Отбасы кестесі: күнделікті тармақты қарастыру
1 Өз балаларын жақсы көретін ата-аналар оларды нәрлі ас-сумен қамтамасыз ету үшін күн сайын көп күш салады. Бірақ Құдай Сөзіндегі рухани ас-сумен қамтамасыз ету одан да маңызды (Мат. 4:4). Балаларыңа пайдалы рухани тәбет дамытуға және ‘рухани өсіп, құтқарылуға’ көмектесудің бір жолы — отбасымен бірге күнделікті тармақ пен оған берілген түсініктемені қарастыруға уақыт бөлу (Пет. 1-х. 2:2). Отбасы кестесінде бұған уақытты қашан бөлуге болады?
2 Дастарқан басында. Егер әр күнді тармақты қарастырудан бастаса, бұл отбасы мүшелеріне күні бойы Ехобаны естерінен шығармауға көмектеседі (Заб. 15:8). Бір әйел бауырлас таңертең тамақ ішіп жатқанда, ұлымен бірге күнделікті тармақ пен оған берілген түсініктемені оқып, қарастырып, ал ұлы мектепке кетер алдында бірге дұға айтуды шешеді. Бұл оның ұлтшылдыққа, өнегесіздікке еліктірілгенде берік тұруға, сондай-ақ сыныптастары мен мұғалімдерге батылдықпен куәлік беруге нығайтып отырған. Мектепте ол жалғыз Куәгер болғанымен, ешқашан өзін жалғыз сезінбеген.
3 Егер күнделікті тармақты отбасыңмен бірге таңертең қарастыру мүмкін болмаса, мұны кешірек, бәлкім, кешкі ас кезінде істей алатын шығарсыңдар. Сол кезде кейбір отбасылар қызметте болған оқиғаларды немесе Киелі кітапты оқығанда ұнаған ойларды да әңгіме етеді. Көптеген бауырластар осындай мезеттерді ең қуанышты кездер ретінде сағынышпен еске алады.
4 Жатар алдында. Кейбір отбасылары үшін күнделікті тармақты қарастыратын ең ыңғайлы уақыт — жатар алдындағы уақыт. Бұл сондай-ақ отбасымен бірге дұға етуге де тамаша мүмкіндік береді. Балаларың Ехоба туралы әңгімелеріңді және дұға еткендеріңді күн сайын еститін болса, оны тірі тұлға ретінде қарастыра бастайды.
5 “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын тиімді қолдана отырып, балаларыңның жүрегіне шындықты ұялатуға күш салып жатқандарың үшін Ехоба батасын берсін.