Құдай рухының өзіңді жетелеуіне жол бересің бе?
“Сенің игілікті Киелі Рухың түзу жолмен мені жетелей көрсін” (ЗАБ. 142:10).
1, 2. а) Ехоба өз қызметшілерінің игілігі үшін киелі рухын қалай қолданғанына мысал келтір. ә) Киелі рух тек ерекше жағдайларда ғана әсер ете ме? Түсіндіріп бер.
КИЕЛІ РУХТЫҢ әсері жайлы ойлағанда, есіңе не түседі? Гедеон мен Самсонның құдіретті істері ме? (Би. 6:33, 34; 15:14, 15). Бәлкім, ертедегі мәсіхшілердің батылдығы не Жоғарғы кеңестің алдында тұрған Степанның ерекше сабырлығы шығар? (Ел. іс. 4:31; 6:15). Ал бүгінде халықаралық конгрестердегі зор қуаныш, бейтараптық сақтағаны үшін түрмеге жабылған бауырластардың мінсіздігі және уағыз ісіндегі ғаламат өсім жайлы не деуге болады? Бұлардың бәрі киелі рух қалай әсер ететіндігінің көрінісі болып табылады.
2 Киелі рух тек ерекше жағдайларда ғана әсер ете ме? Жоқ. Құдай Сөзінде мәсіхшілер жайлы “киелі рухтың жетекшілігімен өмір сүретіндер” немесе “рухтың жетелеуімен жүретіндер” деп айтылады (Ғал. 5:16, 18, 25). Осы сөздерден Құдай рухы біздің өмірімізге үздіксіз әсер ете алатынын байқаймыз. Сондықтан күн сайын Ехобадан рухы арқылы ойымызға, сөзіміз бен іс-әрекетімізге бағыт беруін өтінуіміз керек (Забур 142:10 оқы). Киелі рухтың өмірімізге емін-еркін әсер етуіне жол берсек, ол бойымызда өзгелерге жағымды, ал Құдайға мадақ әкелетін жеміс дамытады.
3. а) Киелі рухтың жетелеуімен жүру неліктен маңызды? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Киелі рухтың жетелеуімен жүру неліктен маңызды? Себебі бізді билеп-төстеп алғысы келетін әрі киелі рухтың әсеріне қарсы тұратын басқа күш бар. Жазбаларда айтылғандай, бұл күш — “тәннің қалауы”, яғни күнәкар бейімділіктеріміз, Адам атадан мұра еткен кемелсіздігіміз (Ғалаттықтарға 5:17 оқы). Құдай рухының өзімізді жетелеуіне жол беруге не жатады? Күнәкар тәніміздің иіріп әкететін күшіне қалай қарсы тұруға болады? “Киелі рухтың жемісінің” алты қырын — шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық пен ұстамдылықты — қарастыру барысында осы сұрақтарға жауап аламыз (Ғал. 5:22, 23).
Жұмсақтық пен шыдамдылық қауымның татулығына ықпал етеді
4. Жұмсақтық пен шыдамдылық қауымның татулығына қалай ықпал етеді?
4 Қолостықтарға 3:12, 13 оқы. Қауымда татулықтың болуына жұмсақтық пен шыдамдылық бірдей ықпал етеді. Киелі рух жемісінің бұл екі қыры басқаларға ізетпен қарауға, ашуға арандатқанда сабыр сақтауға және әлдекім сөзі не ісімен ренжіткенде, есесін қайтармауға көмектеседі. Егер бауырласпен арамызда қандай да бір түсініспеушілік болса, шыдамдылық бауырласымызға кейімей, қайта, арамызға түскен сызатты біріктіруге көмектеседі. Бәріміз де кемелсіз болғандықтан, қауымда жұмсақтық пен шыдамдылық таныту қаншалықты маңызды!
5. Пауыл мен Барнабаның арасында қандай жағдай болды әрі бұдан нені көреміз?
5 Мысал үшін Пауыл мен Барнабаның арасында болған жағдайды алайық. Ізгі хабарды таратуда екеуі біраз жылдар бойы иық тіресе қызмет етті. Әрқайсысының жақсы қасиеттері болды. Дей тұрғанмен бір жолы “бір-біріне қатты ашуланып, екеуі екі жаққа кетеді” (Ел. іс. 15:36—39). Бұл оқиғадан тіпті рухани толысқан мәсіхшілердің арасында да кейде келіспеушіліктер туатынын көреміз. Егер екі бауырластың арасында осындай жағдай болып жатса, мұның соңы ұрыс-керіске ұласып, аралары біржола суып кетпеу үшін не істеулеріне болады?
6, 7. а) Бауырласпен әңгімеміз ұрыс-керіске ұласпай тұрғанда, Жазбалардағы қандай кеңеске құлақ асқан жөн? ә) “Тыңдауға жүйрік, сөйлеуге және ашулануға баяу болудың” қандай пайдасы бар?
6 Пауыл мен Барнабаның жағдайынан олар аяқ астынан қатты келіспей қалып, ашуға бой алдырғаны көрінеді. Араларында туындаған мәселе жайлы сөйлесіп тұрған екі бауырластың бірі өзін ашу кернегенін сезсе, Жақып 1:19, 20-дағы мына кеңеске құлақ асқаны жөн: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге және ашулануға баяу болсын. Өйткені ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді”. Әңгіме ұрыс-керіске ұласпай тұрғанда, бауырлас жағдайға қарай әңгімені басқа жаққа бұруға не кейінге қалдыруға тырысар, я болмаса жай ғана кетіп қалар (Нақ. с. 12:16; 17:14; 29:11).
7 Осы кеңеске құлақ асудың қандай пайдасы бар? Егер мәсіхші өз-өзіне келуге, болған жайт туралы дұға етуге және қалай дұрыс жауап беру керектігін ойластырып алуға уақыт бөлсе, Құдай рухының өзін жетелеуіне жол береді (Нақ. с. 15:1, 28). Киелі рухтың әсерімен ол жұмсақтық пен шыдамдылық таныта алады. Осылайша Ефестіктерге 4:26, 29-дағы “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар... Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдап тұрғандарды қажет кезінде нығайтып, пайдаларына ассын” деген сөздерді орындауға дайын болады. Шынында да, жұмсақтық пен шыдамдылық танытсақ, қауымның татулығы мен бірлігіне септігімізді тигіземіз.
Мейірімділік пен ізгілік отбасыңды көркейтсін
8, 9. Мейірімділік пен ізгілік деген не және бұлар үй ішіндегі жағдайға қалай әсер етеді?
8 Ефестіктерге 4:31, 32; 5:8, 9 оқы. Ыстық күндегі самал жел мен салқын су іспетті мейірімділік пен ізгілік те жанды сергітеді. Бұл екі қасиет үй ішінің жанға жайлы айлақ болуына ықпал етеді. Мейірімділік — өзгелерге шынайы қызығушылық білдіруден, яғни қол ұшын беру мен жылы сөйлеуден, көрінетін тартымды қасиет. Ізгілік те, мейірімділік сияқты, өзгелердің мүддесі үшін әрекет етуден көрінетін жағымды қасиет. Ол сондай-ақ жомарттықпен ұштасады (Ел. іс. 9:36, 39; 16:14, 15). Алайда ізгілік мұнымен шектелмейді.
9 Ізгі адамның тұла бойы ізгілікке тұнып тұрады. Ізгілік адамның не істегенінен ғана емес, бұдан да маңыздысы, ішкі дүниесінің қандай екендігінен көрінеді. Ол толық піскен, іші де, сырты да бүлінбеген тәтті жеміске ұқсайды. Сол сияқты, киелі рух дамытатын ізгілік мәсіхшінің бүкіл өмірінен көрініс табады.
10. Үй ішіндегілер киелі рухтың жемісін дамыту үшін қалай көмектесуге болады?
10 Мәсіхшілер отбасында бір-біріне мейірімділік пен ізгілік көрсетуге не көмектеседі? Бұл орайда Құдай Сөзінен тура білім алудың маңызы зор (Қол. 3:9, 10). Кейбір отағалары отбасылық ғибадат кешінің бір бөлігін киелі рухтың жемісін зерттеуге арнайды. Мұны істеу қиын емес: бұл үшін қолда бар ізденіс құралдарын қолданып, киелі рух жемісінің әр қырына байланысты мәліметті таңдауға болады. Сосын, аптасына бірнеше ғана абзац қарастыра отырып, әр қасиетке бірнеше аптаны арнауға болады. Зерттеу барысында келтірілген тармақтарды оқып, талқылаңдар. Сондай-ақ білгендеріңді қалай қолдануға болатынын ойластырып, талпыныстарыңа Ехобадан батасын беруін сұраңдар (Тім. 1-х. 4:15; Жох. 1-х. 5:14, 15). Мұндай зерттеу отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына шынымен әсер ете ала ма?
11, 12. Екі отбасы мейірімділік туралы зерттегендерінің қандай пайдасын көрді?
11 Некелерін нығайтқысы келген бір жас жұбайлар киелі рух жемісін терең зерттеуді ұйғарады. Мұның қандай пайдасы тиді? Әйелі былай дейді: “Біз мейірімділік қасиетіне адалдық пен берілгендік жататынын білдік. Бұл бір-бірімізге осы уақытқа дейін қалай қарағанымызға әсер етті. Мейірімділіктің арқасында илігуді және кешіре білуді, сондай-ақ “рақмет”, “кешірші” деп айтуды үйрендік”.
12 Некелерінде қиындық көріп жүрген басқа бір ерлі-зайыпты бір-біріне мейіріммен қарамағандарын түсінеді. Сондықтан мейірімділік туралы зерттеуді шешеді. Мұның нәтижесі қандай болды? Күйеуі былай дейді: “Мейірімділік қасиетін зерттегеніміз бір-біріміздің ниетімізге шек келтірудің орнына, сенім артып, жақсы жақтарымызды көре білуге көмектесті. Бір-біріміздің мұқтаждықтарымызға көбірек көңіл қоя бастадық. Мен үшін мейірімді болу әйелімді ойын ашық айтуға талпындырып, оны ренішсіз тыңдауды білдірді. Әрине, бұл үшін көкіректікті шетке ысырып қоюым керек болды. Бір-бірімізге мейіріммен қарауды үйрене келе, өзімізді қорғап шыға келу әдетінен де арылдық. Біз біршама жеңілдеп қалдық”. Сен де отбасыңның киелі рухтың жемісін зерттеудің пайдасын көргенін қалар ма едің?
Сеніміңді оңаша қалғанда да көрсет
13. Рухани күйімізді неден сақтауымыз қажет?
13 Мәсіхші көпшілік арасында да, жалғыз қалғанда да Құдай рухының өзін жетелеуіне жол беруі қажет. Бүгінде Шайтанның дүниесінде әдепсіз бейнелер мен адамды аздыратын көңіл көтеру түрлері белең алуда. Бұлар біздің рухани күйімізге қауіп төндіреді. Мәсіхші бұндай қауіптен қалай сақтана алады? Құдай Сөзінде мынадай кеңес бар: “Барлық лас және қажетсіз нәрседен — жамандық атаулыдан — арылып, жүректеріңе себіліп жатқан әрі жандарыңды аман сақтай алатын сөзді кішіпейілділікпен қабылдаңдар” (Жақ. 1:21). Қазір киелі рух жемісінің тағы бір қыры — сенімнің Ехобаның алдында таза жүруге қалай көмектесетінін көрейік.
14. Сенімнің жоқтығы қалайша күнәға апаруы мүмкін?
14 Бізде нағыз сенім болса, Ехоба Құдайды шын мәнінде бар тұлға деп білеміз. Бұлай болмаған жағдайда, күнәға барып қоюымыз оп-оңай. Ежелде Құдайдың халқымен не болғанын қарастырайық. Ехоба Езекиел пайғамбарға: “Исраил әулетінің қариялары өздерінің безендірілген бөлмелерінде қараңғы түнде не істеп отырғанын сен, адамзаттың ұлы, көрдің бе немесе “Жаратушы Ие бізді көрмейді, Жаратушы Ие мына жерді тастап кетті” дегенді естідің бе?”— деп, оңашада жеркенішті нәрселер жасалып жатқанын ашты (Езек. 8:12). Мәселенің қайда жатқанын аңғардың ба? Олар өздерінің не істеп жатқанын Ехобаның көріп тұрғанына сенбеді. Ехоба олар үшін тірі тұлға емес еді.
15. Ехобаға деген берік сеніміміз бізді қалай қорғайды?
15 Бұған кереғар Жүсіптің мысалын көрейік. Үй іші мен ел-жұртынан жырақта жүрсе де, ол Потифардың әйелімен азғындыққа барудан бас тартты. Неліктен? Ол былай деген: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!” (Жар. 39:7—9). Иә, Жүсіп үшін Ехоба тірі тұлға болған. Құдай біз үшін де тірі болса, оңаша қалғанда, оған ұнамайтын ештеңе істемейміз және лас көріністер мен бағдарламаларды қарамаймыз. Біз: “Жүрегім бұзылмаған қалпы үйімнің ортасында жүретін боламын. Көз алдыма керексіз заттар қоймаймын”,— деген забур жыршысы сияқты болуға бел буамыз (Заб. 100:2, 3 Тт).
Ұстамды болып, жүрегіңді таза сақта
16, 17. а) Нақыл сөздер кітабында сипатталғандай, “ақылы толмаған жас жігіт” қалайша күнәнің құрығына ілініп қалды? ә) 26-бетте көрсетілгендей, кез келген мәсіхші қалайша осыған ұқсас жағдайға кезігуі мүмкін?
16 Киелі рух жемісінің соңғы қыры ұстамдылық бізге Құдай айыптайтын нәрселерден аулақ болуға және жүрегімізді таза сақтауға көмектеседі (Нақ. с. 4:23). Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтардан “ақылы толмаған жас жігіттің” қалайша жезөкшенің айласына түсіп қалғанын көрейік. Ол “әйел тұрған бұрыштан” өтемін деп, оның құрығына ілінеді. Бәлкім, ол қызық көріп сол маңмен жүрген шығар. Бәрі қас қағымда болғаны сонша — ол “өмірмен қоштастыратын” бұрыс жолға қалай аяқ басқанын аңдамай да қалады.
17 Жас жігіт осындай сорақы қателік жасаудан аулақ бола алар ма еді? Әрине, егер “Жүгенсіз әйелдің ізіне түспеңдер, Жолына еліктеп, адасып жүрмеңдер!” деген кеңеске құлақ асқанда (Нақ. с. 7:25). Бұдан алар сабақ: Құдай рухы бізді жетелегенін қаласақ, сау басымызға сақина тілемей, азғырылатын жағдайлардан аулақ жүргеніміз дұрыс. “Ақылы толмаған жас жігіттің” кебін киіп қалуымыздың бір себебі — теледидардың бір арнасынан екіншісіне бостан-босқа секіру не Интернетті мақсатсыз шарлау. Мұндай жағдайда адам қаласын не қаламасын, эротикалық көріністерге кезігіп қалуы мүмкін. Содан ол порнографияны көруді біртіндеп әдетке айналдырып, нәтижесінде ар-ұжданына және Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келтіріп алуы ықтимал. Бұл оны “өмірімен қоштастыруы” мүмкін (Римдіктерге 8:5—8 оқы).
18. Мәсіхші жүрегін қалай таза сақтай алады және неге бұл үшін ұстамдылық қажет?
18 Әрине, азғыратын бейнелерге кезіккенде, бірден әрекет ету арқылы ұстамдылық таныта аламыз әрі танытуымыз керек те. Бірақ мұндай жағдайға мүлдем кезікпеудің алдын алу одан да жақсы емес пе?! (Нақ. с. 22:3). Сақтану шараларын жасап, оны орындау үшін де ұстамдылық қажет. Мысалы, компьютерді басқалар көретін жерге қойғанымыз біз үшін қорғаныш болады. Кейбіреулер компьютер не теледидарды үйде адамдар бар кезде қарауды жөн көреді. Тағы біреулері Интернетке мүлдем қосылмауды шешеді (Матай 5:27—30 оқы). Ендеше өзімізді және отбасымызды қорғау үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік. Сонда Ехобаға “пәк жүрек, таза ар-ұждан” және “шынайы сеніммен” ғибадат ете аламыз (Тім. 1-х. 1:5).
19. Киелі рухтың жетелеуіне жол бергеніміздің қандай пайдасы бар?
19 Сонымен, өзіміз көргендей, киелі рух жемісінің көп пайдасы бар. Жұмсақтық пен шыдамдылық қауымның татулығына ықпал етеді. Ал мейірімділік пен ізгілік отбасы бақытына септігін тигізеді. Сенім мен ұстамдылық болса Ехобаға жақын болып қалуға және оның алдында таза жүруге көмектеседі. Оның үстіне, Ғалаттықтарға 6:8-де бізге мынадай уәде берілген: “Құдай рухын ойлап сепкен адам сол рух беретін мәңгілік өмірді орады”. Расында да, Ехоба Мәсіхтің құрбандығын негіз ете отырып, өздерін киелі рухтың жетелеуіне жол бергендерге сол рухын қолданып, мәңгілік өмір сыйлайды.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жұмсақтық пен шыдамдылық қауымның татулығына қалай ықпал етеді?
• Мәсіхшілерге үй ішіндегілерге мейірімділік пен ізгілік көрсетуге не көмектеседі?
• Қалай сенім мен ұстамдылық мәсіхшіге жүрегін таза сақтауға көмектеседі?
[24-беттегі сурет]
Әңгіме ұрыс-керіске ұласып кетпеу үшін не істеуге болады?
[25-беттегі сурет]
Киелі рухтың жемісі туралы зерттеу отбасын нығайтады
[26-беттегі сурет]
Сенім мен ұстамдылық танытқанымыз қандай қауіптен қорғайды?