Құдайға жақында
Ол әрқашан уәделерін орындайды
СІЗ үшін біреуге сену қиын ба? Өкінішке қарай, қазір адамдар бір-біріне сенім артудан қалған. Егер өзіңіз сенім артқан кісі алдап кетіп немесе уәдесін орындамаған болса, оған деген сеніміңіз жоғалуы мүмкін. Алайда ешқашан көңілімізді қалдырмайтын тұлға бар. Нақыл сөздер 3:5-те: “Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе”,— деген сөздер жазылған. Неге Жаратушымыз Ехоба Құдайға сенім артуға болады? Ешуа 23:14-те жазылған Құдайға толық сенім артқан кісінің сөздерін қарастырып көрейік.
Исраилдің көсемі болған Мұса пайғамбардың орнын басқан Ешуа жүз он жасқа келген еді. Осы уақытқа дейін ол Ехоба Құдайдың Исраил халқы үшін жасаған көптеген кереметтерінің куәсі болды. Мысалы, ол елу жаста болған кезінде Құдай Қызыл теңізді қақ жарып, исраилдіктерді құрғақ жермен алып өткен болатын. Осының бәрін ой елегінен өткізген Ешуа қасына Исраилдің “қазылары мен қадағалаушыларын шақырып алып”, оларға сөзін арнады (Ешуа 23:2). Қазір көпті көрген және сенімі берік болған Ешуаның сөздеріне назар аударайық.
“Міне, бүгін мен күллі жердің сапарына аттанғалы жатырмын”,— деп сөзін бастады Ешуа. “Күллі жердің сапары” дегенде ол өлім жайында бейнелеп айтқан еді. Көрер күнінің аз қалғанын білген Ешуа оңашада бар өмірін көз алдынан өткізіп, ой жүгіртуге көп уақыт жұмсағаны күмәнсіз. Ал енді ол Құдай халқына не айтар екен?
Ешуа сөзін былай деп жалғастырды: “Жаратушы Ие сендер туралы айтқан ізгі сөздердің бірде-біреуі бос кетпегенін бүкіл жан-жүректеріңмен сезесіңдер; сендер үшін бәрі орындалды, бірде-бір сөз іске аспай қалған жоқ”. Ешуаның мұншалықты сенімді болуына қандай негіз бар еді? Ол көрген-білгендерінің үстінен ой жүгіртіп, Ехоба Құдайдың әрқашан уәделерін орындайтынына көз жеткізген-діa. Ешуа бүкіл халықтың Ехобаның басқа да уәделерінің орындалатынына еш күмәнданбағандарын қалады.
Ешуа 23:14-тегі сөздерге қатысты Киелі кітаптың бір анықтамалығында былай делінген: “Киелі кітаптағы уәделердің бәрін түгел алыңыз да, Құдайдың біреуін болса да ұмытып не әдейі орындамай қойғаны туралы мәлімет табу үшін оларды тарихи деректермен салыстырыңыз және жер бетіндегі адамдардың бәрінен сұрап көріңіз”. Егер бұлай етуге мүмкіндігіміз болғанда, біз де Ешуа сияқты Ехоба әрқашан өз уәделерін орындайтынына көз жеткізер едік (Патшалықтар 3-жазба 8:56; Ишая 55:10, 11).
Киелі кітапта Құдайдың бұрын орындалған, біздің кезімізде орындалып жатқан және болашақта орындалатын керемет уәделері жазылғанb. Неге сізге де Киелі кітапты зерттеп көрмеске? Осылай етер болсаңыз, әрқашан уәделерін орындайтын Ехоба Құдайдың сенім артуға лайық екеніне көз жеткізесіз.
[Сілтемелер]
a Ехоба Құдай исраилдіктерге уәде етілген жерді иелікке беруді (Жаратылыс 12:7 мен Ешуа 11:23 салыстыр), халқын мысырлықтардың құлдығынан азат етуді (Мысырдан шығу 3:8 мен Мысырдан шығу 12:29—32 салыстыр) және олардың қамын жасауды уәде етті (Мысырдан шығу 16:4, 13—15 мен Заңды қайталау 8:3, 4 салыстыр). Ешуа осы уәделердің орындалғанын өз көзімен көрді.
b Құдайдың болашаққа қатысты уәделері туралы көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 3, 7 және 8-тарауларын қараңыз.