Алғаш барғанда-ақ зерттеу сабағы қалай өтетінін көрсеттің бе?
Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынғанда, кейбіреулер оған қызықпайтынын айтып, бас тартады. Әдетте олар “зерттеу” деген сөзді естігенде, бұған көп уақыт пен күш жұмсау керек деп ойлап, оны ауыртпалық санайды. Осылайша олар зерттеу сабағының қаншалықты пайдалы әрі қызықты екенінен бейхабар қалады. Сондықтан зерттеу сабағын жай ұсынғаннан гөрі, алғаш барғанда-ақ мұның қалай өтетінін бірер минутта көрсеткенің жақсы болмас па еді? Мысалы, сен керемет аспазшы болсаң, адамға дайындаған тамағыңды мақтап, оны келесі жолы әкелетініңді айтудың орнына, оның дәмін бірден татқызар едің ғой. Сол сияқты зерттеу сабағын да бірден бастап кетуге болады. “Біздің патшалық қызметімізден” (9.08. 5-бет) алынған келесі ұсынысты қолданып көр:
“Жақынымыз қайтыс болғанда, оны сағынып, қайта көргіміз келеді емес пе? [Жауабын күт.] Көп адам Киелі кітаптағы мына сөздерден жұбаныш табады. [Жохан 5:28, 29 оқы.] Осыған қатысты мына маңызды хабарға назар аударыңызшы”. Үй иесіне “Киелі кітап үйретеді” басылымын беріп, 71, 72-беттеріндегі 16, 17-абзацтарды көрсет. Алдымен төмендегі сұрақты оқы, сосын, осы сұрақтың жауабы абзацта жазылғанын айтып, оны оқып шық. Абзацты оқып болған соң, сұрақты қайта қойып, адамның жауабын тыңда. Сол жерде келтірілген басқа да тармақтарды оқып, қарастыр. Ашық сұрақ қалдырып, келесі жолы қай уақытта келетініңді келісіп ал. Сонымен зерттеу сабағын бастадым дей бер!