Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.10. 7—11 бет.
  • “Көктегі Әкелерің қайырымды”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Көктегі Әкелерің қайырымды”
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мұқтаждық көріп жүргендерге мейірімділік көрсету
  • Күнәкарларға мейірімділік таныту
  • Құдай мейірімді әрі әділ
  • Неге біз мейірімді болуымыз керек?
  • “Мейірімділер бақытты”
  • Біз “аса мейірімді Құдайға” қызмет етеміз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Қалай мейірімділік таныта аламыз?
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Мейірімділер бақытты!
    Ехобаға ән шырқайық
  • Ехобаның әділдігі мен мейірімділігіне еліктейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
Көбірек мәлімет
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.10. 7—11 бет.

“Көктегі Әкелерің қайырымды”

“Көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!” (ЛҰҚА 6:36)

1, 2. Исаның дін мұғалімдері мен парызшылдарға және ізбасарларына айтқан сөздерінен мейірімділіктің тартымды қасиет екені қалай көрінеді?

МҰСА заңы 600-дей заң мен ережеден тұрған. Оларды орындау маңызды болған, бірақ мейірімділік таныту да өте маңызды еді. Исаның мейірімділіктен ада парызшылдарға не дегеніне көңіл бөлейікші. Ол екі жағдайда Құдайдың “құрбандық шалғандарыңнан гөрі мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын”a деген сөздерін келтіріп, оларды мейірімсіздігі үшін айыптаған (Матай 9:10—13; 12:1—7; Ошия 6:6). Қызметінің соңына таман ол: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті жалбыз, аскөк, зере сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің оннан бірін садақаға бересіңдер, бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмедіңдер”,— деген (Матай 23:23).

2 Исаның қайырымдылықты өте маңызды деп қарастырғанында сөз жоқ. Ол ізбасарларына: “Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар”,— деген (Лұқа 6:36). Алайда бұл жағынан Құдайға еліктеу үшін, нағыз мейірімділіктің не екенін біліп алуымыз керек (Ефестіктерге 5:1). Оның үстіне, мейірімділіктің қандай пайда әкелетінін түсінгеніміз бізді анағұрлым мейірімді болуға талпындырады.

Мұқтаждық көріп жүргендерге мейірімділік көрсету

3. Неге нағыз мейірімділікті Ехобадан үйренуіміз керек?

3 Забур жыршысы былай деп жырлаған: “Жаратушы кең де мейірімді, төзімді және рақымы да мол. Жаратушының ізгілігі барлығымызға дарысын және Оның кеңпейілділігі [“мейірімділігі”, ЖД] Оның барлық істерінде көрінеді” (Забур 144:8, 9). Ехоба — “қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3). Мейірімділік өзгеге жанашырлық көрсету арқылы танытылады. Құдайға мейірімділікті осылай таныту тән. Оның үлгісінен және нұсқауларынан нағыз мейірімділіктің не екенін білеміз.

4. Ишая 49:15-тен мейірімділікке қатысты не білеміз?

4 Ишая 49:15-те айтылғандай, Ехоба: “Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?!”— деген. Осы тармақтағы “аяу” деп аударылған сөзбен тығыз байланысты еврей сөздері жоғарыда келтірілген Забур 144:8, 9-дағы мейірімділік сөзімен байланысты қолданылады. Ехобаны мейірімділікке талпындыратын сезім емізулі баласы бар ананың сәбиіне деген мейірімімен салыстырылады. Бөпесінің қарны ашса не оған басқа нәрсе қажет болса, ананың жанашырлығы мен аяушылығы сәбиіне қамқорлық етуге талпындырады. Өзі мейірімділік танытатын адамдарға қатысты Ехоба осындай аяулы сезімде болады.

5. Ехоба “рақымы мол” екенін исраилдіктердің жағдайында қалай көрсетті?

5 Мұқтаждық көріп жүргендерге жанашырлық сезіну бір бөлек те, оларға қол ұшын беру бір бөлек. Шамамен 3 500 жыл бұрын халқы Мысыр құлдығында болғанда, Ехобаның не істегенін көрейікші. Ол Мұсаға былай деді: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбір көріп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін. Енді Мен халқымды мысырлықтардың қол астынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды сол елден алып шығып... жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап алып барамын” (Мысырдан шығу 3:7, 8). Исраилдіктердің Мысырдан азат етілгеніне 500 жылдай өткенде Ехоба: “Исраил, сендерді Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздеріңді қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгісінен азат еткен Менмін!”— деп естеріне салды (Патшалықтар 1-жазба 10:18). Құдайдың әділ талаптарын елеусіз қалдырғандықтан, олар жиі бақытсыздыққа ұшырайтын. Алайда Ехоба халқына жаны ашып, оларды қайта-қайта құтқарып отырған (Билер 2:11—16; Шежірелер 2-жазба 36:15). Бұдан сүйіспеншілікке толы Құдайдың мұқтаждық көріп жүргендерге, қауіп-қатерге не қиыншылыққа тап болғандарға қатысты қалай әрекет ететіні көрінеді. Иә, Ехобаның “рақымы мол” (Ефестіктерге 2:4).

6. Иса Мәсіх мейірімділік көрсетуде Әкесіне қалай еліктеген?

6 Иса Мәсіх жерде болған кезінде мейірімділік көрсетуде Әкесіне кемелді түрде еліктеген. Оған екі зағип кісі келіп: “Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!”— деп жалбарынғанда, Иса не істеді? Ол керемет жасап көздерін ашуды өтінген зағиптарды сауықтырды, бірақ мұны еш сезімсіз істей салған жоқ. Киелі кітапта: “Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол шақта-ақ көздері ашылып, көретін болды!”— делінген (Матай 20:30—34). Оны зағиптарға, жын соққандар мен алапестерге, сондай-ақ ауру балалары бар ата-аналарға көмектесу үшін көптеген кереметтер жасауға аяушылық сезімі талпындырған (Матай 9:27; 15:22; 17:15; Марқа 5:18, 19; Лұқа 17:12, 13).

7. Ехоба Құдай мен оның Ұлының үлгісінен мейірімділікке қатысты нені байқауға болады?

7 Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің көрсеткен үлгісінен мейірімділіктің екі қыры бар екенін байқауға болады: мұқтаждық көргендерге жан ашу, есіркеу не аяушылық сезіну және әрекет ету. Мейірімділік таныту үшін осы екеуі де қажет. Жазбаларда мейірімділік көп жағдайда мұқтаждық көргендерге қайырымдылық жасауға, яғни әрекетке, нұсқайды. Алайда сот мәселесінде мейірімділік қалай танытылады? Жазалаудан тартынып, қол қусырып отырғандай көрінуі мүмкін әрекетсіздікті де мейірімділік деуге бола ма?

Күнәкарларға мейірімділік таныту

8, 9. Барсабиямен күнә жасаған Дәуітке көрсетілген мейірімділік нені қамтыды?

8 Натан пайғамбар ежелгі Исраил халқының патшасы Дәуіттің Барсабиямен азғындық жасағанын әшкерелегеннен кейін, не болғанын қарастырып көрейік. Өкінген Дәуіт былай деп дұға етеді: “Шексіз сүйіспеншілігіңе бола, О, Құдайым, маған рақым ете гөр, Мейіріміңнің молдығына бола Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр! Мені әділетсіздігімнен арылтып, күнәларымнан түгел тазарта гөр! Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде. Сенің Өзіңе қарсы күнә жасап, Көз алдыңда зұлымдық істедім де” (Забур 50:3—6).

9 Дәуіт күнәсіна қатты өкінді. Ал Ехоба оны кешіріп, Барсабия екеуінің жазасын жеңілдетті. Мұса заңы бойынша, Дәуіт те, Барсабия да өлімге кесілу керек еді (Заңды қайталау 22:22). Олар күнәларының салдарынан толық құтылған жоқ, бірақ аман қалды (Патшалықтар 2-жазба 12:13). Иә, Құдайдың мейірімділік танытуы күнәні кешіруді де қамтиды. Алайда ол лайықты жаза беруден тартынбайды.

10. Ехоба мейірімділікпен соттайтын болғанмен, неге біз мұны теріс пайдаланбауымыз керек?

10 “Бір адам [Адам ата] арқылы дүниеге күнә” келіп, ал ‘күнәнің беретіні өлім’ болғандықтан, бүкіл адамзат өлімге лайық (Римдіктерге 5:12; 6:23). Ехобаның бізді мейірімділікпен соттайтынына қалайша ризамыз десеңші! Алайда біз Құдайдың мейірімділігін теріс пайдаланудан сақ болуымыз керек. Заңды қайталау 32:4-те Ехобаның “барша жолы әділ” екені айтылған. Ол мейірімділік көрсеткенде, өзінің әділдікке қатысты кемелді нормаларын елеусіз қалдырмайды.

11. Ехоба Дәуіттің Барсабиямен жасаған күнәсіна қатысты жағдайда қалай әділ әрекет еткен?

11 Дәуіт пен Барсабияның жағдайында жазалары жеңілдетілмес бұрын, олардың күнәсі кешірілу керек еді. Ал Исраил билерінің мұндай құзыры болмаған. Бұл іс билерге тапсырылғанда, олар өлім жазасынан басқа үкім шығара алмас еді. Өйткені Мұса заңы осыны талап ететін. Алайда Ехоба Дәуітпен келісім жасасқан, сондықтан оның күнәсін кешіруге негіз бар-жоғын анықтағысы келген (Патшалықтар 2-жазба 7:12—16). Сол себепті “бүкіл әлемнің Қазысы” әрі ‘жүректі сынайтын’ Ехоба Құдай бұл мәселені шешуді өз қолына алды (Жаратылыс 18:25; Шежірелер 1-жазба 29:17). Ол Дәуіттің жүрегінде не барын біліп, қаншалықты өкінгеніне баға беріп, кешірім бере алатын.

12. Қалай күнәкар адамзат Құдайдың қайырымдылығының пайдасын көре алады?

12 Мұра еткен өлімнен құтқарылуға мүмкіндік беріп, Ехобаның бізге мейірімділік танытып отырғаны оның әділдігіне сай. Әділдікке қатысты нормасын бұзбай, күнәларымыздың кешірілуіне мүмкіндік беру үшін, Ехоба өз Ұлы Иса Мәсіхті төлем құрбандығы ретінде берді. Бұл — мейірімділіктің ең зор көрінісі (Матай 20:28; Римдіктерге 6:22, 23). Құдай Ұлына сенім білдіру арқылы ғана біз мұра еткен күнәдан келетін өлімнен құтқарылып, осындай қайырымдылықтың пайдасын көре аламыз (Жохан 3:16, 36).

Құдай мейірімді әрі әділ

13, 14. Құдай әділдігін мейірімділігімен жұмсарта ма? Түсіндіріңдер.

13 Ехобаның мейірімділігі әділдікке қатысты нормасын бұзбағанмен, оған қандай да бір әсері тиюі мүмкін бе? Құдайдың әділдігі мейірімділікпен жұмсартылуды, не тежеуді, қажет ете ме? Жоқ.

14 Ошия пайғамбар арқылы Ехоба исраилдіктерге былай деген: “Мен сені мәңгілікке өзіме атастырамын. Мен сені өзіме әділдік және туралық, айнымас сүйіспеншілік және мейірімділікпен атастырамын” (Ошия 2:19, ЖД). Бұл сөздерден Ехоба әрқашан мейірімділігін басқа қасиеттерімен, соның ішінде әділдігімен, үйлестіріп танытатыны анық көрінеді. Ехоба — ‘қайырымды да мейірімді, заңсыздықты және қылмыс пен күнәні кешіретін, бірақ жазадан босатпайтын’ Құдай (Мысырдан шығу 34:6, 7). Оған мейірімділік те, әділдік те тән. Киелі кітапта ол туралы: “Ол — Қорған, оның істері кемелді, жолдарының бәрі әділетті”,— делінген (Заңды қайталау 32:4, ЖД). Құдайдың әділдігі де мейірімділігі сияқты кемелді. Бұл қасиеттердің бірі екіншісінен асып түспейді, әрі бірін екіншісімен тежеудің қажеті жоқ. Қайта, екі қасиет кемелді түрде өзара үйлесімділікпен танытылады.

15, 16. а) Құдайдың әділдігі қатал емес екені неден көрінеді? ә) Ехобаның қызметшілері осы зұлым дүниеге шығарылған үкімнің жүзеге асырылуына қатысты не нәрсеге сенімді бола алады?

15 Ехобаның әділдігі қатал емес. Әділдік әрқашан дерлік істің заңи жағына қатысты болады, әрі шығарылған үкімге сай, әдетте заңсыздық жасағандарға лайықты жаза беріледі. Алайда Құдайдың әділдігіне лайықты адамдарды құтқару да жатады. Мысалы, Содом мен Ғомора қалаларындағы зұлым адамдар жойылғанда, Лут пен оның екі қызы аман қалған (Жаратылыс 19:12—26).

16 Ехоба осы зұлым дүниеге шығарған үкімін жүзеге асырғанда, ‘шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылған’ ‘өте үлкен тобырдың’ құтқарылатынына сенімді бола аламыз. Олар “ауыр азаптан” аман өтеді (Аян 7:9—14).

Неге біз мейірімді болуымыз керек?

17. Мейірімді болудың басты себебі қандай?

17 Расында да, Ехоба мен Иса Мәсіхтің үлгісінен біз нағыз мейірімділіктің не екенін білеміз. Нақыл сөздер 19:17-де мейірімді болуымыздың басты себебі келтірілген: “Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені, Игі істерінің есесін Жаратқан қайтарып береді”. Өзіне және Ұлына еліктеп, өзгелерге мейірімділік танытқанымыз Ехобаға ұнайды (Қорынттықтарға 1-хат 11:1). Сонымен қатар бұл өзгелерді де мейірімді болуға талпындырады, өйткені мейірімділіктен мейірімділік туындайды (Лұқа 6:38).

18. Неге біз мейірімді болуға тырысуымыз керек?

18 Мейірімділік — сүйіспеншілік, кеңпейілділік және ізгілік сияқты көп жақсы қасиеттерден тұрады. Ал жанашырлық не аяушылық іспетті жылы сезімдер мейірімділікпен әрекет етуге қозғау салады. Ехобаның әділдігі қайырымдылығымен жұмсартылмайды, сөйте тұра ол ашулануға асықпайды, сондықтан күнәкарлардың өкінуіне шыдамдылықпен жеткілікті уақыт беріп отыр (Петірдің 2-хаты 3:9, 10). Демек, мейірімділік шыдамдылықпен және асқан шыдамдылықпен байланысты. Мейірімділік Құдайдың киелі рухының жемісін құрайтындарды қоса алғанда, көптеген тартымды қасиеттерден тұратындықтан, мейіріммен әрекет еткенде, осы қасиеттерді де дамытудың мүмкіндігі туады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Олай болса, мейірімді болуға тырысу қалайша маңызды десеңші!

“Мейірімділер бақытты”

19, 20. Қай мағынада мейірім соттаудан үстем?

19 Шәкірт Жақып өзгелерге мейірімді болуымыздың себебін көрсетіп, былай деген: “Мейірім соттаудан үстем!” (Жақып 2:13ә) Ол Ехобаның қызметшілерінің өзгелерге деген мейірімділігі жөнінде айтқан. Мейірім соттаудан мына мағынада үстем: ‘Құдай алдында есеп беретін’ кез келгенде, Ехоба адамның өзгелерге көрсеткен мейірімділігін ескеріп, Исаның төлем құрбандығының негізінде кешіреді (Римдіктерге 14:12). Дәуіт Барсабиямен күнә жасағанда, Ехобаның оған мейірімділік көрсеткенінің бір себебі — оның өзі мейірімді адам болған (Патшалықтар 1-жазба 24:4—7). Ал “мейірім көрсетпеген адам мейірімсіз сотталмақ” (Жақып 2:13а). Сондықтан Құдайдың ‘мейірімсіздерді’ өлім жазасына тартылатындардың қатарына жатқызатыны таңғалдырмайды (Римдіктерге 1:31, 32).

20 Таудағы уағызында Иса: “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!”— деген (Матай 5:7). Құдайдың мейіріміне ие болғысы келгендердің өздері де мейірімді болулары керектігін көрсететін неткен пәрменді сөздер! Келесі мақалада күнделікті өмірімізде қалай мейірімділік таныта алатынымыз талқыланады.

[Сілтеме]

a Мұнда түпнұсқадан мейірімділік деп аударылған сөз қазақ тіліндегі Киелі кітаптың басқа тармақтарында қайырымдылық, рақымдылық деген мағыналас сөздермен де аударылған.

Не білдіңдер?

• Мейірімділік деген не?

• Мейірімділік қалай танытылады?

• Қай мағынада Ехоба мейірімді әрі әділ?

• Неге біз қайырымды болуымыз керек?

[7-беттегі сурет]

Ананың баласына деген сезімі қандай болса, Ехобаның мұқтаждық көргендерге деген аяулы сезімі сондай

[8-беттегі сурет]

Дәуітке мейірімділік танытуымен Ехоба әділдігін ескерусіз қалдырды ма?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу