Жаңа жариялаушыларға қалай көмектесе аламыз?
1. Алғаш рет қызметке шыққанда қандай сезімде болдың?
1 Алғаш рет үйме-үй жүріп уағыздағанда не сезінгенің есіңде ме? Сірә, қатты қобалжыған боларсың. Сол кезде өзіңмен Киелі кітапты зерттеген бауырласпен не басқа жариялаушымен шыққан болсаң, олардың көмегін қуанышпен қабыл алғаның шүбәсіз. Ал қазір тәжірибең молайғандықтан өзің де жаңа жариялаушыларды тиімді уағыздауға үйрете аласың.
2. Жаңа жариялаушылар нені үйрену керек?
2 Жаңа жариялаушылар үй иесімен әңгіме бастауды, қайта баруды, Киелі кітапты қолдана білуді және зерттеу сабақтарын бастауды үйрену керек. Сондай-ақ олардың әртүрлі жерде, мысалы көшеде не іскерлер аумағында, уағыздай білгені жақсы. Осы орайда сен үлгі көрсету әрі қажетті кеңестер беру арқылы оларға қызметтерін жақсартуға көмектесе аласың.
3. Жаңа жариялаушыларға қалай үлгі көрсете аламыз?
3 Үлгі көрсет. Иса қалай уағыздау керектігін өз үлгісімен көрсеткен (Лұқа 8:1; Пет. 1-х. 2:21). Жаңа жариялаушымен уағызға шықпас бұрын, еске сақтауға жеңіл, қарапайым ұсыныс дайындап ал. Ол үшін әдебиеттердегі дайын ұсыныстарды қолдануыңа болады. Қызметте алғашқы бір-екі үйдің иесімен әңгімені өзің баста. Келесі үйге бармас бұрын, жариялаушыдан ұсынысыңның тиімділігіне қатысты не ойлайтынын сұрап көр. Бұл оған өзгелермен қызметтесудің маңыздылығын түсінуге және кейіннен сенің айтқан кеңестеріңді жеңіл қабылдауға көмектеседі.
4. Жариялаушыға қалай көмектесе аламыз?
4 Кеңес бер. Иса шәкірттеріне қалай уағыздау керектігіне қатысты нұсқаулар берген (Мат. 10:5—14). Сен де жаңа жариялаушыға осылай көмектесе аласың. Ол ұсыныс айтып жатқанда, мұқият тыңда. Сосын, кемшіліктерін байқасаң да, алдымен нақты қай тұстары ұнағанын айтып, шын жүректен мақта. Оған кеңес бермес бұрын, сол қателігін келесі рет қайталай ма, жоқ па, соны байқап көр. Бәлкім, ол жай қобалжығаннан жаңылысқан шығар. Мынаны есте ұста: жариялаушылардың барлығының қабілеттері бірдей емес әрі қандай да бір нәрсені істеудің бірнеше жолы болуы мүмкін (Қор. 1-х. 12:4—7).
5. Кеңес бергенде нені ескеру керек?
5 Кейде жаңа жариялаушы өзі кеңес сұрауы мүмкін. Ал сұрамаған жағдайда, көмекті өзің ұсын. Мұны қалай ізетпен істеуіңе болады? Мысалы, кейбір тәжірибелі жариялаушылар: “Саған бір кеңес айтсам бола ма?” немесе “Әңгімеміз қалай болды деп ойлайсың?”— деп бастайды. Былай деуіңе де болады: “Жаңадан уағызға шығып жүргенімде маған да осы қиынға соғатын. Сонда былай істегенім жақсы көмектесті”. “Пікір алысу” кітабындағы не “Біздің патшалық қызметіміздегі” кеңестерді бірге қарастырған да пайдалы. Жариялаушыға ауыр тимес үшін жақсаруға болатын бір ғана тұсына тоқтал.
6. “Темір темірді қайрайды” деген сөздерді қызметте қалай қолдануға болады?
6 Темір темірді қайрайды. Пауыл тәжірибелі уағыздаушы Тімотені әрі қарай да тәлім беруге және алға басуға талпындырған (Тім. 1-х. 4:13, 15). Жариялаушы болғаныңа көп уақыт өтсе де, қызметіңді жетілдіре беруді доғарма. Тәжірибесі аз-көптігіне қарамай, қызметтегі серіктесіңнен үйренуге дайын бол және өзгелерге, әсіресе жаңа жариялаушыларға, ізетпен көмектесуден тартынба (Нақ. с. 27:17).