Ризашылықтарыңды білдіріңдер
1 Біз “қиын-қыстау күндері” өмір сүріп жатсақ та, Ехобаға ризашылығымызды білдірудің көптеген себептері бар (2 Тім. 3:1). Солардың ең басты себебі — Ехобаның біз үшін өз Ұлын беруі (Жох. 3:16). Бұған қоса, жалған діндегілер рухани ашығып жатқанда, біз рухани мол тағамның рақатын көрудеміз (Иш. 65:13). Біз дүниежүзілік бауырластықтың құрамына жатамыз және шынайы ғибадаттың кеңінен етек жаюына өз үлесімізді қосуға керемет мүмкіндік берілген (Иш. 2:3, 4; 60:4—10, 22). Ехобаның ағыл-тегіл төгіп отырған баталары үшін қалай ризашылығымызды білдіре аламыз? (Қол. 3:15, 17).
2 Қуанышқа бөленіп, шын жүректен қызмет атқару. Материалдық сый беру жайында талқылағанында, елші Пауыл: “Құдай қуанышпен бергенді ұнатады”,— деп жазған (2 Қор. 9:7). Бұл принципті қызметімізде де қолдануға болады. Ризашылығымыз шындыққа деген ынта-ықыласымыздан, мәсіхшілердің қауым кездесулерінен алатын қуанышымыздан, қызметіміздегі құлшынысымыз бен Құдайдың еркін қуана-қуана орындауымыздан айқын байқалады (Заб. 106:21, 22; 118:14; 121:1; Рим. 12:8, 11).
3 Ежелгі Исраилде белгілі бір құрбандықтардың нақты мөлшері Заңда талап етілмеген болатын. Әрбір ғибадат етуші ризашылығын “Ехобаның берген батасына қарай алып келу” арқылы көрсете алған (Заң. қ. 16:16, 17). Бүгінгі күні де солай, ризашылыққа толы жүрегіміз Патшалық туралы ізгі хабарды тарату мен шәкірт дайындау ісіне жағдайымыз келгенше, көбірек атсалысуға талпындырады. Жаз айлары ризашылық білдіруімізге жиі қосымша мүмкіндіктер береді. Кейбіреулер жұмыс не мектеп кезіндегі демалыстарын, сондай-ақ күннің ұзаруын қызметке шығу үшін пайдаланып, тіпті қосалқы ізашар болады. Осы жазда қызметке көбірек шыға аласыңдар ма?
4 Шексіз алғыс білдіріңдер. Мұны істеудің ең маңызды жолы — Ехобаға дұғамызда ризашылық білдіру (1 Сал. 5:17, 18). Құдай Сөзі бізді: “Шексіз алғыс айтатын болыңдар!” — деп шақырады (Қол. 2:7). Тіпті қолымыз босамай жатса да, не күйзеліске түссек те, күнделікті дұғамызда әрқашан ризашылығымызды білдіруіміз керек (Філіп. 4:6). Олай болса, қызметімізбен де, дұғамызбен де ‘шексіз ризашылығымызды білдіріп, шүкірлік етейік’ (2 Қор. 9:12).