Отбасы кестесі: отбасылық зерттеу
1 Мәсіхші ата-ана ретінде балаларыңа бере алатын ең зор сыйың — жүректеріне Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялату. Мұны “үйіңде отырып”, апта сайын отбасылық зерттеу өткізу арқылы істеу маңызды (Заң. қ. 6:5—7). Жұбайың Куәгер болмаса да, әр түрлі дінді ұстанатын отбасында тұрсаң да не балаларыңды жалғыз тәрбиелеп жатсаң да, үнемі отбасылық зерттеуді өткізу арқылы балаларыңның досы болып, әрі олардың Ехобаға жақындауларына көмектесе аласың.
2 Ең алдымен бастау. Алғашқы қадам — отбасымен бірге зерттеуді әдетке айналдыру. Егер зерттеуді қашан өткізу керектігіне сенімді болмасаң, неге мұны отбасыңмен талқылап көрмеске? (Нақ. с. 15:22). Егер кішкентай балаларың болса, мүмкін, апта ішінде бірнеше қысқа сабақтар өткізген дұрыс болатын шығар. Отбасыларың үшін қандай кесте ыңғайлы екенін анықтап алыңдар. Отбасылық зерттеуге белгілі бір уақытты белгілеп қойыңдар да, қолдарыңнан келгенше соны ұстануға тырысыңдар.
3 Не зерттеуге болады? Кейбір отбасылар алдағы болатын қауымның кітап зерттеу кездесуі немесе “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуіне дайындалады. Өзгелері жастарға арналған мақалаларды зерттейді. Кішкентай ұлы мен қызы бар бір отағасы былай деген: “Зерттеуіміздің балалар үшін қызықты өтуінің бір себебі — біз онда “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” кітабындағы оқиғалардан қысқаша көріністер жасайтынбыз. Мұндай қойылымдар балалардың жүрегінде үлкен әсер қалдырып, олардың Киелі кітапты терең түсінуіне ықпал ететін болғандықтан, бұл көп абзацтарды талқылағаннан әлдеқайда маңызды”.
4 Апта сайын зерттеу. Отбасылық зерттеуді үзбей өткізіп тұру керек, әрі бұл бүкіл отбасы үшін қуанышты уақыт болу керек. Егер қажет болса, зерттеудің күні мен уақытын өзгертуге болады. Сондай-ақ қандай да бір арнайы тақырыпты қарастыратын кездер болады. Бірақ өзгерістер қажет болса да, отбасылық зерттеуді ұзақ уақытқа тоқтатпау керек. Бір бауырлас былай дейді: “Егер зерттеудің уақытын өзгерту қажет болса, әкем оның қашан болатынын жазып, тоңазытқыштың есігіне жапсырып қояды, сондықтан зерттеудің уақытын барлығымыз білеміз”. Отбасылық зерттеуді үзбей өткізу үшін жасалған осындай іс-әрекеттер мақтауға тұрарлық! Балаларыңды ‘Иеміздің [“Ехобаның”, ЖД] тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелей’ отырып, оларға және көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілігіңді көрсетесің (Ефес. 6:4, сілт.).