Дайындық рухы бар адамды Құдай жарылқайды
1. Дәуіт пен Нехемия дайындық рухтарын қалай көрсетті?
1 Ғолият Исраилдің әскерін келеке-мазақ етіп қорлағанда, Исраил сарбаздарының ешқайсысы да оған қарсы келе алмады. Алайда бұрын соғысып көрмеген шопан бала өз еркімен жекпе-жекке шыққан (Пат. 1-ж. 17:32). Ал исраилдіктер құлдықтан елдеріне қайтқанымен, қала қабырғаларын тұрғызуға кіріспей жүргенде, Парсы патшасының шарапшысы өзінің патша сарайындағы мәртебелі қызметін тастап, қабырғаны тұрғызу ісін ұйымдастыру үшін Иерусалимге өз еркімен аттанған (Нех. 2:5). Ехоба осы екі адамға, Дәуіт пен Нехемияға, дайындық рухтары үшін батасын берген (Пат. 1-ж. 17:45, 50; Нех. 6:15, 16).
2. Неге мәсіхшілер дайындық рухын танытулары керек?
2 Бүгінгі дүниеде мұндай рухты байқау қиын. Осы соңғы күндерде адамдардың уақыттары өте тығыз, оның үстіне ‘өзімшілдер’ көп (Тім. 2-х. 3:1, 2). Сондықтан адамдар өздерін ғана ойлап, көмегі қажет болып тұрса да, өзгелерге қызмет ету мүмкіндігіне көңіл аудармайды. Алайда мәсіхшілер ретінде біз басқаларға бірінші болып көмектескен Исаға еліктегіміз келеді (Жох. 5:5—9; 13:12—15; Пет. 1-х. 2:21). Дайындық рухын қалай танытуға болады және бұл қандай батаға жеткізеді?
3. Дайындық рухы қауым кездесулеріне қалай септігін тигізе алады?
3 Бауырластарымыз үшін. Тыңдаушылардың атсалысуымен өтетін кездесуде түсініктеме беру арқылы басқалармен ‘рухани дарындарымызбен’ бөлісе аламыз (Рим. 1:11). Осылай Ехобаны даңқтаймыз, шындықты миымыз бен жүрегімізге терең орнықтырамыз және кездесулерден көбірек қуаныш аламыз (Заб. 25:12). Сондай-ақ Теократиялық қызмет мектебінде біреудің орнына шығу керек болса, өз көмегімізді ұсына аламыз. Ал бұл тәлім беру шеберлігімізді арттыруға көмектеседі.
4. Дайындық рухын тағы қандай жағдайларда таныта аламыз?
4 Ер бауырластар қауымда жауапкершіліктер алуға ұмтыла отырып, дайындық рухын таныта алады (Иш. 32:2; Тім. 1-х. 3:1). Ал конгрестер ойдағыдай өту үшін, әр түрлі бөлімдерде бауырластардың бәрі де ерікті қызмет атқара алады. Аралаушы бақылаушымен қызметке шығуға не оны қонақ етіп күтуге ниет білдірсек, нәтижесінде ‘бір-бірімізді жігерлендіреміз’ (Рим. 1:12). Қауымдағы жетім-жесірлер, сырқат, әлсіз, жас балалы аналар, және т. б. адамдарға қол ұшын бере отырып әрі қуанышқа бөленеміз, әрі Ехобаның ықыласына ие боламыз (Нақ. с. 19:17; Ел. іс. 20:35).
5. Патшалық сарайына қай кезде ерікті қызметшілер қажет?
5 Патшалық сарайын тазалап, күтіп ұстауға көмектесу — уақытымыз бен күшімізді ұсынудың бір жолы. Оның үстіне, шындықты қабылдап жатқан адамдар көп болғандықтан, Патшалық сарайлары мен оны соғатын ерікті қызметшілерге деген мұқтаждық өсуде. Бір ерлі-зайыпты бауырластар бұрын құрылысқа қатысып көрмесе де, жергілікті Патшалық сарайларын соғу тобына көмектерін ұсынады. Кейін біраз дайындықтан өткен олар қазір кірпіш қалаушылар ретінде жұмыс істейді. Әйелі былай дейді: “Бауырластармен иық тіресе еңбек еткеніміздің арқасында олармен жақын достасып кеттік. Жұмыс күні аяқталғанда тәндік жағынан шаршағанмен, рухани сергіп қаламыз”.
6. Неге уағыздау қызметі ерікті түрде атқарылатын ең маңызды іс болып табылады?
6 Уағыздау арқылы. Бүгінде ерікті түрде атқарылатын ең маңызды іс — Патшалық туралы уағыздау ісі. Киелі кітаптағы кеңестерді түсініп, оны іс жүзінде қолданған сайын, адамдардың өмірлерінде мән-мағына, ал бойларында зиянды әдеттерін жеңуге күш-қуат пайда бола бастайды. Сондай-ақ Киелі кітаптан болашақта жақсы өмір күтіп тұрғанын біледі. Киелі кітаптағы білімді үйрете отырып, біз өзімізге қуаныш сыйлайтын әрі басқалар ұзақ уақыт пайдасын көретін ерікті жұмыс атқарамыз (Жох. 17:3; Тім. 1-х. 4:16). Мүмкін, біз қосалқы не жалпы ізашар ретінде, болмаса жариялаушылар жетіспейтін аймақтарға көшіп барып не басқа тілде сөйлеуді үйрену арқылы бұл іске көбірек атсалыса алатын шығармыз.
7. Неге бүгінде ерікті қызметшілер әсіресе қажет?
7 Дәуіт патша Мәсіх билік еткен кезде, Құдай халқының игі іске дайын тұратынын айтып кеткен (Заб. 110:3, сілтеме). Ехоба масақ теру жұмысын жылдамдатып жатқандықтан, ерікті қызметшілердің көмегін қажет ететін жұмыс өте көп (Иш. 60:22). Сен: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп айттың ба? (Иш. 6:8) Иә, дайындық рухын таныта отырып, біз Ехобаның ықыласына әрі мол батасына ие боламыз.