“Сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты!”
1 Мәсіхшілердің бәрі де сынақтан өтуге тиіс (Тім. 2-х. 3:12). Бұл ауру, қаражат тапшылығы, азғырылу, қуғын-сүргін немесе басқа да нәрселер болуы мүмкін. Шайтан сынақтар жіберіп, жүрісімізді баяулатуға, қызметімізге селқос қаратуға немесе тіпті Құдайға деген қызметімізді тоқтатуға тырысады (Әйүп 1:9—11). Сынақ кезінде төзімділік танытқанымыз бақытқа жеткізеді. Қалайша? (Пет. 2-х. 2:9)
2 Сынаққа дайын бол. Ехоба бізге өзінің Сөзін берген, ал онда басқа нәрселермен қатар Исаның өмірі мен тәлімдері жазылған. Исаның сөздеріне құлақ асу арқылы өзімізге сынақ кезінде тірек болатын берік негіз қалаймыз (Лұқ. 6:47—49). Бауырластардан, қауым кездесулерінен және адал да ақылды құл беріп отырған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерден де күш-жігер аламыз. Сондай-ақ Құдайдың берген сыйы дұға арқылы онымен еркін сөйлесеміз (Мат. 6:13).
3 Бұған қоса Ехоба бізге үміт берді. Құдайдың уәделеріне деген сенімімізді нығайтып отырсақ, “үмітіміз берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші” болады (Евр. 6:19). Киелі кітап жазылған заманда кемелер тіпті ауа-райы жақсы болып тұрған кезде де зәкірсіз сапарға шықпаған. Табан астынан дауыл көтерілгенде, кемелер жағалаудағы жартастарға соғылып қирап қалмау үшін зәкір тастап қойған. Сол сияқты Құдайдың уәделеріне деген сенімімізді қазірден нығайтқанымыз “дауылдарға” кезіккенде табанды тұруға көмектеседі. Қиыншылықтар ойда жоқта келуі мүмкін. Лүстрададағылар Пауыл мен Барнабаның уағызын алғашында жақсы қабылдағанымен, яһудилер арасындағы қарсыластар келгенде жағдай бірден өзгерді (Ел. іс. 14:8—19).
4 Төзімділік бақытқа кенелтеді. Қарсылықтарға қарамастан табандылықпен уағыздағанымыз жан-дүниемізді тыныштыққа кенелтеді. Мәсіх үшін қорлық көргенде, осыған лайық саналғанымызға қуанамыз (Ел. іс. 5:40, 41). Сынақ кезінде табандылық танытқанымыз кішіпейілділік, мойынсұнғыштық және төзімділік қасиеттерін шыңдай түсуімізге көмектеседі (Заң. қ. 8:16; Евр. 5:8; Жақ. 1:2, 3). Сондай-ақ осының арқасында Ехобаға арқа сүйеуді, оның уәделеріне сенім артуды және оның панасына барып бас сауғалауды үйренеміз (Нақ. с. 18:10).
5 Біз сынақтардың уақытша екенін білеміз (Қор. 2-х. 4:17, 18). Сынақ кезінде Ехобаға деген сүйіспеншілігіміздің тереңдігін көрсете аламыз. Төзімділік танытқанымыздың арқасында Шайтанның өтірікші екені дәлелденеді. Сондықтан біз берілмейміз! “Сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін ол бәйге жүлдесіндей “шынайы өмірдің тәжін” иемденбек” (Жақ. 1:12).