Отбасы бақытының сыры
Жұбайыңызға ерекше күтім қажет болғанда
Дәрігерлер менің созылмалы кеселге шалдыққанымды анықтады. Осы аурудың салдарынан мен үнемі шаршап-шалдығып жүремін. Жұмысқа да жарамай қалдым. Сондықтан үй-ішінің қамы түгелдей күйеуімнің мойнында. Бірақ ол маған кіріс-шығысымыз туралы ешқашан айтпайды. Неге ол мені бұл жайлы хабардар етпейді? Қаржы жағдайымыздың өте нашар екенін біліп менің уайымға салынғанымды қаламайтын шығар. Нэнсиa.
ОТБАСЫ болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ал жұбайлардың бірі созылмалы ауруға шалдықса, қиыншылық көбейе түсуі мүмкінb. Егер ерекше күтімді қажет ететін жұбайыңызға қамқорлық көрсетіп жүрген болсаңыз: “Жарымның жағдайы тым нашарлап кетсе қайтем? Қашанға дейін жұмысыммен қоса үй тірлігін де алып жүре алар екенмін, оның үстіне, жұбайыма да қарауым керек қой? Неге мен өзімді кінәлі сезінемін?” деген сұрақтар сізді мазалай ма?
Ал егер өзіңіз ауырып қалған болсаңыз, былай деп налитын шығарсыз: “Отбасының қамын жұбайымның мойнына артып қойдым. Осыдан кейін өз-өзімді қалай сыйлаймын? Құдай қосқан қосағым ауырғаныма ренжіп жүрген жоқ па? Отбасы бақыты осымен біткені ме?”
Өкінішке қарай, ерлі-зайыптылардың бірінің ауырып қалғаны кейде отбасы шаңырағының шайқалуына себеп болып жатады. Бірақ бұл сіздің некеңіз де міндетті түрде бұзылады дегенді білдірмейді.
Көптеген ерлі-зайыптылар бірі науқастанып қалса да, некелерін сақтап, тіпті отбасы бақытына бөленуде. Ёшиаки мен Кадзуконың жағдайын қарастырайық. Омыртқасына зақым келген Ёшиаки өздігінен қимылдай алмай қалады. Кадзуко былай дейді: “Менің көмегімсіз күйеуім ештеңе істей алмайды. Оның қамын жасаймын деп мойным, иықтарым және қолдарым қақсайтын болды. Сондықтан күндіз ауруханаға барып, ем қабылдап тұрамын. Әбден шаршағаным сонша, кейде күйеуіме қарауға шамам келмей қалатындай көрінеді”. Қиыншылықтары басынан асып жатса да, Кадзуконың айтуынша, “олардың ынтымақтары арта түскен сияқты”.
Осындай қиын жағдайларға қарамастан отбасының бақытты болуының кілті неде? Біріншіден, ауруды ортақ жау деп есептеу керек. Осылай ететін жұптар қуаныш пен қанағат сезінеді. Ерлі-зайыптылардың бірінің ауырып қалғандығы екіншісіне әсер етпей қоймайды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы осы байланыс туралы Жаратылыс 2:24-те былай делінген: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”. Сондықтан күйеуі не әйелі ауыр дертке ұшырағанда, екеуінің бұл тауқыметті бірге көтергендері маңызды.
Ал бір зерттеуге сай, бірі науқастанып қалғанда уайымға салынбай, жағдайға бейімделе білген ерлі-зайыптылар жақсы қарым-қатынастарын сақтай алған. Олар осындай жағдайда ұстанған принциптер Киелі кітапта жазылған ешқашан күшін жоймайтын кеңестерге ұқсас. Ал қазір осы кеңестердің үшеуін қарастырып көрейік.
Бір-біріңіздің қажеттіліктеріңізді ескеріңіздер
Киелі кітапта: ‘Біреуге қарағанда екеу артық’,— делінген. Неге олай? Өйткені “егер біреуі құлап қалса, екіншісі өз жолдасын орнынан тұрғызады” (Екклесиаст 4:9, 10). Сіз үнемі ризашылығыңызды білдіріп, жұбайыңызға тірек болып жүрсіз бе?
Бір-біріңізге көмектесудің жолын іздейсіздер ме? Әйелі жартылай сал болып қалған Ёнг былай дейді: “Мен әр жағдайда әйеліме мұқият болуға тырысамын. Егер өзім шөлдесем, ол да су ішкісі келетін шығар деп ойлаймын. Егер сыртқа шығып серуендегім келсе, өзіммен бірге жүріп қайтуға шақырамын. Біз бар ауыртпалықты бірге көтеріп келеміз”.
Ал егер сіз науқастанып қалған болсаңыз, денсаулығыңызға зиян келтірмей, қандай да бір істі өзіңіз атқара алар ма едіңіз? Сөйтер болсаңыз, өз қадіріңізді сезініп, сізге қамқорлық көрсетіп жүрген жолдасыңыздың да жүгін жеңілдетер едіңіз.
Жұбайыма не қажет екенін жақсы білемін деудің орнына, нені қалайтынын оның өзінен сұрағаныңыз дұрыс болмас па еді? Жоғарыда аты аталған Нэнси отбасылық кіріс-шығысты білмегендіктен қандай күй кешкендігін күйеуімен бөліседі. Қазір оның күйеуі бұл жөнінде Нэнсиді хабардар етіп отырады.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Сіздің жағдайыңызды сәл де болса жеңілдету үшін жұбайыңыз істей алатын нәрселердің тізімін жасаңыз және оның да солай етуін өтініңіз. Сосын тізімдеріңізбен алмасып, орындауға болатын бір-екеуін белгілеп алыңыздар.
Жақсы жоспар құру
Дана патша Сүлеймен: “Бәрінің өз уақыты бар”,— деген (Екклесиаст 3:1). Алайда, егер біреу ауырып қалса, бұл отбасының күнделікті өміріне әсер ететіндіктен бәрін жоспар бойынша істеу мүмкін еместей көрінетін шығар. Осы орайда таразы басын тең ұстауға не көмектеседі?
Арагідік ауруды ұмыта тұрыңыздар. Біріңіз ауырып қалғанға дейін айналысқан өздеріңізге ұнайтын іспен шұғылданыңыздар. Егер ол мүмкін болмаса, басқа нәрсемен айналысып көріңіздер. Бір-біріңізге оқып беру немесе тіпті өзге тілді үйрену сияқты басқа да істермен айналысуға болады. Осындай істерді бірге істегендеріңіз қарым-қатынастарыңызды нығайтады және қуаныштарыңызды арттырады.
Сондай-ақ байсалдылық сақтау үшін өзге адамдармен араласып тұру керек. Киелі кітапта: “Саяқ жан қара басын ойлар, Даналық атаулыға қарсы шығар,”— делінген (Нақыл сөздер 18:1). Осы тармақтан көрінетіндей, адам саяқ жүрсе, бұл оның мінез-құлқына кері әсер етеді. Ал арагідік өзгелермен араласып тұрсаңыз, көңіл-күйіңіз жақсарып, жігерленуіңіз мүмкін. Ендеше, қонақ шақырып әңгіме-дүкен құрып тұрыңыздар.
Кейде науқас жұбайына қарап жүрген адам байсалдылық сақтай алмай, бірте-бірте әлсіреп, өз денсаулығын құртып алуы мүмкін. Оның тіпті жұбайына қамқорлық жасауға мұршасы келмей қалуы ықтимал. Сол себепті созылмалы науқасқа ұшырап қалған жұбайыңызға қарап жүрген болсаңыз, өзіңіздің де қажеттіліктеріңізге немқұрайды қарамаңыз. Жүйелі түрде оңаша қалып тынығуға уақыт бөліңізc. Кейбіреулер өзін мазалап жүрген нәрселерді бір жынысты жақын достарымен бөліскеннің пайдалы екендігін байқаған.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңызға қамқорлық көрсеткенде кезігетін қиындықтардың тізімін жасаңыз. Сондай-ақ оларды шешудің немесе оларға бейімделудің тиімді жолдарын жазыңыз. Көп уайымдай бергенше, өзіңізден: “Жағдайды жақсартудың ең оңай және ең тиімді жолы қандай?” деп сұраңыз.
Дұрыс көзқарас сақтауға тырысыңыз
Киелі кітап былай деп ескертеді: “Неліктен өткен күндер қазіргіден жақсы болады?”— деуші болма” (Екклесиаст 7:10). Сондықтан осы ауру болмағанда ғой, бәрі жақсы болар еді деген ойға берілмеңіз. Бұл дүниеде толық бақытқа қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан жағдайды өзгерте алмайтыныңызды есте ұстап, бақытты болу үшін қолдан келгеннің бәрін істеңіз.
Олай етуге не көмектеседі? Қандай баталарға ие болып жатқандарыңызды бірге қарастырыңыздар. Денсаулығыңыз сәл болса да жақсарғанының өзіне қуана біліңіз. Тек алға қараңыз және қол жетерлік мақсаттарға ұмтылыңыз.
Сёдзи және Акико деген ерлі-зайыптылар жоғарыдағы кеңесті қолданып, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Олар Құдайға арнайы толық уақытты қызмет атқаратын. Акико қатты науқастанып қалады да, оларға сол қызметтен қол үзуге тура келеді. Әрине, олардың ұнжырғасы түседі. Бірақ Сёдзи өздері сияқты жағдайға тап болған адамдарға мынадай кеңес береді: “Істей алмайтын нәрселерді ойлай беріп, ұнжырғаларыңды түсіре бермеңдер. Дұрыс көзқарас сақтауға тырысыңдар. Тіпті күндердің күнінде бәрі қалпына келетініне екеуің бірдей сенімді болсаңдар да, бүгінгі күнмен өмір сүріңдер. Мен үшін бұлай ету әйеліме мұқият болып, оған көмекші бола білуді білдіреді”. Егер жұбайыңыз науқастанып қалса, бұл кеңестер сіз үшін де тиімді болуы мүмкін.
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b Бұл мақалада ерлі-зайыптылардың бірі созылмалы ауруға шалдыққан кездегі жағдай қарастырылады. Алайда қандай да бір апаттың кесірінен ерлі-зайыптылардың бірі дәрменсіз күй кешкенде немесе жан күйзелісі сияқты эмоциялық қиындықтар туындағанда да бұл мақаланың көмегі тиеді.
c Жағдайға байланысты аз уақытқа болса да, науқас кісілердің қамын ойлайтын мамандардың немесе әлеуметтік көмек көрсететін органдардың көмегіне жүгіну туралы ойланып көрсеңіз болады.
ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:
Дәл қазір жұбайымыз екеуміз бірінші кезекте не істеуіміз керек?
Ауру жайлы көбірек сөз қозғау
Ауру жайлы азырақ сөйлесу
Уайымға берілмеу
Бір-бірімізге әлдеқайда мұқият болу
Қызықты істермен бірге айналысу
Өзгелермен көбірек араласу
Ортақ мақсаттар қою