Сен мұны кейінге ысырып жүрген жоқсың ба?
Нені? Шомылдыру рәсімінен өткен Куәгерлерге берілетін ЕБС (Өз еркін білдіру және сенімхат) деп аталатын құжатты толтыруды. ‘Сен тіпті күні ертең не болатынынан беймәлімсің’, сондықтан төтенше жағдай болып қалса, емдеу тәсілдері мен емшаралардың қайсысын қолданатыныңды алдын ала шешіп, ол туралы жазып қойғаның өте маңызды (Жақ. 4:14; Ел. іс. 15:28, 29). Бұл мәселеге қатысты көмек ретінде “Қан құймай емдеу шаралары. Науқастың құқын бұзбай көмек беру” (ор.) деп аталатын бейнефильм шығарылған. Оны қарап шыққан соң, дұға ете отырып не нәрсеге үйренгеніңді төмендегі сұрақтардың көмегімен тексеріп шық. Ескерту: ата-аналар балаларымен бейнетаспаны көрген кезде абай болулары керек, өйткені онда бірнеше рет хирургиялық ота көрсетіледі.
1) Неліктен медицина қызметкерлері қан құюға қатысты мәселені қайта қарастыруда? 2) Қан құймай жасалған күрделі отаның үш мысалын айтып бер. 3) Дүниежүзі бойынша қанша дәрігер мен хирург қан құймай емдеп жүр және неліктен? 4) Қан құюға байланысты соңғы клиникалық зерттеулер нені көрсетті? 5) Қан құю қай жағынан қауіпті? 6) Қан құймай емдеудің жолдары туралы көптеген мамандар қандай қорытындыға келді? 7) Анемия неден болады? Адам ағзасы гемоглобиннің қандай деңгейіне дейін шыдай алады? Оның деңгейін қалай көтеруге болады? 8) Адам ағзасындағы қан өндіру процесін қалай ретке келтіруге болады? 9) Ота жасау барысында қансырауды қалай азайтуға болады? 10) Қан құймай емдеудің шараларын балаларды емдеу кезінде немесе төтенше жағдайларда қолдануға бола ма? 11) Сапалы емдеу барысындағы маңызды әдептілік принциптерінің бірі не? 12) Неліктен мәсіхшілерге қан құймай емдеу тәсілдерінің қайсысын қолданатынын алдын ала анықтап алу маңызды? Мұны қалай істей аламыз?
Бейнефильмде көрсетілген емдеу әдістерін қолданатынын, не қолданбайтынын Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сәйкес әркім өзі шешеді. Өзің үшін және балаларың үшін қан құймай емдеу шараларының қайсысын қолданатыныңды шештің бе? Бұл мәселеге қатысты толық мәлімет алу үшін 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 маусымындағы (ор.) және 2001 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 ақпанындағы “Оқырман сауалдарын”, сондай-ақ 2006 жылдың қараша айындағы “Біздің патшалық қызметімізде” жарияланған “Мен қан фракциялары мен өз қаным қолданылатын емшараларға қалай қараймын?” деген мақаласын қара. Сенің қандай шешім қабылдағаныңды өкілдерің мен Куәгер емес туыстарың толықтай білулері керек.