МӘСІХШІЛІК ӨМІРІМІЗ
“Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасының бар пайдасын көріп жүрсіз бе?
Ехобаға жақындататын рухани істердің қатарында күн сайын “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасындағы тармақ пен мәтінді оқу да бар. Сіздің рухани кестеңізде бұл шет қалып жүрген жоқ па? Күнделікті тармақты оқуды әдетке айналдыра аласыз ба? Көпшілігі оны таңертең оқиды. Соның арқасында олар күні бойы тірліктерімен айналыса жүріп, оқығандарын ой сүзгісінен өткізе алады (Еш 1:8; Зб 119:97). Күнделікті тармақтың көбірек пайдасын көру үшін не істесеңіз болады? Сол сөздердің қандай жағдайда, не себепті айтылғанын білу үшін, соған дейінгі я кейінгі тармақтарды оқып шығыңыз. Тармақтың астарында жатқан принципті айқындап көрсететін қандай Киелі кітап оқиғасы бар екенін еске түсіріп көріңіз. Сосын сол принципті өзіңізге қатыстырыңыз. Құдай Сөзінің жетелеуімен шешім қабылдасаңыз, ол сізге дұрыс жолды көрсетеді әрі мол пайдасын тигізеді (Зб 119:105).
Дүние жүзі бойынша Бетел отбасылары “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын таңертең қарастырады. Кейінгі жылдары бұл баяндамалардың көбісі JW Broadcasting® арнасында шығып тұрды. Ал қазір оларды jw.org сайтындағы бейнематериалдардың РУХАНИ БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ІС-ШАРАЛАР деген санатынан таба аласыз. Солардың біреуін я бірнешеуін қашан қайта көріп шықтыңыз? Бәлкім, олардың ішінде дәл сізге керекті ойлар бар шығар. Мысалы, Лұттың оқиғасы шешім қабылдарда сізге қандай бағыт-бағдар бере алады?
“ОСЫ ДҮНИЕНІ СҮЙМЕҢДЕР” (Ж1Х 2:15)” ДЕГЕН БЕЙНЕРОЛИКТІ КӨРІП БОЛҒАН СОҢ, КЕЛЕСІ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРІҢІЗ:
Осы таңғы ғибадаттағы баяндамаға қандай Киелі кітап принципі арқау болды?
Осы дүниені немесе ондағы нәрселерді сүюдің қауіпті екені Лұттың оқиғасынан қалай көрінеді? (М1ж 13:12; 14:12; 19:3, 12, 13, 24—26).
Осы дүниені де, ондағы нәрселерді де емес, Ехобаны сүйетінімізді қалай көрсетеміз?
Ехобаның Сөзі мен үшін құнды екенін күні бойы қалай көрсетсем болады?