Оқырман сауалдары
Мәсіхшінің порнография көруді әдетке айналдырғаны қауымнан шығарылуына себеп болатындай соншалықты қауіпті ме?
▪ Иә, бұл шынымен де қауіпті. Сол себепті порнографияның барлық түрінен, журнал, теледидар мен Интернеттен бейне көріністерді қараудан не жазбашасын оқудан, барынша аулақ болуымыз керек.
Порнография жер-жаһанның бәріне тарап кеткен. Бүгінде порнографияны Интернеттен оп-оңай көруге болатындықтан, оның құрсауына түсетіндердің саны күн санап өсуде. Кәрісі бар, жасы бар, кейбіреулер порнографиялық сайттарға өздері аңдамай тап болып жатады. Ал өзгелері болса бөлмеде не кеңседе оңаша қалып, ешкім көрмейді деген оймен мұндай сайттарға әдейі кіреді. Бұл орайда мәсіхшілердің неге абай болғандары дұрыс?
Мұның ең басты себебі Исаның келесі ескертуінен көрінеді: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қарап тұра берсе, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Мат. 5:28). Ерлі-зайыптылардың арасында жыныстық қатынастың болуы және мұның оларға рақат әкелуі — кәдімгі әрі орынды нәрсе (Нақ. с. 5:15—19; Қор. 1-х. 7:2—5). Алайда порнографияның көздегені әлбетте бұл емес. Оның мақсаты — Иса ескерткен азғын ойларды ұялататын заңсыз жыныстық қатынасты бейнелеп көрсету. Олай болса, порнографияны көретіндер не оқитындар Құдайдың мына нұсқауын бұзатыны айдан анық: “Сондықтан топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (Қол. 3:5).
Ал мәсіхші порнографияны бір-екі рет көрсе ше? Оның жағдайы қандай да бір шамада забур жыршысы Асафтікіндей өте қауіпті. Ол: “Мен тура жолдан тая жаздадым, Тірегімнен айырылуға шақ қалдым”,— деген. Мәсіхші жалаңаш еркектерге не әйелдерге, я болмаса азғындықпен айналысып жатқандарға сүзіліп қараса, оның ар-ұжданы таза сақталып, Құдаймен қарым-қатынасы жақсы болып қала бере ме? Әрине, жоқ! Асафтың да әбден мазасы кеткен. “Күн ұзағына қиналып, Таң атысымен түсем азабыма!”— деді ол (Заб. 72:2, 14).
Порнографияның шырмауына түскен мәсіхші есін жиып, рухани көмекке мұқтаж екенін түсінуі керек. Мұндай көмекті ол қауымнан таба алады: “Егер біреу өзі аңдамай шалыс қадам жасап жатса, рухани толысқан сендер мұндай адамды жұмсақтықпен түзетіңдер. Бірақ... мұны әрқайсысың өздеріңе сақ бола отырып істеңдер” (Ғал. 6:1). Қауымның бір-екі ақсақалы әлгі мәсіхшіге қажетті көмек бере алады. Олардың “сеніммен айтқан дұғасы науқасты сауықтыра” алады, сонда оның күнәсі кешіріледі (Жақ. 5:13—15). Порнографияның дағынан тазарғысы келгендер, Асаф сияқты, Құдайға жақындай түсудің қатты көмектесетініне көздері жеткен (Заб. 72:28).
Елші Пауыл күнә жасаған әлдебіреулердің “арам істеріне, азғындықтарына, әдепсіз қылықтарына”a өкінбегенін айтқан (Қор. 2-х. 12:21). Профессор Марвин Винсент мұндағы “арам істер” деп аударылған грек сөзін анайы, тұрпайы нәрселерге қатыстырған. Бір өкініштісі, бүгінде порнографияның кейбір түрлері жалаңаштанған не азғындықпен айналысқан еркек, әйелдерді көрсетумен ғана шектелмейді. Оның гомосексуализм, яғни бір жынысты адамдардың арасындағы жыныстық қатынас, бір топ адаммен я жануарлармен қатынасқа түсу, балалар порнографиясы, тобыр болып зорлау, әйелдерді ұрып-соғу, әлдекімді құлдықта ұстап қинау не оны азаптаудан рақат алу сияқты жантүршігерлік, жеркенішті түрлері бар. Пауылдың күндерінде “саналарын қараңғылық басқан” кейбіреулер ұяттан әбден безіп, “әдепсіздікке салынып, тойымсыздықпен әрқилы арам істер жасаған” (Ефес. 4:18, 19).
Пауыл “арам істер” жайлы Ғалаттықтарға 5:19-да да айтқан. Бір британдық ғалымның айтуынша, мұндағы арам істер “барлық тұрпайы қалауларға айрықша нұсқайтын көрінеді”. Расында да, жоғарыда аталған жеркенішті де анайы порнография түрлері “тұрпайы қалаулардан” тумаған, олардың еш әбестігі жоқ деп қай мәсіхші айта алады? Сөзін қорытындылай келе, Пауыл Ғалаттықтар 5:19—21 тармақтарда осындай арам істермен айналысатындардың “Құдай патшалығын мұра етпейтінін” айтқан. Демек, әлдекім жеркенішті де анайы порнографияны көруге қатты әдеттеніп кетсе (бәлкім, ұзақ уақыт бойы әуестенген болар), әрі бұған өкініп, алған бетінен қайтпаса, мәсіхшілердің қауымында қала алмайтыны анық. Мұндай адам қауымның тазалығы мен жақсы рухы сақталу үшін қауымнан шығарылу керек (Қор. 1-х. 5:5, 11).
Порнографияның жеркенішті түрлерін көрген кей бауырластардың ақсақалдарға барып, олардың үлкен өзгерістер жасауға көмектескен рухани шараларын қабыл алғанын білгеніміз қандай жақсы. Иса Сардтағы мәсіхшілерді мынаған шақырған: “Қалғандарды нығайт, олар да өлуге шақ қалды... Не алып, не естігеніңді есіңнен шығарма, соларды ұстана бер және өкін. Егер оянбасаң... қай сағатта келетінімді сен білмейсің” (Аян 3:2, 3). Иә, күнә жасаған мәсіхші өкініп, “оттан суырып алынғандай құтқарыла” алады (Яһд. 22, 23).
Алайда ең дұрысы — порнографияның маңына да жоламауға белді бекем буу. Иә, порнографияның барлық түрінен аулақ болуға берік шешім қабылдайық!
[Сілтеме]
a 2006 жылдың 15 шілдесіндегі “Күзет мұнарасының” (ор.) 29—31 беттерінде “арам істер, азғындық, әдепсіз қылықтардың” аражігі ажыратылып көрсетілген.
[30-беттегі сөздер]
Порнографияның шырмауына түскен мәсіхші есін жиып, рухани көмекке мұқтаж екенін түсінуі керек