Ізгі хабарды жүрекке жеткізетін кітапша
ЖАҚЫНДА Бразилияның оңтүстік жағалауындағы Порту-Алегри қаласында қоғамдық мәселелерге қатысты халықаралық конференция өтті. Оған 135 елден келген ондаған мың адам қатысты. Үзіліс кезінде жергілікті қауымнан келген бір топ Куәгер делегаттардың біразымен сөйлесіп, Киелі кітаптағы Патшалық туралы хабармен бөлісті. Сонда олар бір-бірін қалай түсінді?
“Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасын қолдандық”,— деді Элизабет есімді ізашар. Әрі қарай сөзін жалғап ол былай дейді: “Делегаттардың арасында Патшалық туралы ізгі хабарды бұрын естімегендері көп екен, әрі олар хабарды жақсы қабылдады. Біз Боливия, Қытай, Франция, Үндістан, Израиль мен Нигериядан келген адамдармен сөйлестік. Кейбір делегаттар өз тілдерінде жазылған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді қуана қабыл алды”.
Мексикада тұратын Рауль есімді ізашар да осы кітапшаны қолданып, оның жемісін көрді. Бірде ол сексен жасар араб кісіге кезігеді. Оның жақында ғана әйелі қайтыс болған екен. Кітапшадан араб тілінде жазылған Патшалық туралы хабарды оқығанда, көзіне жас келеді. Неге? Өйткені Аян 21:3, 4-тегі өлім болмайтындығы туралы Құдайдың уәдесін ана тілінде оқып, қатты әсер алды. Басқа бір жолы Рауль бейресми жағдайда португал тілінде сөйлейтін кісіге жолығып қалады. Ұлынан айырылып қалған ол да қатты қайғырып жүр екен. Рауль оған кітапшадан португал тіліндегі мәтінді көрсетеді. Оқып болған соң, ол кісі Киелі кітап жайлы көбірек білгісі келетінін білдіріп, зерттеу сабағына келіседі.
Рауль “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасын қолданып, ағылшын, армян, корей, қытай, михе, неміс, орыс, парсы, сапотек, француз және хинди тілдерінде сөйлейтін адамдарға куәлік бере алған. Ол былай дейді: “Бұрын бұл кітапшаның қаншалықты пайдалы екенін білмеппін. Ол маған бөтен тілде сөйлейтін адамдардың жүрегіне ізгі хабарды жеткізуге көмектесуде”.
Бүгінде түрлі елді аралап жүрген және шетелде тұратын адамдар бұрынғыдан әлдеқайда көп. Сондықтан басқа тілде сөйлейтін адамдарды жиі кездестірудеміз. Бұл “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасын қолданып, оларға Патшалық туралы хабарды айтуға жақсы мүмкіндік береді. Сен осы кітапшаны өзіңмен үнемі алып жүресің бе?
[32-беттегі суреттер]
Рауль осы кітапшаның көмегімен ізгі хабарды адамдардың жүрегіне жеткізуде