‘Ізгі хабарды уағыздап жеткіз’
1. Біз қандай ізгі хабарды уағыздауға тиіспіз?
1 Адамдар жақсы хабарды сирек еститін осы дүниеде біз ‘Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізу’ мәртебесіне ие болдық (Ел. іс. 20:24). Ізгі хабарды таратуға ‘соңғы дәуір’ жақында өтіп, оның орнына Ехобаның әділ жаңа дүниесі келетінін, сонда ‘бұрынғы әлем құрып, жоқ болатынын’ айту да жатады (Тім. 2-х. 3:1—5; Аян 21:4). Ол уақыт келгенде, ауру-сырқау болмайды (Ишая 33:24). Қайтыс болған сүйікті адамдар қабірден шығып, отбасымен және достарымен қайта қауышады (Жох. 5:28, 29). Жер беті сұлу жұмақ бағына айналады (Ишая 65:21—23). Бұл біз уағыздап жүрген қуанышты хабарлардың кейбірі ғана!
2. Неге Еске алу кеші өтетін уақытта ізгі хабарды жариялауға тамаша мүмкіндіктер туады деуге болады?
2 Наурыз, сәуір және мамыр айларында осы ізгі хабарды жариялауға керемет мүмкіндіктер туады. Бұл айларда көп жерлерде ауа райы жақсарып, күн ұзаратындықтан, уағызға көбірек уақыт жұмсауға болады. Оның үстіне, дүниежүзі бойынша 22 наурыз, сенбі күні күн батқан соң, ең маңызды оқиға, Еске алу кеші, өтеді. Сол себепті қызметке көбірек атсалысу үшін қазірден дайындала берген дұрыс.
3. Отбасы болып қызметке көбірек атсалысу үшін не істеуге болады?
3 Қосалқы ізашарлық қызмет. Сен бір ай, екі ай немесе үш айдың бәрінде де қосалқы ізашар болатындай етіп тірліктеріңді жоспарлай аласың ба? Келесі жолы отбасылық зерттеуге жиналғанда, неге осы мәселені қарастыруға уақыт бөлмеске? Бір-біріне жақсылап қолдау көрсететін болса, отбасында бір не бірнеше адам қосалқы ізашар бола алатын шығар (Нақ. с. 15:22). Бұл туралы дұға етіңдер, сонда Ехобаның батасын көресіңдер (Нақ. с. 16:3). Тіпті отбасында ешкім қосалқы ізашар бола алмаса да, ізашарлармен бірге шығып, қызметке көбірек атсалысу үшін нақты мақсаттар қоюларына болады.
4. Егер толық уақыт жұмыс істейтін болсақ, қосалқы ізашар болу үшін қалай кесте құруымызға болады?
4 Толық уақыт жұмыс істейтін болсаң, жақсылап кесте құру арқылы қосалқы ізашар бола алуың мүмкін. Мүмкін, түскі үзіліс кезінде уағыздай аларсың. Немесе үйіңнің не жұмысыңның жанынан учаске алып, жұмысқа дейін не одан кейін бір сағат көлемінде қызмет ете аларсың. Сондай-ақ аса маңызы жоқ істерді кейінгі айларға ысырып, демалыс күндерін толығымен қызметке арнау арқылы да уақыт таба алатын шығарсың. Кейбіреулер қосалқы ізашар болу үшін бір-екі күн демалыс алған.
5. Жасы келген немесе әлсіз бауырластарға қосалқы ізашар болуға қандай көмек көрсете алар едің?
5 Егер жасың келген, немесе денсаулығың нашар не әлсіз болсаң, қызметке күнде аз-аздан шығып тұру арқылы қосалқы ізашар бола алатын шығарсың. Ехобадан “өз күшіңнен артық күш” беруін сұра (Қор. 2-х. 4:7, ЖД). Бір әйел бауырлас 106 жасында қосалқы ізашар болған! Мәсіхші туыстары мен басқа да бауырластардың көмегімен ол үйме-үй жүріп уағыздаған, адамдарға қайта барған, зерттеу сабақтары мен қызметтің басқа да түрлеріне атсалысқан. Бұл бауырлас он адаммен зерттеу сабағын бастауға көмектескен. Ол былай дейді: “Өзімнің қосалқы ізашар ретінде қызмет ету мәртебесіне ие болғаным туралы ойлағанда, Ехоба мен оның Ұлына және Оның қамқорлығы мол ұйымына деген сүйіспеншілік пен ризашылық сезіміне бөленемін. Мен: “Ехоба, рақмет саған!”— деп айтқым келеді”.
6. Мектеп оқушылары қалай қосалқы ізашар бола алады?
6 Егер шомылдыру рәсімінен өткен мектеп оқушысы болсаң, сен де қосалқы ізашар бола алатын шығарсың. Ол үшін толық уақыт жұмыс істейтін адамдар сияқты, мүмкін, сен де уағызға көбінше демалыс күндеріңді арнайтын шығарсың. Сондай-ақ кей күндері мектептен соң бір сағат шамасында уағыздауыңа болатын шығар. Қызметке көбірек шығуыңа мүмкіндік беретін мейрамдар бар ма? Егер қосалқы ізашар болғың келсе, бұл жайында ата-анаңмен сөйлес.
7. Ақсақалдар Еске алу кеші өтетін уақытта бауырластарды көбірек қызмет етуге талпындыру үшін не істей алады?
7 Басқаларды жігерлендір. Ақсақалдар бауырластардың рухын жандандыру үшін үлгі көрсете отырып, көп нәрсе істей алады (Пет. 1-х. 5:2, 3). Олар ертеңгі уақытта, мектептен немесе жұмыстан кейін қызметке шығатын жариялаушылар үшін уағыздауға арналған қосымша кездесулер ұйымдастыруды жөн деп табар. Қызмет бақылаушысы бұл кездесулерді жүргізуге лайықты жариялаушылардың тағайындалғанына және осы үш айда учаскелердің, журналдардың және басқа да әдебиеттердің жеткілікті болатынына көз жеткізуі керек.
8. Бір қауым қандай жақсы үлгі көрсеткен?
8 Бір қауымда ақсақалдар бауырластарды қосалқы ізашар болуға бірнеше ай бұрын талпындыра бастаған екен. Олар қанша адамның қосалқы ізашар болғанын қауымда апта сайын хабарлап отырған. Бұл қызмет аясын кеңейткісі келетін жариялаушылардың өздеріне басқалардың қолдау көрсететініне деген сенімділіктерін нығайтқан. Сондай-ақ ертеңгі және кешкі уақыттарда уағыздауға арналған қосымша кездесулер өткізілетін болды. Нәтижесінде сәуір айында 53 адам, яғни қауымның жартысы дерлік, қосалқы ізашар ретінде қызмет еткен.
9. Неге Еске алу кеші өтетін уақыт жариялаушы болуға лайық адамдар үшін тамаша уақыт болып табылады?
9 Басқалармен уағызға шық. Қызығушылар мен жастар жариялаушы болғанда, оларды тәжірибелі жариялаушылар уағызға шақыруы мүмкін. Еске алу кеші өтетін уақытта қауымда көп адам ерекше белсенділік танытатындықтан, бұл мүмкіндік осы мезгілде де тууы ықтимал. Сенің рухани қадамдар жасап жатқан және өмірін Ехобаның әділ талаптарына сай өзгерткен қызығушың бар ма? Сондай-ақ рухани өсіп жатқан, тәртіпті, бірақ әлі жариялаушы болмаған балаларың бар ма? Егер олар жариялаушы болғылары келсе және оларды жариялаушы болуға лайық деп тапсаң, бұл жайында ақсақалдардың біріне айт. Төрағалық етуші бақылаушы балаң немесе қызығушың екеуіңмен сөйлесуге екі ақсақалды тағайындайды.
10. Ақсақалдардың енжар жариялаушыларға қалай көмектесулеріне болады?
10 Келе жатқан айларда енжар жариялаушылар үшін де қызметтерін қайта жаңғыртудың керемет мүмкіндігі туады. Кітап зерттеу тобының бақылаушысы мен басқа ақсақалдар осындай жариялаушыларға барып, оларды шын жүректен қызметке шақыруға ерекше күш салулары керек. Ал егер бұл жариялаушылар ұзақ уақыт бойы есеп тапсырмаған болса, екі ақсақал талаптарға сай келетін-келмейтінін анықтау үшін алдымен олармен сөйлесулері керек (km-U 11.00 2-бет).
11. ‘Құдайдың рақымының’ ең үлкен дәлелі не болып табылады?
11 Еске алу кешіне дайындал. Төлем құрбандығы — ‘Құдайдың рақымының’ ең үлкен дәлелі (Ел. іс. 20:24). Оған деген ризашылығын білдіру үшін дүниежүзі бойынша миллиондаған адам сенбі күні, 22 наурызда, күн батқан соң Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне жиналады. Біз ақ жүректі адамдардың бәрін Ехобаның адамзатқа көрсеткен рақымы туралы куәлік беретін осы маңызды оқиғаға шақырып, оған келулеріне көмектескіміз келеді.
12. Еске алу кешіне кімді шақыруымыз керек?
12 Өзің шақырғың келетін адамдардың тізімін жаса. Туыстарыңның, көршілеріңнің, жұмыстағы не мектептегі таныстарыңның, Киелі кітапты бұрын зерттеген және қазір зерттеп жүрген және өзің үнемі барып тұратын адамдардың осы тізімге кіретіні сөзсіз. Егер шақырған адамдарыңның кейбірі Еске алу кеші туралы сұрақ қойса, “Киелі кітап үйретеді” кітабының 206—208 беттеріндегі Иеміздің кешкі асы туралы қосымша мәліметті қолдануыңа болады. Осылайша адамды зерттеу сабағын жүргізуге арналған кітаппен таныстыру мүмкіндігі туындайтындықтан, онымен тіпті зерттеу сабағын бастап та кетерсің.
13. Адамдарды Еске алу кешіне шақыруды шешкен екі жариялаушыны Ехобаның қалай жарылқағанын айтып беріңдер.
13 Бір әйел бауырлас Еске алу кешіне шақыру үшін 48 отбасының тізімін жасайды. Содан соң шақырған адамдарының есімін сызып тастап, қасына қай күні шақырғанын жазып отырады. Шақырған адамдарының 26-сы Еске алу кешіне келгенде, оның қалай қуанғанын ойлап көріңдерші! Тағы бір бауырлас Еске алу кешіне бұрын діни қызметкер болған өзінің дүкенінде жұмыс істейтін адамды шақырады. Ол адам Еске алу кешіне келеді де, артынан былай деп айтады: “Мен бір сағат көлемінде Киелі кітап жайында біраз нәрсе білдім. Католик шіркеуінде 30 жыл жүріп мұнша көп нәрсе білген жоқ едім”. Ол Еске алу кеші өткен соң көп ұзамай “Киелі кітап үйретеді” басылымы арқылы зерттеу сабағын бастайды.
14. 1 наурыз күні дүниежүзі бойынша қандай науқан басталады?
14 Науқан. 1 наурыздан бастап 22 наурызға дейін дүниежүзі бойынша Еске алу кешіне шақыру қағазы таратылатын болады. Бұл маңызды іске бәрінің де толығымен атсалысқысы келетіні сөзсіз. Шақыру қағазын есікке қыстырып кеткеннен гөрі үй иесінің өз қолына тапсырған дұрыс. Алайда қауымның аумағы үлкен болса, ақсақалдар үйлерінде болмаған адамдарға шақыру қағазын сырт көзге байқатпай тастап кете беруге болады деп шешетін шығар. Ал демалыс күндері шақыру қағаздарын соңғы журналдармен бірге тарататын боламыз.
15. Шақыру қағазын қалай таратуға болады?
15 Шақыру қағазын тарататын уақыт шектеулі болғандықтан, ұсынысты қысқаша айтқан дұрыс. Достық пейілмен әрі шабыттанып сөйле. Мысалы, былай деуіңе болады: “Біз сізді және отбасыңыз бен достарыңызды 22 наурыз күні өтетін маңызды бір жиынға шақырғымыз келеді. Мынау — шақыру қағазы. Мұнда қосымша мәліметтер жазылған”. Үй иесі сұрақ қоюы немесе шақыру қағазын алып, тіпті келуге уәде беруі мүмкін. Қызығушылық танытқан адамды жазып алып, оған қайта бар.
16. Өз аумағымыздағы адамдарды Еске алу кешіне шақырудың маңыздылығы қандай оқиғадан көрінеді?
16 Өткен жылы әскерде жүрген бір жігіт өзінің есігіне қыстырулы тұрған Еске алу кешіне шақыру қағазын көреді. Ол оған баруды шешеді, бірақ алдымен сержанттан сұрануы керек болады. Сержант шақыру қағазын көргенде, үндемей біраз тұрады, содан соң әке-шешесінің Куәгер екенін және бұрын олармен қауым кездесулеріне талай мәрте барғанын айтады. Ол сарбазды жіберіп қана қоймай, онымен бірге өзі де Еске алу кешіне барады!
17. Құдайдың рақымы өмірімізде өнімсіз болмағанын қалай көрсетеміз?
17 Ризашылығыңды көрсет. 2008 жылғы Еске алу кеші жақындап келе жатқандықтан, әрқайсымыз да Ехобаның өзімізге көрсеткен рақымы туралы ой жүгіртейік. Елші Пауыл: “Өздерің қабылдаған Тәңірдің рақымы өмірлеріңде өнімсіз болмасын деп ескертеміз”,— деп жазған (Қор. 2-х. 6:1). Құдайдың рақымы өмірімізде өнімсіз болмағанын қалай көрсетуімізге болады? Пауыл мәсіхшілердің барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылатынын айтқан (Қор. 2-х. 6:4). Иә, біз Ехобаның сыйына деген ризашылығымызды жақсы жүріс-тұрысымызбен және ізгі хабарды құлшына уағыздау арқылы көрсетеміз. Еске алу кеші өтетін уақытта қызметке көбірек атсалысатын керемет мүмкіндігіміз болады.
[3-беттегі қоршау]
Кім қосалқы ізашар бола алады?
◼ Отбасылар
◼ Толық уақыт жұмыс істейтін адамдар
◼ Әлсіз және жасы келген жариялаушылар
◼ Мектеп оқушылары
[4-беттегі қоршау]
Еске алу кешіне шақыру қағазын таратқанда:
◼ Қысқа да нұсқа әрі шабыттанып сөйле
◼ Қызығушылық танытқан адамдарды жазып алып, қайта бар
◼ Демалыс күндері журналдар ұсын