Харан — ежелде өмір қыз-қыз қайнаған қала
ЖАЗБАЛАРМЕН таныс адамдар Харан деген сөзді естігенде олардың ойына бірден Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым түседі. Ур қаласынан Қанаханға қарай сапар шеккенде, Ыбырайым әйелі Сара, әкесі Тарах және немере інісі Лутпен бірге Харанда аялдаған болатын. Ал әкесі қайтыс болған соң, сол жерде жиған-тергенін алып, шынайы Құдай уәде еткен жерге қарай сапарын жалғастырды (Жар. 11:31, 32; 12:4, 5; Ел. іс. 7:2—4). Кейін Ыбырайым бас қызметшісін Хараннан не соған жақын жерден Ысқаққа қалыңдық алып келуге жұмсады. Ыбырайымның немересі Жақып та сол жерде біраз жыл өмір сүрді (Жар. 24:1—4, 10; 27:42—45; 28:1, 2, 10).
Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда патшасы Езекияны қорқытпақ болып, өздері жаулап алған ‘халықтар’ туралы айтқанда, Харанды да атады. Ол кезде қаланың өзі ғана емес, орналасқан аумағы да “Харан” деп аталған (Пат. 4-ж. 19:11, 12). Езекиел пайғамбар Харанды Тирмен сауда жасаған басты қалалардың бірі ретінде атап өткен. Бұдан біз Харанның маңызды сауда орталығы болғанын білеміз (Езек. 27:1, 2, 23).
Бүгінде Харан — Түркияның оңтүстік шығыс жағында, Шанлыурфа қаласына жақын орналасқан шағын қала. Бірақ кезінде ол өмір қыз-қыз қайнаған қала болған. Харан — осы уақытқа дейін Киелі кітаптағы атауы сақталып қалған аз ғана елді мекендердің бірі. Оның ассур тіліндегі Харану деген атауы “Жол” немесе “Керуен жолы” дегенді білдіреді. Яғни ол өзара сауда-саттық жасасқан ірі қалаларды біріктіретін маңызды жолдардың торабында тұрған. Харанда табылған жазбаларға сай, Бабыл патшасы Набонидтің шешесі осы қалада орналасқан ай құдайы Синнің ғибадатханасында бас діни қызметкер болған. Тағы бір мәліметке сай, Набонид сол ғибадатхананы қайта қалпына келтірген. Кейіннен Харан қаласы ірі империялардың гүлденуі мен құлдырауының куәсі болды.
Бүгінде Харан — мүлдем өзге қала. Ежелде ол, әсіресе белгілі бір уақыт аралығында, маңызды әрі дамыған қала болса, қазір ол жерде төбесі күмбездеп жасалған бірнеше ғана үй тұр. Ал айналасында ежелгі өркениеттің үйінділерінен басқа ештеңе де жоқ. Болашақта Құдай жер бетін жұмаққа айналдырғанда, бір кездері Харанда тұрған көптеген адамдармен қоса Ыбырайым, Сара және Лут қайта тіріледі. Олар кезінде өмір қыз-қыз қайнаған бұл қала туралы көп нәрсе айтып берері сөзсіз.
[20-беттегі сурет]
Харан қаласының үйіндісі
[20-беттегі сурет]
Төбесі күмбездеп жасалған үйлер
[20-беттегі сурет]
Харанның қазіргі көрінісі