ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
Ехоба Құдай сізге жеке көңіл бөле ме?
“Өзімді түкке тұрғысыз сезіну — Құдайға жақындауға кедергі жасайтын ең үлкен қиындық”. Бұл сөздерді Ехоба Құдайдың жеке көңіл бөлуіне өзін лайықсыз санаған бір әйел айтқан. Сізге де осындай сезімдер таныс па? Олай болса, сізді: “Ехоба шын мәнінде өзінің қызметшілеріне жеке көңіл бөле ме?”— деген сұрақ мазалайтын шығар. Әрине, Ехоба өзінің қызметшілеріне жеке көңіл бөледі. Мұны Иса пайғамбардың айтқан сөздері растайды (Жохан 6:44 оқыңыз).
Ал Ехоба Құдайдың болмысы мен еркін бәрінен де жақсы білетін Иса не деген еді? (Лұқа 10:22). Ол былай деді: “Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады”. Демек, Ехобаның өзі жақындатып тартпағанда, біз көктегі әкеміз Ехобаның қызметшісі де, Иса пайғамбардың ізбасары да бола алмас едік (Салоникалықтарға 2-хат 2:13). Исаның не айтқысы келгенін түсінетін болсақ, оның сөздері Құдайдың әрқайсымызға жеке көңіл бөлетініне бұлтартпас дәлел болады.
Ехоба бізді жақындатып тартады дегенді қалай түсінуге болады? Гректің “тарту” деген етістігі ауға түскен балықтарды тарту мағынасында да қолданылады (Жохан 21:6, 11). Алайда Ехоба өзіне қызмет етуге мәжбүрлеп, бізді қалауымыздан тыс жақындатып тарта ма? Жоқ. Ехоба бізге таңдау еркін берген, сондықтан ол біздің жүрегімізге біздің еркімізден тыс әсер етпейді (Заңды қайталау 30:19, 20). Бір ғалым мұны былай деп түсіндірді: “Біздің бейнелі жүрегіміздің есігін сырттан ашатын тұтқа жоқ. Оны тек адамның өзі іштен ашу керек”. Ехоба миллиардтаған адамның жүрегін тексеріп, өзін іздеген адамдарды іздейді (Шежірелер 1-жазба 28:9). Ал сондай адамдарды тапқанда, Ехоба оларға әсерлі жолмен жауап береді. Қалайша?
Ехоба “ыңғай танытқан” адамдардың жүрегін өзіне мейірімділікпен жақындатып тартады (Елшілердің істері 13:48). Ол мұны екі жолмен — жеке әрқайсымызға Киелі кітаптағы ізгі хабарды айту арқылы әрі өзінің киелі рухы арқылы — жүзеге асырады. Киелі кітапта жазылған хабарға құлақ асқан жүректі көргенде, Ехоба оған сол хабарды түсінуге және алған біліміне сай өмір сүруге көмектесу үшін киелі рухын береді (Қорынттықтарға 1-хат 2:11, 12). Ехоба Құдайдың көмегінсіз біз ешқашан оның қызметшісі де, Исаның ізбасары да бола алмайтын едік.
“Біздің бейнелі жүрегіміздің есігін сырттан ашатын тұтқа жоқ. Оны тек адамның өзі іштен ашу керек”
Исаның Жохан 6:44-те жазылған сөздерінен Ехоба Құдай туралы не білеміз? Ехоба адамдардың жүрегінде жақсы нәрсені көреді және әркімге жеке көңіл бөледі, сондықтан оларды өзіне жақындатып тартады. Осы керемет шындықты түсінгені жоғарыда сөзі келтірілген әйелге жұбаныш берді. Ол былай дейді: “Ехобаның қызметшісі болу — әрбір адам үшін ең керемет мәртебе. Ехоба мені өзінің қызметшісі етіп таңдаса, мен ол үшін бағалы болғаным”. Ал сіз ше? Ехобаның өз қызметшілеріне жеке көңіл бөлетінін білгеніңіз сізді жүрегіңіздің есігін ашуға талпындыра ма?
Мамырда оқитын Киелі Кітап үзіндісі: