Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.3. 25—29 бет.
  • Артыңа жалтақтай берме

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Артыңа жалтақтай берме
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “ҚАЙРАН, ӨТКЕН КҮНДЕР-АЙ”
  • БАС ТАРТҚАН НӘРСЕЛЕРІМІЗ
  • ӨМІРДЕГІ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҒДАЙЛАР
  • “Назарың тек алда болсын”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Исаның ізбасары болу үшін не қажет?
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2018)
  • Лұттың әйелі Құдайды тыңдамады
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Лұттың әйелін есте ұстайық
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2018)
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.3. 25—29 бет.

Артыңа жалтақтай берме

“Қолына соқа ұстап, артына жалтақтай беретін адам Құдай патшалығына кіруге лайықсыз” (ЛҰҚА 9:62).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Лұттың әйелін есімізде ұстағанымыз неліктен маңызды?

Қандай үш нәрсе жайлы ойлай бермеуіміз керек?

Ехобаның ұйымымен бірге қалай алға баса аламыз?

1. Иса қандай ескерту айтқан және осыған орай қандай сұрақ туындайды?

“ЛҰТТЫҢ әйелін есте ұстаңдар!” (Лұқа 17:32). Шамамен 2000 жыл бұрын айтылған Исаның бұл ескертуі қазір әсіресе маңызды. Мұнымен Иса не айтқысы келді? Оны тыңдап отырған яһудилер Лұттың әйелімен не болғанын жақсы білген еді. Содомнан отбасымен бірге қашып бара жатқанда, ол Ехобаның тілін алмай, артына қарады да, тұз бағанасына айналды (Жаратылыс 19:17, 26 оқы).

2. Лұттың әйелі не себепті артына қараған болуы мүмкін және бұл әрекеті неге әкеп соқты?

2 Лұттың әйелі не үшін артына қарады екен? Жай ғана онда не болып жатқанын көргісі келді ме? Әлде қаланың жойылатынына сенбегендіктен не күмәнданғандықтан солай етті ме? Я болмаса Содомда қалған дүниесін қимағандықтан артқа бұрылды ма? (Лұқа 17:31). Қандай болған күнде де, Ехобаның тілін алмағаны үшін ол өмірінен айырылды. Ойлап көрші, Лұттың әйелі Содом мен Ғомораның әбден бұзылған тұрғындарымен бір күнде өлімге кесілді. Сондықтан да Иса: “Лұттың әйелін есте ұстаңдар!”— деді.

3. Бейнелі мағынада артқа жалтақтамау керектігін Иса қалай түсіндірді?

3 Бүгінде бізге де бейнелі мағынада артқа қарамау маңызды. Шәкірті болмас бұрын үй-ішімен қоштасып келуге сұранған кісіге жауап бергенде, Иса осы ойға назар аударған. “Қолына соқа ұстап, артына жалтақтай беретін адам Құдай патшалығына кіруге лайықсыз”,— деді ол (Лұқа 9:62). Исаның бұл жауабы тым қатал не ақылға қонымсыз болды ма? Жоқ, себебі Иса бұл адамның жауапкершіліктен жалтару үшін сылтау іздегенін білген. Ол Құдайға қызмет етуді кейінге ысыра беретін адамды “артына жалтақтай беретін” соқашыға теңеген. Соқашы соқасын қойып артқа бұрылса не тіпті бір сәтке артқа қараса, ол жұмысынан алаңдап, ойдағыдай істей алмайды.

4. Біз не нәрсеге көз тігуіміз керек?

4 Біз өткенге емес, болашаққа көз тігуіміз қажет. Бұл жайлы Нақыл сөздер 4:25-те анық айтылған: “Алға қарай көзің тура қарасын, Алған бағыттан назарың таймасын”.

5. Артқа жалтақтамауға қандай себеп бар?

5 Біз соңғы күндерде өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1). Бұл артқа жалтақтамауға келелі себеп болып табылады. Жақында Құдай тек екі қаланы емес, күллі зұлым дүниені жояды. Олай болса, Лұттың әйелінің кебін кимеуге бізге не көмектеседі? Алдымен, бізді артқа қарауға азғыруы мүмкін жайттарды анықтап алу керек (Қор. 2-х. 2:11). Келіңдер, сол жайттардың кейбірін және олар ойымызды жаулап алмау үшін не істей алатынымызды қарастырайық.

“ҚАЙРАН, ӨТКЕН КҮНДЕР-АЙ”

6. Неге есте сақтау қабілетімізге әрдайым сенім арта алмаймыз?

6 Мәселен, біз артта қалған күндерді аңсауымыз мүмкін. Алайда біздің есте сақтау қабілетіміз кемелсіз екенін ұмытпайық. Біз өзіміз аңғармай, өткен күндерде қиындықтарымыз аз болды әрі әлдеқайда бақытты едік деп ойлай бастауымыз мүмкін. Алайда Киелі кітап бізді: “Неліктен өткен заман қазіргіден артық?” деп шағымданба! Өйткені осындай сауал қойғаның даналық емес”,— деп ескертеді (Екк. 7:10). Осындай ойда болу неліктен қауіпті?

7-9. а) Мысырда исраилдіктермен не болды? ә) Исраилдіктердің қуануына қандай себептер болды? б) Не себепті олар күңкілдеп, шағымдана бастады?

7 Мұсаның кезіндегі исраилдіктердің жағдайын еске түсірейік. Исраилдіктер Мысыр еліне көшіп келгенде, мысырлықтар оларды сыйлы қонақ ретінде қарсы алған болатын. Алайда Жүсіп көз жұмған соң, мысырлықтар “Исраил халқын ауыр жұмыспен діңкелетіп, қысым көрсету үшін үстерінен бақылаушылар тағайындады” (Мыс. ш. 1:11). Кейінірек перғауын исраилдіктер көбейіп кетпеу үшін жаңадан туылған ұл балаларын өлтіріп отыруды бұйырды (Мыс. ш. 1:15, 16, 22). Сол себепті Ехоба Мұсаға былай деді: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбір көріп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін” (Мыс. ш. 3:7).

8 Мысырдың құлдығынан азат болғанда исраилдіктер қалай қуанды десеңші! Ехоба олардың көз алдында тәкаппар перғауын мен оның халқына он апат жіберіп, шексіз құдіретін паш етті (Мысырдан шығу 6:1, 6, 7 оқы). Сонда мысырлықтар исраилдіктерден тез арада кетуін өтініп, оларға көп алтын мен күміс берді. Киелі кітаптың айтуынша, исраилдіктер “Мысырдың байлығын олжалады” (Мыс. ш. 12:33—36). Ал Ехоба перғауын мен оның әскерін Қызыл теңізде жойып жібергенде, олардың қуаныштарында шек болмады (Мыс. ш. 14:30, 31). Ехобаның ұлы істерінің куәсі болған исраилдіктердің сенімдері нығайғаны сөзсіз!

9 Алайда көп ұзамай-ақ адам сенгісіз бір жайт орын алды. Кеше ғана қуанып жүрген исраилдіктер енді тамаққа бола күңкілдей бастады! Олар Ехоба беріп отырған ас-суды қанағат тұтпай, былай деп шағымданды: “Мысырдағы тегін балықты айтсаңшы! Қияр, қарбыз, жуа, пияз әрі сарымсақ дегендерді айтсаңшы! Ал енді, көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді. Оны жей-жей тәбетіміз таусылып, өзегіміз талды ғой!” (Ру. сан. 11:5, 6). Олар Мысырда өткен күндерінің шын мәнінде қандай болғанын ұмытып кеткен тәрізді. Жаңсақ ойға бой алдырған олар өздерін құл еткен елге қайта оралғысы келді! (Ру. сан. 14:2—4). Исраилдіктер артқа жалтақтап, Ехобаның ықыласынан айырылды (Ру. сан. 11:10).

10. Исраилдіктердің жағдайынан өзімізге қандай сабақ аламыз?

10 Бұдан қандай сабақ алуымызға болады? Қиыншылықтар мен проблемаларға душар болғанда, бұрын, бәлкім шындықты білмеген кезімізде, “уайым-қайғысыз өмір” кешкен едік деп ойламайық. Әрине, бастан кешкен оқиғалардан сабақ алып, қуанышты шақтарымызды еске алып отырған жақсы. Алайда өткен күндер туралы ойға шомғанда, байсалдылық танытқанымыз жөн. Әйтпесе қазіргі өмірімізге көңіліміз толмай, бұрынғы өмір салтымызға оралуды аңсай бастауымыз мүмкін (Петірдің 2-хаты 2:20—22 оқы).

БАС ТАРТҚАН НӘРСЕЛЕРІМІЗ

11. Кезінде бас тартқан нәрселеріне кейбіреулер қалай қарайды?

11 Өкінішке қарай, кейбіреулер кезінде бас тартқан нәрселеріне жалтақтап, оларды жіберіп алған мүмкіндіктер деп қарастырады. Бәлкім, кезінде жоғары білім алуға, атақты болуға не ауқатты өмір сүруге мүмкіндіктерің болса да, сен олардан бас тартқан шығарсың. Арамыздағы көп бауырластарымыз сауда-саттық, білім беру, ойын-сауық не спорт саласындағы жалақысы жоғары жұмысты тастаған. Содан бері жылдар өтті, ал осы дүниенің ақыры әлі келген жоқ. Сен “сол мүмкіндіктерден бас тартпағанымда өмірім қандай болар еді?!” деп қиялдайсың ба?

12. Пауыл артта қалдырған нәрселеріне қалай қараған?

12 Мәсіхтің ізбасары болу үшін елші Пауыл көп нәрседен бас тартқан (Філіп. 3:4—6). Ол артта қалдырған нәрселеріне қалай қараған? Пауыл былай деп бөліседі: “[Мен] өзім жетістік деп санаған нәрселердің бәрінен Мәсіх үшін бас тарттым”. Не үшін? “Ием Мәсіх Иса туралы аса құнды білім үшін мен бәрінен де бас тарттым. Мәсіх үшін бәрінен айырылдым, әрі оларды түкке тұрғысыз қоқыс санаймын. Осылайша онымен тығыз қарым-қатынаста [боламын]”,— дейді олa (Філіп. 3:7, 8). Адам қоқыс тастағаннан кейін бұлай еткеніне өкініп жатпайды ғой. Сол сияқты Пауыл да осы дүниедегі мүмкіндіктерінен бас тартқанына еш өкінбеді. Мұның бәрін ол түкке тұрғысыз санады.

13, 14. Біз Пауылға қалай еліктей аламыз?

13 Егер кезінде бас тартқан мүмкіндіктерің жөнінде қиялдап жүрген болсаң, не істегенің дұрыс? Осы орайда Пауылдан үлгі алғаның жөн. Қалайша? Алдымен, қазір кенеліп жатқан баталарың туралы ой жүгірт. Сен Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа ие болдың әрі ол сені адал қызметшісі деп біледі (Евр. 6:10). Шындығына келгенде, осы дүниенің ұсынып жатқаны Ехобаның қазір және болашақта беретін баталарымен салыстырғанда түкке де тұрмайды (Марқа 10:28—30 оқы).

14 Әрі қарай Пауыл Ехобаға адалдығымыздан айнымай қызмет етуге көмектесетін жайтты атап өтті. Ол: “Өткенді ұмыт қалдырып, алдағы нәрселерге ұмтылудамын”,— деді (Філіп. 3:13). Байқасақ, Пауыл бұл жерде жасауымыз қажет екі қадам жайлы айтты. Біріншіден, артта қалдырған нәрселерді ұмытуымыз керек. Алтын уақытымыз бен күшімізді бұлар жайлы ойлауға сарп етпейік. Екіншіден, біз мәре сызығына жақындап қалған жарыскер сияқты жан сала ұмтылғанымыз жөн. Иә, тек алдағы нәрселерге көз тіккеніміз өте маңызды.

15. Құдайдың адал қызметшілерінің мысалдары жайында ой жүгіртудің қандай пайдасы бар?

15 Ертедегі және бүгіндегі адал қызметшілердің мысалдары туралы ой жүгіртетін болсақ, артта қалғанға алаңдай бермей, алға ұмтылуға одан бетер талпынатын боламыз. Мәселен, Ыбырайым мен Сара Ур туралы ойлай берсе, “кері қайтудың амалын табар еді” (Евр. 11:13—15). Бірақ олар олай етпеді. Мұса да өте көп нәрсені артта қалдырған. Мысырдан кейіннен шыққан ешбір исраилдік ол сияқты көп нәрседен бас тартпаған. Десе де Киелі кітапта Мұса сол нәрселерді қайтарғысы келді деп айтылмаған. Қайта, ол “бар назарын алатын сыйына тіккендіктен, майланған ретінде қорлық көруді Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады” (Евр. 11:26).

ӨМІРДЕГІ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҒДАЙЛАР

16. Бұрынғы жағымсыз жағдайлар бізге қалай әсер етуі мүмкін?

16 Өмірімізде тек жайма-шуақ кездер ғана емес, жағымсыз жағдайлар да болып тұрады. Мысалы, бұрын жасаған күнәларымыз бен ағаттықтарымыз жанымызды жегідей жейтін шығар (Заб. 50:5). Я болмаса бізге айтылған қандай да бір кеңестің қамшыдай тигені сонша, жарасы әлі күнге дейін жазылмай жатқан болар (Евр. 12:11). Мүмкін, әділетсіздіктің немесе солай болып көрінген жағдайдың құрбаны болған кезді ойымыздан шығара алмай жүрген шығармыз (Заб. 54:3). Артта қалған осы жағдайларға жалтақтамауға не көмектеседі? Осы үш жағдайды қарастырып көрейік.

17. а) Неліктен Пауыл өзін “қасиеттілердің арасындағы ең кішісінен де кішімін” деп атады? ә) Пауылға жағымсыз ойларға берілмеуге не көмектесті?

17 Бұрынғы қателіктеріміз. Елші Пауыл өзін “қасиеттілердің арасындағы ең кішісінен де кішімін” деп атады (Ефес. 3:8). Неге? “Себебі Құдай қауымын қудаладым”,— деп түсіндірді ол (Қор. 1-х. 15:9). Кезінде өзі қудалаған бауырластармен кездескенде, ол өзін қалай сезінгені айтпаса да түсінікті. Алайда ол жағымсыз ойларға берілмеді. Оның орнына, Пауыл Ехобаның өзіне көрсеткен мейірімділігі мен рақымы жайлы ой жүгіртті (Тім. 1-х. 1:12—16). Нәтижесінде ол ризашылыққа бөленіп, қызметін әрі қарай жалғастыра беруге талпынды. Пауыл ұмыт қалдыруды шешкен нәрселердің ішінде кезінде жасаған күнәлары да болған. Біз де өзгерте алмайтын өткенді уайымдамайық. Қайта, Ехобаның мейірімділігі жайлы ой жүгіртіп, бар күшімізді қызметке жұмсайық.

18. а) Бұрын алған кеңеске бола ренішке бой алдырудың нәтижесі қандай болуы мүмкін? ә) Қалайша біз Сүлейменнің кеңесіне құлақ аса аламыз?

18 Ауыр тиген кеңес. Бәлкім, біз бұрын айтылған қандай да бір кеңеске ренжіген болармыз. Бұл көңілімізге тиіп қана қоймай, тіпті “еңсеміздің түсуіне” әкеп соғуы мүмкін (Евр. 12:5 Кк). Кеңесті “жөнсіз” деп санап оны қабылдамасақ немесе оны алғашында қабылдап, бірақ кейіннен ренішке бой алдырсақ, кеңестің пайдасын көрмейміз. Одан да Сүлейменнің: “Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта”,— деген сөздеріне құлақ асқанымыз игі (Нақ. с. 4:13). Жол белгілерін ұстанатын көлік жүргізушісі сияқты біз де кеңеске құлақ түріп, оны қолдану арқылы алға басайық (Нақ. с. 4:26, 27; Еврейлерге 12:12, 13 оқы).

19. Аббақұқ пен Еремияның сеніміне қалай еліктей аламыз?

19 Әділетсіздік немесе солай болып көрінген жағдай. Кей кезде біз өзімізді Ехобадан әділдік орнатуды жалбарына сұраған Аббақұқ пайғамбар сияқты сезінуіміз мүмкін. Ол Құдайдың әділетсіздікке не себепті жол бергенін түсінбеді (Абб. 1:2, 3). Сөйтсе де ол: “Мен бәрібір Жаратқанға шаттанамын, Құтқарушы Құдайыма қуанамын”,— деген болатын. Біздің де осы пайғамбардың сеніміне еліктегеніміз маңызды (Абб. 3:18). Сондай-ақ Ехобаға “үміт артқан” Еремияға еліктеп, әділдіктің Құдайы өз уақытында бәрін реттейтініне сенімді болайық (Ерм. з. 3:19—24).

20. “Лұттың әйелін есімізде ұстайтынымызды” қалай көрсете аламыз?

20 Біз ерекше уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қазір елеулі оқиғалар орын алып жатыр және алда бізді әлі көп нәрсе күтіп тұр. Олай болса, әрқайсымыз Ехобаның ұйымымен бірге алға басайық. Сондай-ақ артта қалған нәрселерге жалтақтамай, алдағы нәрселерге көз тігейік. Осылайша Лұттың әйелін есімізде ұстайтынымызды көрсетеміз.

[Сілтеме]

a “Қоқыс” деп аударылған түпнұсқа тіліндегі сөз “итке тасталған жуынды”, “көң” немесе “нәжіс” дегенді де білдіреді. Бір Киелі кітап зерттеушісінің айтуынша, Пауыл бұл жерде адам біржола тастап, бұдан былай көргісі де келмейтін түкке тұрғысыз әрі жеркенішті нәрсеге нұсқаған.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу