Қарғысқа ұшыраған інжір ағашы
Сенімге қатысты алатын екі сабақ
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ түсінуге қиындау үзінділердің бірі — Иса мен жеміссіз інжір ағашы туралы оқиға. Марқа 11:12—14, 20—24 дейінгі тармақтарға сай, Иса бір інжір ағашының жапырағы жайқалған, бірақ бірде-бір жемісі жоқ екенін көргенде, оған қарғыс айтады да, нәтижесінде ағаш қурап қалады. Бірақ Марқа інжір ағашының ‘жеміс беретін маусымы әлі болмағанын’ нақты айтқан. Онда неге Иса бұл ағашқа қарғыс айтты? Сондай-ақ рухтың жетелеуімен Марқа бұл оқиғаны не үшін жазды? Мәсіхшілер әлемінің кейбір түсіндірушілері бұл оқиғаны түсіндіре алмай қиналғанымен, айғақтар Исаның әрекетінің дұрыстығын ғана емес, одан сенімге қатысты екі сабақ алуға да болатынын көрсетеді.
Інжір жемісі әдетте маусым айларында пісетіндіктен, оның түйіні ақпан айында-ақ пайда болады. Ал жапырақтары, негізінде, екі айдан соң, сәуірдің соңы не мамырдың басында, шығады. Сондықтан жапырақтары шыққанша, ағашта жеміс болу керек. Демек, Иса наурыз айының соңында аталмыш інжір ағашын көргенде, әлі оның жемісі пісіп, жапырақтары шығатын уақыты болмаған.
Ағаштың жапырақтарының жайқалып тұрғаны оның мерзімінен бұрын өсіп-жетілгенін көрсетеді. Сондықтан Исаның оның жемісі де мерзімінен ерте пісіп қалды деп ойлауы қисынды. Алайда ағаш жеміс бермеген еді. Шынында да, Марқа айтқандай, онда “жапырақтан өзге ештеңе” болмаған. Ағаштың жапырақтары алдамшы әсер қалдырғаны сөзсіз.
Алайда Иса осы жеміс бермеген інжір ағашына неге қарғыс айтты? Мұның жауабын Марқа 11:22—25 тармақтардағы Исаның сол кезде айтқан сөздерінен білеміз. Оның түсіндіруінше, бұл оқиғадан олар ‘Құдайға сенуге’ қатысты сабақ алу керек еді. Бұл ағаштың қурауының сенімге қандай қатысы бар? Ең алдымен, қарғыстың дәл келуі Исаның сенімінің арқасында еді. Ол осы жайтты пайдаланып, сенімнің күшін көрсеткісі келгенге ұқсайды. Иса: “Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ”,— деді (Мар. 11:24).
Бірақ қурап қалған інжір ағашы мен сенімнің сапасының арасында тағы бір байланыс бар сияқты. Иса осы оқиғадан үш ай бұрын жеміс бермегендіктен, шауып тасталуы керек інжір ағашы туралы астарлы әңгіме айтқан болатын (Лұқа 13:6—9). Бұл өнім бермейтін інжір ағашы кімді бейнелеген еді? Ежелгі яһуди халқын (Матай 21:43 салыстыр).
Олай болса, Иса қарғыс айтқан інжір ағашы да өнім бермеген яһуди халқын бейнелеген деп ойлау ақылға қонымды. Олар Құдаймен келісімде тұрған халық болғанмен, бұлары тек сырт көзге ғана еді, өйткені олар ешқандай жақсы өнім бермеді, тіпті Құдай Ұлынан бас тартты. Олардың өнім бермеуіне не себеп болды? Оларда Иса інжір ағашымен болған оқиғада баса назар аударған қасиет, яғни сенім, болмаған еді (Рим. 9:31, 32). Інжір ағашын қуратуымен Иса өнімсіз, сенімі жоқ халықпен түбінде не болатынын көрнекі түрде көрсетті.
Сонымен, жапырақтары жайқалып тұрған інжір ағашының жеміссіз болуы Исаның оған қарғыс айтқанының орынды екенін, сондай-ақ мәнмәтіннен осы әрекетімен оның сенімге қатысты екі сабақ бергенін көруге болады: сенімнің жоқтығы бізді өнімсіз етіп, түбі Құдайдың жазасына ұшырауға әкеп соқса, ал іс жүзінде көрінетін сеніміміздің арқасында дұғаларымызға жауап алып, ‘тауларды көшіре’ аламыз (Мат. 17:20).