Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз
Киелі кітапты зерттеу сабағы дегеніміз не? (1-бөлім)
1 Дүние жүзі бойынша ай сайын Құдайдың халқы алты миллионға жуық Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуде. Тиімді тәлім беру тәсілдерін қолдана отырып, біз Киелі кітапты зерттеушілерге рухани өсіп, өздерін Құдайға бағыштауға әрі шомылдыру рәсімінен өтулеріне және ‘басқаларға да тәлім беруге қабілетті’ болуларына көмектесе аламыз (2 Тім. 2:2). Сенімен бірге Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдардың да осылай рухани өсуіне көмектескің келе ме? “Біздің Патшалық қызметіміздің” осы санынан бастап Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткізудің негізгі қырларын түсіндіретін бірқатар мақалалар шығады.
2 Қай кезде Киелі кітапты зерттеу сабағы туралы есеп тапсыру керек? Егер Киелі кітапты және кеңес берілген әдебиеттердің бірін қолданып, Киелі кітап тақырыбына үнемі әрі дәйекті түрде, қысқа болса да, әңгімелесіп жүрсең, онда зерттеу сабағын өткізіп жүргенің. Тіпті есіктің аузында немесе сымтетік арқылы талқылап жүрсең де, бұл Киелі кітапты зерттеу сабағы болып саналады. Киелі кітапты зерттеу сабағы қалай өтетінін көрсеткеннен кейін, сабақ екі рет жүргізілсе және әрі қарай да жалғасатынына үміттенуге негіз бар болса, ол туралы есеп тапсыруға болады.
3 Әдетте Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу үшін “Құдай талап етеді” брошюрасы мен “Білім” кітабы қолданылады. Бұл басылымдарды аяқтаған соң, егер адамның баяу болса да рухани өсіп жатқаны, сондай-ақ үйренген нәрселерін бағалайтыны көрініп тұрса, зерттеуді “Құдайға ғибадат етіңдер” кітабымен жалғастыруға болады. Ал білімі төмен немесе жақсы оқи білмейтін адамдармен зерттеу үшін “Сен Құдаймен дос бола аласың!” брошюрасын қолдануға болады.
4 Киелі кітапты зерттеу сабағы — миллиондаған адамдарға Иса Мәсіхтің шынайы шәкірттері болуға көмектескен тиімді тәсіл (Мат. 28:19, 20). Алдағы уақытта шығатын бірқатар мақалалардағы кеңестерді қолдана отырып, Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткізе аласың.