Оқырман сауалдары
Адам ата кемелді болған болса, қалайша күнә жасады?
Адам атаны Құдай таңдау еркіндігімен жаратқандықтан, оның күнә жасауы мүмкін еді. Алайда таңдау еркіндігі мен кемелділік бір-біріне қайшы келмейді. Негізінде, толық мағынада кемелді Құдай ғана (Заңды қайталау 32:3, 4; Забур 18:30; Марқа 10:18). Ал барлық жаратылыстың кемелділігі шектеулі. Қандай да бір нәрсе мақсатына қарай қолданылғанда кемелді бола алады. Мысалға пышақты алайық: ет турағанда одан артық құрал таппайсың, алайда онымен сорпа ішу мүмкін емес.
Олай болса, Құдай Адам атаны қандай мақсатпен жаратты? Жаратушы одан саналы әрі таңдау еркіндігі бар адамзат ұрпағының тарағанын қалады. Адамдар Құдайға және оның жолына сүйіспеншілік дамытқысы келсе, мұны Оның заңдарына мойынсұнуды таңдау арқылы көрсете алар еді. Демек, мойынсұнушылық адам санасына жазылып қоймаған, қайта, ол — жүректен шығатын шешім (Заңды қайталау 10:12, 13; 30:19, 20). Егер Адам ата Құдайға мойынсұнбауды таңдай алмайтын болғанда, ол кемелсіз болар еді. Киелі кітапта Адам атаның таңдау еркіндігін қалай қолданғаны жазылған. Ол әйелінің сөзіне еріп, Құдайдың ‘жақсылық пен жамандықты танытатын ағашқа’ қатысты заңына мойынсұнбады (Жаратылыс 2:17; 3:1—6).
Сонда, Құдайдың Адам атаны дұрыс шешім қабылдай алмайтындай немесе сынаққа төтеп бере алмайтындай моральдық жағынан әлсіз етіп жаратқаны ма? Жоқ. Адам ата күнә жасамас бұрын, Ехоба Құдай жердегі жаратылыстарын, алғашқы адам жұбын да, тексеріп, “олардың өте жақсы екенін” көрген (Жаратылыс 1:31). Сондықтан Адам атаның күнә жасағаны Жаратушы оны қандай да бір ақаумен жаратты дегенді білдірген жоқ. Қайта, істегені үшін бар кінә Адам атаның өз мойнында еді (Жаратылыс 3:17—19). Ол Құдай мен оның принциптеріне деген сүйіспеншілігін жеткілікті дамытпады, сондықтан мойынсұнбады.
Сондай-ақ келесі жайтқа назар аударайықшы: Иса жерге келгенде, Адам ата сияқты кемелді болған. Алайда ол Адам атаның басқа ұрпақтарына ұқсамады, өйткені ол киелі рухтан туылды әрі азғырылуға бейімділікті мұра етпеді (Лұқа 1:30, 31; 2:21; 3:23, 38). Иса қатты қысым көрсе де, өз ықтиярымен Әкесіне адал болып қалды. Ал Адам ата болса таңдау еркін бұрыс қолданды, сондықтан Ехобаның бұйрығын бұзғаны үшін өзі жауапты болды.
Неліктен Адам ата Құдайға мойынсұнбауды таңдады? Ол жемісті жегеннен өзіне пайда келеді деп ойлады ма? Жоқ, өйткені елші Пауыл Адам атаның алданбағанын айтқан (Тімотеге 1-хат 2:14). Ол тыйым салынған ағаштың жемісін жеген әйелінің қалауын орындауды шешті. Әйелінің ойынан шығуды қалау Жаратушыға мойынсұнуды қалаудан да күшті болды. Өзіне тыйым салынған жеміс ұсынылғанда, Адам ата бір сәт тоқтап, мойынсұнбаудың Құдаймен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін ойлау керек еді. Ол Құдайға деген терең әрі айнымас сүйіспеншілігі болмағандықтан әлсіз еді, сол себепті әйелінің қысымына төтеп бере алмады.
Адам ата күнәні әке болмас бұрын жасағандықтан, оның ұрпағы дүниеге кемелсіз болып келді. Алайда бізге де таңдау еркіндігі берілген. Ендеше, мойынсұнуымызға және ғибадат етуімізге лайық Ехобаның ізгілігі жайлы ризашылықпен ой жүгіртіп, оған деген терең сүйіспеншілік дамытайық (Забур 62:7; Матай 22:36, 37).