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

3 Біз Исаның “ізімен тура жүретін” мәсіхшілер болғандықтан, оның Әкесінің есімі біз үшін де қымбат (Пет. 1-х. 2:21). Бұл мақалада Ехоба ізгі хабарды жариялайтын қызметшілеріне қай мағынада өз есімін бергенін қарастырамыз (Мат. 24:14). Сондай-ақ Ехобаның есімі біз үшін бәрінен жоғары тұрғанын қалай көрсете алатынымызды талқылаймыз.

“ӨЗ АТЫМЕН АТАЛАТЫН ХАЛЫҚ”

4. а) Көкке оралмас бұрын, Иса шәкірттеріне не деді? ә) Бұл ретте қандай қызық сұрақ туындайды?

4 Көкке оралмас бұрын, Иса шәкірттеріне: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып, Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген (Ел. іс. 1:8). Бұл сөздерге қарасақ, ізгі хабар енді тек Исраилде ғана емес, басқа жерлерде де уағыздалмақ еді. Демек, барлық халықтан шыққан адамдар Исаның ізбасары болмақ-тын (Мат. 28:19, 20). Ал сөзінің аяғында Иса: “Мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген (Сөзбе-сөз: “Менің куәгерім боласыңдар”). Сонда қалай, жаңа шәкірттер Исаның куәгері болмақ па еді? Жоқ әлде олар Ехобаның есімін танып-біліп, ол жайлы да куәлік етпек пе еді? Бұл қызық сұрақтың жауабын Елшілердің істері 15-тараудан табамыз.

5. Исаның жаңа шәкірттері Ехобаның есімін танып-білу керектігін бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес қалай түсінді? (Суретті де қараңыз.)

5 Б. з. 49 жылы елшілер мен ақсақалдар Иерусалимде бас қосып, сүндеттелмеген өзге ұлт адамдары мәсіхші болу үшін не істеу керектігін талқылады. Талқылаудың соңында Исаның бауыры Жақып былай деді: “Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын [Петір] бізге егжей-тегжейлі айтып берді”. Артынан Амос пайғамбардың да сөзін келтіріп былай деді: “Мұны осы халықтан қалған тамтық менің атыммен аталатын басқа халықтардың адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп істеймін,— дейді Ехоба” (Ел. іс. 15:14—18). Жақыптың осы сөздеріне қарасақ, жаңа шәкірттер Ехобаның атымен аталмақ еді. Бұл деген сөз, олар Ехобаның есімін танып-біліп, сол есім жайлы өзгелерге куәлік етпек-тін.

Жақып Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға сөйлеп тұр. Олардың екеуі шиыршық ашып отыр.

Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес мәсіхшілер Ехобаның атымен аталатын халық болатынын анық түсінген (5-абзацты қараңыз)


6, 7. а) Иса жерге не үшін келді? ә) Исаның жерге келуінің ең басты себебі қандай?

6 Исаның есімі “Ехоба Құтқарушы” дегенді білдіретіні бекер емес. Ехоба Иса арқылы адамзатты құтқармақ еді. Сол үшін де Иса жерге келіп, өз өмірін құрбан етті (Мат. 20:28). Соның арқасында осы төлем құрбандығына сенім артқан әрбір адамның құтқарылып, мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі пайда болды (Жох. 3:16).

7 Бірақ адамзат құтқарылуға не үшін мұқтаж еді? Алдыңғы мақалада қарастырғанымыздай, Едем бағында Адам мен Хауа Ехобаға қарсы шығып, мәңгілік өмірден құралақан қалды (Мұс. 1-ж. 3:6, 24). Соның кесірінен олардың ұрпақтары күнә мен өлімге душар болды (Мұс. 1-ж. 3:4, 5). Адам мен Хауаның ұрпақтарын құтқару үшін Иса жерге келді. Бірақ оның жерге келуінің тағы бір себебі бар еді және ол адамзаттың құтқарылуынан әлдеқайда маңызды болды. Есімізде болса, Едем бағында Шайтан Адам мен Хауаны күнәға азғырып қана қоймай, Ехобаның киелі есіміне жала жапқан еді. Демек, адамзат құтқарылу үшін ең алдымен Ехобаның есімі ақталу керек-тін. Бұл ретте Исаның рөлі ерекше еді. Ол Ехобаның атынан келген өкіл болғандықтан, Ехобаның есімін қорғай алатын бірден-бір тұлға болды.

Кейбіреулер өздерін Исаның шәкіртіміз дей тұра, қалай ғана оның Әкесінің есімін білмейді, ал білетіндер қалай ғана ауыздарына алмайды?

8. Исаның шәкірті болғысы келетін әрбір адам нені түсіну қажет еді?

8 Исаның шәкірті болғысы келетін әрбір адам Исаның Әкесі Ехобаның арқасында ғана құтқарыла алатынын мойындау керек-тін (Жох. 17:3). Иса сияқты олар да Ехобаның есімін алып жүретіндіктен, Ехобаның есімінің ақталуы қаншалықты маңызды екенін және құтқарылулары соған тікелей байланысты екенін түсінулері қажет еді (Ел. іс. 2:21, 22). Сондай-ақ олардың Ехобаны ғана емес, Исаны да танып-білгендері аса маңызды еді. Өйткені Иса өз дұғасында былай деген: “Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін” (Жох. 17:26).

“СЕНДЕР МЕНІҢ КУӘГЕРЛЕРІМСІҢДЕР”

9. Исаның әрбір ізбасары үшін не маңызды болу керек?

9 Көргеніміздей, Исаның шынайы ізбасарлары үшін Ехобаның есімі бәрінен жоғары тұру керек. Біз Ехобаның есімінің киелі болғанын бар жүрегімізбен қалаймыз (Мат. 6:9, 10). Ехобаның есімі киелі болу үшін біз өз тарапымыздан қандай үлес қоса аламыз?

10. Ишая 42—44 тарауларда қандай сот ісі жайлы айтылған? (Ишая 43:9; 44:7—9) (Суретті де қараңыз.)

10 Ехобаның есімінің киелі болуына қалай үлес қоса алатынымызды түсіну үшін, Ишая кітабының 42—44 тарауларына назар аударайық. Бұл тарауларда бейнелі мағынадағы сот ісі жайлы айтылады. Бұл сот отырысында кімнің шынайы Құдай екені қарастырылып жатыр. Ехоба бұл сотқа өздерін құдай дейтіндерді және олардың куәгерлерін шақырып, олардан дәлелдер келтіруді талап етеді. Бірақ олар ештеңені де дәлелдей алмайды (Ишая 43:9; 44:7—9 оқыңыз).

Коллаж: Дүниежүзіндегі бауырластар Ехобаның есімін киелі етуге өз үлестерін қосып жүр, ал жерді айнала періштелер ұшып жүр. 1. Ерлі-зайыпты әдебиет арбасымен куәлік беріп тұр. 2. Жасөспірім қыз бауырлас сыныптасына jw.org байланыс картасын беріп жатыр. 3. Қоғамдық көлікте ер бауырлас қасында отырған ер кісіге уағыздап жатыр. 4. Сарбаздар ер бауырласты тұтқындап, әкетіп бара жатыр. 5. Ауруханада жатқан әйел бауырлас дәрігерге қанға қатысты көзқарасын түсіндіріп жатыр.

Ехобаның куәгерлері ретінде біз сот ісіне қатысып жатырмыз (10, 11-абзацтарды қараңыз)


11. Ишая 43:10—12 тармақтарда Ехоба өз қызметшілеріне не деген?

11 Ишая 43:10—12 оқыңыз. Ехоба өзінің қызметшілеріне: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,.. ал мен Құдаймын”,— деген. Ол өзінің куәгерлерінен: “Менен басқа Құдай бар ма?”— деп сұраған (Ишая 44:8). Бұл сұраққа жауап беріп, Құдайымызды қорғап куәлік беру неткен мәртебе! Бүгінде біз Ехоба жалғыз шынайы Құдай екенін және оның есімі барлық есімнен ұлы екенін сөзімізбен де, ісімізбен де растап жүрміз. Шайтан бізге қанша кедергі жасауға тырыспасын, біз Ехобаны жақсы көретінімізді, оған адал екенімізді дәлелдеп келеміз. Осылай біз Ехобаның есімінің киелі болуына үлес қосып жүрміз.

12. Ишая 40:3, 5-те айтылған пайғамбарлық қалай орындалды?

12 Ехобаның есімінің киелі болуына үлес қосудың тағы бір жолы — Исаға еліктеу. Ишая кітабында Исаға қатысты: “Ехобаға жол даярлаңдар!”— деген пайғамбарлық бар (Ишая 40:3). Бұл пайғамбарлық шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Ехобаның өкілі Исаға жол дайындаған кезде орындалды (Мат. 3:3; Мар. 1:2—4; Лұқа 3:3—6). Кейін Ишая пайғамбар: “Ехобаның салтанатты ұлылығы паш етіледі”,— деп қосқан (Ишая 40:5). Бұл сөздер нені білдіреді? Иса жерге келгенде Ехобаның ұлылығын кемелді түрде паш еткені сонша — Ехобаның өзі жерге келгендей болды (Жох. 12:45).

13. Біз Исаға қалай еліктей аламыз?

13 Иса сияқты біз де Ехобаның куәгерлеріміз. Біз де Ехобаның есімін алып жүрміз және оның керемет істері жайлы әрбір адамға куәлік етеміз. Бірақ Ехоба жайлы түбегейлі куәлік беру үшін біз Исаның ерекше рөлі жайлы да куәлік етуіміз қажет (Ел. іс. 1:8). Өйткені ол — Ехобаның ең басты куәгері. Расында да, біз үшін Исадан асқан үлгі жоқ (Аян 1:5). Ехобаның есімін бәрінен жоғары қоятынымызды тағы қалай көрсетсек болады?

ЕХОБАНЫҢ ЕСІМІН БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫЗ

14. Зәбүр 105:3-ке сай, біз Ехобаның есімін қаншалықты жақсы көреміз?

14 Біз Ехобаның есімін мақтан тұтамыз (Зәбүр 105:3 оқыңыз). Атын айтып мақтанған сайын Ехобаның жүрегін қуаныш кернейді (Ерм. 9:23, 24; Қор. 1-х. 1:31; Қор. 2-х. 10:17). Құдайымыздың есімін даңқтау керемет мәртебе! Сондықтан әріптестерімізге, сыныптастарымыз бен көршілерімізге Ехоба куәгері екенімізді айтудан еш ұялмайық. Шайтанның қалайтыны да осы ғой. Ол бізді Ехобаның есімі жайлы мүлдем айтпаса екен дейді (Ерм. 11:21; Аян 12:17). Негізі, Шайтанның да, оның жалған пайғамбарларының да бар көксегені — адамдарға Ехобаның есімін ұмыттыру (Ерм. 23:26, 27). Бірақ біз Ехобаның есімін жанымыздан артық жақсы көреміз және “күні бойы” оның есіміне қуанамыз (Зәб. 5:11; 89:16).

15. Ехобаның атын атап шақыру деген нені білдіреді?

15 Біз Ехобаның атын атап шақырудан талмаймыз (Жоел 2:32; Рим. 10:13, 14). Ехобаның атын атап шақыру деген — жай оның атын атап, ауызға алуды ғана білдірмейді. Бұл Құдайды тани беруді, оған сенім артуды, одан көмек пен бағыт-бағдар сұрауды да білдіреді (Зәб. 20:7; 99:6; 116:4; 145:18). Ехобаның есімі мен оның тамаша қасиеттері жайлы өзгелерге жариялау да Ехобаның атын атап шақыруға жатады. Ехоба жайлы осылай куәлік етсек, адамдар өкініп, өмірлерін өзгертіп, оның ықыласына ие бола алады (Ишая 12:4; Ел. іс. 2:21, 38).

16. Шайтанның өтірікші екенін біз қалай дәлелдей аламыз?

16 Біз Ехобаның есімі үшін азап шегуге дайынбыз (Жақ. 5:10, 11). Егер біз қиналған шағымызда Ехобаға адал болып қалсақ, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейміз. Әйүптің күндерінде Шайтан Ехобаның қызметшілеріне қатысты: “Адам өз өмірін сақтап қалу үшін қолындағының бәрін береді”,— деген (Әйүп 2:4). Ол қызметшілері Ехобаға жағдайлары жақсы кезде ғана қызмет етіп, сәл қинала қалса, одан теріс айналып шыға келеді деген. Бұның барып тұрған өтірік екенін Әйүп өз заманында дәлелдеп кетті. Бүгінде біз де Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей аламыз. Ол басымызға қандай қиындық салмасын, біз ешқашан Ехобадан теріс айналмаймыз. Өйткені Ехоба бізді өз есімі үшін қорғайтынына кәміл сенеміз (Жох. 17:11).

17. Петірдің 1-хаты 2:12-де айтылғандай, Ехобаның есімін мадақтау үшін тағы не істей аламыз?

17 Біз Ехобаның есімін терең қастерлейміз (Нақ. с. 30:9; Ерм. 7:8—11). Ехобаның өкілі болғандықтан және оның атымен аталып жүргендіктен, біздің жүріс-тұрысымыз оның есіміне не даңқ әкеледі, не кір келтіреді (Петірдің 1-хаты 2:12 оқыңыз). Сондықтан сөздеріміз бен істеріміз Ехобаға даңқ әкелетіндей болу үшін барынша тырысуымыз керек. Сонда кемелсіз болсақ та, Ехоба Әкеміздің есімін мадақтай аламыз.

18. Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды екенін тағы қалай көрсете аламыз? (Сілтемені де қараңыз.)

18 Біз үшін Ехобаның есімі өз абыройымыздан да артық (Зәб. 138:2). Жиі біз Ехобаға қызмет еткеніміз үшін жаманатты болып жатамызa. Иса да Ехобаның есімі даңқталу үшін қылмыскер ретінде масқара өліммен өлген. Ол бұл “қорлықты елемеді”, адамдар мен жайлы не ойлап қалады деп уайымға да берілмеді (Евр. 12:2—4). Өйткені оның бар ойы Құдайдың еркін орындау болды (Мат. 26:39).

19. Ехобаның есімі сіз үшін қаншалықты маңызды?

19 Біз Ехобаның есімін мақтан тұтамыз. Ехоба куәгері деп оның есімімен аталу біз үшін үлкен құрмет. Оның есімі үшін біз жаманатты болуға да, қорлық көруге де дайынбыз. Өйткені Ехобаның есімі біз үшін өз абыройымыздан да артық. Ендеше, Шайтан бізге қанша қысым көрсетпесін, Ехобаны әрі қарай да талмай даңқтай берейік. Сонда Иса сияқты Ехобаның есімін бәрінен жоғары қоятынымызды дәлелдейміз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Неге Исаның ізбасарлары үшін Ехобаның есімі бәрінен де маңызды?

  • Бүгінде біз қандай сот ісіне қатысып жүрміз?

  • Ехобаның есімі біз үшін бәрінен де маңызды екенін қалай көрсете аламыз?

10-ӘН Құдайымыз Ехобаны мадақтайық!

a Құдайға адал болған Әйүп бірде өз абыройын көбірек ойлап кетті. Балаларынан, бар жиған-тергенінен бір сәтте айырылып қалғанда, ол “күнә жасамады, Құдайды да жазғырмады” (Әйүп 1:22; 2:10). Ал үш танысы оның жақсатына кір келтіргені сол еді, ол өз-өзін қорғап, “ашына сөйледі”. Құдайды даңқтаудың орнына, Әйүп өз абыройын ойлап кетті (Әйүп 6:3; 13:4, 5; 32:2; 34:5).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу