Ехобаның ұйымында тынбай қызмет етіп келемін
Айтып берген: Вернон Зубко
МЕН Саскачеван провинциясының (Канада) Стэнен ауылының маңындағы фермада өстім. Отбасымызда бес бала едік: әпкем Аурелия, мен және іні-қарындастарым Элвин, Аллегра, Дэрил. Әкем Фред пен шешем Аделла бізді асырау үшін, әрі рухани тәрбие беру үшін көп еңбек етті. Сондықтан бізге шындықты үйреткендері үшін әлі күнге дейін ата-анамызға ризамыз.
Әкем майланған мәсіхші әрі батыл уағыздаушы еді. Күн көріс қамымен ауыр еңбек етсе де, ол адамдарға өзін Ехоба куәгері ретінде танытып, әрқашан шындықты уағыздайтын. Оның құлшынысы мен батылдығы менің жүрегімде өшпестей із қалдырды. Ол маған үнемі: “Ехобаның ұйымында тынбай еңбек ет, сонда көп қиындықтан аулақ боласың”,— дейтін.
Біз жиі Стэнен мен оның маңындағы елді мекендердің көшелерінде уағыздайтынбыз. Бұл мен үшін әрдайым оңай бола бермейтін. Өйткені әр қалада бізді, жасы кішілерді, келеке-мазақ ететін бұзақылар табылатын. Бірде, сегіз жасар кезімде, көшенің қиылысында “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналын ұсынып тұрған болатынмын. Бір топ бала қасыма келіп, мені қоршап алды. Басымдағы жаңа телпегімді жұлып алды да, қасымдағы поштаның белгісі тұрған бағанаға іліп қойды. Бақытыма орай, маған сырттай көз қырын салып, болған жайтты көріп тұрған үлкендеу бауырлас қасыма келді де: “Верн, бәрі жақсы ма?”— деп сұрады. Әлгі балалар болса табандарын жалтыратты. Бұл оқиға шамалы көңілімді түсірсе де, көшеде уағыздағанда бір орында қаққан қазықтай қақиып тұрмай, әрі-бері жүруім керек екенін түсіндім. Мінез-құлқым қалыптасып жатқан жылдары осындай жайттарды көріп, үйме-үй батыл уағыздауға үйрендім.
Элвин екеуіміз 1951 жылдың мамыр айында шомылдыру рәсімінен өттік. Ол кезде мен он үш жаста едім. Әлі есімде, шомылдыру рәсімінен өтетіндерге арналған баяндамасында Джек Нейтан бауырлас бізді бір ай бойы Ехоба туралы айтпай жүруден аулақ болуға шақырдыa. Отбасымыз әрқашан да ізашарлық қызметті ең жақсы жетістік деп қарастыратын. Сондықтан мен 1958 жылы мектепті бітіре салысымен ізашар ретінде қызмет ету үшін Виннипег қаласына (Манитоба) көштім. Әрине, әкем өзімен бірге ағаш өңдеу ісімен айналысқаныма қуанышты болар еді. Бірақ ол анам екеуі мені толық уақытты қызметке барынша талпындыратын, сондықтан да Винипегке көшу шешіміме қолдау көрсетті.
Жаңа үй және жаңа серік
Қауымымыз 1959 жылы филиалдан хат алды. Мүмкіндігі бар жариялаушылар Квебекке қажеттілік бойынша көшуге шақырылды. Содан, мен ізашар ретінде қызмет ету үшін Монреальға көштім. Бұл мен үшін үлкен өзгеріс пен өмірімдегі жаңа белес еді. Өйткені маған француз тілін үйренумен қатар, басқа мәдениетке бейімделу қажет болды. Бірде аудандық бақылаушы маған: “Ешқашан үйге қайтатын уақыт жетті деп айтпа”,— деді. Бұл, расында да, жақсы кеңес еді (Қор. 1-х. 9:22, 23).
Квебекке көшкенде, ізашарлық қызметте жалғыз едім. 1961 жылдың ақпанында бұрынырақ Виннипегте танысқан Шерли Тэркат деген жас қыз бауырласқа үйленіп, содан бері қасымда тұрақты серігім жүрді. Ол да Ехобаны жақсы көретін отбасынан шыққан еді. Алғашында толық түсінбесем де, Шерлидің қаншама жылдан бері күш пен жігердің айнымас көзі болып келе жатқанына ризашылығым шексіз.
Гаспеге сапар
Үйленгенімізге екі жыл болғанда, біз Римускиге (Квебек) арнайы ізашар ретінде тағайындалдық. Көктемде филиалдағы бауырластар бізді бүкіл Гаспе шығанағын (Канаданың шығыс жағалауы) аралап шығуды өтінді. Сондағы мақсатымыз шындықтың дәнін мүмкіндігінше көбірек себу болды (Екк. 11:6). Жалға алған көлігімізге 1 000-нан аса журнал, 400-ге жуық кітап, азық-түлік пен киім-кешегімізді салдық та, бір айға созылған сапарымызға аттандық. Белгіленген жоспар бойынша Гаспедегі шағын ауылдарды бірінен соң бірін аралай бастадық. Жергілікті радио стансасы Куәгерлердің келе жатқанын хабарлап, әдебиеттерін алмауға шақырды. Алайда тұрғындардың көбісі мұны жарнама деп қате түсінді де, ұсынған әдебиеттен бас тартқан жоқ.
Сол жылдар Квебекте ашық уағыздауға енді үйреніп келе жатқан кез еді. Полиция қызметкерлері әлі де бізді тоқтататын. Бір қаладағы әр үйге әдебиет қалдырып, уағыздап жүргенде бізді полиция қызметкері тоқтатып, бөлімшеге жүруімізді сұрады. Біз қарсыласпадық. Оның қолында уағыздауға тыйым салатын рұқсат қағазы бар екен. Сол күні полиция бастығы болмағандықтан, біз Торонтодағы филиал берген уағыздау құқығымызды түсіндіретін құжатты әлгі полиция қызметкеріне көрсеттік. Ол құжатты оқып шықты да, бірден: “Тыңдаңдаршы, мен басыма пәле іздеп жүргенім жоқ. Сендерді тоқтат деп айтқан Шіркеудің басшысы”,— дей бастады. Сол аймақтағы адамдар уағыздау ісіне тыйым салынған екен деп ойламас үшін, біз полиция тоқтатқан жерге қайта оралып, қызметімізді жалғастыра бердік.
Келесі күні таңертең полиция бастығына бардық. Ол оқиғамызды естігенде, қатты ашуланды. Сонда бізді тоқтатқан полиция қызметкеріне телефон соғып, онымен қатты сөйлесті. Кейін қандай да бір қиындық туындаса, жеке өзімен хабарласуымыз керек екенін және бәрін өзі шешіп беретінін айтты. Жатжерлік болғанымызға және француз тілін нашар білгенімізге қарамастан, жергілікті адамдар бізге мейірімділік пен қонақжайлылық танытты. Алайда бізді “Олар шындықты қабылдар ма екен?” деген сұрақ мазалады. Мұның жауабын жылдар өте келе, Гаспеге Патшалық сарайларын соғуға келгенде білдік. Ізгі хабарды бізден естіген көп адам қазір бауырластарымыз екен. Шынында да, өсімді беретін — Ехоба (Қор. 1-х. 3:6, 7).
Ехобаның берген мұрасы
Қызымыз Лиза 1970 жылы дүниеге келді. Ехобаның берген бұл мұрасы бізге зор қуаныш әкелді. Қызымызбен бірге әйелім екеуміз Патшалық сарайларын соғу ісіне қатыстық. Мектепті бітірген соң, Лиза былай деді: “Папа, мама, мен туылғанда сіздерге толық уақытты қызметті тоқтатып, үзіліс жасауға тура келген. Енді мен ізашарлық қызметті бастап, бәрін қайта қалпына келтіруге тырысамын”. Содан бері жиырма жыл өтті. Лиза әлі күнге дейін ізашар, бірақ қазір жалғыз емес, күйеуі Сильвэнмен бірге қызмет етуде. Олар бірнеше рет халықаралық құрылыс бағдарламасына қатысу мәртебесіне ие болды. Отбасымыздың мақсаты — қарапайым өмір кешіп, Ехобаға қызмет етуге әрдайым дайын болу. Лизаның ізашарлық қызметті бастағанда айтқан сөздерін ешқашан ұмытпаймын. Өйткені оның сөздері мені 2001 жылы толық уақытты қызметті қайта бастауға талпындырды. Содан бері ізашармын. Бұл қызмет мені барлық істе Ехобаға арқа сүйеуге және қарапайым, бірақ қанағат пен қуаныш алатындай өмір кешуге үйретіп келеді.
Құрылыс бағдарламасына қатысуға қажетті сүйіспеншілік пен адалдық
Ехобаның арқасында қызмет етуге дайын болсам және тапсырылған кез келген істі атқарсам, мол батаға кенелетінімді түсіндім. Аймақтық құрылыс комитетіндегі қызмет, сондай-ақ Квебек пен басқа жерлердегі бауырластармен құрылыс ісіне қатысу зор мәртебе болды.
Байқағаным, кейбір ерікті қызметшілер мінбеден баяндама айтқанда шешендігімен ерекшеленбесе де, Патшалық сарайын соққанда, жұлдыздай жарқырап жүреді. Осы қымбатты бауырластар өз істерін жан-тәнімен әрі бар қабілеттерін салып атқарады. Нәтижесінде бауырластар Ехобаға керемет ғимараттарда ғибадат етуде.
Бір жолы менен: “Патшалық сарайларын соғу ісінде ерікті қызметшіге ең басты қандай қасиеттер қажет?”— деп сұраған еді. Мен өз тәжірибемнен байқағаным, адам ең алдымен Ехоба мен оның Ұлын, сонымен қатар бауырластықты жақсы көруі керек (Қор. 1-х. 16:14). Содан кейін адалдық қажет. Қандай да бір іс өзің ойлағандай жүрмей жатса, ал ол солай болып жатады да, адал адам ұйымның басшылығына сай әрекет етуін тоқтатпайды. Адалдық оны алдағы жобаларда ерікті қызмет етуге талпындырады.
Ехобаға ризамын
Әкем 1985 жылы қайтыс болды. Алайда оның “Ехобаның ұйымында тынбай қызмет ет” деген кеңесін еш ұмытқан емеспін. Қазір ол, басқалар сияқты, Ехобаның көктегі ұйымында алған тапсырмасын белсене орындап жатқаны сөзсіз (Аян 14:13). Ал анам қазір тоқсан жетіде. Инсульттің салдарынан бұрынғыдай сөйлей алмайды, бірақ өзінің Киелі кітабын әлі де жақсы біледі. Бізге жазған хаттарында жиі тармақтардан үзінді келтіріп, Ехобаға адал қызмет ете беруге жігерлендіреді. Әке-шешеміздің осындай болғанына бәріміз де шексіз ризамыз.
Сонымен қатар адал жарым әрі қызметтегі серігім Шерли үшін де Ехобаға ризамын. Ол анасының: “Верн шындық жолында тынбай еңбек етсін десең, оны басқалармен бөлісуді үйрен”,— деген кеңесін еш ұмытқан емес. Отасқанымызға, міне, қырық тоғыз жыл болды. Сол кезде Ехобаға қызмет етіп, бірге қартаямыз деп шешіп едік. Ал қазір зұлым дүние жойылғанда аман қалсақ, бірге жасарып, мәңгі қызмет ете береміз деп үміттенудеміз. Расында да, біз Иеміздің ісін молынан істеп келеміз (Қор. 1-х. 15:58). Ехоба болса, өз тарапынан, біздің қамымызды ойлап, жақсылығынан ешқашан құр алақан қалдырған емес.
[Сілтеме]
a Джек Халлидэй Нейтан бауырластың өмірбаянын 1990 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 қыркүйектегі санының 10—14 беттерінен оқуға болады.
[31-беттегі сурет]
“Отбасымыздың мақсаты — қарапайым өмір кешіп, Ехобаға қызмет етуге әрдайым дайын болу”