Табандылық жүлдеге жеткізеді
1 “Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!” (Лұқ. 21:19). Исаның ‘ақыр заманның жақындап қалғандығына’ қатысты айтқан пайғамбарлығындағы бұл сөздер адалдығымызды сақтай отырып, көптеген сынақтарға дайын болуымыз керектігін анық көрсетеді. Алайда ‘күш-қуат берушінің’, яғни Ехобаның көмегімен әрқайсысымыз ақырына дейін табандылық көрсетіп, әрі құтқарыла аламыз (Мат. 24:3, 13; Філіп. 4:13, ЖД).
2 Қуғын-сүргін, нашар денсаулық, қаржы-қаражат қиыншылықтары және жан күйзелісі сияқты нәрселермен күнде күресуге тура келуі мүмкін. Алайда Шайтанның бізді адалдығымыздан тайдырғысы келетіндігін ешқашан да ұмытпауға тиіспіз. Әкемізге адал болып қалған әр күніміз Ехобаның кінә тағушы Шайтанға қарсы жауап қатқан тағы бір күні болып табылады. Сынақ кезінде төгілген “көз жасымыздың” ұмыт қалмайтындығын білгеніміз қандай жұбаныш десеңші! Біздің көз жасымыз Ехобаның көз алдында бағалы әрі біздің адалдығымыз оның жүрегін қуантады емес пе?! (Заб. 55:9; Нақ. с. 27:11).
3 Сынақтар кезінде тазартылу. Қайғы-қасірет кезінде сеніміміздің әлсіз жерін немесе көкіректік, шыдамсыздық сияқты кемшіліктерімізді байқауымыз мүмкін. Сынақтарды айналып өтудің, я болмаса олардан Киелі кітапқа қайшы келетін жолмен құтылудың амалын іздеудің орнына, Құдай Сөзіндегі: “Төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс”,— деген кеңеске көңіл аударуға тиіспіз. Неліктен? Себебі сынақ кезінде адалдықпен табанды болудың арқасында ‘рухани жағынан толықтай жетіліп, кемшіліктеріміз қалмайды’ (Жақ. 1:2—4). Табандылық бізге парасаттылық, жанашырлық, мейірімділік сияқты баға жетпес қасиеттерді дамытуымызға көмек бере алады (Рим. 12:15).
4 Сыналып тазаланған сенім. Сынақтарда табанды болсақ, Құдайдың көз алдында өте бағалы сыналып тазаланған сенімге ие боламыз (1 Пет. 1:6, 7). Мұндай сенім бізді болашақ сынақтарға да нық қарсы тұра алуға даярлайды. Бұған қоса, Құдайға ұнамды екенімізді сезінеміз, ал бұл үмітімізді нығайтады, әрі ол біз үшін қиял емес, шындық екені айқындала түседі (Рим. 5:3—5).
5 Табандылық үшін алатын ең зор сыйға Жақып 1:12-де: “Сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін ол бәйге жүлдесіндей “шынайы өмірдің тәжін” иемденбек”,— деп ерекше көңіл аударылады. Олай болса, Ехобаға берілгендігімізден айнымай, “Өзін сүйгендерге” зор сый беретініне сенімді болайық.