Исадан тәлім аламыз
Адамдарға қалай қарауымыз керек?
Мейірімді болу керек
Мейірімсіздікке мейірімділікпен қайтарасың ба? Исаға еліктегіміз келсе, бізді жек көретін адамға да мейірімді болуымыз керек. Иса былай деген: “Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Тәңірден қандай сый алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргенді күнәкарлар да жақсы көреді... Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер!.. Сонда... Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді” (Лұқа 6:32—36; 10:25—37).
Кешірімді болу керек
Қателік жасап қойсақ, Құдайдың бізді кешіргенін қалаймыз. Иса кешірім сұрап Құдайға дұға етуіміз керек екенін үйреткен (Матай 6:12). Алайда ол басқаларды кешіретін болсақ қана Құдай бізді кешіретінін айтқан: “Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді” (Матай 6:14, 15).
Отбасын бақытты ету
Иса үйленбеген болса да, одан отбасын қалай бақытты етуге болатынына қатысты көп нәрсе үйрене аламыз. Ол сөзімен де, ісімен де бізге үлгі қалдырды. Келесі үш жайтты қарастырайық:
1. Күйеуі әйелін өз тәніндей жақсы көруі керек. Иса күйеулерге үлгі қалдырды. Ол шәкірттеріне былай деген: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер!” Олар бір-бірін қаншалықты жақсы көру керек еді? Иса: “Мен өздеріңді сүйгендей”,— деді (Жохан 13:34). Осы принцип күйеулерге қатысты қолданылып, Киелі кітапта былай делінген: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды! Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды” (Ефестіктерге 5:25, 28, 29).
2. Ерлі-зайыптылар бір-біріне адал болулары керек. Некеден тыс жыныстық қатынас Құдайға қарсы жасалған күнә болып табылады, сондай-ақ отбасын ойран етеді. Иса Киелі жазбаларда айтылғанды еске салып, былай деген: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”. Сосын ол: “Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!.. Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады”,— деді (Матай 19:4—9).
3. Балалар ата-анаға мойынсұну керек. Иса келмеді болса да, балалық шағында кемелсіз ата-анасына мойынсұнған. Киелі кітапта жазылғандай, Иса 12 жасында “Назарет қаласына [ата-анасымен] бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді” (Лұқа 2:51; Ефестіктерге 6:1—3).
Бұл принциптерді неге қолдану керек?
Иса шәкірттеріне үйреткендері жайлы: “Осыны біліп, солай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!”— деді (Жохан 13:17). Шынайы мәсіхші болу үшін, Исаның адамдарға қалай қарау керектігіне қатысты берген кеңестерін қолдану керек. Себебі ол: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35).
Көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?”a кітабының 14-тарауын қарауға болады.
[Сілтеме]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
[16-беттегі сурет]
Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесі мейірімді әрі кешірімді болудың маңызды екенін үйретеді (Лұқа 15:11—32)
[17-беттегі сурет]
Ерлі-зайыптылар бір-біріне адал болулары керек