Дүниежүзілік науқан. “Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер” деп аталатын облыстық конгреске шақыру
Жариялаушылар тағы да арнайы мәлімет қағазын тарататын болады
1 Өткен жылы “Құтқарылатын уақыт жақын!” деп аталатын облыстық конгреске адамдарды шақыру үшін дүние жүзі бойынша өткен науқан қызығушылық білдіргендерге үлкен әсер қалдырды. Шақыруды қабыл алған адамдар Ехоба Куәгерлерінің рухани тойына алғаш рет келді (Иш. 65:13). Мұнда олар Құдай халқымен араласып, олардың арасындағы жылулық пен ынтымақты сезінді (Заб. 132:1). Сондықтан биыл да “Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер” деп аталатын облыстық конгреске мейлінше көп адам келу үшін, дүние жүзі бойынша арнайы мәлімет қағазын таратамыз.
2 Өткен жылдың нәтижесі. Дүние жүзінен келген мәлімдемелер “Құтқарылатын уақыт жақын!” деп аталатын конгреске шақыру науқаны жақсы нәтижелер әкелгенін көрсетеді. Көп жерде біз туралы жақсы сөздер айтылып жатты. Мысалы, бір газетте осы науқан туралы алты бағана етіп мақала жарияланған болатын. Онда былай делінген еді: “Өз аймақтарындағы барлық адамдарға жолығу үшін Куәгерлер көбірек уағыздап, ұзағырақ жүріп және жылдамырақ сөйлеу арқылы ерекше құлшыныс танытты.” Тағы бір қалада мәлімет қағазын ұйымдасқан түрде тарату жайында бұқаралық ақпарат құралдарында егжей-тегжейлі жазылды. Кем дегенде үш газетте конгрестің алдында жасаған істеріміз туралы жағымды сөздер айтылды. Бір тілшінің жан-жақты жазылған бірнеше мақаласы жексенбілік газетте екі беттен аса орын алған. Онда біздің нанымдарымыз, бауырластығымыз, мәлімет қағазы және конгресс туралы айтылған болатын. Бір жариялаушы шақыру қағазын беріп жатқанда, үй иесі: “Иә-иә. Мен жаңа ғана газеттен осы туралы оқып едім!”— деп оның сөзін бөліп жібереді. Ал өзге бір кісі қуанышын жасыра алмай: “Мен сіздер туралы оқып отырған едім, мінеки өздеріңіз де келдіңіздер! Мына шақыру қағазы маған ба?”— деп айтады.
3 Конгреске шақыру қағаздарын ұстап келген адамдар да болды. Олардың кейбірі тіпті алыс қалалардан келген. Мәлімет қағазын таратуға ерекше күш салғанымыздың арқасында конгреске көбірек адам келді. Бір елдегі конгреске келген адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артқан.
4 Қауымның аймағын аралау. Мәлімет қағазын конгреске үш апта қалғанда тарата бастауларыңа болады. Қауымның аймағын аралап шығуға барынша күш салу керек. Егер ол тым үлкен болса, соңғы аптада шақыру қағазын ешкім болмаған үйлерге бөтен адамның көзіне түспейтіндей етіп қалдыра беруге болады. Қолда бар мәлімет қағазының бәрін таратуға және мүмкіндігінше қауым аймағының көбірек бөлігін аралап шығуға тырысу керек. Ал артылғандарын ізашарларға беруге болады.
5 Не айту керек? Мысалы былай деуіңе болады: “Біз маңызды бір жиынға шақыру үшін дүние жүзі бойынша жүріп жатқан науқанға атсалысып жүрміз. Мынау сізге. Ішінде көбірек мәлімет жазылған”. Неғұрлым қысқа сөйлесек, қағазды соғұрлым көбірек адамға бере аламыз. Үй иесі сұрақ қойса, оған жауап береміз. Ал көбірек білгісі келген адамды жазып алып, мүмкіндігінше тез арада қайта бар.
6 Мәсіхтің соңынан еруге күш салғанымыздың маңызы зор! (Жох. 3:36) Алдағы облыстық конгресс оған келген адамның бәріне осылай етуге көмектесетіні сөзсіз. “Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер” деп аталатын конгреске дүние жүзі бойынша жүретін шақыру науқанының арқасында бұл жолы да кең көлемді куәлік берілетініне сенімдіміз. Сондықтан белсенділік таныта отырып көбірек адамды шақыруға тырыс. Осы дүниежүзілік іске үлес қосқаның үшін Ехоба молынан батасын бергей!