Кішіпейілділікті талап ететін жұмыс
1 Құдай Сөзі бізге “Кіші пейіл болыңдар. Жамандыққа жамандықпен... емес, ақ батамен жауап беріңдер” деп өсиет етеді (1 Пет. 3:8, 9). Ол кеңестің уағыздау ісіне де қатысты екені анық. Шындығында мәсіхші ретіндегі қызметіміз кішіпейілділігімізге сынақ болуы мүмкін.
2 Кішіпейілділік — жағымсыз жағдайларда өзімізді дұрыс ұстай алуымызға көмектесетін қасиет. Уағыз айтып жүрген кезімізде бізді шақырмаған танымайтын кісілерді кездестіреміз және олардың кейбіреулерінің бізге дөрекі жауап беретінін де білеміз. Осындай жағдайларға қарамастан уағыз айту үшін кішіпейілділік қажет. Бір өте қиын аумақта екі ізашар әйел бауырластарымыз екі жыл бойы, күн сайын, үйме-үй уағыз айтады. Ешкім оларға есігін ашып, сөйлеспейді. Сөйтсе де олар табандылық танытады. Нәтижесінде бүгін ол аумақта екі қауым бар.
3 Таспен ұрғанды, аспен ұру: Өзгелер дөрекілік және әдепсіздік танытқан кезде, кішіпейілділігіміз Исаға еліктей алуымызға көмектеседі (1 Пет. 2:21—23). Бір үйде әйел бауырласымызды алдымен әйелі балағаттап, содан соң күйеуі жаман сөздер айтып, үйден шығуын талап етеді. Бауырласымыз жай ғана жымиып, келесі жолы әңгімелесуге үміттенетінін айтады. Бұл үй иелеріне қатты әсер етіп, олар келесі келген Куәгерді тыңдап, оның Патшалық сарайындағы кездесуге шақыруын қабыл алады. Онда оларды алғаш барған бауырласымыз қарсы алып, тағы да куәлік береді. Сол сияқты біз де ‘ілтипат, құрмет таныту’ арқылы хабарымызды қабыл алмаған адамдардың жүректерін жібіте аламыз (1 Пет. 3:15; Нақ. с. 25:15).
4 Менмендіктен аулақ болыңдар: Киелі кітапты білгеніміз өзгелерге жоғарыдан қарауға немесе оларды қорлайтын сөздер айтуымызға негіз болмайды (Жох. 7:49). Керісінше, Құдай Сөзі бізге ‘ешкімді қараламауға’ кеңес береді (Тит. 3:2). Иса сияқты шын жүректен кішіпейіл болсақ, өзгелердің жанын рақатқа бөлейтін боламыз (Мат. 11:28, 29). Кішіпейілділігіміз біздің хабарымызды тартымды ете түседі.
5 Иә, кішіпейілділік қиын аумақта уағыздауды жалғастыра беруімізге көмектеседі. Ол хабарымызды қабыл алмаған адамдардың жүректерін жібітіп, Патшалық туралы хабарды өзгелер үшін тартымды ете алады. Ең бастысы, ол ‘кішіпейілдерге рақымын шашатын’ Ехобаға ұнайды (1 Пет. 5:5).