КИЕЛІ КІТАП. СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР
Күнәларымыздың кешірілуі мүмкін бе?
Құдайдың ықыласына ие болу өте қиын деп ойламауымыз керек
Киелі кітапқа сай, адамдардың барлығы күнәкар. Біз түп атамыз Адам атадан күнәға деген бейімділікті мұра еттік. Сондықтан біз кейде бұрыс қадамдар жасап, артынан өкініп жатамыз. Иса Мәсіх өз өмірін қию арқылы біздің күнәларымызды өтеді. Оның төлем құрбандығы кешірімге ие болуға мүмкіндік берді. Бұл — Құдайдың бізге берген сыйы (Римдіктерге 3:23, 24 оқыңыз).
Кейбіреулер ауыр күнә жасағандықтан, Құдай мені кешіре ала ма деп уайымдайды. Қуанышқа орай, Құдай Сөзінде: “Исаның қаны бізді барлық күнәдан тазартады”,— делінген (Жоханның 1-хаты 1:7). Егер біз шын жүректен өкінсек, Құдай біздің тіпті ауыр күнәларымызды да кешіруге дайын (Ишая 1:18 оқыңыз).
Кешірімге ие болуымыз үшін не істеу керек?
Ехоба Құдайдың бізді кешіргенін қаласақ, оның жолдарын, өсиеттерін және талаптарын білуіміз керек (Жохан 17:3). Жасаған бұрыс әрекеттерімізге өкініп, өзгеруге тырысатын адамдарды Ехоба кеңпейілмен кешіреді (Елшілердің істері 3:19 оқыңыз).
Құдайдың ықыласына ие болу өте қиын деп ойламауымыз керек. Ехоба біздің күнәкар екенімізді ескереді. Ол жанашыр және мейірімді. Олай болса, Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігі бізді оған ұнамды болуға талпындыруы керек емес пе?! (Забур 102:13, 14 оқыңыз).