Жер-жердегі адамдар ынтымақта өмір сүруде. Қалайша?
“ЫНТЫМАҚ” деген сөзді қалай түсіндірер едіңіз? Кейбіреулер оны жай ғана араздықтың не дау-жанжалдың болмауы деп түсінеді. Мәселен, екі не одан көп мемлекет бейбітшілік туралы келісімшартқа қол қойса, олар өзара ынтымақта деп қарастырылуы мүмкін. Бірақ бұл расында да солай ма? Міндетті түрде емес.
Ойлап көріңізші, тарихта бейбітшілік туралы мың сан келісімшарт жасалып, қайта бұзылған. Неге бұлай болған? Себебі әлем басшылары жиі бейбітшілік не ынтымақтан гөрі өз беделін көбірек ойлайды. Сондай-ақ кейбір халықтар әскери қуатымыз өзгелердікінен әлсіз болса, күйіміз не болады деп қорқады.
Ендеше екі халықтың бір-бірімен соғысып жатпағаны олардың ынтымақта екенін білдірмейді. Шынында да, бір-біріне тапанша кезеген екі адамды шүріппені баспай тұрғандарына бола өзара тату деуге бола ма? Бұлай деу ақылға қонбас еді. Алайда бүгінде көп халықтың жағдайы осыған ұқсас. Барған сайын өзара сенімсіздіктің күшейе түсуі адамдардың бойында күндердің-күнінде жаппай қырып-жоятын қару қолданылады деген үрей тудырып отыр. Мұндай апатқа жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылды?
Ядролық қару-жарақ — ынтымақтың жауы
Көп адамдар Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге үміт артады. 1968 жылы күшіне енген бұл келісім ядролық қаруы жоқ елдерге оны өндіруге тыйым салады, ал осындай қаруы бар елдерге оны көбейтуге шек қояды. Бүгінде 180-нен астам ел қол қойған осы келісімнің мақсаты түбінде барлық елдерді жаппай қарусыздандыру болып табылады.
Бұл игі мақсат болып көрінгенмен, кейбір сыншылардың ойынша, аталмыш келісімнің көздегені — жай ғана белгілі бір елдерді “ядролық клубқа” қабылдамау, яғни қару-жарағы жоқ елдерге оны өндіртпеу. Сол себепті оған қол қойғандар ойларынан айнып қалуы да мүмкін деген қорқыныш бар. Расында да, қару-жарақ өздерін қорғауға көмектеседі деп ойлайтын кейбір елдер оларды өндіруге тыйым салу барып тұрған әділетсіздік деп есептейді.
Жағдайды одан бетер ушықтыратын, бәлкім, тіпті қауіпті күшейте түсетін, жайт — ешбір елге атом энергиясын өндіруге тыйым салынбағаны. Бұл кейбіреулерде атом энергиясын бейбіт мақсатпен қолданамыз дейтін елдер жасырын түрде ядролық қару өндіруі мүмкін деген үрей тудырып отыр.
Тіпті ядролық қаруы бар елдер де аталмыш келісімді елемеуі мүмкін. Сыншылар күшті қаруланған елдерден өз қорларын жоймақ түгіл оларды қысқартады деп күту ақымақтық екенін айтады. Бір мәлімет көзіне сай, “бұл үшін [яғни қару қорларының жойылуы не қысқартылуы үшін]... бүгінде бір-бірімен қырғи қабақ мемлекеттер арасындағы достық пен сенімділік барынша күшті болу керек, сондықтан бұған сену қиын”.
Адамдардың ынтымаққа қол жеткізу үшін салып жатқан күштері, мейлі қаншалықты шынайы болмасын, зая кетуде. Киелі кітапты зерттейтін адамдар бұған таңғалмайды, өйткені Құдай Сөзінде ‘жол жүріп бара жатқан пенденің табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасының жетпейтіні’ айтылған (Еремия 10:23). Сондай-ақ онда: “Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар өлімге апарар”,— деп ашық айтылған (Нақыл сөздер 16:25). Иә, адамзат үкіметтерінің қолдарынан келері шамалы ғана. Алайда бұл біз үшін еш үміт жоқ дегенді білдірмейді.
Шынайы ынтымақтың Көзі
Киелі кітапта дүниежүзіндегі адамдардың бірігетіні жайлы Құдайдың уәдесі жазылған, бірақ ол адамның күшімен болмайды. О баста бүкіл адамзаттың тату-тәтті өмір сүргенін ниет еткен Жаратушымыз адамның қолынан келмейтінді жүзеге асырады. Бәлкім, кейбіреулерге бұған сену қиын шығар. Алайда Құдайдың еркі бойынша, адамзат тыныштық пен үйлесімділікте өмір сүру керек-тінa. Киелі кітаптың көптеген тармақтарынан Құдайдың адамзаттың ынтымақтастығына қатысты ниетінің өзгермегені көрінеді. Солардың бірнешеуіне көңіл бұрайық:
• “Келіп көріңдер Иенің істерін, Ол ойрандатты жаулардың жерлерін, Дүниедегі соғыстарды тоқтатып, Садақ, найза атаулыны сындырып, Күймелерді қиратты отқа жағып” (ЗАБУР 45:9, 10).
• “Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады”,— дейді Тәңір Ие. Себебі теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!” (ИШАЯ 11:9).
• “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады, сөйтіп, Жаратушы Ие барлық адамдардың бет-жүзіндегі жас тамшысын тыяды, әрі бүкіл жер бетіндегі өз халқынан масқарашылықты алып тастайды; өйткені Жаратушы Ие солай дейді” (ИШАЯ 25:8).
• “Біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз” (ПЕТІРДІҢ 2-ХАТЫ 3:13).
• “[Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (АЯН 21:4).
Бұлар сенім артуға тұратын уәделер. Неге бұлай деуге болады? Өйткені Жаратушы ретінде Ехоба Құдайдың адамзатты біріктіруге құдіреті де, қабілеті де жетеді (Лұқа 18:27). Сондай-ақ ол мұны қалайды. Расында да, Киелі кітапта Құдайдың ‘ізгі ниеті’, немесе қалауы, ‘бүкіл әлемді, көк пен жердегінің бәрін де біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыру’ екені айтылған (Ефестіктерге 1:8—10).
Құдайдың ‘әділдік орнаған жаңа жерге’ қатысты уәдесі — бос қиял емес (Петірдің 2-хаты 3:13). Өзінің уәдесі жөнінде Ехоба Құдай былай дейді: “[Ол] Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11).
Құдай Сөзінің арқасында біріккендер
Алдыңғы мақалада айтылғандай, көп жағдайда дін адамзатты біріктірудің орнына, олардың бөлінуіне ықпал етіп келеді. Бұл — көңіл қоярлық жайт, өйткені Жаратушының бар екенін мойындасақ, онда оған ғибадат етушілердің арасында татулық пен бірлік болады деп күту орынды емес пе? Әрине, орынды.
Діннің ықпалымен адамзаттың жікке бөлініп жатқанына Ехоба Құдайдың да, оның Сөзінің де ешқандай қатысы жоқ. Қайта, бұған Құдайдың ниетін емес, ынтымақтастықты сақтау үшін жасалған адамдардың жоспарларын қолдайтын діндер кінәлі. Иса өз заманындағы дін басшыларын “екі жүзділер” деп атап, оларға: “Сендер жайында Ишая пайғамбар алдына ала дәл айтып кеткен: Бұл халық Мені тек аузымен сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!”— деген (Матай 15:7—9).
Ал шынайы дін, керісінше, адамдардың бірігуіне ықпал етеді. Ишая пайғамбар алдын ала былай деген: “Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің. Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары боп қалады. Барлық халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады. Сонда Тәңір халықтар арасында Төрелік етіп, көптеген ұлттарға Шығаратын болады әділ үкімін. Енді олар төс үстінде қаруын Қайта соққылап, соқаға қылышын Айналдырады, ораққа найзасын. Халықтар енді қайтып ешқашан да Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Ишая 2:2, 4).
Бүгінде 230-дан астам ел мен аумақта Ехоба куәгерлері Құдайдың ынтымақтастыққа қатысты нұсқауларына құлақ асуда. Олардың бірлігіне не арқау болып отыр? Елші Пауыл: “Сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді”,— деп жазған (Қолостықтарға 3:14). Мұндағы “біріктіру” деп аударылған грек сөзін адам денесінің байламдарына қатысты қолдануға болады. Мұндай байламдар арқан сияқты берік болады, әрі маңызды екі қызмет атқарады: дене мүшелерін орын-орнында ұстап тұрады және сүйектерді өзара байланыстырады.
Сүйіспеншілік жайлы да осылай деуге болады. Мәсіхтікіндей сүйіспеншілік адамдарды бір-бірін өлтіруден аулақ етіп қана қоймай, әртүрлі ортадан шыққан адамдарды өзара тату-тәтті қарым-қатынаста болуға талпындырады. Мысалы, ол көпке танымал “алтын ережеге” сай әрекет етуге көмектеседі. Матай 7:12-де Иса Мәсіх былай деген: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” Осы кеңеске құлақ асқандары көп адамға алалаушылықтан арылуға көмектескен.
‘Өзара сүйіспеншілік’
Ехоба куәгерлері Мәсіхтің шынайы ізбасарлары екенін оның: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген сөздеріне құлақ асу арқылы көрсетеді (Жохан 13:35). Мұндай сүйіспеншіліктің әсіресе ұлтаралық және саяси қақтығыстар кезінде керемет түрде танытылғаны байқалған. Мысалы, 1994 жылы Руанда елінде екі тайпа арасында болған геноцид кезінде Ехоба куәгерлері бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін паш етті. Хуту Куәгерлер тутси бауырластарын қорғау үшін бастарын қатерге тікті.
Әрине, әлем халықтарының бәрі маңайындағыларға сүйіспеншілік дамытып, дүниежүзілік ынтымақтастыққа қол жеткізеді деп күту ақылға сыймайды. Киелі кітапқа сай, Құдай белгілеген уақытында адамзатты бұған өзі жеткізбек. Дегенмен де тіпті қазірдің өзінде жекелеген адамдар сүйіспеншілікке бөленіп, бірлікке қол жеткізе алады.
Былтыр Ехоба куәгерлері адамдармен Киелі кітап жайлы және оның өмірде қаншалықты пайдалы екені жөнінде сөйлесуге миллиардтан астам сағат жұмсады. Құдай Сөзіндегі тура білім миллиондаған адамды, соның ішінде бұрынғы ата жауларды да, біріктіріп отыр. Бұлардың ішінде арабтар мен еврейлер, армяндар мен түріктер, немістер мен орыстар және тағы басқалар бар.
Құдай Сөзі Киелі кітаптың адамдарды біріктіретін әсері туралы көбірек білгіңіз келе ме? Онда жергілікті Ехоба куәгерлерімен байланысыңыз немесе 2-беттегі мекенжайлардың біріне жазыңыз.
[Сілтеме]
a Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті жайлы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 3-тарауын қараңыз.
[4-беттегі сурет]
Бейбітшілік туралы мың сан келісім жасалып, қайта бұзылған
[7-беттегі сурет]
Киелі кітап принциптерін қолданудың арқасында адамзат үкіметтерінің қолынан келмейтін нәрселерге қол жеткізілуде
[5-беттегі сурет]
Құдай Сөзі шынайы ынтымақтың Көзіне нұсқайды
[7-беттегі сурет]
Хуту мен тутси Куәгерлер ғибадат ету орнын бірге салуда