Ехобаның әділеттілігіне еліктеңдер
1 “Ехоба әділеттілікті сүйеді” (Заб. 37:28, ЖД [36:28]). Сондықтан ол осы әділетсіз дүниені жоюға үкім шығарып қойса да, алдымен, адамдарға ескертудің қамын жасаған (Мар. 13:10). Бұл адамдарға күнәларына өкінуге және құтқарылуға мүмкіншілік береді (2 Пет. 3:9). Біз Ехобаның әділеттілігіне еліктеуге талпынамыз ба? Адамзат отбасының қайғы-қасіреті мен бақытсыздығы бізді Патшалық туралы хабарды өзгелермен бөлісуге ынталандыра ма? (Нақ. с. 3:27). Уағыздау қызметін белсене атқаруымызға әділеттілікке деген сүйіспеншілігіміз талпындырады.
2 Ешкімді алаламай уағыздаңдар. Барлық адамдарға, ешкімді алаламастан, Құдайдың ниеті туралы жариялай отырып, біз ‘әділ әрекет етеміз’ (Миха 6:8). Біз кемелсіз адамдардың өзгелердің сырт келбетіне қарап тұжырым жасау бейімділігіне қарсы тұруымыз керек (Жақ. 2:1—4, 9). Ехоба “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (1 Тім. 2:4). Құдай Сөзіндегі шындық адамдардың өмірін керемет түрде өзгерте алады (Ев. 4:12). Осы жайтты түсінгеніміз тіпті бұрындары хабарымызға құлақ аспағандарға да сенімділікпен уағыздауға қозғау салуы мүмкін.
3 Дүкенде істейтін бір әйел бауырласымыз онда келіп тұратын бір сатып алушының сырт келбетінен шамалы шошынатын. Осыған қарамастан, ыңғайы келгенде, ол Құдай уәде еткен Жұмақ жайлы сол кісіге куәлік беруге тырысады. Ол адам қатал жауап беріп, ертегілерге сенбейтінін және хиппи әрі нашақор болғанын айтады. Бірақ бауырласымыз үмітін үзбейді. Бір күні сол кісі бауырласымыздан өзінің ұзын шашы жайлы не ойлайтынын сұрайды. Сонда бауырласымыз ізеттілікпен бұл жөнінде Киелі кітаптың не айтатынын түсіндіріп береді (1 Қор. 11:14). Келесі күні әлгі кісі бауырласымызды таң-тамаша қалдырады: ол жақсылап қырынып, шашын қысқа етіп алдыртып келіпті! Ол Киелі кітапты зерттеуге ниет білдіреді де, бір ер бауырлас онымен қуана-қуана сабақ өткізеді. Ол адам рухани өсіп, Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтеді. Осы адам іспетті бүгінгі күні Ехобаға қызмет етіп жүргендердің көбісі ешкімді алаламай, Патшалық туралы хабарды бөлісу үшін талмай күш салған бауырластарға ризашылықтарын білдіреді.
4 Жақында Ехоба бүкіл жер бетіндегі әділетсіздікті жоқ қылады (2 Пет. 3:10, 13). Сондықтан Шайтанның әділетсіз дүниесінің жойылатын кезі жақындап келе жатқанда, сол шектеулі уақытты пайдаланып, барлық адамдарға аман қалуға мүмкіншілік беру арқылы Ехобаның әділеттілігіне еліктейік (1 Жох. 2:17).