Естеріңде ме?
“Күзет мұнарасының” соңғы сандары саған ұнаған болар. Олай болса, келесі сұрақтарға жауап беріп көр:
• Едем бағының шынымен болғанына неге сенуге болады?
Киелі кітапта бұл шынымен болған бақ ретінде сипатталған әрі орналасқан жері нақты суреттелген. Онда аталған екі өзен әлі күнге дейін бар. Әдетте аңыз әңгімелер мен ертегілерде мұндай нақты деректер айтыла бермейді. Ең сенімді куәгер Иса Мәсіх Адам мен Хауаны тарихта болған адамдар ретінде айтқан (1.1. 5, 6, 9-беттер).
• Құдай Адам мен Хауаның күнә жасайтынын алдын ала білген бе?
Жоқ. Адам мен Хауаға сана мен таңдау еркіндігі берілгендіктен, Ехобаға мойынсұну-мойынсұнбауды өздері шеше алған. Оның үстіне, Құдай алдын ала білу қабілетін барлық кезде емес, іріктеп қолданады (1.1. 13—15 беттер).
• “Барша халықтан келетін қалаулы қазына” нені білдіреді? (Нағ. 2:7).
Ехоба өзіне сүйіспеншілікпен ғибадат етіп жүрген адамдарды, олар кемелсіз болса да, жақсы көреді (Нақ. с. 27:11). Бұлар Құдайды дәріптейтін “қалаулы қазыналар”, сондықтан Құдай олардың жүректеріндегі шексіз берілгендікті және қызметке деген құлшыныстарын бағалайды (1.1. 21-бет).
• Шынайы қызметшілер Құдай есімінің сиқырлы күші бар деп сене ме?
Кейбір адамдар қандай да бір заттың не белгінің өздерін қорғайтын сиқырлық күші бар деп сенеді. Алайда Құдайдың қызметшілері оның есімін бұлай қарастырмайды. Олар Ехобаға сенім артып, оның еркін орындауды көздейді, осылайша оның есімін пана етеді (Соф. 3:12, 13) (15.1. 5, 6-беттер).
• Ехоба біз үшін қандай керемет істер жасады?
Мысалы, бізге дүниежүзілік уағыз ісіне қатысуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ рухани жұмақ орнатты (15.1. 32-бет).
• Ехобаның берген баталарына қалай қарауымыз керек?
Исраилдіктер Мысыр құлдығынан азат етілген соң көп ұзамай Ехобаның бар қамқорлығын елеусіз қалдырды. Ал біз оларға ұқсамай, Құдаймен жақын қарым-қатынас, уақтылы рухани ас-су, дүниежүзілік бауырластық сияқты Ехобадан алған баталарымызды бағалайық (15.2. 18—20 беттер).
• Неліктен Ехоба Саул патшадан бас тартты?
Саул патша құрбандық шалыну үшін Құдайдың пайғамбарын күтуі керек еді. Алайда ол мойынсұнбай, құрбандықты өзі шалды. Кейінірек ол жауларын түгел жойып жіберуге қатысты бұйрықты орындамады (15.2. 22, 23-беттер).
• Заңсыздықты жек көретінімізді қалай көрсете аламыз?
Біз ішімдікті шамадан тыс ішпейміз, оккультизмнен аулақ боламыз және Исаның өнегесіздікке қатысты ескертуіне ден қоямыз. Мысалы, порнография қарамаймыз және сонымен байланысты қиялға берілмейміз (Мат. 5:27, 28). Сондай-ақ қауымнан шығарылғандармен араласпаймыз (15.2. 29—32 беттер).
• Қалайша Еремия “судың жанына отырғызылған және өз тамырын қайнар-бұлақтың төңірегіне жайған ағаш” іспетті болған? (Ерм. 17:7, 8).
Ол жеміс беруін ешқашан тоқтатқан жоқ, әрі өзін келеке-мазақ еткендердің ықпалына берілмеді. Қайта, өмір беретін “судың” Қайнарына етене жақын болып, оның барлық сөздерін екі етпей орындады (15.3. 14-бет).
• Балалардың Ехобаның ұйымына деген ризашылықтарын арттыру үшін не істеуге болады?
Бұл үшін ата-аналардың оларға “ерте кездегі істер туралы” айтып берулеріне және Ехобаның халқы қалай ұйымдасқанын түсіндірулеріне болады (Заб. 43:2 Тт). Сондай-ақ ұйымдағы керемет істерді “өз көздерімен” көрулеріне көмектесе алады (Шеж. 2-ж. 9:6) (15.3. 17—20 беттер).