“Бізді суретке түсіріп жібересіз бе?”
Мексикадағы Бетелде қызмет ететін Хосуа есімді бауырлас Керетаро қаласындағы облыстық конгрестің екінші күні аяқталған соң, саяхаттауға шығады. Жолда оны Колумбиядан келген ерлі-зайыпты Жавиер мен Мару тоқтатып, өздерін суретке түсіруін өтінеді. Бұл ерлі-зайыптылар Хосуа мен оның Куәгер достарының плакеткаларын және ұқыпты киім киісін байқап: “Оқу орнын бітіру салтанатынан не басқа бір арнайы жиыннан келе жатырсыңдар ма?”— деп сұрайды. Хосуа Ехоба куәгерлерінің облыстық конгресінен келе жатқандарын айтып, оларды жексенбі күнгі бағдарламаны тыңдауға шақырады.
Алайда ерлі-зайыптылар лайықты киімдері жоқ болғандықтан конгреске баруға ыңғайсызданатындарын айтады. Сөйтсе де Хосуа оларға есімін айтып, өзі қызмет ететін филиалдың телефон нөмірін беріп кетеді.
Төрт ай өткен соң, Хосуа күтпеген жерден Жавиерден хабар алады. Ерлі-зайыптылар конгреске қатысыпты, ал енді Ехоба куәгерлерінің өздері тұрып жатқан Мексикадағы үйлеріне келгенін қалайды екен. Көп ұзамай Жавиер әйелі екеуі Киелі кітап зерттеу сабағын бастап, бірден қауым кездесулеріне барады. Ал он ай өткен соң, жариялаушы болады. Торонтоға (Канада) көшіп кетуге тура келсе де, олар рухани қадам жасауларын доғармай, ақырында шомылдыру рәсімінен өтеді.
Кейіннен Хосуа Жавиерден хат алады. Хатта Жавиер шындықты қабылдауына не түрткі болғанын түсіндіреді. “Конгреске бармас бұрын әйелім екеуіміз Құдайдың басшылығына мұқтаж екенімізді сөз еткен едік. Кейіннен сендердің ұқыпты киім киістеріңді көргенде, арнайы кездесуден келе жатқан шығар деп ойладық. Конгресте бауырластардың бізге ізетпен орын тауып бергені, Киелі кітаптарынан қарап отыруды ұсынғаны және сондағылардың әдепті жүріс-тұрыстары бізге қатты әсер етті. Олар біздің туристер сияқты киінгенімізге еш мән бермеді”.
Дана патша Сүлейменнің сөздері Хосуаның жағдайында қалай дәл орындалды десеңдерші! Ол былай деген: “Өз тұқымыңды ертеңгісін себетін бол, әрі кешкісін де қолға тыным таптырма, өйткені сен бастапқысы ма немесе келесісі ме, алғашқысы ма, қайсысының дұрыс болатындығын немесе... бірдей жақсы болатындығын білмейсің” (Екк. 11:6). Сен де өзгелерді алдағы конгреске не көпшілікке арналған баяндамаға шақырудың әрбір мүмкіндігін пайдаланып, тұқым сеуіп жүрсің бе? Ехоба Жавиер мен Мару сияқты рухани ашыққан адамдарды өзіне жақындатып тарту үшін сені қолдануы әбден мүмкін (Ишая 55:1).
[32-беттегі сурет]
Солдан оңға қарай: Алехандро Вегуелин, Мару Пинеда, Алехандро Пинеда, Жавиер Пинеда және Хосуа Рамирестің Мексикадағы филиалда түскен суреттері