Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз. 2-бөлім.
Киелі кітапты зерттеу сабағына дайындалып бару
1 Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткізуге тақырыпты талқылау мен келтірілген тармақтарды оқып қана қою жеткіліксіз. Біз мәліметті Киелі кітапты зерттеушінің жүрегіне әсер ететіндей етіп жеткізуіміз қажет. Ол үшін сол әрбір зерттеп жүрген адам туралы ойлай отырып, жақсылап дайындалу қажет (Нақ. с. 15:28).
2 Дайындалу жолы. Ехобаға Киелі кітапты зерттеп жүрген адамың мен оның қажеттіліктері жайлы дұға айт. Оның жүрегіне әсер ететіндей білім бере алу үшін Ехобадан көмек сұра (Қол. 1:9, 10). Тақырыпты анық түсіне алуың үшін тараудың тақырыбын не сабақты, тақырыпшалар мен суреттерді қарастыруға уақытыңды бөл. Өзіңнен “Мәліметтің негізгі мақсаты неде?” деп сұра. Сонда бұл саған зерттеу сабағын жүргізу барысында негізгі ойлардан ауытқымауға көмек береді.
3 Абзацтарды біртіндеп мұқият қарастыр. Келтірілген сұрақтардың жауаптарын тауып, тек негізгі сөздер мен ойлардың астын сызып қой. Берілген Жазба орындарының абзацтағы негізгі ойды қалай ашатындығын түсініп ал және талқылау барысында тармақтың қайсысын оқитыныңды шешіп ал. Оқулық бетінің шет жағына осы тармақтар туралы ойды қысқаша жазып қоюды пайдалы деп табарсың. Киелі кітапты зерттеуші адам алып жатқан білімі Құдай Сөзінен екенін анық түсіну керек (1 Сал. 2:13).
4 Сабақты адамның қажеттілігіне қарай бейімде. Енді сабақты зерттеушінің қажеттіліктерін ескере отырып қарастырып шық. Оның қоятын сұрақтарын және түсінуіне не қабылдауына қиындық тудыратын ойларды алдын ала аңғаруға тырыс. Өзіңнен: “Ол рухани өсу үшін нені түсінуі немесе қай жағынан жақсаруы қажет? Мәліметті оның жүрегіне әсер ететіндей етіп қалай түсіндіруге болады?” деп сұра. Содан соң сабақты осыған сай бейімде. Кейде ойды не жазба орнын түсінуіне көмектесу үшін көрнекі мысал келтіру, түсіндіру не бірқатар сұрақтар дайындау қажет болатын шығар (Нех. 8:8). Бірақ тақырыптағы негізгі ойдың ашылуына онша көмегі болмаса, қосымша мағлұматты қабаттастырып айтудың қажеті жоқ. Ал зерттеудің соңында жасалған қысқаша қайталау оған негізгі ойларды есінде сақтап қалуына көмек береді.
5 Киелі кітапты зерттеп жүргендердің Ехобаны мадақтап, әділетті іс-әрекет жасағандары қалайша қуантады десеңші! (Філіп. 1:11). Бұған жету үшін әрбір Киелі кітапты зерттеу сабағына жақсылап дайындал.